Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 11

ТЕКТІӘУЛЕТТІҢ ТАРЛАНДАРЫ
ҒИБРАТЫ ҒАЖАП ҒАББАС АҒА

Оглавление

Төреғали ҚАРАТАЕВ, профессор

Ең алғаш ағамызды 1954 жылдың күзінде көрдім. Онда мен КазГУ-дың (ол кезде осылай аталатын) тарих факультетінің 2-ші курс студентімін. Марксизм-ленинизм негіздері деген сабақ бар. Лекциясын проректор Серікбай Бейсембаев оқиды, семинарды Ғаббас Жұматов жүргізуі тиіс екен. Бізге дейін оқу қазақша болыпты, біз бірден орысша бастадық. Тең жарымымыздың орысшамыз нан алып жеуге зорға жетеді.

…Бірінші семинар. Сілтідей тынып отырмыз. Бір кезде есік ашылды. Сүліктей қап-қара костюм киген, түйіні шағын қап-қара галстук таққан, шашы да қап-қара, өзі бидай өңді, шағын денелі, жып-жинақы, сүйкімді, сұлу жігіт кіріп келе жатты. Біз тынышпыз, қыздарымызда сыбыр басталды…

– Тынышталыңыздар! – деп ұстазымыз басын көтеріп қалғанда, көзінен бір жылы ұшқын жалт еткендей болды. Сөзі де мақпалдай майда екен, дауысын көтермейді. Орысша сайрап тұр. Мүдірмейді. «Осынша орысшаға, мынандай білімге қалай жетті екен!» деп ойлаймын. Мен де осындай болсам-ау деп қиялға кетем баяғы.

Ағайымыз сабағын қанша мәнерлеп жеткізуге күш салса да, ауылдан қазақша оқып келгендеріміз семинарда орысшамыз жетпей қор болдық. «Екі» деген бағадан ұзай қоймадық.

– Неге бүйтесіңдер? – деп сұрады оқытушы бірде.

– Уақытымыздың көбі шет тіліне кетеді. Майя Ефимовна Бельская деген апайымыз бар, кұдды таскене секілді, қанымызды сорып тауысуға таяу. Орысшаның өзін біле алмай жүргенде… – деп мұңымызды шақтық.

Ғаббас аға біздің мұңымызды Серікбай Бейсембаевқа жеткізіпті. Проректордың қолын кім қақсын шет тілінен босатты да «орыс тілін тереңірек біліп алындар» деп тапсырды. Содан кейін орыс тілін де, марксизм негіздерін де тәуір үлгеріп кеттік. Ағамызды жақын көре бастадық. Өзі мінезге бай секілді. Сабақ үстінде қабак шытпайды, дөрекілігі жоқ. Қыздарымыз әрнені сылтауратып, үзілісте касына бара береді. Сұрақ қояды. Қу қыздар қылымсып күлімсірейді. Бұл кісі де кет әрі емес секілді. Аналарды бірдеңе деп күлдіріп кояды. Ағайымыз сонда отыздың ар жақ бер жағында ғана екен ғой.

Естуімізше, Ғаббас Жұматович Ұлы Отан соғысының ең қиын жерлерінде болған. Фашистердің ең бірінші бомбасы да, ең бірінші снаряды да Ғабекеңдер жатқан гарнизонды талқандаған. Ол Кенес Одағының ең шекарасын күзетеді екен.

Қаннен қаперсіз ұйықтап жатқанбыз, – деп еске алады ағамыз, сол бір тозақ күнді. Соның алдында ғана әскер мерзіміміз аяқталып, енді бір-екі күнде аттанғалы жүргенбіз. Жүрек толы сағыныш. «Елге жетсем, әке-шешемді, аға-інілерімді, Баянның айна көлін, қыз қарағайын көрсем-ау, шіркін!» деп, тағат таппай асығып жүрмін. Бір-бірімізге сүйретімізді сыйлап, адресімізді беріп әбігерміз. Кенет таң сәріде аспан, жер дөңбекшіп ала жөнелді. Не болғанын білмей, жан-жағыма қарасам, айнала көк түтін, гүріл, гірсіл, айғай. Шала-шарпы, апыл-ғұпыл киіндім де, құлап-сүрініп далаға ұмтылдым. Осылайша, ертең елге қайтам деп, жүрегі лүпілдеп отырған жас жауынгер Брест қамалының түбінде қанды қырғынның қақ ортасында қала берді. Төрт жылға созылған соғысты жеңіспен аяқтап, елге оралысымен, Ғаббас аға сары шинелін сүйретіп, орден толы омырауын жарқыратып, КазГУ-дың партасына қайта отырыпты. Оны бітірісімен ғылымға бет қойыпты. Енді міне біздің алдымызда тарих ғылымының кандидаты, доцент Ғаббас Жұматов тұр. Біз ғылым кандидатын Алатаудың адам жетпес асуындай көретінбіз. Себебі ол кезде атағы барлар аз еді. Факультет бойынша бір де бір профессор болған жоқ (Е. Бекмаханов қамауда, Покровский келіп кетіп жүріп сабақ береді). Сондықтан да Ғаббас ағай секілді ғалым-ұстаздарымызды ерекше өнеге тұтатынбыз. Өзім осы күнге дейін (жетпістен ассам да) Ғабекеңнің алдынан кесіп өтіп көргенім жоқ, әлі де шәкірттігім ұмытылар емес. «Таза алтынды тот баспайды» деген сөз Ғабекеңдей жандарға қарап айтылған екен ғой! Бұл кісіні жұрт соғыстағы ерекше ерлігіне қарай «қару мен қаламды қатар ұстаған Адам» деп бағалайды екен. Әсіресе Мәскеуде беделі ерекше көрінеді. Олай дейтінім, Жеңіс мерекесі Ғабекеңсіз өтпейді. Кешелері, мамыр айында өзім жетпісімді атағанымда: «Ғабеке, Сізді арнайы шақыра келдім» деп, өмірбаяндық кітабым мен шақыру билетін қоса тапсыруға барсам, «Мәскеуге шақырды, билетім қалтамда, кешіре гөр» деп, арқамнан қағады. Әлемге аңыз болған Маресьевпен, генерал Батовпен жиі қатынасып тұратынын бұрыннан білетінмін. «Бүгінгі қолбасшылар да Ғабекеңді ардақтайды екен-ау» дедім де, сапарына сәттілік тіледім.

Ғабекең демекші, Ғаббас ағайды Ғабеке деуім 1962 жылдан басталды. Сол жылы мамыр айында КПСС тарихы кафедрасына проректор Тәкеш аға Найзағариннің ағалық қамқорлығымен оқытушы болып орналастым. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей кафедраға кіріп барсам, терезе алдында біреумен сөйлесіп Ғаббас ағам тұр. «Нағып жүрсің мұнда?» – деп, бірден тани кетті. «Осында қызметке қабылдады» – дедім. «Құттықтаймын. Бізге сен секілді жастар керек-ақ, енді әріптес болдық, әлі-ақ доцент, профессор боласың, тек аянбай еңбектен» – деп бата бергендей болды. Ішімнен «Әумин» деп тұрмын. Бұдан бұлай әріптес ретінде ағамызды Ғабеке деуге көштім. Шынында да Ғабекең жастарға бұл жерде де жақын екен. Кафедраның аспиранттары мен жас оқытушыларының бұл кісіден ғылыми ақыл-кеңес алмағаны кемде-кем. Ғылыми жетекші, рецензент, оппонент ретінде солардың талайын ғылыми биік басқыштарға қарай жетектеді, солардың біреуі өзім. Есіме бір оқиға оралып отыр. Жұмагүл Әбсеметова деген бір аспирант қыз болды. Ғылымға икемді, қақ-соғы жоқ, ойындағысын бүкпесіз тура айтатын, ай- наласына жұғымды, тәрбиесі бар қыз екен. Оқуы бітті, енді көп ұзамай қорғайтыны белгілі болды. «Кафедрада бір орын бар екенін білесіз. Осы қызды кафедраға қалдырсақ қайтеді, Сіздің сөзіңізді профессор Ахметов жерге тастамайды, мен қолдайын», – дедім Ғабекеңе. Кафедра мәжілісінде Ғабекең ұсынысын дәлелді етіп жеткізді де, мен шамам жеткенше қолдап сөйледім. Бүгінде сол қыз 50-ден асты, докторлығын қорғайын деп жүр. Айта берсем мұндай мысал көп-ақ. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тассын» деген ғой, шындықты айтсам несі айып? Бірде қонаққа шақырған бір үйде қазақтың көрнекті ақыны, әрі жазушысы Дихан аға Әбілевпен дастарқандас болып кездесіп қалдым. Менің КазГУ-дың тарихшысы екенімді ести сала:

– Сен Ғаббас Жұматовты танисың ба? – деп сұрады.

– Танығанда қандай, бір кафедрада қызметтеспіз әрі ол кісі менің студент кезімдегі ұстазым, – дедім сәл мақтанып.

– Өте мәдениетті, білікті, кішіпейіл жігіт. Маған жерлес. Әкесі де ғалым еді, қазақ тілінің диалектісін зерттеп, диссертация қорғады, Ғылым академиясында істеді, – деп Жұматовтар туралы Дихан аға мен білмейтін біраз мәлімет айтқаны есімде. Ағаларының қандай салада нендей айтулы іс тындырғанын, қарындасы мен інісінің бірі инженер, бірі дипломат болғанын да сол Дихан ағамыздан естідім. Егер, деп ойладым, әкесінен бастап, аға-інілеріне дейін қадірлі тұлғалар болса, Ғабекеңнің де қадірлі болмауға хақы жоқ екен-ау, үрім бұтағы да сол қадірлілер салған «қасқа» жолмен келе жатқан шығар?

Айтсам, айтқандай екен. Гүлнәр деген қызы медицина саласының ғылым докторы, оған жалғас Жайнар деген ұлы мен Майра деген қызы медицина ғылымдарының кандидаттары. Сірә, аналарының ықпалынан болса керек. Шешелері Раиса Мақашева тірі кезінде медицинаға көп үлес қосқан ірі маман болатын. Медицина ғылымының докторы деген дәрежеге, профессор деген ғылыми атаққа ие болды. Өмірден ерте озды. Жерлеу кезінде Ғабекеңнің көзінен моншақтар домалағанын байқап қалдым. Иманы жолдасы болсын жеңгеміздің! Қолынан дәм татып едім, әлі ұмытқаным жоқ. Ғаббас аға Жұматов бүгіндері күмбезі көкке шаншылған, аспанмен астасқан заңғар орда – әл-Фараби бабамыздың атымен аталған Қазақ ұлттық университетінің кіндік ғимаратының 13-ші қабатына жеткізетін лифтіге қарай ширақ бара жатады. Сонда Ардагерлер кеңесі орналасқан. Ағамыз сол ұйымның төрағасы.

Алла ғұмыр берсін, ардагер аға!

2000 ж.

Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ

Подняться наверх