Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 10
ТЕКТІӘУЛЕТТІҢ ТАРЛАНДАРЫ
ҚАТАРЫМДАҒЫ ҚАҺАРМАН ТУРАЛЫ СӨЗ
ОглавлениеӘзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,
Ұлы Отан соғсының ардагері, Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік және Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты
Бала күнімізде «Брест» дегенді еміс-еміс құлағымыз шалатын еді. «Брест бітімі» деген болыпты деген сөзді тарихтан еститінбіз. Сол «Брест» деген сөзді 1939 жылдың аяғынан бастап жиірек еститін болдық. «Біздің жақтың әскерге алынған адамдары Брестке барыпты», «Пәленшеден Брестен хат келіпті» деген сөздер жиі айтылатын. Бірақ, сол Бресті көреміз-ау, өз тарихымыздың бір тарауына айналады-ау деген ой ешқашанда келмеген болатын.
Сол Бресті өз басым екі рет көрдім. Бірінші рет 1944 жылы шілде айының аяғында. Сол шілденің 20-26-сы күндері 70-армия қиян-кескі шабуыл жасап, Брест қаласы мен Брест қамалын фашистерден азат етті. Мен 70-ші армияға қарасты 14-ші атқыштар дивизиясыньщ 226-шы артиллерия полкында зеңбірек командирі едім. Артынан Жоғарғы бас Қолбасшының бұйрығымен Брест қаласын жаудан азат еткен құрамаларға «Брестік» деген құрметті атақ берілді. Біздің құрамымыз «1-ші Брестік Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы» болып аталды.
Екінші рет 1974 жылы Брест қаласының азат етілуіне 30 жыл толуына байланысты салтанатқа қатысуға шақырылдым. Бұл сапарымда 20 күн Бресте болып, Брест қаһарман-қамалының тари- хымен таныстым. Қазақстаннан Брест маңында үш мыңдай адам болған екен. Солардың ішінде өз ауылымның адамдары болғанын да анықтадым. Соғыс басталар алдында Брест айналасында 42-ші және 6-ші атқыштар дивизилары тұрған. Сол екі дивизия коммунистерінің тізімі қолыма түсті. Солардың ішінен партия мүшелігіне кандидат болып қабылданған Захан Ескендіров пен Ғаббас Жұматов деген екі фамилияны дәптеріме көшіріп алдым. Ескендіровпен ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы болып жүрген кезде кездестім.
Ал Ғаббас Жұматовты Алматыдан таптым. Сөйтсем Ғабекен екеуміз соғыстан кейін Алматыдағы Қазақ университетінде қарайлас оқыппыз. 1949 жылы мен – филология факультетін, 1950 жылы – тарих факультетін бітіріпті. Бұл екі факультет студенттері кейін біріккен лекцияларға бірге қатынаушы едік. Бірақ бірімізді-біріміз білмеппіз. Біріміз 1941 жылы Брест қаласын фашистердің тұтқиыл шабуылынан қорғаушы, екіншіміз ол қаланы 1944 жылы фашист басқыншылығынан азат етуші болғанымызды кейін білдік. Біздің «Брестік туыстығымыз» осылай анықталды.
Біз бірсыпырадан бері бір-бірімізді білеміз. Ойын-тойларда, жиын-жиналыстарда жиі кездесеміз. Кейін ауырханағада қатар түсіп, бір палатада бірге жатамыз.
Мен өз өмірімде Ғабекендей қарапайым, кішіпейіл кісіні көргенім жоқ. Кешегі Ұлы соғыста Отан үшін от кешкен қаһарман жауынгер болса да, еш жерде кеудесін қағып, мен сондай едім деп айғайлап айтпайды. Түртпектеп сұрасаң ғана басынан кешкен кезеңдерді қоңыр дауыспен жайлап қана баяндап береді. Ал сол жайлап айтқандарының өзі жан түршіктіреді.
Жауыз жау неміс фашистері тұтқиылдан КСРО-ның шекарасы Брест қаласына тап бергенде Брест қамалының ішінде үш мыңнан аса адам болады. Фашистер қамалды алу үшін жанталаса ұмтылады. Қамал сыртындағы жауынгер Жұматов радист болып істейтін. Артиллерия полкі Мухавец өзенінен қайықпен өтіп, қамалға кірмек болған немістерді тынбай атқылап, олардың қайықтарын көкке ұшырып, өздерін өзен түбіне жібереді. Барлық батареяларды бағыттап, олардың оқтарын жау төбесіне жай етіп түсіру ісі Жұматов рациясының арқасында, радисттің батылдығы шапшаңдық шеберлігінің нәтижесінде жүзеге асырылады.
Бір жолы радист отырған бақылау пунктіне жау жақындап қалады. Жау танктері өңмендеп келе жатады, сол сәтте Жұматов Отан үшін өз басын оққа байлап, батареяға:
– Мен отырған пунктті аямай атқылаңдар – деп, хабар береді. Ол хабарды алған батарея командирі:
– Жоқ Жұматов, сен батареяға, полкке, Отанға бүгін ғана емес, ертең де керексің! – деп оқты оның үстінен сәл асыра атып, танктерді талқандап, оларды тасалап келе жатқан неміс автоматшыларының күлін көкке ұшырады. Отан үшін өмірін оққа байлаған радист аман қалады.
Жұматов полкі жаумен осылай шайқасып, он бес күн қамалдағы достарына көмектеседі. Фашистер қамалды қоршауда қалдырып, ілгері кеткеннен кейін артқы полк та кейін шегінген еді. Шегіне жүріп, жаумен қиян-кескі ұрыс салады. Жаудың талай танкісін, талай техникасын, жүздеген адамдарын жайратады. Сөйтіп жүріп полк жау қоршауына түседі. Күн сайын жауынгер достар оққа ұшып айдалада қалып жатады. Әр достан айырылғанда Жұматовтың жаны күйеді. Бірақ, оларды құтқаруға, аман сақтап қалуға ешқандай амал жоқ. Ақыры бүкіл полктан тірі қалған 50 адам қоршаудың осал жерін бұзып өтіп, өзіміздің әскерге келіп қосылады.
Жұматовтың жаңа полкі Горький қаласының іргесіндегі Гороховецк артиллерия лагерінде қайта жасақталып, 1941 жылдың 5 қарашасында Мәскеуге келеді. Мәскеуде Октябрь революциясының 24 жылдық мерекесіне арналған парадқа қатысып, қызыл алаңнан бірден майданға аттанады. Бресті қорғаған батыр Жұматов енді Мәскеуді қорғауға кіріседі. 5 желтоқсанда майдан шабуылға шығып, зұлым жауды Мәскеу іргесінен кейін қуу дәуірі басталады. Жұматов бұл дәуірді де басынан кешеді.
Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Сол бір тарихи шегіну, шабуыл күндерінде жауынгер Жұматовтың басынан өткен аса ауыр қиындықтарды жеңе білуге жұмсаған жан қуатының күшін ауызбен айтып жеткізу қиын!
Су орнына қан кешкен бұл Ұлы соғысты жауынгер Жұматов, офицер Жұматов Венгрияда аяқтайды.
Оның Отан қорғау жолындағы бұл ерен ерлігіне кеудесіндегі 30-ға жуық мемлекеттік ордендер мен жауынгерлік медальдар куә!
Ғабекең – қасымызда жүрген хажайып қаһарман. Алдағы 2008 жылы жасы тоқсанға толады. Әлі күнге дейін адамгершілік, азаматтық, ұстаздық сапта келеді. Университетті бітіргеннен кейін, аспирантура тауысып, тарих ғылымдарының кандидаты болғаннан бастап, бұрын өзі оқыған қазіргі әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінде үздіксіз ұстаздық қызмет атқарып келе жатқанына жарты ғасыр болды. Осы ұзақ уақыт ішінде бірде-бір әріптесімен араздасып, алдынан өткен сан- сыз студенттің бірде-біріне қатты сөз айтып, көңілін қалдырған емес. Өзінен кішінің бәріне: «қарағым», «қалқам» деумен келеді. Әдетте қарт адамдардың көбісінің түсі суық, өздері ашушаң болып келетін болушы еді. Ондай қарттың қасына жақындау жылы үйден сырттағы қақаған аязға шығумен тең көрінетін. Ал Ғабекең қасына жақындағанда жанына жаз келгендей болады. Ол кісінің жымиған жылы күлкісін көріп, жұмсақ алақанын ұстап, сүйкімді лебізін естігенде жаның жадырап сала береді. «Шіркін-ай, айналаңда осындай адамдар көп болса ғой!» – деп ойлап қаласың.
«Адам туған жерінің табиғатына тартады» деген сөз бар ғой. Сол рас та шығар. Ғаббас Жұматовтың туған жері атақты Баянауыл ауданы. Ал Баянауылдың желі жұмсақ, таулары тамаша, көлдері көркем ғой, шіркін! Павлодарда қызмет істеген кезімде ол ауданда талай рет болғаным бар. Желі ғана емес елі, адамдары қандай ғажап десеңші, Баянауылдың! Ол елден арыда атақты Шоң би шыққан. Ол жерде кейін Жаяу Мұса, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Шакен Айманов сияқты тағы басқа асыл азаматтар туған. Олардың бәрі де Қазақстан ғылымы мен өнерінің жарық жұлдыздарына айналған.
Ал Жұматовтар отбасының өзінен ғана бірнеше ғалымдар шыққан. Бір үйден бірден төрт-бес ғалым қатарынан шыққан тарихи оқиға Қазақстанда тек қана Жұматовтар отбасына ғана тән. Қазақстан ғана емес, бүкіл дүние жүзінен табыла қояр ма екен мұндай феномен? Әй, табыла қоймас. Табылса бірең-сараң ғана шығар.
Қолыңыздағы «Өмір мен тағдыр» кітабы ғажап адам, ғажайып отбасы жайында жазылған. Бір кісінің қолымен қағазға түсірілген емес, бірнеше адамдардың аузымен баяндалған тамаша тарих бар бұл кітапта.
Ерліктің де, еңбекшілдіктің де, отаншылдықтың да үлгісін осы кітаптан көресіз. Адамгершілік, азаматтық, ғалымдық, ұстаздық үлгіні де осы кітаптан аласыз.
Бұл кітапты оқып шығып, өзіңізге өмірлік ғибрат алуға асығыңыз, құрметті оқырман.
Мен кеш білген болғандықтан Ғабекең жайында Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогымдай немесе Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин жайындағы «Тоғыз толғау» повесть-монологым сияқты шығарма жаза алмағаныма өкінемін. Болашақ жас жазушылар жазар деп үміттенемін.
Алматы, 3 желтоқсан, 2007 ж.