Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 3
ТЕКТІӘУЛЕТТІҢ ТАРЛАНДАРЫ
МЕН ӨСКЕН ОРТА ЖӘНЕ ӨМІРДІҢ КЕЙБІР СӘТТЕРІ
ОглавлениеҒаббас ЖҰМАТҰЛЫ
XX ғасырдың басында біздің округтен қазақтарда азаматтық ахуал туралы жазба деректер болмаған. Дүниеге жаңа келген баланың алғашқы өмір анықтамасы сол кездегі ерекше оқиғаға байланысты есте қалатын. Осындай жағдайда әкемнің айтуынша мен 1918-1920 жылдары болған жұт кезінде туыппын. Ол жылдары малды сақтап қалу өте қиын болған, кейбір жанұяда аша тұяқ та қалмаған. Қазақтың әрбір үйіне аштық, ауру ене бастаған, осындай ауыр жағдайды халық есінде ұзақ сақтады. Сөйтіп біздің, үлкен жанұямыз менің дүниеге келген кезімді 1918 жылдың қыркүйек айы деп есептейді.
Мен Қазақстан Республикасының орталық өңіріндегі Павлодар облысының, сұлу да, өте көрікті жері Баянауыл ауданында (ескіше Семей губерниясы, Павлодар уезі, Ақбеттау болысы № 2, кейінірек № 10 ауыл делінген) туып өстім. Павлодардың қатқыл даласының бір пұшпағында орналасқан бұл ғажайып көгалды алқап өзінің жұмсақ климатымен жұртшылықты қызықтырып, оларды қиял дүниесіне шомылдырады. Табиғаттың өзі тастан қашап жасаған таңданарлық биік құз жартастар, тау қуыстары мен үңгірлер сирек кездесетін қатпар-қатпар болып өте әдемі көрінетін тау жыныстары табиғаттың қайталанбас сұлулығын суреттейді. Көптеген көлдер, қайнар көздер мен мөлдір бұлақтар, ғажайып кең байтақ жасыл алқап, сай-сала міне осының бәрі адамның жан дүниесіне әсер етіп эстетикалық талғамды дамытып, нағыз адами қасиеттерді қалыптастырады.
Міне осындай әдемі де әсем жерде менің балалығым мен жасөспірім кездерім өтті. Аға-інілерім және әпке-қарындастарыммен (жанұяда сегіз бала болдық) бірге әке-шешеме көмектесіп, өзара көмек, достық, жолдастықтың заңдылықтарын түсіндім. Жылқыны күтуді үйрендім, мал бақтым, доп ойнадым, Жасыбай көлінде мұзда сырғанақ тептім.
1933 жылы Павлодарда, кейінірек Алматыда бастауыш мектеп бітіріп, 1937 жылы байланыс техникумын тамамдадым, одан кейін Қарағандыдағы радиодан хабар беру тетігін түзету технигі болып жұмыс істедім. Өндірістегі жұмыстан кейін тау-кен институтының геологиялық барлау факультетіне (Алматы) түскеннен соң 1940 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, 1946 жылға дейін әскери қызмет атқардым. Ұлы Отан соғысына қатыстым.
Кең байтақ Отанымыздың батыс шекарасындағы Брест бекінісінің гарнизонында (Белоруссия) соғыспен бетпе-бет кездестім. Тұтқиылдан шабуыл жасаған басымдылығы артық жау күштерін алғаш сезінген осы гарнизон жауынгерлері неміс-фашист әскерлерінің алғашқы соққысына қарсы ерлікпен күресіп, тойтарыс берді. Соғыстың алғашқы сағаттарында-ақ біз, менің полктас достарым, өрімдей жас жігіттер таңғаларлық күш қайтпас ерлік, берік рух, нағыз патриотизмді көрсеттік. Көптеген майдангер достарым ерлікпен шайқасып, ұрыста қаза тапты. Олардың өмірі аңызға айналды.
Осыдан кейін полк (204 ГАП) штабының бастығы И.А.Лукьянчиковтың басшылығымен жауынгерлер кері шегініп, Гомель қаласы түбіндегі Новобельск ауданына өттік. Осында Белоруссияның майдан жанындағы аудандарында әскерге шақырылғандарды майданға аттандыратын жаңа бөлім құрылыпты. Мен Бас Командованиенің резервтегі (БКР) 537-артиллерия полкына тап болдым. Осы полктың құрамында бола жүріп, Мәскеуді қорғауға қатыстым. 1941 жылы қазан айының басында полк Горький қаласына (қазіргі Нижний Новгород) таяу тылдағы Гороховетский лагеріне шығарылды, сол жылы қарашаның 7-де полк Қазан төңкерісінің 24 жылдығына арналған парадқа қатысты. Жау Мәскеу қақпасына таяу тұрды. Полк бірден Қызыл алаңнан майданға аттанды. Майдан өте жақын еді. Звенигород, Можайск маңындағы соғысқа араластық та кеттік. Алғашқы шеруге қатысушылар ретінде өзімнің және біздің солдаттардың өте ауыр сынақтарға төтеп бергенімізге, сондай-ақ НЕМІС әскерлерінің шеруін Мәскеуде Қызыл алаңда өткізбекші болған Гитлер командованиесі жоспарының быт-шыты шыққанының куәсі болғанымды мақтан етемін. Өзім қатысқан Армияның Мәскеуді қорғаудағы жауынгерлік ісіне және Батыс майданның Можайск бағытында фашист әскерлерін тас-талқан еткеніне ерекше мақтана аламын.
Мен партияға өтуімді өмірімдегі өте үлкен оқиға деп санаймын. Соғыс басталғанына дәл бір жыл өткенде 1942 жылдың маусым айының 22-жұлдызында Гжатск (қазіргі Гагарин қаласы) маңындағы окопта оқтың ысқырығы және зеңбіректің дүрсілі астында полк комиссары маған және менің жолдастарыма пар- тия билеттерін тапсырды. Сол аласапыран аса ауыр күндерде ол мен үшін өте зор қуаныш еді. Әлбетте, соғыс басталғаннан бері алты белестен астам уақыт өтті. Компартия тарады, менің сол қуанышымды кейбіреулер түсінбеуі де мүмкін, ал майданда партияға ең жақсылар, озаттар қабылданды. Бұл менің замандастарымның тарихы, менің өмір жолымның тарихы.
1942 жылдың желтоқсанында Мәскеу маңындағы шайқаста жүргенімде Днепропетровск Қызылтулы артиллериялық училищесіне оқуға жіберді. Училище бес айлық жеделдетілген бағдарламамен майданға офицерлер дайындайды екен. Оқуды бітірген соң Оңтүстік майданның (кейінірек 1,2,3 Украина майдандары) 5-ші Дон казактары Қызылтулы кавалериялық корпустың 150-ші гвардиялық танкіге қарсы жойғыш Қызылтулы Корсунь полкына жіберді. Сөйтіп 5-ші Дон казактары корпусының осы полкының құрамында майданның көптеген мынадай әскери бағыттарында соғыстым: Украина және Молдавияда, Корсунь-Шевченко және Ясско-Кишинев операцияларын орындаудағы аса ірі жау топтарын қоршауға алып, жойып жіберуге қатыстым, Карпат тау бөктерінде, Трансильванияның шексіз-шетсіз жазықтарында шайқастарға араласып, Румынияны, Югославияны (Дунай өзенінің теріскейі), Венгрияны азат етуге, Будапешті алуға қатыстым. Соғысты Австрияда, Австриялық Альпі аймағында аяқтадым.
Аса қиын жауынгерлік өмірімде шегіну қасіреті, жеңістер қуанышы сынды көп жағдайларды басымнан кешіріп, шайқас алаңында көптеген жауынгер жолдастарымнан айырылдым. Олардың зираттары сазды және батпақты орман алқаптарында, өзен жағалауларында, төбешіктер мен алаңқайларда, өз елдерінен жырақта немесе шетелдерде қалып қойды. Көптеген молалар баяғыда-ақ жермен-жексен болды. Соғыстан аман калғандар және келер ұрпақ ірі шайқастарда қаза болған бүкіл жауынгердің ерлігіне аса зор мән беріп, құрметпен қарап, олардың рухына тағзым етуі керек.
Ақын айтқандай, «…Тірілерге сый-құрмет бәріміздің парызымыз, Соғыстан қайтпағандарға үш есе болар қарызымыз.»
Майданда ауыр жараланып, қатты зақымдандым. Отыз үкіметтік награда алдым. Оның ішінде шетелдің де наградасы бар. Бұдан басқа да Корсунь-Шевченко, Ясско-Кишинев, Будапешт операцияларында қорғаныс шебін бұзып өткеніміз үшін және неміс әскерлерін қоршауға алып, оларды жер жастандырып, белсенділік көрсеткеніме, тағы басқа жауынгерлік ерлігім үшін Жоғары Бас қолбасшы маршал И.В. Сталиннен 8 рет алғыс алдым. Әр алғысты майдангерлер жауынгерлік наградалармен бірдей бағалайтын.
Соғыс біткеннен кейін Алматыдағы үйіме оралдым, оқуымды С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1950 жылы бітіріп, үздік диплом алып, аспирантураға қалдым. Диссертация қорғаған соң ректорат университеттің өзінде ұстаздық қызметке қалдырды. XX ғасырдың саяси тарихы кафедрасында үзбей 50 жыл еңбек еттім. Сөйтіп соғыстан кейінгі еңбек жолым, барлық іс-әрекетім әл-Фараби атындағы ҚазМУ-мен тығыз байланысты. 1979 жылы қазан айында Жоғары Кеңес Президиумының жарлығымен маған «Қазақ КСР-ның Жоғары мектебінде еңбек сіңірген қызметкер» атағы берілді. Оған қоса «Республикаға еңбек сіңірген» деген медалі тапсырылды. Республиканың мемлекеттік наградасы туралы ҚР-ның жаңа заңына сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ берілді.
Көптеген жылдар бойы университеттің қоғамдық жұмыстарына Одақтық және Республикалық соғыс ардагерлері кеңесінің, елдермен достық және мәдени байланыс туралы қазақ қоғамының жұмыстарына белсенді түрде араластым. Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің және Алматы обкомының штаттан тыс лекторы ретінде бүкіл Республика өңірінің бәрін аралап, дәріс оқыдым.
60-90 жылдары (XX г.) Франция, Италия, Венгрия, Болгария т.б. елдерге бірнеше рет барып, Қазақстан Республикасын, оның қоғамдық ардагерлер ұйымдарын таныстырдым, Италия, Франция, Югославия студенттерімен дөңгелек үстелдерде кездестім. Италияда КСРО қоғамдық белсенділерімен, ал Париж және Нормандияда француз қарсыластарының бұрынғы қатысушыларымен кездестім.
Ұстаздық іскерлік, қоғамдық белсенділігім үшін, жастарды патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелегенім ескеріліп, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен наградталдым. Қазақ КСР Жоғары және арнаулы білім беру министрлігінің жоғары оқу орны және ғылыми мекемелері кәсіподағы ОК Президиумының, БЛКЖО ОК, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің, соғыс ардагерлерінің бүкіл одақтық Комитетінің (Мәскеу) Құрмет грамоталарымен марапатталдым. 1986 жылы Совет-Венгер қауымдастығы қоғамының қазақ бөлімін басқару органының мүшесі ретінде және Венгрияны азат етуге қатысқаным үшін Венгер Халық Республикасының үкіметі «Золотой венок» медалімен наградтады.
2004 жылдың мамыр айында мемлекетке сіңірген еңбегім, қоғамды нығайтудағы белсенді іс-әрекеттерім үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен II дәрежелі «Достық» орденін тақты.
Өмірбаян очеркімді аяқтай келе менің өмірлік позициямның қалыптасу және жетілуіне аса зор ықпал еткен әке-шешем, ағаларым т.б. туған-туыстарым туралы бір емес бірнеше кітап жазуға болар еді. Олардың бәрін де, артық айтқаным емес, жоғары парасаттылығы, зиялылығы, еңбек сүйгіштігі, іске жауапкершілікпен қарау, нағыз гуманизмі сынды озаттық белгілері өзгешелендіретін. Әрдайым мақтаныш етемін. Олардың бәрі, әсіресе – әкем өміріме үлгі болды. Соғыста да, бейбіт күндерде де аса жоғары мәртебеге ие болған менің туыстарымның беделін түсіріп алмауға тырыстым. Туыстарымның әрбірінің Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін, өзіне ерекше талап қою және жұмысқа принциптілігін қастерлей отырып, есімде сақтаймын.
Әр кездерде маған қол үшін беріп көмектескен жақсы адамдарды да айтпай кеткенім болмас. Олар белгілі ғалымдар, аға ұрпақ өкілдері, академиктер: Ш.Ч. Шөкин, С.Б. Бейсембаев, Т.Т. Тәжібаев, профессорлар Е.Б. Бекмаханов, С.Х. Субханбердин, доцент И.С. Горохводатский тағы басқалар. Олардың бойындағы білімге деген құштарлық, пікірлескен адамын таңғалдыратын біліктілік, бекзаттық сынды асыл қасиеттері маған және менің жас құрбыларыма өнеге болған еді.
Үш балам бар. Әйелім медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақашева Раиса Кәрімқызы 1991 жылы қайтыс болды. Қызым Жұматова Гүлнәр Ғаббасқызы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Парижде тұрады, сонда қызметте, ұлым Жұматов Жайнар – медицина ғылымдарының кандитаты, аға ғылыми қызметкер, кіші қызым Жұматова Майра – медицина ғылымдарының кандидаты, доцент. Алты немерем және бір шөберем бар.
Өскен отбасым туралы бәрін тәптіштеп айтып жатуды жөн көрмедім, ондай нәрселер кейде өзін-өзі көтермелеу де болып кетуі мүмкін. Сол себепті әкем, бауырларым туралы жарық көрген материалдардың немесе естеліктердің кейбірін кітапқа енгізіп, соларды сөйлетуді жөн көрдім.
Алматы, 2007 ж.