Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 13
ТЕКТІӘУЛЕТТІҢ ТАРЛАНДАРЫ
ШҰҒЫЛАЛЫ ШАҚ
ОглавлениеБ. МҰҚАЕВ
(Очерк)
Бұл семьяның өмірі басқа да осындай бақытты отаулардай туған республикамызбен бірге гүлдеп, дамып келеді.
Бүгінгі сөз Жұмат ұрпағы хақында.
1. Іңір
Қолы дірілдеп, басы айналды. Көз алды күліңгірленіп, алдында жатқан газет бұлдырап кетті. Жасаураған жанарын бет орамалмен сүртті де, әнтек күрсініп, жауырынын жастыққа тіреді. Қолындағы қалыңдығы қарс келетін нән кітап топ етіп жерге түсті. Ол жерге түскен кітапты әзер иіліп барып көтеріп алды да, мұқабасын бипаздай сипап, манағы орнына қойды. Сосын жастыққа сұлық түсті. Демалысы жиілеп кетті. Дірілдеген қолымен стол үстінде тұрған шыны құтыны алып, тығынын әзер ашты да, сұйық дәріні шіміркене жұтып жіберді.
«Кәріліктен қашып құтылған жан бар ма екен жалғанда?! Әһ!.. Шаршайды екенсің. Соның өзі рақат. Әл-дәрмен құрып отырғанда тындырған ісің ойға оралар болса, тынысың кеңіп сала береді. Иә, солай…».
Ол кеудесін көтеріп, тіктеп отырды. Сосын үстел үстінде жатқан ірілі-уақ он шақты кітапты ептеп алып, алдына жайып қойды да, әрқайсысының мұқабасын манағы бөз орамалмен би- паздап сүртті. Сүрткен сайын олар жаңара түскендей. Қарттың әжімді, бозаң жүзіне шыр жүгірді. Жанары жәудіреп, кітаптарға қызыға, қызғана қарады. Кеудесін қуаныш кернеді. Миығына күлкі ұялады. Жалғыздан-жалғыз қарқылдап күлгісі келді.
Есіне әлдене қалт түсе қалғандай, әбжіл қимылмен қаламын алды. Алды да, асығып аптығып жаза бастады. Мына отыры- сында селт еткізудің өзі күш. Жүзі нарт. Жазып отыр. Арагідік күбірлеп сөйлеп кетеді.
«Бітіру керек. Бітіруге міндеттісің. Отан алдындағы борышыңды ақтауың керек. Сені осы халге жеткізген Ұлы Ок- тябрь. Сен оның бел баласысың. Сен туған Қазақстаныңмен бірге жасасып, бірге өсіп келесің Ол қалай гүлденсе сенің ұрпағың да дәл солай гүлденеді. Әубәкірің, Хамза, Ғаббас, Әмина, Сапарларың, немерелерің мен шөберелерің. Солай…».
Ол шамырқанып кетті. Жігеріне үстеме жігер қосылғандай.
2. Сәрі
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан!
Ол үнсіз тыңдады. Мақұл деп бас изеген жоқ, болмайды деп бас шайқаған жоқ. Екі көзін жерден алмай, қаққан қазықтай қаздиып тұрды. Сұлтанмахмұт сөйлей берді.
Бұрын-соңды топ жарып, аты шыққан жанмен пікірлес болып көрмеген Жұмат Сұлтанмахмұт сөзін бас иземесе де қағидадай қабылдады. Ақын сөйлеп жатты. Ал ол болса оның «Қараңғы қазақ көгіне» атты өлеңін іштей қайталаумен болды.
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?
Ол соңғы сөзді үзіп-үзіп қайталай берді. Мұны жазған Сұлтанмахмұт емес, өзі секілді; өзінің анттық жыры секілденіп кетті бұл өлең.
Сұлтанмахмұт сөйлеп жатты. Бірақ оның сөзі емес, Жұматтың жасыңқы жігерін жандырған осы өлеңі-тін. Ақын сөзіне ой салмаған сынды. Есінде қалғаны: «Оқымай болмайды, Жұмат. Әліпті таяқ деп білдім, сол жетеді деп көпию саған жат. Павлодарда үш айлық мұғалімдер курсы ашылғалы жатыр, соған барып оқып қайт. Алдымен менің мектебіме келіп, сауатыңды аш» – деген сөздер ғана. Ол үндемеген. Манағы өлеңді қайталай берді. Оның ауанының басқа жаққа ауып тұрғанын Сұлтанмахмұт та аңғарып қалған; Жұматқа кіржие қарап, қоштаспастан кете беріп еді:
– Махмұт, – деп қалды Жұмат. Ол селк етті де, шағындау денесін шұғыл бұрып, бір нәрсе айтпаққа оқталып тұрған жігітке барлай қарады.
– Махмұт, – деді ол жүрексініп, – мектебіңе баруға рұқсат етесің ғой. Рас қой. (С. Торайғыров 1916 жылы Ысқақ хазіреттің медресесін мектепке айналдырып, ауыл балаларын жаңаша оқытып жүрген).
Сұлтанмахмұт рақаттанып ұзақ күлді.
– Сен секілді қазақ жастарына мектеп есігі әрқашан ашық!
Әкеге де, шешеге де бұл жайлы ләм деп жақ ашқан жоқ. Күнде ертеңгісін ошарлы үйдің медет тұтары – екі-үш қара құранның әуресімен жүруші еді. Сұлтанмахмұтпен кездескелі бері әлденені сылтауратып, қашақ болып жүр. Қойшылықтың таяғы сегіз жасар қаршадай Хамзаға мирас болып қалды. Үлкені, Әубәкір – шәкірт. Кішісі, Ғаббас – әлі де сәби.
Әке ешнәрсе сезген жоқ. Жанына сеп көріп жүрген Жұматы Павлодарға аттанып кеткенде орнын сипап қалды.
Соңынан барамын деп қысқа жіп күрмеуге келмей жүргенде зу етіп үш ай өтті. Оқуын бітіріп Жұмат келді.
Ол мұғалімдік қызметін бастады. Бұл 1920 жылдың күзі болатын. Жаңғырып жатты жапан дүз. «Мәскеуден қалың қол шығыпты. Ақтарды талқандамақ екен. Оны Лениннің өзі бастап келе жатқан көрінеді». Бұл сөзді Жұмат та естіді. «ЛЕНИННІҢ ӨЗІ КЕЛЕ ЖАТЫР». Осы сөз оның жабырқау көңілін жадыратып жіберді. Қуанды. Шындап қуанды. Күтті. Мектеп үйін мұқият жөндеуден өткізді. «КӨСЕМ КЕЛЕ ЖАТЫР» деді ол шәкірттеріне. Көсем келген жоқ. Бірақ көп ұзамай ұланғайыр далаға оның мейірім-шапағаты жетті.
«Семей шаһарында рабфак ашылыпты». Бұл хабар күн күркіріндей естілді оған. Қатты қуанды. Әкеге қолқа салып көріп еді, тоңмойын шал тоң-торыс қалды.
– Керекуден оқып келгенің аз боп жүр ме, балам?!
Жұмат күлді. Ханида жақтырмай қалды. Қабағын түйіп, қатулана сөйледі.
– Жасың болса отыздың үшеуіне келді, оқу сенің не теңің? Әукеш пен Хамза оқыса бір жөн.
– Оқимын, – деді бірбеткей мінезіне басып. Ханида тағы бір нәрсе айтпаққа оқталып келе жатыр еді, Жұмат «қой» дегендей қолын сілтеді. Күйеуінің мінезіне қанық Ханида айтпақ болған сөзін жұтып қойды да, жәудіреп енесіне қарады…
Қараңғылық әлі де сейіле қоймаған кез. Аспанның ақжемделген шырақтары сирексіп қалған. Ай сайғаққа ілінген орақ сынды. Қырық құрақ жаппаның маңы апыр-топыр адам. Қол созымда түйелі арба тұр. Бір топ адам соған қарай беттеп келеді. Орталарындағы Жұмат қапшығын тұңғышы Әубәкір көтеріп барады.
Арба тақап келе бергенде Ханида күйеуінің жеңінен тартты.
– Жұматжан, сен бізді, балаларды ұмытпайсың ба? Қайтіп келесің бе? – деді ол даусы қарлығыңқырап.
– Қайтып келем, Ханида. Хат салып тұрамын.
– Мен де барамын, – Хамза әкесінің шалғайына жабысып жатып: – менің де оқығым келеді, – деді
Есейіп қалған Әубәкір Жұматты алыс сапарға жібергісі келмегендей мұңайып тұрды.
– Сендердің болашақтарың алда, қарақтарым! Асықпаңдар, жетесіңдер. Үшеуің әлі-ақ менен де алысқа барасыңдар.
– Әй, болсаңшы! – түйешінің даусы шаңқ етті. Жұмат балаларын емірене бауырына басып, беттерінен сүйді де, түйелі арбаға беттеді. Шешесі мен Ханида көздеріне жас алды.
Түйелі арба ұзап барады. Көп көзі оған тапжылмай, тесіле қарап қалған. Алысқа сапар шеккен Жұматты күдік пен үміт қосарлана қуып бара жатты.
Шығыс жақ бозаң тартты.
Жаяулап он төрт күн жүріп келгені бар болсын, рабфактың меңгерушісі сыптығыр келген сырықтай, сыйдам жігіт тақылдап, көңілі қарқарадай боп келген Жұматтың үмітін су аяғы құрдымға жіберді.
– Жасың асып кеткен екен, жігітім. Оқуға 25 жасқа дейінгілер ғана қабылданады. Енді әуре болмай еліңе қайтып, ескі кәсібіңе кірісе бер, – деді де ол теріс айналып кетті.
Жұматтың алқымына ып-ыстық жас тығылды. Жыларман халге жетіп булығып кетті. Ойлап келген ісінің ойраны шықты. Ол дел-сал күйге түсті.
«Ауылға қайтып кетсем бе екен? Ел-жұртқа не бетімді айтамын? Қой қаршадай қарғаларымнан ұят болар. Не болса да көндім».
Ол енді бір ойға нық бекініп, жұмыс іздеп, қала көшелерін ұзақ кезді. «Көрмегенге көсеу таң». Жұматқа бәрі қызық. Оқта-текте ұшырасып қалатын қыр қазақтары болмаса, қала халқының жүріс-тұрысы мүлде бөлек. Жұмат олардың киген киіміне, жүріс-тұрысына қарайды да, өзінің оғаштығын сезеді. Шекесінен шып-шып тер шығады.
Ол енді орталық көшелерден бой тасалап, шеткері шығып кетті.
Ауылдан алып шыққан қоржынның түбін қаққан күні қызмет тапты. Қаладағы сауатсыздар мектебіне мұғалім болып орналасты. Көзді ашып-жұмғанша ай өтті зымырап, зымырап жыл өтті: ұлыма боранын, адуын аязын алып қыс кетті, көктем, жаз кетті. Қайтадан қоңылтақ жел, шелектеген нөсер селін алып күз келді. Бекер келген жоқ. Жұматтың үмітін арқалап келді.
Ол үшін қарбалас шақ қайта басталды. Әрі жүгірді зыр қағып, бері жүгірді. Барған жерлерінде еститіні бір-ақ жауап: «Жасың асып кетіпті».
Ең ақырғы үміті де осы еді. Бұл да дәл солай болды. Мұғалімдер даярлайтын техникум меңгерушісі «сөз осы, қабылдай алмаймыз» деді де, өз ісіне кірісіп кетті. Жұмат безеріп отырды да қойды. Көңілі буырқанған теңіздей астаң-кестең. Дәл қазір әлдекім бірауыз жылы сөз айтып, жұбатар болса, еңкілдеп жылап жіберуге бар.
Күйзеліп отыр. Бір жыл – ауылдан жырақ өткізген бір жылы бесенесіне белдеулетіп әжім сызып берген. Шыттан тігілген жейдесі жамау-жамау. Екі жағы пышақ жанығандай. Көзінің алды көгістеніп тұр.
Әйткенмен, оның есіл-дерті оқу. Өзінен бес-алты жас үлкен адамның қабағын бағып, оның кенже баласындай мүләйімсіп, өзгеше күйде тұр. Бұл харекетінің ең ақырғы талпыныс екенін сезеді. Неде болса әліптің артын күтпек.
– Жігітім…
– Ағатай-ай, көмектесіңізші, – деді ол жалбарынып. Ол ойланып қалды. Біраз уақыттан соң:
– Жігітім жатақ жоқ. Жамбас пұл төлеп тұрар пәтер тауып ал. Оқуға қабылдайық, – деді қабағын тырыстырып. Жұмат орнынан ұшып тұрды.
Кеудесіндегі қуаныш оты жатаған үйден көтеріп шығарды оны.
Таршылықтың тауқыметін енді тартты. Талғажу етер тамағы талқан. Ол бірде болса бірде жоқ. Ауылдан көмек келмейді.
Әдейілеп жайма базарға барып, ауылдастарына жолыққан. Үй-ішінің хал-ахуалын солардан сұрап білді. Үлкені Әубәкір ауылдағы орыс мектебінде оқып жүр екен. Оны қатты қуантқан осы хабар. Қолының қысқалығына қарамай Ханиданың жасаған азаматтығына қатты разы болды.
«Оқуымды бітіріп ауылға барған соң, Әубәкірді Орынборға жіберіп оқытармын. Хамза мен Ғаббастың жайын да ойлау керек екен» деп күбірледі ол. Күбірледі де күлді. Күлді де қуанды. Жүгіріп пәтеріне келді.
Көптен бері қоңыр көңілінің көтерілгені осы. Ыңылдап «Айнамкөзді» айтты, «Ақбақайды» айтты. Сосын көзмайындай күтіп ұстап жүрген жартыкеш айнасына қарады. Қаз отындай қалың шашы үрпиіп өсіп кетіпті. Ми тақырға шыққан селеу сынды сақалы да көрер көзге оғаш. Өстіп жүріп 1925 жылы техникумды бітіріп шықты…
«Тағы да бір мұғалім келді. Баянауылда Досқара деген болмаушы ма еді, бұл соның баласы екен. Семейде үлкен оқу тауысып, біздің мектепке келіпті» – деп қауқылдасып жатты Павлодар басындағылар.
Жұматтың ешкіммен жұмысы болған жоқ. Келген соң екі жылдық мектепті төрт жылдыққа айналдырды. Оқушылар күшімен мектеп үйін жөндеді. Мектептің бір бөлмесінен «Ленин бұрышын» ашты. Класс керегелеріне Маркс, Энгельс, Ленин суреттерін ілді. Осы суреттермен бірге қазақ даласына жаңа өмір келді.
3. Сәске
Отыра бергені сол еді, телефон шыр ете түсті. Трубкаға қолын соза берді.
Телефон тағы да шырылдады. Трубканы құлағына апарғаны сол еді, аржағынан әлдекімнің гүрілдеген даусы естілді. «Саламатсыз ба» дейді, журналистпін, сіздер жайлы очерк жазбақ едім, уақытыңыз болса, кездессек дейді. «Басқа адамдарды неге көрмейді екен осылар» – деп, іштей күбір етті.
– Көп уақыт алмайсыз ба?
– Сіз дайын отырсаңыз, көпке созыла қоймас, – деді, журналистпін деген жігіт әзіл тастаған болып.
– Келіңіз.
Ойланып қалды. «Сіз дайын отырсаныз» – дейді – Қандай дайындық керек екен, ә? Иә, иә өмірбаяныңды екшей бер деген ғой шамасы.
Ол маңдайын сүйіп, кішкене көзін шарт жұмып, ойланып отырып қалды.
Жұмат Екібастұз коммунасына Хамзаны бірге ала келді. Оның қойшылық таяғы Ғаббасқа тиді. Әубәкір Семей ауылшаруашылық техникумына оқуға кетті.
Ауылда аздап сауат ашқаны болмаса, бәлендей білім жоқты Хамзада. Комунна мектебінде оқу қиын тиді. Алғашқыда ыңғайсызданып жүрді. Өйткені мұндағылардың жас шамасы бірдей емес, бес саусақ сынды үлкенді-кішілі болды. Кішкенелері пысық та, тебіндеп мұрт шыға бастағандары сабаққа келгенде түлейлеу еді. Хамзаның жасы осылардың алқым тұсында. Тақтаға шықса пора-пора болып терлеп кетеді. Сабақта білмей қалса, ересек тартқанына қарамай, еңкілдеп жылап жіберуге шақ қалып тұрады. Өжектеген намыс бос уақытында кітаптан бас алдырмай, білімге сусын жүген әкенің көмегі де көп тиді.
Оқытты, тоқытты.
Хамза Екібастұз коммунасының жеті жылдық мектебін үш жылда бітіріп шықты.
Жұмат ортаншы ұлының бойындағы ерен қабілетін ерте таныды. Оның әдеби кітапқа тесілуіне қарап «осы ұлым жазушы болады» деп қуанатын. Енді Мәскеуге, Оралға келгелі ол кітаптан бас алмайтын болды. Сабақтан қолы босай қалса орыс, батыс классиктерінің шығармаларын оқиды. Әредік – әредікте соларға еліктеп бірдеме жазғансиды. Бірақ онысын ешкімге көрсетпейді. Студенттер арасында аты шығып қалған Белгібай, Мұхаметжандар естіп қойып, мазақтан күле ме деп зәре-құты қалмайды.
Әубәкір Семейдің ауылшаруашылық техникумын бітіріп, қызметке орналасты да, әкенің етек жеңі кеніп қалды. Ол техникумның екінші курсын бітірген жылы Алматыда дәрігерлер институты ашылып, 140 студентті сонда ауыстырды, ішінде Хамза да бар. Сөйтіп оның үлкен өмірге аттаған алғашқы адымы осылай басталды. Бұл 1931 жылдың күзі болатын.
Студенттік өмірдің қалай өтіп кеткенін аңғармайда қалды, Институт тауысқандар жеті қат жер астындағыны да біліп шығады деп ойлаушы еді ол. Жоқ олай емес екен. Әлі де оқу керек сияқты. Бес жылға алған білімі көңіліне олқы соқты. Оның ойын сезіп жүргендей микробиология кафедрасының меңгерушісі ақбас профессор шақырып алып, аспирантураға қал деп кеңес берді. Келесі де әкесіне жылдамдатып хат жазды. Хатты жөнелтуін жөнелтіп алып, қатты өкінді. «Қап! – деді ол күйзеліп – Бастаған ісім аяқсыз қалатын шығар. Ауылға барып елмен араласып, олардың өмірін, тіршілігін зерттеу керек еді. Сосын олар туралы жазу керек еді». Ол институт қабырғасында оқып жүргенде әңгіме, фельетон, очерктер жазып, оларды мерзімді баспасөзде жарияланып тұратын. Оқу бітірердің қарсаңында «Лениншіл жас» газетіне «Доктор мұхит» атты романынан үзінді басылып көңілі марқайып, жазушылыққа шындап ден қойған. Анау күнгі әкесіне жазған ағат хаттан соң іле-шала Мәскеуде оқып жатқан Әубәкірге жазушы болғысы келетіндігін айтып хат жөнелткен-ді. Содан кейін ұдай күйге түсіп қысылып жүрді.
Арада бірнеше күн салып Ташкентте Өзбек Мемлекеттік университетінде оқып жүрген әкесінен хат алды. Ол жақында университетті бітіретінін, өзін қарақалпақ педагогикалық институтына мұғалім етіп жібергенін жазыпты. Ұлының аспирантурада қалғанын әкесі құп көріпті. Артынша Мәскеуден хат келді. Сенен Чехов шықпайды. Халқыңа көбірек пайда келтіретін жағын ойла. Сен үлкен ғалым боласың. Оқуыңды жалғастыра бер. Аға сөзі осы. Қысқа да қағида сынды. Әке мен аға сөзі бір жерге кеп түйіскен соң, олардың дегенінін мақұл көрді.
Медицина институтын үздік бітіріп, аспирант болып қалған ол микробтар дүниесін зерттей бастады. Хамза Жұматов 1944 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Содан аттай алты жыл Мәскеуде, кейіннен Ленинградтағы Одақтық экспериментальды медицина институтының вирусология бөлімінде КСРО медицина Ғылым академиясының академигі Смородинцевтің жетекшілігімен жұмыс істеді. Ол осы академияның бірінші докторанттарының бірі.
1951жылдың аяғында КСРО денсаулық сақтау министірлігі Хамза Жұматовқа Алматыда – Қазақтың эпидемология және микробиология институтына ғылыми жетекші етіп жіберді. Оның басқаруымен Қазақстанның шет аймақтарына ғылыми экспедициялар шығып, жұқпалы ауру тарататын вирусты бактерияларды жою жолға қойылды. Өзі істейтін институтта, Ғылым академиясына вирусология бөлімін ашты. Бұл бөлім 1960 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы микробиология және вирусология институты болып қайта құрылды.
Ол отыз жылдық ғылыми өмірінде 200-ден астам ғылыми еңбек жазды. Оның 12-сі сүбелі монография Хамза Жұматовтын жетекшілігімен 30-ға жуық адам медицина және биология ғылымдарының кандидаттығына диссертация қорғаған. Олардың төртеуі қазір ғылым докторы. Францияда, Данияда, ГДР-да, Румынияда, Біріккен Араб Республикасында, Мәскеуде өткен халықаралық конгрестер мен симпозиумдарда ғылыми баяндамалар жасаған. 1954 жылы докторлық диссертация қорғап, 1958 жылы профессорлық атақ алды. Сол жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 1967 жылы Республикамыздың Ғылым академиясына толық мүше болып сайланды. Ол ғылым және денсаулық сақтау жөніндегі еңбектері үшін екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше Қазақ КСР Жоғарғы Советінің грамотасымен наградталған.
1941 жылдан КПСС мүшесі. Әудем мезеттен соң қонақ жігіт суыртпақтап сыр тарпақ болған Хамза біраз үнсіз отырды да, әңгімесін бастады. Біздің әулетіміз туған республикамызбен бірге гүлдеп келеді. Әкеміз қиындықтың зілмауыр жүгін мойнымен көтере жүріп бізді оқытты. Өзі де оқыды. Өзбек университетінің филология факультетін бітіріп, республиканың алыс аймақтарында қызмет істеді. 1945 жылы «Қазақ диалектологиясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Өте тынымсыз кісі. Күні кешеге дейін сапаркеш болатын. 1955 жылы Арал-Каспий балықшыларының тіліндегі говорды зерттеймін деп жүріп, 14 күн ашық мұз үстінде қалып, ауруға шалдықты. Қазір сексен екіде. Докторлығын дайындап жүр «Демал» десек тыңдамайды.
Қарт адам ғой, деңсаулығы мәз емес Әубәкір ағаның қазасы әкейді біраз тұралатып кетті. Ә, сіз ол кісіні – Әубәкір Жұматовты біле қоймайсыз. Менен үлкені сол. Биыл алпыс бірге келер еді. Қыршын кетті. Қызмет үстінде мен де, Ғаббас, Әмина, Сапар да ол кісіге борышкерміз. Әкеден кейінгі ақылшымыз еді.
– Ауылшаруашылығы институтының бұрынғы ректоры ғой – Иә – деді, Хамза селт етіп. Қарсы алдында пысықсынып әлденені қойын дәптеріне жазып алып жатқан жігітке тандана қарады. – Он жеті жыл сол институттың директоры болған. Бәлкім бізден гөрі сол кісінің өмірбаяны қызықтау болар. Ол маңдайын сүйеп біраз отырды. Әлденені есіне түсіре алмағандай көзін жұмды. Әудемнен соң шешіліп сөйлеп кетті.
Семей ауылшаруашылық техникумын бітірген соң, 1956 жылы ауылда агроном болып қызмет істеді. Әкем де, мен де оқудамын. Ғаббас алғаш мектепке барып, кейіннен 1933 жылы Алматыдағы байланыс техникумына оқуға түскен. Семьямыздың бар ауыртпалығын Әубәкір көтерді. 1937 жылы әкей екеуміз оқу бітірген соң ол Мәскеуге Тимирязев академиясына оқуға түсті. Оны 1941 жылы бітірісімен Алматы обылыстық жер бөлімінде агроном болып істеді. Соғыс жылдары таңдаулы кадр ретінде Сарқант МТС-іне директор етіп жіберді. Сол жерде жүріп зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы еңбегінің нәтижесінде күздік бидайдың жаңа сортын тапты. 1948 жылы кандидаттық атақ алды. 1942 жылдан 1959 жылға дейін ауылшаруашылық институтында директор қызметін атқарды. Сізге бұл жайлы әкем толық айтып бере алады. Ғаббас та біраз әңгіме біледі.
Келген қонағы қоштасып шығып кеткен соң , ол терең ойға батты. Есіне бала шағы оралды. Күз алдында Баянның сұлу табиғаты елестеді. Оның жұпар ауасын жұтқандай тынысы кеңіп сала берді. Есіне шулы Париж түсті. «Сапар, – деді ол күбірлеп, бізді сағынып жүрсің ғой, айналайын. Сен елің үшін қызмет істеп жүрсің. Елшінің кеңесшісі деген оңай шаруа емес».
4. Талтүс
Талғар шыңының ұшар басы тұтасқан қою бұлт. Сіресіп жылыстай қозғалып барады. Алатауға нөсерін төкпелеп келеді. Бұл маңайға жетер-жетпесі Ғаббасқа беймәлім. Терезе алдында ойға шомып, қимылсыз отыр. Сонау бір албыртта аңғырт кез оның езуіне күлкі ұялатады. Кейде әнтек күлімсірейді, кейде қабағын шытады. Жұмыстан шаршап келген соң жұпар жұтып отырып, өткенге оралу үшін рақат мезгіл.
Сергіп қалады. Еңбекке деген құлшынысы артады.
«Ғажап!» – деді, Ғаббас сыңғырлай күліп терезе түбінен өтіп бара жатқан қос өрім қызға сүйсініп, – біз осылардың жасында шындап күле алдық па екен? – жоқ, әлде, жастығымыз белгісіз өтіп кетті ме? Олай емес. Біз де шындап күлгенбіз. Албырт шақ қаз-қалпы көкейде сайрап тұр. Күйсініп тұрған домбыра секілді. Қос шегін шертіп жіберсең, күмбірлеп сөйлеп кетеді».
Ол он бес-ақ жаста болатын. Шалғайдағы Баяннан оқу іздеп Алматыға келдім. Бес класс бітіріп оқуға түсемін деп астанаға тартқан. Ешкімді тыңдаған жоқ. Келді де, Алматының байланыс техникумына оқуға түсті. 1937 жылы бітіріп шықты. Көп қатарлы еңбекке араласты. Сосын араға жыл салып институт табалдырығынан аттады. Артынша әскерлік борышын атқаруға шақырылды.
– Папа, – оның ойын кенжесінің үні бөліп кетті. Жалт қарағанша болған жоқ, аспан күркіреп, найзағай ойнады. Баласы «ой!» деп қалды. Жаңағы ғаламат үн оны да селт еткізген. Өне-бойы сең соққандай дірілдеп кетті. Күн күркірі 1941 жылдың 22 маусымындағы сарынға ұқсап еді… Ол көзін шарт жұма қойды. Сонау сұрапыл кез көз алдынан тізбектеліп өте бастады.
…Ол шошып оянды. Асығыс киініп, сыртқа жүгірді. Айнала қып-қызыл өрт, астаң-кестең. Бомба борап тұр. Жоғары қарасаң, дәл төбеңе келіп жарылатындай. Ғаббас байланыс бөліміне жүгіріп жетті де, «6-КП» рациясына жармасты. Бірақ еш дыбыс сезілмеді. «Бұл не?» деп, айқай салды. Жүгіріп Шәйкен келді. Алаулаған жүзінде «Не істейміз, командир» дегендей сұраулы пішін бар.
Ғаббас тез шешімге келді.
– Сүлейменов, кеттік! Екеуі орманға қарай жылжыды. Қара орманға қозы көш жер қалғанда соңдарынан өріп келе жатқан жау танкілерін көрді. Соңында қаптаған автоматшылар. Бұларды байқамаған секілді. Олар сол араға бекініс жасап, танкілердің келуін күтті. Шәйкен «атайық, жолдас командир» деп тақ-тақ етеді. «Жақындай түссін». Ғаббас кіжіне сыбырлайды. Тақап келеді, тақап келеді. Көлденең жолға жетті. Екі ара тас лақтырым жер. Атып жіберді. Алдыңғы танк лап етті. Екінші рет атты. Тағы біреуі жана бастады. Үлгермей қалды. Үшінші танк қол созымға келіп қалды. Арындап келеді. Зеңбіректі оқтап үлгергенше, тастап кететін секілді. Шәйкен тажалға қарай еңбектеп барады. «Кейін қайт!» Ғаббас дауысын ол естіген жоқ. Ұмсынып келе жатқан танкіге гранатыны лақтырып жіберді. Бораған оқ өзін де жұлып түсті. Одан арғысын Ғаббас көрген жоқ.
Қанша жатқанын білмейді. Топырақты аршып, басын көтергенде алғаш көргені сонадайда тұрған көшпелі мастерской. Алғаш қуанып қалды. Орнынан тұра сала солай қарай жүргісі келді. Бірақ аяғын ауырсынып, орнынан тұра алмады. Талықсып кетті. Біраз уақыт өткен соң тағы басын көтерді. Көтерді де, жүрегі дүрсілдеп кетті. Жаңағы мастерской немістердікі екен.
Қас қарайғанша тапжылмай жатты. Ымырт үйіріле шұңқырдан шығып, қалың жынысқа қарай жылжыды. Қолынан әл кеткен. Өне-бойы дел-сал. Бір аяғына снаряд жарықшағы тиген екен, жейдесімен таңып алды. Мимырт қозғалыспен алға жылжи берді. Таңдайы – тандыр. Шөл қысып барады. Жанкештілене жер бауырлап келеді. «Жетемін, тауып аламын өз адамдарымды», – дейді ол тістеніп. Жылжып келеді. Кенет жақын маңнан тотықұс сайрағандай болды. «Бұл біздің жігіттер! Біздің!.. Мен мұндамын!». Оның әлсіреген дауысы алысқа жеткен жоқ. Екінші қайтара айқайламақ болып еді, үні шықпады, талықсып кетті.
Оның жанына ұрлана басып екі адам келді. Келді де, Ғаббастың жүзіне жарық түсіріп, бажайлап қарады. Сосын көтеріп әкетті.
Ол аспанға қарады. Талғар шоқысы сойдиып жалаңаштанып қалған. Манағы бұлт қала үстіне ауып келіп, селдетіп құйып тұр.
1942 жылы Днепропетровск гвардиялық училищесін бітірген Ғаббасты оңтүстік майдандағы қызыл тулы 5-ші Дон корпусының артиллерия полкына жіберді. Бұл неміс-фашистерінің өңмендей ұмтылып келе жатқан кезі болатын. Совет Армиясы, оның ішінде бесінші Дон корпусы кеуде қаққан дүлейлерге тегеурінді тойтарыс берді. Мәскеу түбінде ойраны шыға жеңіліп, рухы жасып қалған неміс армиясы бұрынғы арынын жоғалтып, бәсеңсіп қалды. Бірақ олар бастапқы мақсатын жүзеге асырмақ болып, жанкештілене алға ұмтылды.
Бесінші Дон корпусы жауға сұрапыл соққы бере отырып, Украинаны тазартты. Корсунь-Шевченовский, Яссо-Кишиневский аудандарын, Қарпат етегін, Трансильван жазығын және Румынь, Венгер жеріндегі халықтарды езгіге салған фашист жендеттерін талқандады. Ғаббас осы корпус құрамында болып, соғысты Австрияда аяқтады.
Өткінші жауын төгіп-төгіп, шай қайнатым уақыт өтпей сап тыйылды. Нөсерлі қара бұлтты кенеттен көтерілген жырынды жел тым-тырақай қып, әп-сәтте жан-жаққа шашыратып жіберді. Аспан шайдай ашылды. Қапырық ауаны өткінші жел қуып әкетіп, мына әлемнің тынысы кеңіп қалған секілді. Жауыннан соң дүние қандай тамаша! Аспан да, жер де көкпеңбек. Тап-таза. Гүлденген жайсаң жер құлпыра түскен.
«Ғажап! Қандай көрікті еді мына өмір. Қаласы да, даласы да құлпырған. Адамдары қандай! Қадамдары қарышты. Аспанмен таласқан зәулім үйлері көзді топшысынан сүріндіреді». Ол айналасына тамсана қарап рақаттана езу тартты.
Бұл Октябрьдің жемісі. Біз секілді октябрь перзенттерінің игілігі. «Елу жылда ел жаңа» деген осы. Біз де жаңамыз. Жаннат жер де жаңа. Жасарған. Бәрі жаңа: көңіл де,өмір де!».
Шаңқай түс. Күннің ыстығы біліне бастады. Ғаббас Ніл шайғандай боп тазарған көгілжім көкке қарады.
«Шаңқай түс. Менің өмірімнің, Қазақстанымның шаңқай түсі. Бұл кемел шақ».
Оның кеудесін қуаныш кернеді. Шаңқан боз аспанға қарады. Бұлт жоқ. Дәл төбеде жарқырап мейірімді күн тұр. Кәдімгі күн, мейірімді жарқын күн…
5. Іңір
Ол шаршады. Қолы қарысып қалды. Көзі бұлдырады. Төсегіне кеп қисая кетті. Сол сәт өзінің Әубәкірі, Хамзасы, Ғаббасы, Әмина мен Сапары келіп, қолтығынан сүйеп тұрғандай сезінді. Біртүрлі бойы жеңілденіп, кеудесін шаттық қытықтады. «Айналайындарым, өмірімнің жалғасы!».
Ол жан-жағына қарады. Шам жанып тұр. Жап-жарық. Тал түстегі күн секілді. Мейірімді, шапағатты. Айналайын – деді ол, еміреніп.
«Білім және еңбек» журналы, № 8, тамыз, 1970 ж.