Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 12
ТЕКТІӘУЛЕТТІҢ ТАРЛАНДАРЫ
ӨШПЕЙТІН ОТ
ОглавлениеДәметкен ДӘУРЕНБЕКОВА
Адамдардың көңілін жадыратып, қуанышын шалқыта түсейін дегендей бүгінгі күн де алтын нұрын төгіп тұр. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Таңғы ерке самал жүзіңді жұмсақ желпиді. Жайдары жазға сай жеңіл де сәнді киінген қала халқы алаңға қарай лек-легімен кетіп барады. Қолдарында алуан түрлі шарлары бар, асыр салып ойнаған балалардың шат күлкісі көктемнің көркін мадақтаған құстардың үнімен ұласып, бейне бір әсем музыкадай жаныңды тербейді.
Бұл астана халқының Ұлы Жеңіс күнін – 9 май күнін тойлауы еді. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған Даңқ монументінің жанына жұрт көп жиналыпты. Бүгін мұнда мәңгілік шырақ жағылмақ. Митинг ашылды. Өткенді ойға алған жұрттың қабағы бір сәт қату тартты. Тірілердің ардагер азаматтарға деген ақ ниет, жомарт жүректерінің сөнбес жалынындай мәңгілік оты тұтатылады. Лаулаған от: «Ардақты ұл, қыздарымыз! Сендер жас ғұмырларыңды Отан жолында пида еткен біздің қазіргі бейбіт өміріміз осы отша қаулап, өсуде. Бүгінгі жас ұрпақ өздеріңді осы өшпес шырақтай мәңгі естерінде сақтайды», – деп айналаға жар салып тұрғандай.
Мәңгілік отын жағушылардың ішінде орта бойлы, толықша келген, қара торы әйелдің де екі көзі сол отта. Оның 1942 жылы осы қаладан, нақ осы жерден майданға шеру тартқан кездері есіне түскен шығар, сірә.
Рәпия митингіден үйіне жаяу қайтты. Жанында жұбайы Ғаббас бар, Рәпияның ойын бөлгісі келмегендей, ол да үндемейді. Бірақ оның өзі де майданда үлкен ерлік көрсеткен, орденді жауынгер, есіне алары да, көз алдына елестетер оқиғалары да көп. Үнсіздікті Рәпия бұзды: «Апыр-ай, тіпті бала екенбіз-ау ол кезде. Апам вокзалға шығарып салып, бетімнен алма-кезек сүйіп, құшақтап егіліп жылап тұрғанда, қаперіме ештеңе кірмеп еді, – деп өткенді ойға алады. – Әкем мен Қапан ағайым да майданда. Енді үйдегі бас көтерер баласы мен де кетіп барамын, қайтсін апам.
Ал мен институтты күліп-ойнап бірге бітірген құрбыларымнан қалмай, туған жерді қорғауға аттанып бара жатқаныма қуанып, жүрегім алып ұшады. Біз сонда Мәскеу мен екі ортаға он бес тәулік жүрдік. Одан Волхов майданына он екі күнде жеттік. Онда барғаннан кейін бізді бөліп жіберді. Гүлімжан Қарсыбекова, Күләнда Түсіпжанова, мен, тағы екі қыз бесеуміз бірге кеттік. Жолдастарымыздың кейбіреуімен сол жолы ақырғы рет, мәңгі қоштасқан екенбіз, кейіннен білдім, майданда қаза тауыпты. Жаңа солардың жарқын жүзін көргендей болдым, мәңгілік шырағы солардың басына жағылғандай сезіндім.
Біз дала госпиталінде істеп, жараланған жауынгерлерге жедел көмек көрсеттік. Майданның алғы шебі болмағанмен мұнда да оқ атқылап, аспаннан самолеттер бомба жаудырып жатады. Алғаш бомбаның жарылғанын көргенде төсектің астына тығылғанымызға кейін өзіміз де ұялып едік. Бірте-бірте майдан өміріне де үйреніп алдық. Тәжірибелі дәрігерлердің көмегімен, кейде өзіміз де операция жасайтын болдық».
Ерлі-зайыпты екеуі өткенді еске түсіріп, әңгімелесіп келе- жатып, үйлеріне жеткенін де байқамай қалды. Рәпияның көзі пошта жәшігіндегі көгілдір конвертке түсті. Ол Горький қаласынан келіпті.
– Лидия Васильевнадан екен ғой. Бір асыл адам. Әскери госпитальдарда төрт жыл бірге істедік. Бөлім меңгерушісі еді. Дәрігерлік практикаға ширатты, анамыздай аялады бізді. Қазір пенсияда, үзбей хат-хабар алысып тұрамыз. Менің өмірімде, семьямда болған кішкентай жаңалықтың өзіне қуанып қалады. – Рәпия көркем открыткаға маржандай, сұлу жазылған ыстық лебізді сөздерді оқи бастады.
Мұндай құттықтауларды Рәпия майдандас басқа достарынан да көп алады. Гүлімжан Қарсыбековамен тіпті жиі кездеседі. Ол Қарағандыдағы медицина институтының тері аурулары кафедрасының доценті. Өткен жылы Львов қаласында болған бүкілодақтық конференцияға екеуі бірге барды. Достардың айтысар сыры да көп.
Рәпия майданнан қырық алтыншы жылы оралды. Туып-өскен жерін, туыстарын, анасын сағынып, асығып келеді.
Алатаудың әр қырқасы, әр шыршасы көзіне оттай басылады, олар тіпті бұрынғыдан да сұлуланып, көркейіп кеткен тәрізді. Оның үстіне, бұл шақ Алматының қыс көрпесін сілкіп тастап, көк желек жамыла бастаған кезі еді. Құмартқан қыз көңілін бұл көрініс одан сайын шарықтатты. Кір жуып, кіндік кескен қаласына деген сағыныш сезімін арттыра түсті.
Отан аспанын қара бұлт торлағанда, ерлермен бірге елін қорғауға аттанған қыз ұлы жеңіске өз үлесін қосқанына көңілі өсіп келгенде, үйінде де қуанышқа кенелді: әкесі де, ағасы да майданнан келіпті. Енді қызын аман-сау көкірегіне басқан Құрал ананың шаттығында шек болған жоқ…
Әскери госпитальда істеген төрт жылғы дәрігерлік жұмыс Рәпияны шынықтырды, өмірді қадірлеуге, уақыты қатаң үнемдеуге үйретті, адам өмірінің арашашысы болуды әуелде-ақ таңдаған мамандығының күш-құдіретін, мән-маңызын бұрынғыдан да терең сезіндірді, оның құпия сырларын зерттеп, ашып, елінің игілігіне айналдыруға қызды ілгері ұмтылдырды.
Рәпия сол жылы-ақ өзі үздік бітірген Алматы медицина университетінің тері аурулары кафедрасына аспирантураға түсіп, кейін «Теміреткі ауруларының микробтарына дәрі-дәрмектің әсері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Бір кездері лекция тыңдайтын аудитория мінбесінен енді Рәпияның өзі лекция оқиды. Болашақ мамандардың ұстазы. Студенттердің лекцияға үзбей қатысуына да, үлгеріміне де, тәлім-тәрбиесіне де назар аударады. Олармен жиі әңгімелеседі, жағдайын біледі, ақыл-кеңесін айтады. Қоғам жұмысына да белсене араласады, факультет партия бюросының құрамында. Ол КПСС-ке сонау майдан шебінде жүрген кезден мүше.
Ғылым жолындағы көп ізденіс нәтижесінде Рәпия Мақашева докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғады.
Мақашева жолдас қазір медицина институтының тері аурулары кафедрасының профессоры, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген дәрігері. Бұл атақтар оған ғалымдық, ұстаздық, партиялық, адамдық парыздарының биік деңгейінен көрінгендіктен берілді. Рәпия өз мамандығынан қаладағы емханаларға да консультациялар беріп тұрады. Ғалымның уақыты бұған да бөлінеді ғой. Бірақ жасынан уақыт үнемдеуге дағдыланған ол бәріне де үлгереді.
Рәпия өзі жап-жас. Мұның сыры тынбай еңбектенуінде болар. Иә, оны үнемі жұмыс үстінде: лекция оқып тұрғанда, жатақханада студенттер арасынан, емдеу орындарында консультация беріп отырған жерінен, қолына кетпен алып, ағаш түбін баптап, қала сыртында ой еңбегі мен дене еңбегін ұштастырып жатқанда, үй ішінің тауқыметімен дүкен аралап жүргенде көресіз. Осының бәрін орындауға мол қайрат, сарқылмас жігер керек қой, ал Рәпия Мақашевада бұл жағы жеткілікті болса керек.
– Еңбек – денсаулықтың да, абырой-атақтың да, бақ-дәулеттің де көзі, ол мәңгілік, – дейді Рәпия.
– Иә, дұрыс айтасыз, Рәпия, еңбек ешқашан зая кетпейді.
«Қазақстан әйелдері» журналы, № 4, 1986 ж.