Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 14

ТЕКТІӘУЛЕТТІҢ ТАРЛАНДАРЫ
АЙТУЛЫ ҚАЗАҚ

Оглавление

Әбілфайыз ЫДЫРЫСОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Республика Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

Әдетте, қайсыбір сүйегі борық, жаны жасық адамдар 80 түгіл алпыстан әзер асып, өңі арса-арса болып, аяғын қыбырлап әзер басатын мыжырайған шал болады да қалады ғой…

Ғабекеңнің нақ жетісінің өзінде ондайдан аулақ екенін өз көзіммен көріп ем.

Әне, сол жетпісінен бері де Ғабакең он жылды артқа тастапты. Мен сол аралықтың соңғы жеті-сегіз жылында онымен мүлде кезікпеген едім.

Мерейтойы болып жатқанын естігеннен әз ағаны көріп, сол қуанышымен құттықтаймын деп осы күндердің бірінде оның пәтеріне кештетіп телефон шалдым.

Байқаймын Ғабекең сол баяғы баз күйде, шамасы, тез-тез сөйлеп, саңғырлап тұр. Даусымды бірден танып: – Той кешіме неге келмедің?! – деп ағалық базынасын да айтып жатыр. Сол үні. Сол шапшаңдығы. «Қартайып қалыпты-ау!» – дегізетіндей үнінде қырылдың да, сырылдың да, күбіртектің де еш нышаны жоқ. Қайта: «Жас адам ауыра ма екен!? Таста, жоғалт көзін оның!» – деп өзімді қайрайды.

Неге екенін білмеймін, Ғабекең осы сөздерді айтқанда басыма: «Қайран тектілік! Қайран алтын ұя-ай!» – деген сөздер оралды. Сосын онымен өскен ортасы, ұшқан ұясы, әкесі, туғандары, өмірге алғашқы қадамы жайлы сөйлеп тұрып: «Ғабе, сіз, әскерге тау-кен институтының геология-барлау факультетінен аттанған екенсіз. Соны тамамдағанда ғой, қазір…» – дей бергенімде, ол: «Бәрібір осы Жұматов болар ем!» – дегенді фамилиясына екпін қоя айтты. Сосын ол әкесі Жұматты, ағалары – Әубәкірді, Хамзаны, апасы Әминаны, інісі Сапарды, туған жері – Баянды, шыққан тауы – Арқаттыны, шомылған көлдері – Жасыбайды, Өлеңтіні, Шідертіні еске алды.

Неге өйткенін түсіндім. Бүгін 80-нің сеңгіріне көтерілген ақсақал болғанымен, ол солардың әлі сәби перзенті ғой. Сондықтан оларды еске алмай қайтсін, Ғабекең! Және, олар еске аларлық болса.

Сондықтан оның: Жұматов деген өз фамилиясына неге екпін сала айтқанын да жақсы түсіндім. Неге десеңіз: Жұматов деген қазақтың әйгілі бір әулетінің ортақ аты ғой! Алдымен, Жұмат деген кісінің өзі – Баян өлкесінің атақты да сауатты Досқара деген белгілі байының бел баласы. Ол Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен терезелері теңдес болған. Ал Жұмат болса әлгі атақты адамдардан дәріс тыңдап, Қаныш пен Әпкейлерге өзі де дәріс берген тәлімгер болды. Әубәкір мен Хамза Жұматовтар – барлық шақта Шәкен, Диқандармен бірге ойнаған, ержете келе бірі – Қазақстанда биология-вирусоло- гия ғылымының, екіншісі дәрігерлік ғылымның туын биікке көтерген білікті ғалымдар болды. Әубәкір Жұматов – Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын тамамдап, Қазақ КСР Ауылшаруашылығы халық комиссариатында жауапты қызметтер атқарды. 16 жыл бойы Қазақ ауылшаруашылығы институтының ректоры болды. Хамза Жұматов – Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі. Әмина Жұматова – отыз жасқа жетпей-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында Селебедегі (Челябинскідегі) қорғаныс зауытының бас инженері, Сапар Жұматов – 1 класс рангіндегі мәмілегер, Одақтық сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкері сияқты абыройлы да биік, беделді лауазымда болды.

Жұматовтың үшінші ұрпағы, немересі Жұматова Гүлнәр – медицина ғылымдарының докторы, қазір Парижде қызметте. Шөберелері Елдос Жұматов бүгінде Сорбон Университетінде шәкірт. Майра, Жанар Жұматовалар – қазір медицина ғылымдарының кандидаттары, ертеңгі докторлары!

Ал, Ғаббас ақсақалдың өзі болса, Жұматовтар әулетінің бүгінгі абызы! Ендеше «Жұматов!» – деп, әкесінің атын қасиеттеп, қастерлеп ол көтеріңкі екпінмен – мақтанышпен айтпай, кім айтады?!

Енді сол Ғаббас абыздың өзі ғұмырында не тындырды? Жұматовтар әулетін ол өзі не қаракетпен әйгіледі? Оның «Бәрібір осы Жұматов болар ем!» – деуінің мәнісі неде? – Осы сұрақтарға дәл жауап беру үшін, енді Ғабекең сексеннің сеңгіріне көтерілген күні оған Қазақтың ұлттық университетінің соғыс және еңбек ардагері атынан айтылған құттықтау мәтінін қысқартылған күйде алға жаяйын. Онда былай делінген:

«Аса қастерлі Ғаббас Жұматұлы!

Сіз бүгін сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырсыз!

Қазақ жерінің алтын алқасында атақты Баянауылдың кәусар сулы, шалқар көлді, масатыдай құлпырған жасыл алқапты, ғажайып сиқырлы табиғи мүсіндерге толы, жұмбақ тасты таулы өңірінде, керемет бір тәлімді жанұяда дүниеге келдіңіз.

Сіз осы бір ғасырға жуық уақыт аралығында абзал азаматтың, айтулы Адамның ғұмыр жолын бастан кештіңіз! Үлгілі алтын ұя сізге сәби шақтан тамаша тәлім берді. Сізді елді, жерді, халықты, Отанды сүйетін, солардың сұлуындай қастерлейтін, солардың игілігі үшін шыбын жанды да пида ететін ұл етіп өсірді.

Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ

Подняться наверх