Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 2

ӨМІР МЕН ТАҒДЫР

Оглавление

ХХ ғасыр басында қазақтарда туған нәрестені азаматтық хал актілеріне тіркеу, оларға құжат беру деген болмаған. Сондықтан дүниеге жаңа келген нәрестеге ат қою және туған күнін белгілеу күнделікті өмірде болып жататын айтулы оқиғаларға байланыстырылып қойылатын. 1920 жылы Жұматтың үлкен отбасында Ғаббастың дүниеге келуі халықтың есінде ұзақ жылдар бойы сақталып қалған жұтпен (аштық, жалаңаштық) сәйкес келді.

Ғаббас Жұматов Орталық Қазақстанның табиғаты әсем , шырайлы жерлерінің бірі – Павлодар облысының Баянауыл аудананында дүниеге келген.

Табиғаты қатал Сарыарқа даласының ортасын ойып орналасқан осы бір таңғажайып өңір кімді болсын таңғалдырмай қоймайды. Тау-тас, орман-тоғай, өзен-көл, бұлақ-бастаулар жазық жатқан сары далада аяқастынан өсіп шыққандай әсер береді.

Осындай таңғажайып аймақта Ғаббастың балалық, бозбалалық шағы өткен. Ол өзінің аға-қарындастарымен (отбасында барлығы 10 бала болған) ата-анасына көмектесіп, өмірдің сан қырлы сынағынан өтті. Аттың құлағында ойнап, доп теуіп, Жасыбай көлінің үстінде қатқан мұзға сырғанақ теуіп, мал бақты. Павлодардағы бастауыш мектепті бітірген соң, Ғ. Жұматов 1933 жылы ата-анасымен бірге Алматыға көшіп келеді. Осында 1937 жылы байланыс техникумын бітіріп, Қарағандыдағы радиохабарларын тарату қондырғысында техник болып жұмыс істейді. Өндірісте жұмыс істеп машықтанған ол осындағы тау-кен институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. Бірақ көп ұзамай Отан алдындағы борышын атқару үшін әскерге шақырылады да, әскер қатарында 1940-1946 жылдарға дейін болып, Ұлы Отан соғысына қатысады.

Соғыс басталғанда Ғ. Жұматов кең байтақ елдің батыс шекарасында, Белоруссиядағы Брест қамалының әскери гарнизонында қызмет істейтін. Бұл гарнизонның жауынгерлері алғашқылардың бірі болып күші басым жаудың соққысын өздеріне қабылдап, ерлікпен шайқасты. Олардың бойында қайсарлық пен Отанға деген адалдық, өз туған жеріне деген махаббат пен сүйіспеншілік оты болатын. Оның көптеген майдангер достары соғыстың алғашқы сағатында-ақ оққа ұшқанымен, ерліктері мәңгіге аңыз болып қалды. Ал Ғаббас болса, әлі күнге дейін сол жауынгер достарының бет-әлпет, сөйлеу мәнерлерін есінде сақтады.

Жеңіспен аяқталған соғыстың символына айналған Брест қамалын қорғаушылардың ерлігі миллиондардың жүрегінде мәңгілік сақталып қалды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев өзінің «Ұлы Отан соғысындағы жеңіс ұмытылмайтын халық ерлігі» атты баяндамасында: «Қазақстандықтар 1941 жылдың 22 маусымында-ақ, соғыстың алғашқы қанқұйлы соққысын Брест қамалында қабылдаған болатын. Ал олардың арасында біздің де жерлестеріміз бар еді…» – дей келе, қазақстандықтардың ерлігі мен Отанына деген сүйіспеншілігін ерекше бөле-жара көрсетіп, басқалардың қатарында Ғ. Жұматов пен В. Фурсовты (биология ғылымдарының докторы, Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры болған) есімін атаған еді.

Президент жеңістің 50 жылдығына орай өткен мерекелік салтанатта сөйлеген сөзінде майдан даласынан қайтпай қалған жауынгерлерге және жеңіспен оралып біздің жанымызда жүрген ардагерлерге деген құрметі мен алғысын жеткізген болатын. Ол кездері Брест қорғанысы 1412 күн мен түнге созылған соғыстың алғашқы беттері еді де, жеңіс күні барша совет халқына алдамшы сағым сияқты болып көрінетін.

Одан әрі Ғ. Жұматов басқа жауынгерлер қатарында ауыр ұрыстар жүргізе отырып, Гомель қаласының маңында Қызыл армияның қатарына келіп қосылады. Сөйтіп, Бас Командованиенің резервіндегі 537-ші артиллерия полкынан келіп бір-ақ шығады. 1941 жылдың қазан айының басында бұл полк Георгий (қазіргі Нижний Новгород) қаласының маңындағы Гороховетский лагеріне тылға қайтарылады да, сол жылдың 7 қарашасында Октябрь революциясының мерекесіне арналған парадқа қатысады.

Жау Мәскеу қаласының қақпасына жақын келгендіктен, Ғаббас қызмет ететін полк Қызыл алаңнан тура майданға аттанады. Олар көп ұзамай-ақ Звенигород пен Можайскінің маңында ұрысқа кірісіп кетеді…

Ғ. Жұматов ел тағдыры сынға түскен ауыр кезеңде алғаш әскери парадқа қатысып, Батыс майдан әскерлерінің гитлерлік командование Қызыл алаңда өздерінің әскери парадын өткізбекші болған жоспарын жүзеге асырмай тастағанының куәгері болғанын мақтан етеді, өзін бақытты санайды. Сонымен қатар Мәскеуді қорғау және Можайск бағытында неміс әскерлерін талқандауға қатысып, өз үлесін қосқанын ерекше мақтаныш етеді.

Оның өміріндегі ең бір ұмытылмас сәт – партия қатарына өткен кезі. Соғыс басталғаннан тура бір жыл өткен күні, 1942 жылдың 22 маусымында Гжатск (қазіргі Гагарин) қаласының маңында, ысқырған оқ пен жауған снарядтың астында, окоп ішінде оған бір топ жауынгерлермен бірге полк комиссары партия билеттерін табыс етті. Сол бір қиын-қыстау күндері бұл олар үшін үлкен қуаныш болатын. Әрине, арада алпыс жылға таяу уақыт өткенде, қазіргідей партия таратылған кезде, ол қуанышты кейбір адамдардың түсінбеуі де мүмкін. Ал майданда болса, партияға тек жақсылардың жақсыларын ғана қабылдайтын. Бұл сол кезеңдегі буынның тарихы, оның өткен өмір жолы. Сондықтан соғыс беттерінің тарихы үшін, жеңіс тарихы үшін, 27 миллионнан астам адам өмірінің қиылуымен келген жеңістің тарихы үшін ештеңеден қысылып, қымтырылудың қажеті жоқ.

1942 жылдың желтоқсан айында Мәскеуге жақын маңда ұрыс қимылдары жүріп жатқан жерден Ғ. Жұматов Томск қаласында орналасқан Қызыл тулы Днепропетровск артиллерия училищесіне оқуға жіберілді. Онда 5 айлық жылдамдатылған бағдарлама бойынша майданға офицерлер даярланатын училищені бітірген соң, Оңтүстік майданға (кейіннен 1,2,3 Украин майдандары) 5-ші Дон казактарының Қызыл тулы танкке қарсы атқыштар полкіне аттанды.

Одан соң осы полк құрамында, майданның көптеген учаскелерінде: Украина мен Молдавияда, Корсунь-Шевченко және Ясско-Кишинев операцияларын жүргізу кезінде жаудың ірі құрамаларын қоршауға алып, жоюға Карпат таулары етегінде, сондай-ақ Трансильвания жазығында болған ұрыстарға Румыния мен Югославия (Дунай өзенінің солтүстігіне қарай), Венгрияны азат етуге қатысып, соғысты Австрияда Альпі маңында аяқтады.

Басынан көптеген қиыншылықтарды өткізді. Мыңдаған жа уынгер достарын ұрыс алаңдарында жоғалтты, олардың молалары орман ішінде, батпақ алаңдарында, өзен жағалаулары мен төбешіктерде, бір сөзбен айтқанда, өз жерлері мен одан тысқары басқа елдерде де қалды. Олар жерленген көптеген төбешіктер қазір жермен-жексен болып, тегістелініп білінбей кеткен де болар. Сондықтан соғыстан аман қайтқан және одан кейін өсіп-өнген соңғы буын олардың алдында өздерінің көл-көсір парыздар екендіктерін сезінулері керек.

Біздің кейіпкеріміз де сол соғыстың тірі куәгері. Ол майданда сан жараланып, бастан зақым алған, 18 мемлекеттік орден-медальдармен марапатталып, Жоғарғы Бас қолбасшыдан мақтау да алған. Жеңістен соң Ғ. Жұматов туған жеріне жетіп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, оны 1950 жылы үздік бітірген соң, аспирантураға қалдырылды. Кандидаттық диссертация қорғап, тарих кафедрасының бірінде 40 жылдан астам жемісті еңбек етті. Ол жоғары оқу орнының оқытушысы ретінде өз пәнін студенттер алдында екі тілде бірдей өте сауатты өткізді. Сондай-ақ Ғабекеңнің ғылыми жұмысының басты өзегі «Қазақстандағы тарихи өзгерістердің» проблемаларын зерттеу болып табылады.

Ғ. Жұматов ұстаз, ғалым, доцент ретінде жас кадрларға қолдан келген көмегін аяған емес. Ол ізденушілердің жұмыстарын басқарып, кандидаттық диссертациялар қорғалғанда арнайы оппонент ретінде сөз сөйлеп, рецензиялар жазған. Сондай-ақ университеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі де болды.

Оның соғыстан кейінгі еңбек жолының бәрі де Қазақ мемлекеттік университетімен тығыз байланысты. 1979 жылы Республикамыздың Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы бойынша оған «Қазақ КСР Жоғары мектебіне еңбек сіңірген қызметкер» атағы беріліп, «Республика алдында сіңірген еңбегі үшін» медалі қоса тапсырылды.

Ұзақ жылдар бойы университет және республика көлемінде қоғамға пайдалы көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Соның бір көрінісі Соғыс ардагерлері кеңесінің, шетелдермен достық және мәдени байланыстар жасау қоғамында жасалып жатқан істер. Оның үстіне ол үнемі әскери-патриоттық және қоғамдық-саяси тақырыптарға баяндама жасап, әңгімелер өткізеді. Ғ. Жұматов кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті және Алматы облыстық партия комитетінің штаттан тыс лекторы болған кезде бұл мәселелермен бүкіл республикамызды аралап шыққан болатын.

Ғалым ретінде оны жастар аудиториясы қызықтырады, себебі олар халқымыздың болашағы ғой. Жастарға патриоттық тәрбие беру жолында ерекше табыстарға жеткені үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» наградталған болатын. Сондай-ақ, Ғ. Жұматов әр жылдары Қазақстан КП Алматы облыстық комитетінің, Жоғары білім министрлігінің, Қазақ КСР Жоғарғы мектептер мен ғылыми мекемелер, кәсіподақ ОК Президиумының, Бүкілодақтық соғыс ардагерлері комитетінің тарапынан құрмет дипломдары мен грамоталарына ие болса, Қазақстанның шетелдермен достық және мәдени байланыстар қоғамы тарапынан Венгер халық республикасының «Алтын алқа» медалімен марапатталған.

1984 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің соғыс және еңбек ардагерлері қоғамын үзбей басқарумен қатар, Бостандық ауданының соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі президиумының да мүшесі.

1960 жылдардан бастап 90-шы жылдарға дейін Ғ. Жұматов Франция, Италия, Венгрия, Болгария және басқа елдерге бірнеше рет сапарға шығып, Ұлы Отан соғысы туралы дәріс оқып, естеліктер айтқан. Дөңгелек үстел басында Италияның, Францияның, Югославияның жоғары оқу орындары студенттерімен, Италия – КСРО қоғамының мүшелерімен, ал Париж бен Норманияда болса, Француз қарсыласу қозғалысының бұрынғы жуынгерлерімен кездесті.

Сонымен Ғ. Жұматов үлкен өмір жолынан өтті. Ұлы Отан соғысына қатысты, одан кейін оқу, оқытушылық және зерттеушілік жұмыспен, қоғамдық қызметпен айналысып келеді. Өзіне сеніп тапсырылған іске, мейлі үлкен, мейлі кіші болсын әрқашан жауапкершілікпен қарап, оны тиянақты орындап шығуға тырысатын. Қазір де соғыс және еңбек ардагерлерінің мәселелерін шешу жолында сол дағдысынан айнымаған. Өйткені Ғабең еңбексүйгіш, жасынан алдына қойған мақсатын қалайда орындап шығуға үйренген жан. Ең бастысы оның осындай болып қалыптасуына ата-анасының ерекше ықпалы әсер етті. Олар туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Әкесі өте сезімтал да, жігерлі әрі ақылды адам болатын. Ол жасынан оқу оқып, білім алуды аңсайтын. Сондықтан да болар Семейдегі мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, туған жері Баянауылда балаларға сабақ беруді мұратына айналдырған. Ал Самарқанттың университетін бітіргенде оның жасы қырықтан асып кеткен болатын. Оның үстіне үлкен отбасының иесі. Түркі тілдері бойынша кандидаттық диссертация қорғаған Жұмекең Республиканың Ғылым академиясында бөлім меңгерушісі болып істеді. Қазақ энциклопедиясында көрсетілгендей ол қазақ тілі диалектісін зерттеудің іргетасын қалаған алғашқы ғалымдардың бірі.

Шешесі хат танитын, шаруашылықпен қатар үлкен шаңырақтың бар қиыншылығын көтере білген, ерінің орнын жоқтатпайтын білікті жан болған. Іс тігіп, кілем, алаша тоқитын, текемет басып, ірімшік, құрт қайнататын. Сондықтан да болар қиын-қыстау ашаршылық жылдары аналарының бұл қасиеті отбасын көп қатерлерден аман-есен алып шықты. Осынау ауыртпашылықтарға қарамастан ата-аналары барлық балаларына бірдей білім беруге тырысты. Ол кейін өз нәтижесін берді де.

Үлкен ағасы Әубәкір Жұматов соғыс алдында Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын бітіріп, Қазақстанның ауылшаруашылығы Наркоматында жұмыс істейді. 1943 жылдан 1959 жылдар аралығында Қазақ ауылшаруашылығы институтының директоры болды. Оның басқаруымен институт соғыс және одан кейінгі жылдары оқу орнының материалдық базасын нығайтуда, ғылыми қызметкерлердің сан жағынан өсуіне, студенттер контингентінің артуына, т.б. көптеген табыстарға қол жеткізді. Өкінішке орай Әубәкір өмірден ерте кетті, ол бұл дүниемен қоштасқанда 50 жасқа да толмаған еді.

Екінші ағасы Хамза Жұматов бар өмірін ғылым жолына арнаған, дүние жүзіне танымал ғалым болатын. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан мен Орта Азияда вирусология мен эпидемиология қызметінің іргетасын қалаушы. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО медицина ғылымдары Академиясының корреспондент-мүшесі, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. Оның қоғамға тигізген пайдасы, білімі мен таланты ерекше болатын. Бірақ оның бастаған ісі жалғасын таппай, шенеуніктердің құзырынан ары аса алмай қалды. Мүмкін бұл мәселе келешекте шешіліп те қалар деген үмітіміз де жоқ емес.

Кіші інісі Сапар Жұматов Мәскеудің халықаралық қаты- настар институтын бітірген кәсіпқой елші болатын. Ол бірінші дәрежелі кеңесші еді. 1958 жылдан КСРО Сыртқы істер министр- лігінің аппаратында және оның шетелдегі елшіліктерінде қызмет істеді. Елімізді шетелдерге таныстырды. Ұзақ жылдар бойы Франция мен Швейцарияда тұрып қызмет етті. ЮНЕСКО-да осы халықаралық ұйым комиссияларының бірінде кеңесші де болды. Оның бұл өмірден кеткеніне көп бола қойған жоқ.

Қарындасы Әмина Жұматова 1942 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген соң қорғаныс өндірісіне қызметке алынып, Челябинскіде әскери зауыттың бас инженері болып жұмыс істеген. Өзіне жүктелген міндетті орындау жолында бар күш-жігерін аямаған. Соның нәтижесінде денсаулығынан айырылып, 37 жасында қайтыс болған.

Ғ. Жұматовтың туған-туыстары туралы көп айтып, жазуға болады. Олардың бәрі де Отан алдындағы, елі мен жері алдындағы азаматтық борышын тереңінен түсінген ізгі жанды, өмірге ынтық жандар болатын. Ғабекең оларды өмір бақи мақтан тұтады әсіресе, өздеріне үлгі-өнеге болып өткен әкесін ұмытпайды.

Өзінің сүйікті жары, медицина ғылымдарының докторы, профессор Раиса Кәрімқызы Мақашевамен (1991 жылы қайтыс болған) Ғ. Жұматов үш бала тәрбиелеп өсірген. Қызы Гүлнәр медицина ғылымдарының докторы. Парижде тұрып, қызмет істейді. Одан кейінгі ұлы Жайнар мен қызы Майра – медицина ғылымдарының кандидаттары.

Бес немересі бар. Елдос Сорбоннода оқиды, Ернар – Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің студенті. Алмас, Арман, Жәмилалар болса, мектеп оқушылары.

Ғаббас Жұматов осы бір мәуелі бәйтеректің діңгегі.

Алып Одақ ыдырап, әр мемлекет бас-басына отау тікті. Бірақ Мәскеу осыдан елу жеті жыл бұрын өзін неміс-фашист басқаншыларынан қорғап қалған ержүрек ұлдарының ерлігін бір сәт те ұмытпайды. 1991 жылдың желтоқсан айында Ғ. Жұматов Мәскеу түбінде жау әскерлеріне тойтарыс берілуінің 5 0 жылдығына орай Мәскеу қаласы мен Ресей өкіметінің арнайы шақыруымен айтулы мерекеге құрметті қонақ ретінде қатысты. Ресей соғыс ардагерлері комитетінің Мәскеу бөлімі оған әскери патриоттық жұмыстағы белсенділігі үшін «Құрмет» грамотасын табыс еткен. Сондай-ақ, Мәскеу қаласы әкімшілігі Ғ. Жұматовты ескі шаһардың 850 жылдық мерейтойына арнайы қонақ қылады. Ал «Российская газета» басылымы астананы қорғаған қазақстандық жауынгер жайында көлемді мақала жариялайды.

Жылдар өз ретімен зымырап өтіп жатыр, ал Ұлы Отан соғысының тарихы Ғ. Жұматовтың артта қалған ұзақ та жемісті, қилы-қилы кезеңге толы еңбек жолы сияқты артта қалуда. Бірақ соғыс әрі еңбек ардагері Ғаббас Жұматов әлі де біздің қатарымызда, көппен бірге еліміздің жарқын болашағы үшін мәңгілік жауынгерлік сапта тұр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төралқасы

Алматы, 2001 ж.

Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ

Подняться наверх