Читать книгу Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ - Коллектив авторов - Страница 5

ТЕКТІӘУЛЕТТІҢ ТАРЛАНДАРЫ
ҚАЗАҚ ДИАЛЕКТОЛОГИЯСЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ

Оглавление

Ғаббас ЖҰМАТҰЛЫ

Жұмат Досқараұлы бүкіл ғұмырын оқытушылық қызметке арнады. Ол одан ешқашан жалыққан емес. Қайта, керісінше, керемет ләззат алатын. Шәкірттерін мақтан тұтатын. Сондай мақтан ететін шәкірттерінің бірі әрі бірегейі – елімізге белгілі ғалым Шапық Шөкіұлы «Өмірдің төрт мезгілі» атты естеліктер мен толғаныстардан тұратын ғұмырнамалық еңбегінде менің әкем туралы былай дейді: «Ол (Жұмат) – менің бірінші мұғалімім, мені техникумға оқуға түсірген де сол кісі. Ол тақыр кедей еді, бірақ сол кедейлігін сылтау етіп, дос-жарандары мен жақын-жуықтарына көмек беруден жалтарып қалған емес». Сөз жоқ, бұдан әкемнің адамгершілікке толы бейнесі, азаматтық тұлғасы айқын көрінеді. Ел дегенде жүрегі елжіреп тұратын асыл қасиеті байқалады.

Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Жаңа жол» ауылында 1887 жылы дүниеге келген, осы өлкедегі Жасыбай мен Торайғыр көлдерінің аралығында қоныс тепкен көрікті елді мекеннің жас түлегі тағдыр ауыртпалығына еш мойымай, қиындыққа қасқая тұрып, күрескерлік жігерін мұқалтпай, өз мақсат-мұратына жетеді. Ол осы Жасыбайдағы төрт жылдық мектептің негізін қалап, өзі оқушыларға дәріс оқиды. Сондықтан да бұл оқу орны «Жұматтың 4 жылдық мектебі» аталып кеткен. Осы мектепте менің әкемнен алғашқы сауатын ашып, білім алғандардың қатарында академик Серікбай Бейсембаев, атақты тарихшы ғалым Ермұқан Бекмаханов, елімізге еңбегі сіңген дәрігер әрі драматург, профессор Субханбердин Сәлкен Хасанұлы болғанын баласы мен де мақтаныш етіп айтып келемін. Осыдан- ақ әкемнің ұстаздық ұлағаты ерекше екендігімен мұндалап тұр.

Әкеміздің азаматтық тірлігінің бүкіл мәнін зерделегенде, сол кездегі жоқтық пен аштықтың және сталиндік солақай саясаттың тар қыспағында жүріп, білім алуға ұмтылуы, алған білімін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, халқына адал қызмет етуі, сонымен бірге ғылымның қия жолынан қорықпай, сол жолда жанын сала тер төгуі – өзгелерге өнеге десек, артық айтқандық емес. Бұған артында қалған қыруар мол мұрасы дәлел бола алады.

Ендігі әңгімені сол ғылымда жарқырап жатқан жұлдызды ізі жөнінде өрбіткенді орынды санадық. Қазақ диалектологиясының тіл білімінің құрамдас бір саласы ретінде қалыптасып дамуы Сәрсен Аманжолов, Жұмат Досқараұлының есімдерімен тығыз байланысты. Мұны ғалымдардың бәрі де мойындайды. Шындығына көшсек, алғашқыда қазақ тілінде жергілікті ерекшеліктердің болуына күмән келтіріп, әсіресе, 1917 жылғы қазан революциясына дейін қазақ тілі өз алдына жеке тіл еместігін дәлелдеп зерттеген ғалымдардың сыңар езу, тоңмойын қарсылығы күшті еді. Мысалы, ол В.В. Радлов, Н.И. Ильминский, П.М. Мелиоранский пікірлеріне қарсы шығып, қазақ тілінде де жергілікті ерекшеліктердің едәуір екенін дәлелдеп берді. Сонау 1945 жылдың өзінде-ақ жас ғалым мұндай диалектілік құбылыстардың қазақ тілінде кең өріс алғанын және олардың жүйелі түрде кездесетінін ғылыми жағынан нақты мысалдармен шегелеп, көзді жеткізді.

Алайда бұл жеңіс оған оңай жолмен келмеді. Өйткені қазақ диалектологиясының мәселелерін зерттеу ісі кешірек қолға алынды. 1930 жылдан кейін тіл білімінің осы жаңа саласын зерттеу жұмысы жүргізіле бастады. Соған қарамастан ол өндірте еңбек етті. Кең байтақ еліміздің шығысы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін ерінбей шарлап, көл-көсір материал жинады. Бұл ісін ол қиын-қыстау Отан соғысы кезінде де, одан кейінгі кезеңдерде де тоқтатқан жоқ. Оның Ұлытау, Жезқазған, Алматы, Талдықорған, Қызылорда және басқа өңірлерден тірнектеп жинаған диалектологиялық материалдары Ұлттық ғылым академиясы Тіл білімі институтының картотекалық қорында күні бүгінге дейін сақтаулы.

Осындай тынымсыз еңбектің арқасында 60-қа тарта ғылыми дүниелерін жазды. Соншама мол жұмыстың басым бөлігі қазақ диалектологиясының саналуан мәселелерін қамтыды. Атап айтсақ, диалектологиялық сөздік жасау, қазақ тілі говорларының жіктелуі, ауыспалы говор, диалектология саласындағы тарихи-салыстырмалы ізденістері және басқалары. Әсіресе, ғалымның қазақ тілі грамматикасының лексика саласы бойынша жарық көрген «Қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері» (Ғ. Мұсабаевпен бірге жазған, Алматы, 1951) атты еңбектері ғылымға қосқан сүбелі үлесі. Көрнекті ғалым туралы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Оқас Нақысбеков өзінің ой-пікірін: «Жергілікті тіл ерекшеліктерімен бірге қазақ тіліндегі кәсіби сөздер мәселесі де оның назарынан тыс қалып көрген жоқ. Осы сала бойынша алғаш рет мақала жазған да – Жұмат Досқараев. «Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясының мәселелері» атты 1-жинақта жарық көрген оның «Арал, Каспий балықшыларының тіліндегі профессионалдық лексиканың материалдары» атты 80 беттік көлемді еңбегі – кәсіби сөзге қатысты түрлі құрал-жабдықтардың аттары суретпен берілген, өте бір терең жазылған күрделі дүние. Мұнда берілген материалдар сол өңірді мекендеген халықтың өмірімен тығыз байланыста жазылып, бай материалдарға негізделген. Мақала авторы осы экспедиция кезінде суға кетіп қала жаздап, аман қалғаны, көп қиындықтарды басынан өткізгені әлі есімде» деп жазады өзінің «Қазақ диалектология ғылымының негізін қалаушылардың бірі» деген мақаласында.

Айтулы ғалымның қазақ тіліндегі диалектологиялық сөздігі – түрік тілдері ішіндегі алғашқы сөздіктердің бірі. Оған 2000 сөз енген. Ол сөздікте тек жеке сөздерді ғана емес, сөз тіркестерін де береді. Кей жерлерінде сөздердің синонимін берсе, екіншісінде сипаттау әдісін пайдаланады, үшіншісінде сілтеме жасау арқылы түсіндіреді. Сөздікте өсімдік аттары, көркем әдебиеттен үзінділер, диалектологиялық экспедиция материалдары өз орнын тапқан. Оның «Краткий очерк о южном диалекте казахского языка», «О некоторых особенностях местных говоров южных и западных областей Казахстана», «О народной песне «Қаратаудың басынан көш келеді» және тағы да басқа мақалаларында зерттеуші еліміздің оңтүстік шығысын мекендейтін қазақтардың тілі жөнінде кеңінен сөз ете келіп, нақты тарихи деректерге сүйеніп, оңтүстік өңірдегі тұрғындар тілінің өзгешелігі көрші өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдерінің әсерінен екенін, өзара қарым- қатынасының ықпалынан болғанын тұжырымдайды.

Сөз жоқ, Ж. Досқараұлының теориялық пайымдаулары мен қорытындылары басқа ғалымдардың зерттеулеріне негіз қалады. Нақты фактіге жүгінетін болсақ, қазақ тілі говорларын жіктеу мәселесі. Ғалым оны ірі екі топқа бөледі. Біріншісі – оңтүстік шығыс тобы, екіншісі – солтүстік батыс тобы. Ол говорларды топтастырғанда фонетикалық ерекшеліктерді басшылыққа алады. Мысалы, солтүстік батыста қатаң д дыбысының орнына үнді л дыбысы қолданылатынын (маңдай-маңлай), таңдай-таңлай дәлелдеді.

Әрине қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктері мәселесі бойынша республикамыздың барлық өңірлері түгел зерттеліп болған жоқ. Алда әлі қыруар жұмыс күтіп тұр. Ол жас ғалымдардың еншісінде.

Ал оның бастауыш мектептің 2-ші сыныбына арналған «Ана тілі» оқулығы 1947-1958 жылдары 12 рет басылып шықты. Бұл да оның жаңа бір қырын танытады.

Қазақ диалектологиясы ғылымының іргетасын қалаушылардың бірі болған әкеміздің тіл білімі ғылымына қосқан зор үлесін, парасатты ұстаздық келбетін мақтаныш ете отырып, қандай үлгі көрсеткенін есімізден шығарған емеспіз. Ол студент бола жүріп, шаңырағы мен балаларын ұмытпай, үнемі мейірімін төгіп, қамқорлығын жасады. Стипендиясының жартысын бізге жіберіп тұрды. Біз әкемізге қарап өстік, тәлім-тәрбие алдық. Әкеміздің жеке басының өнегесі арқылы табандылықты, шыншылдық пен адалдықты бойымызға сіңірдік. Әрқайсымыз дүниенің бір-бір кірпіші болып қаландық.

Ғаббас Жұматов: Өнегелі өмір. 27-шығ

Подняться наверх