Читать книгу Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32 - Коллектив авторов - Страница 1

Құрметті оқырман!

Оглавление

«Өнегелі өмір» атты сериялық кітабымыздың 32-шығарылымы талантты ғалым, ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжановқа арналып отыр.

Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов 1931 жылдың 19 қазанында әсем Алматы қаласында дүниеге келген. Жастайынан білімге құмартқан бала Ағын мектеп табалдырығын аттаған сәттен өзінің алғырлығымен көзге түсіп, 1949 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия факультетінің студенті атанады. Болашағынан зор үміт күттірген жас ғалым кейіннен университет аспирантурасын үздік көрсеткішпен тамамдап, ғылым әлеміндегі алғашқы қадамын сол кездегі ҚазКСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылыми қызметкер болып бастайды.

Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов 1960 жылы Мәскеу қаласында КСРО Ғылым академиясының Философия институтында «В.И. Лениннің «Философиялық дәптерлеріндегі» диалектика, логика және таным теориясының сәйкес келуі мәселелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қоргайды.

Арада тоғыз жыл өткеннен кейін Мәскеу қаласында «Диалектиканың логикалық аспектілері» деген докторлық диссертациясын қоргайды. Келесі жылы ҚазКСР Ғылым академиясының ең жас корреспондент-мүшесі болып сайланады.

Бүкіл болмыс-бітімі елден ерек тұратын Ағын Хайроллаұлы ғұмырын философия әлеміндегі күрделі зерттеулерге арнап, көптеген іргелі істерге, нәтижелі жұмыстарға басшылық ете білді. Қазақ ғылымының көкжиегіне ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің баға жетпес еңбектерін қосып, 1993 жылы әл- Фараби ғылыми орталығын құрды. Қазақ оқырмандарын әл- Фараби мұраларымен сусындатып қана қоймай, философия тарихында есімі алтын әріппен жазылған ғалымға айналды.

Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов ғибратты ғұмырының соңына дейін өзі білім алған қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық етті. Кемеңгер философтың дәрістерін тыңдап, тәрбие алған мыңдаған шәкірт Қазақстанның түкпір-түкпірінде ел үшін қызмет атқарып жүр.

Бүгінгі таңда Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың университет қабырғасындағы ізбасарлары ұстаз жолын жалғастырып, мәні зор, мазмұны терең ілімге ден қойып, ұрпақ сабақтастығына айналған Қасымжанов өнегесін насихаттап келеді.

Есімі Қазақстанга гана емес, әлемге танымал ғалым Ағын Қасымжановтың өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты ұсынып отырмыз.


Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32

Подняться наверх