Читать книгу Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32 - Коллектив авторов - Страница 9

СҰЛУЛЫҚ ПЕН ӘУЕН ҚҰДІРЕТІ

Оглавление

Қандай да бір мәселемен айналысса да, әл-Фараби оны көңіл пердесінде жинақтап барып, бүкіл әлем суретіне кіріктіріп қарайды. Ай астынан ая тапқан осынау әлемнің бастау көзінде саналы тірлік тұр деп қанша сенсе, сол әлемнің үйлесімдік, сәйкестік және саналылық заңына бағынатынына да сонша сенген. Ғарыш (космос) негізінде ретсіздік жоқ, тәртіптілік көп. Ал қоғам мен адам ғарыштың кішігірім көрінісі. Әділеттік пен сұлулық әр адамның қоғамдық өмірі мен тұрмысының мәні мен мағынасын түзейді дейді ғалым. Айналасын қоршаған, өзі өмір сүрген қоғам ізгі қаланың әсем үлгісінен әлдеқайда алыс екенін, ол ортада ұят пен ұжданның, адамдық қасиеттің аяққа басылатынын, ол ортада ғылым мен өнердің өркен жаюына ешқандай мүмкіндік жасалмайтынын көре қоймайтындай әл-Фараби шектен шыққан қиялшыл емес еді. Сондықтан да ол адамзаттың мінез-құлқына әсер ететін табиғи ықпалдармен еріксіз санасуға мәжбүр болды. Атақ, абыройға, құштарлық пен еркіндікті аңсау – ізгілікке жеткізер құрал болар деген сенімге қол созды. Ал, екіншіден (әл-Фараби бұған ерекше зор мән берген), тірліктің бәрін шынайылық деп атауға болмайды. Егер өмір сүріп отырған қандай бір қоғам қайырымдылық пен сұлулықты қолдаудан қашқақтаса, мұндай қоғам адамзаттың әлемдегі алатын орнын айғақтайтын мәні мен қоғамның мағынасына сай келмейді деп айыпталуы ләзім дегенді ұсынады.

Әлбетте, ізгілік пен сұлулық адамзат тарапынан болатын зор белсенділікті, ақиқат ізденістері мен іс жүзіндегі әрекеттерге толы танымдық талпыныстарды қатты талап етеді.

Ғалымның «Бақыт жолын бағыттау» дейтін трактатында былай делінген: «Тек қана әсемдікке жетуді мақсұт тұтқан өнер философия деп аталады немесе оның абсолют мәні – данышпандық».

Әл-Фарабидің сана алдындағы соншама бас июін, оптимистік танымға соншама бай екенін, оның адамзат басындағы қайғы мен қасіреттің түп тамыры шынайы бақытты түсінбеуден, соған деген меңіреуліктен туындайды деп тануы айқын айғақ болса керек. Бұны, ең алдымен әлемнің жаратылуы мен адамзаттың алатын орнын қоса қарамай ұғынуға және болмайды.

Шынайы данышпандық пендешілікпен, зұлымдықпен сыйыспайды. Бұл жерде әл-Фараби сана деген сөздің мағынасын халық жадында қалыптасқан мәнімен түсіндіреді. Өйткені халық зұлымдық үшін әрекет еткен тапқырлықты «ақылдылық» демей, «айлакерлік, зымияндық» деп әшкерелесе, ізгілік үшін қызмет ететін ақылды сана деп атайды. Сананың жетістігіне бастайтын ғылым жолы сонымен бірге бақыт жолына да бағыт сілтейді.

Әсемдікке деген әл-Фарабидің көзқарасы өзінің «Поэзия өнерінің қағидасы туралы» трактатынан айқын көрінеді. Поэтикалық творчество ғалымның дәйекті ойлау қабілетімен парапар деген тұжырымға сүйенген ол, Аристотельдей емес, поэтиканы логикалық ғылымның құрамына енгізеді. Сонымен бірге ол адам әрекетіне әсер етуде көркем шығарманың теориялық білімнен әлдеқайда құдіретті екенін айта кетеді. Араб поэзиясының ерекшеліктеріне арнайы талдау жасап, бәйіттердің түрі мен ұйқастың мөлшеріне, дауысты, дауыссыз дыбыстардың араласып келуіне тоқталып, терең де тиянақты әдеби пікірлер жасайды. Тағы бір ерекшелігі, мазмұнды негізге алады да, түрді қосымша рөлде ұстайды.

Әл-Фараби музыканы поэзиямен туыстас деп санайды. Музыка адам даусына еліктеуден шыққан. Музыка өнері әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты шығармасында жан-жақты, толық зерттелген. Бұндай үлкен де құнды еңбекпен қатар тұрарлық дүние пифагоршылар мен Аристоксеннен кейін біздің жиырмасыншы ғасырға дейін туа қойған жоқ. Қандай ірі ойшыл немесе суреткер болмасын олардың бүкіл шығармашылық өмірінің символындай есептелетін белгілі бір туындысы болмақ. «Музыканың үлкен кітабы» әл-Фарабидің осындай ұлағатты шығармасы. Ол ғалымның бүкіл ғұмырының мәуелі жемісі. Ол – танымның теориясы мен эстетиканың, психология мен анатомияның, акустика мен математиканың, сондай-ақ аспаптар құрылысының бүкіл проблемаларын қамтитын жиынтық шығарма. ХІІ ғасырдың кейбір авторларының пікірі бойынша Аристотель «Бірінші ұстаз» деген атаққа логика ғылымдарын жасағаны үшін ие болса, әл-Фарабиге «Екінші ұстаз» деген құрметті ат музыка теориясын қалыптастырғаны үшін берілген. Әл-Фараби өз алдына музыканың ұңғыл-шұңғылына дейін толық та тиянақты зерттеу жүргізуді мақсат қып қойған. Ол мақсатына жеткен. Алғаш рет музыканың жүйесін жасаған. Оған дейін кейбір жекелеген болжаулар, мәселен, дыбыстың үйлесімі мен пропорциясы туралы тұжырымдар болған-ды, бірақ әл-Фараби музыка теориясын қалыптастырып, оның тарихын жасап, жаңа ғылым – музыка ғылымына жолдама берді. Эрланженің сөзін еске түсіре кетейік: «Фарабидің музыка теориясы ережелерінің толықтығы сондай, оларды кез келген музыкаға тегіс қолдана беруге болады». Кейінгі ғасырларда өмір сүрген көптеген авторлардың шығармаларында ұлы ғалымның осы кітабынан алынған музыканы анықтау, дыбыс теориясы мен интервал жайлы түсініктер көптеп кездеседі. «Музыканың үлкен кітабы» XV ғасырда Еуропа жұртшылығына тарап, музыка теориясының дамуына үлкен ықпал асады.

Фараби композиторлық қабілет пен күйшілік және әншілік шеберліктің арасын ашып көрсетеді. Ұстаздың ойынша ән, әуен тудыру қабілеті орындаушылық қабілетінен әлдеқайда артық, әлдеқайда қиын. Сезімталдық дүниесінің білімін молайтатын адам ақыл-ойының «белгісізді тапқыш» құдіретіне әл-Фараби ерекше мән беріп, атап көрсетеді.

Музыка зерттеушілері музыкалық шығарма түзетін элементтермен (нота, әуен, тон) айналысады. Фараби музыкалық шығармалар мен поэзияны салыстыра отырып, өнердің осынау екі түрінің бір-бірімен өте тығыз байланыста екенін айрықша атап өтеді. Поэзияның бастауыш элементі – фонема болса, музыканікі – тон. Зерттеушілер музыкалық шығарманың элементтерін белгілі ретпен қарапайым түрінен бастап күрделі музыкалық туындыға дейін қамтып қарауы қажет.

Музыкалық үн-әуенді қабылдау мәселесінде дыбыс ерекшелігін жоққа шығарып, тек қана есеп пен өлшемді алға қоятын пифагор мектебінен мүлде бөлек бағыт ұстанған әл-Фараби, дыбыс толқынын анықтауда айрықша рөл атқаратын есту қабілетін жоғары атап, Аристоксеннің үйлесімдік мектебінің дәстүрін жалғастырады.

Адамның бес сезіміндей есту сезімі де, Фарабидің ойынша, «Табиғи және жасанды» болып келуі ықтимал. Табиғи түйсік адам жанын рақат сезімге бөлеп, жадыратып кетсе, жасанды түйсік көңілде күйініш тудырады. Музыкалық ырғақ-толқында осы екі түйсік қат-қабат кездеседі. Ал музыка теориясы құлақтан кіріп, бойды алар саздың барлық сезім-түйсігін тұтас қарап, түгелдей тексереді. Музыкалық үн-әуен табиғи жолмен де (ән), жасанды түрімен де (инструментальды әуен) жасалуы мүмкін. Немесе, Фараби айтқандай, ол «табиғат туындысы», «өнер туындысы» болып бөлінеді. Сондықтан да зерттеуші ғалымдар үн-әуеннің шыққан тегіне мән бермеуі қажет.

Әлдебір құбылыстың мәнін ұғыну үшін тәжірибеге сүйену қажеттігін әл-Фараби қатты ұстанған. Ол «тәжірибе» мен «эмпиризм» ұғымдарын ажырата талдайды. Фарабише, эмпиризм – сезім түйсіктерінің жалаң жиынтығы ғана болса, тәжірибе сананың белсенділігін қамтиды. Тәжірибеге берген осындай ұғымына байланысты әл-Фараби музыка жайлы жан-жақты түсінікті жасанды түрде туындайтын музыкалық шығармалар көрсете алмақ. Өйткені табиғи үн-әуен сирек кездеседі, ал олар- дан туындайтын тиянақсыз түйсікке қарап тәжірибе жасау қиын дейді. Жасанды жолмен туындайтын гармониялық әуеннің адам зердесінен тыс қалар қалтарысы жоқ, өйткені оған тәжірибе жа- сап барып жетуге болады. Жасанды әуенге әрі толық, әрі терең, әрі жан-жақты тәжірибе жүргізе отырып, адамзаттың табиғи түйсіктерінің сырын ашуға болады.

Теория мен практика бірін-бірі толықтырып барып, музыка ілімін құрайды дейді ғалым. Бұл жерде ұстаздың тілге тиек етіп отырған практикасының ол кезеңде онша дами қоймағанын еске алуымыз қажет. Музыка зерттеушісінің композитор немесе орындаушы болуы шарт емес. Кей-кейде зерттеуші шебер орындаушының күйін тыңдап, сол арқылы өз пікірін білдіруі ләзім.

Әл-Фарабидің музыка теориясы мен практикасын терең зерттегені соншалық, ол жаңадан музыка аспабын жасап шығарды. Оны әркім әртүрлі атайды. Біреулер «кануч» дейді, екіншілері «кипчаги», үшіншілері «уд» деп атайды.

Адам психикасына етер әсеріне байланысты әл-Фараби музыканы үш түрге бөледі: оның біріншісі, жан дүниеңді рақат сезімге шомдырады, екіншісі, құмарлық сезім тудырады, ал үшіншісі, қиялыңды жетелейді. Сондықтан да майдақоңыр сезімге шомдыратын әуенді демалыс сәтінде тыңдасаң, жаның жадырап, жай табады. Ал кеудеңде құштарлық пен құмарлық оятатын музыка шабытты шағыңа сәйкес келсе, сондай бір ыстық жалын лепке толы күй-халге душар етеді. Қиялыңды қозғайтын әуен өлең оқыған кезіңде сөздің сиқыр күшін еселеп, шешендік өнердің қасиетін құдіреттендіре түседі. Адам даусы шығаратын музыканы Фараби ең әсем, ең әсерлі деп таниды.

Сезім сырын шертетін ортақ ойды арқау қылған музыка мен поэзия егіз дүние. Өлеңнің эмоционалдық әсерін күшейтетін ұйқастың, ырғақтың үндестігіне шығыс музыкасы мен теориясы үлкен ықпал жасады.

Әбу Насыр әл-Фарабидің сұлулық пен ізгілік жайлы ойлары өміршең тілек пен мағынаға толы.

«Жұлдыз». – № 9, 1975 ж.

Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32

Подняться наверх