Читать книгу Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32 - Коллектив авторов - Страница 7

ФАРАБИ ЭТИКАСЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Оглавление

Әл-Фарабидің этикалық ой-пікірлеріндегі негізгі мәселе – бұл адамның сұлулық пен бақытқа жету мәселесі, әлемдік бүтінмен бірге үйлесімділікте өмір сүре білу.

Адам бақыты – абсолютті құндылық. Сол себептен ол барлық адамдар ұмтылатын шек болып табылады. Бірақ бақыттың мәнін ұғынушылық барлық халықтарда бірдей емес. Түрлі діндердің тіршілік кешуі осының куәсі бола алады. Әл-Фараби бақытты діни өсиеттерден жоғары қоя отырып, діни индифферентизмді жақтайды.

Адамдар бақытты болуы үшін, нағыз бақыттың неден құралатындығын білуі тиіс, өйткені, дұрыс емес пікірдің бағасы бұл жерде аса маңызды. Философия да әлем дегеніміз не, ондағы адамның орны қандай деген сұраққа жауап іздеу барысында абзал адам болмысының мағынасын ашады. Адам болмысының мағынасын ашатын ойлар кейінгі барша Таяу Шығыс әдебиеті мен Омар Хайям шығармашылығының негізінде болып, кейіннен онтология, гносеология және этиканың негізгі мәселелеріне айналды.

Бақыт дегеніміз – бақытқа алып келетін әрекеттердің бағасы емес. Жақсылық жасаушы адам жасаған жақсы әрекеті үшін жақсылық пайыздың белгілі бір бөлігін алушыға айналады, осыдан келіп, адам баласы болашақ ықтималды пайдасы үшін жақсы дегенге жанасып, жаманнан қашады. «Басқа өмірде» ұжмаққа кенелуді ойлаған өзін-өзі тоқтатушылық пен тежеу, бұл – екіжүзділік пен жәдігөйлік. Әл-Фараби үшін жақсылық жасаушының табиғилығы маңызды, ақиретте сыйға кенелуді ойлап, ізгілік жасауды саудаға айналдырған екіжүзділерге қар- сы шығады. Егер кімде-кім өзіне берілген нәрсені кейін оған еселеніп қайтатындығын ойлап, кейбір әрекеттен немесе ләззаттан тартынса, ондағы «жақсылық жасаушы ақаулыққа жақын». Шынайы қайырымды адам әділдікті, оның өзі ізгілік болған- дықтан ұстанады, ол өзіне деген қосымша сыйға мұқтаж болмайды және зұлымдық жасаудан тартынатын себебі, оның жиіркенішті және арсыз іс екендігін білгендіктен. Қайырымды адамның ақиқаттық сыйлығының өзі ізгі адамгершілік. Әл-Фараби утилитарлы-прагматикалық, адамгершілікке қажетті арсыз «негіздеуді»: соңында материалды ұтысқа жетуді ойлайтын әрекетті терістейді.

Қайырымды адам үшін өлім қорқынышты емес. Ол өзінің абыройын абзалдықпен сақтайды, абдырауға жол бермейді және өмірді ұзартуға тырысып, оны бағалайды. Қайырымды адам өлімнен қорықпайды, өмірінің созылуын ізгілік жасау үшін қалайды. Сол себептен ол ажалды жақындатуға тырыспайды, бірақ оны абзал лайықтылықпен қарсы алады. Сондықтан ондай адам өлсе, оны жоқтап емес, оның қасындағы ол керек болған адамдарға жұбату айту керек.

Ажал деген қайырымсыз қала тұрғындары үшін қорқынышты, өйткені олар өздерінің баянсыздығын ұғынып, қол жеткізуге ұмтылғанның барлығын – байлық, абырой, даңқ т.б. жоғалтады. Нашар адамдар ажал алдында бүкіл ғұмырында жасаған әрекеттері үшін өкінеді, қорқады, бірақ бұл өкіну ар-ұят алдындағы емес, келесі өмірдің игіліктерінен құр қалам ба деген қорқыныш. Бұдан өлім дегеніміз – жанның тәннен айырылуы, данышпандық пен қайырымдылыққа алып келетін жоғары кемелділік деген түсінік тумау керек. Бұндай көзқарасты ұстанатындар үшін өзін- өзі өлімге қиса жетіп жатыр еді. Көріп отырғанымыздай, әл-Фараби екіжүзділікке қарсы тұрады.

«Сұрақтарға жауаптарда» ол ерікті талғам еркіндігінен ажырата біледі. Ерік бос озбырлық болуы мүмкін, мысалы, адам өзінің еркіндігін ажалсыздыққа бағыттайды. Талғам еркіндігі ерікпен тығыз байланысты, яғни «адам таңдау жасауға болатын нәрсеге мойынсұнады»18.

«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» – әл-Фарабидің ең маңызды туындыларының бірі. Бұл шығарма «Азаматтық саясат» деген атаумен Бағдад пен Дамаскіде (942) жазылған еңбегінің негізінде 948 жылы Мысырда ойшылдың барлық көзқарастарын логикалық жүйелеумен, қайта толықтырылып жазылды.

Бақытқа жету үшін ең алдымен оның барлық қағидаларын теоретикалық тұрғыда негіздеу қажет. Сол себептен әл-Фараби этика және саясаттың таным қағидасымен органикалық байланысын көрсетеді. Сондай-ақ, этика мен саясат әлемнің ортақ тұжырымдамасының қорытындысы болып, болашақтағы ұстанымдарымен байланысты. Сол себептен әлеуметтік-этикалық мәселелерге арналған «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» метафизиканың, ғарышнаманың, таным қағидаларын да кеңінен қарастырып өтеді. Бақытқа жету жолында философия маңызды мағынаға ие. «Біз бақытқа неғұрлым әсем болғанда жететініміз секілді, әсемдік те бізге философиялық өнер арқылы келеді, яғни, бұдан көретініміз философия арқылы ғана біз бақытқа жете аламыз»19.

Өз кезегінде философияны игеру үшін жақсы мінез бен ақылдың күші керек. Соңғысы ақыл өнері арқылы дамиды. «Адам ие болған игіліктердің бірінің өзіне тән ерекшеліктері болса, басқаларының ерекшеліктері аз болады, барша игіліктердің ішінен адамның ақыл-ойы ең бастысы болып табылады, яғни, адам баласы ақыл-ойдың арқасында адам болды, игілікті қолданатын адам ақылы болғандықтан, бұл өнер адам баласына ең қажеттілерін қолданады»20. Әл-Фараби жақсылықтарды ақылды және диано-этикалық деп екіге бөледі. Екіншісіне – әділдік, қанағат, мырзалық, өжеттік жатса, біріншіге – ақылмандық, өз бетімен білім алу мен ақылдың өткірлігі жатады. Бұл екеуі де тумысынан жаратылмаған. Табиғи жаратылысты этикалық тұрғыдан жүйелеуге болмайды, ол тек қана қабілет болып қала береді. Бұл жерде біреу толықтай ізгілікпен жаратылған немесе зұлымдыққа ие болатындығы туралы шек болмайды. «Адам жаратылысынан тігінші немесе жазушы болып туылмайтындығы секілді, әу бастан қайырымды немесе зұлым болып жаратылмайды»21.

Адамға әсем әрекеттерді жасау барысында пайда болған жетілген мінез керек. Адам баласына туылған сәттен бастап этикалық бейімділік беріледі. Қайырымды ерік арқылы жүзеге асырылатын әсем әрекет кездейсоқ болмайды, оны жүйелі түрде өмірдің ағысында әсем мінез қалыптастырады. Сол себептен әл-Фараби адамның «табиғатын» қалыптастырушы әдетке үлкен мағына береді. «Саяси қайраткерлер қала халықтарын қайырымдылыққа үйрете отырып, оларды ізгі етеді»22. «Жақсы мінез» әрекетті анықтаушы өлшем болып табылады. Әл-Фараби бойынша «ортаға» жету қиын болғандықтан, сыни ойлау негізінде біздің мінез-құлқымызда қалыптасатын «шебер әдісті» ұсынады, біз өзіміздің табиғатымызға кереғар әрекеттерден бас тартуымыз қажет. Әл-Фараби тепе-теңдікті сақтау үшін шектен шығушылық пен жетімсіздікті «асыра сілтеу» арқылы басқа жаққа бұруды ұсынады.

Әсемдік пен әділеттілік туралы білім міндетті түрде практикалық бағдарлауға ие болуы керек. Ғылымды білмейтін адамның, кітап оқыған, бірақ әрекеттері қайырымдылыққа сәйкес келмейтін адамдардан әрекеттері қайырымдылыққа жақын болуы мүмкін. Теориялық білімдермен қатар қайырымды әрекеттер де қажет.

Әл-Фараби әлемнің жүйелік құрылымын тануға ұмтылады. Бастамасында бұл дәстүрлі түрде Алла болып табылады. Ортасында болмыстың иерархиясы болады. Адам – әлемді бағындырған және онда әрекет жасайтын индивид. Соңында нағыз бақытқа жету. Бірақ соңында барлық догматикалық тұжырымдамалар аллегориялық бейнелерге айналып, адамның адамгершілігінің қандай да болсын сыртқы күштерден тәуелсіз тұрғандығын негіздейді. Оның барлық еңбектерінде жер бетіндегі өмірдің толықтығы бейнеленеді.

Оның идеяларында сол замандағы тарихи феодалдық қоғамның тарихи шынайылығы негізіндегі қалалардың ұсқынсыз әрекеттері ғана емес, қайырымды қала идеясын жасау мақсатындағы әлдебір пәк максимализм ғана жатқан жоқ, өз өмірінде мақтаныш тұтқан, қастерлеп, ұстанған принциптер жатыр. Өзара түсінісулер мен жылы шырайға негізделген адамдардың бірігуі дүниежүзілік үйлесімділікке алып келеді. Бұл дегеніміз, адамдар тәңірдің көр соқыр саймандары емес, сәйкесінше ақылдың әмірін тыңдап, әрекет етуші алғыр тұлғалар23.

«Адамдар заттардың мәнін әсем түрде көре және түсіне білуі қажет, сондай-ақ ол ғылымды игеру барысында ұстамды және берік болуға тиіс, өз табиғатында ақиқатты және оның жақтаушыларын сүюі керек, өз нәпсісінде қиқарлықты және өзімшілдікті тежеп ұстауы қажет, тамақ пен сусында қызғаншақ болмауы керек, өз жаратылысында дирхем мен динар секілді асыл бұйымдарға деген ынтықтықты жек көруі тиіс. Ол абыройын үнемі сақтап, биязы көргенді болуы тиіс, ізгілік пен әділдікке бағынуы және үлкен ақылдылыққа ие бола отырып, зұлымдық пен әділетсіздікке бой алдырмауы керек»24.

Касымжанов А.Х. Абу-Наср аль-Фараби. – М: Мысль, 1982. – С. 198 с. – (Мыслители прошлого).

18

Fr. Dieterici. Аlfагаbі’s рһіlosophische Abhandlungen. Leiden, 1892. 161-бет.

19

Аль-Фараби. Социально-этические трактаты. – Алма-Ата, 1973. – С. 35.

20

Сонда, 37-38-б.

21

Сонда, 180-б.

22

Сонда, 14-бет.

23

Аль-Фараби. Научное творчество. – Сборник статей. М., 1975. – С. 12.

24

Аль-Фараби. Социально-этические трактаты. Алма-Ата, 1973. – С. 345.

Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32

Подняться наверх