Читать книгу Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32 - Коллектив авторов - Страница 3

Е Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, академик
Жақыпбек АЛТАЕВ, философия гылымдарының докторы, профессор
АҒЫН ХАЙРОЛЛАҰЛЫ ҚАСЫМЖАНОВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Оглавление

Талантты ғалым, белгілі философ, педагог, кемел ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов 1931 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. ҚазМУ философия факультетінің 1949-1954 оқу жылдарындағы алғашқы түлегі А. Қасымжанов 1954-1957 жылдары сол факультеттің аспирантурасында оқыды. Аспирантураны бітіргеннен кейін 1957 жылдары ҚазССР Ғылым академиясының Философия және құқық иниститутында кіші ғылыми қызметкер ретінде еңбек жолын бастайды.

1960 жылы Мәскеу қаласында КСРО Ғылым Академиясының Философия институтында «В.И. Лениннің «Философиялық дәптерлеріндегі» диалектика, логика және таным теориясының сәйкес келуі мәселелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.

1962 жылы қазақтың жас ғалымына үлкен сенім артылып, А.Х. Қасымжанов бес томдық философиялық энциклопедия авторларының біріне айналды. Редакция құрамында сол кезеңдегі ірі кеңес философтары В.Ф. Асмус, М.Т. Иовчук, Б.М. Кедров, Е.П. Ситковский, т.б. ғалымдар болған еді. А.Х. Қасымжанов сол ғалымдармен тең, тіпті жоғары деңгейде ғылыми мақалалар жазды. Бірнеше жыл бойы «Философия ғылымдары» журналының редакциялық кеңесінің мүшесі болды.

1963-1966 жылдары ҚазММУ-дың доценті. 1966-1976 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Философия институтында «Философия тарихы және Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1969 жылы А.Х. Қасымжанов Мәскеу қаласында «Диалектиканың логикалық аспектілері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. Ал 1970 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының ең жас корреспондент-мүшесі болып сайланады.

Осы жылдары А.Х. Қасымжанов тұңғыш рет әл-Фараби мұраларын зерттеу мақсатында ғалымдар тобын ұйымдастырып, соның арқасында көптеген іргелі еңбектері жарық көреді. «Философия тарихы және Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жанынан құрылған топқа А.Х. Қасымжанов жетекшілік етіп, боған алғашқыда арабтанушы Ильяс Омар Мұхаммед (Иран), еуропа тілдерінің маманы Б.Я. Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ. Көбесов, кейіннен келіп қосылған арабтанушылар А.С. Иванов, К.Х. Таджикова, Н. Караев, әуел баста мәскеулік атақты арабтанушылар Б.Г. Ғафуров, А.В. Сагадеев кірген болатын. Осы ғылыми-шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ әл-Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуды мақсат тұтқан зерделі зерттеулер басталып кетті. Алғаш рет әл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Әлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ «Птоломейдің «Алмагесіне» әл-Фарабидің түсініктемесі» («Комментарии аль-Фараби к «Алмагесту» Птоломея») атты шығармалары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Ағын Қасымжанов бастаған ғылыми топтың орасан зор ғылыми ізденістерінің нәтижесінде әл-Фарабидің 30-ға жуық ғылыми еңбектері жарыққа шығып, қалың оқырманға танымал болды. Осы аудармалардың көмегімен әл-Фарабидің еңбектері ғылыми-көпшілік оқырмандарға жетіп, оларға барлық жерде сілтеме жасалына бастады.

А.Х. Қасымжановтың ұйымдастыруымен 1975 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған үлкен халықаралық ғылыми конференция «Мәскеу-Алматы-Бағдад» қалаларында болып өтті. Сөйтіп, Алматы аз уақыттың ішінде әл-Фараби мұраларын зерттеудің ғылыми орталығы есебінде шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды. 1975 жылы Мәскеу қаласында белгілі шығыстанушы ғалым Б.Г. Ғафуров пен А.Х. Қасымжановтың орыс тілінде шыққан «Әл-Фараби мәдениет тарихында» атты кітабы араб-мұсылман философия- сымен шұғылданушы ғалымдар арасында тың серпіліс туғызды. Оның әл-Фарабиге арналған 4-монографиясы, 10-кітапшасы, 30-дан аса ғылыми мақалалары бар.

1976-1977 жылдары А.Х. Қасымжанов әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің деканы, ал 1977 жылдан 1983 жылдар аралығында ҚазМУ жанындағы Жоғарғы оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру институтының директоры, 1983-1986 жылдары ҚазМУ-дың философия тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1987-1993 жылдары Алматы малдәрігерлік институты философия кафедрасында профессор болып жұмыс істеді. 90-жылдардың басында А.Х. Қасымжановтың отандық мәдениетті оқып үйренуге арналған «Қазақ халқының рухани мұралары» атты өте мазмұнды кітабы жарық көріп, оқырман арасында өте бір жоғары бағаға ие болды. Бұл жұмыс кейінгі жылдары да өзінің жалғасын тауып, 1994 жылы «Қазақ», 1995 жылы «Портреттер: дала тарихына штрихтар», 1998 жылы «Кошо-Цайдама стеллалары» деген еңбектері ғылыми көпшілік орта үлкен бір қызығушылық танытты.

1993 жылы А.Х. Қасымжанов ҚазҰУ жанында әл-Фараби ғылыми орталығын құрып, соның директоры қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары А.Х. Қасымжанов Фулбрайт қорының стипендиясымен Америка Құрама Штатына, Оклохома Мемлекеттік университетіне лекция оқуға арнайы шақырылады. Осы университет студенттері мен оқытушыларына А.Х. Қасымжанов «Дала өркениеті», «Орталық Азия мәдениетіне кіріспе» тақырыбында лекция оқыды. Оклохома университетінде А.Х. Қасымжанов оқыған дәрістердің тақырыбы «Түркі халықтары мен Түркістанның бірлігі», «Орта Азияның саяси дәстүрлерінің ежелгі тамырлары», «Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұн шығармаларындағы адамшылық бастаулары» болды. Осы жылдары А.Х. Қасымжанов қазақ мәдениеті мен философиясынан, әл-Фараби мұраларынан Оклохома университетінің профессорлары мен студенттерін, магистрант, докторанттарын кеңінен хабардар етті.

Аталмыш университеттің белгілі профессоры Кит Триббл А.Х. Қасымжанов оқыған лекцияларды ағылшын тіліне аударып, үлкен кітап етіп басып шығарды. Қазір ол университет студенттеріне кеңінен танымал болып отыр.

А.Х. Қасымжанов 1994 жылдан ғұмырының соңына дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде философия және әлеуметтік таным методологиясы кафедрасына жетекшілік етті.

2000 жылы қараша айының 2 жұлдызында үлкен ғалым, ойшыл, философ, ұстаз А.Х. Қасымжанов өмірден өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Х. Қасымжановтың жетпіс жылдығына орай 2001 жылы Алматы қаласында «ХХІ ғасыр – ұлы дәстүрлерді түсіну уақыты» атты ауқымды ғылыми халық- аралық конференция ұйымдастырды. Бұл ғылыми жиынға АҚШ, Мажарстан, Испания, Иран, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан т.б. республикалардың ғалымдары қатысты.

2003 жылдан бастап Ағын Хайроллаұлының шәкірті, профессор Жақыпбек Алтаевтың ұйымдастыруымен «Қасымжанов оқулары» атты халықаралық ғылыми конференцияны өткізуді дәстүрге айналдырды. Конференция ұлы философтың туған күніне орайластырып, 2 жылда бір рет тұрақты өткізіліп келеді. Бұл – Ұстазға деген құрмет, әрі ғылым дамуына қосылып жатқан үлкен үлес. Бірінші Қасымжанов оқулары «Адамның өзін-өзі рухани анықтауы және қоғам» (2003 ж.), Екінші Қасымжанов оқулары «Философия тарихы: классика және қазіргі уақыт» (2005 ж.), Үшінші Қасымжанов оқулары «Әл-Фараби мәдениет тарихында» (2006 ж.), Төртінші Қасымжанов оқулары «Философия. Мәдениет. Ойлау» (2008 ж.), Бесінші Қасымжанов оқулары «Жастар. Руханилық. Интеллектуалды ұлт» (2011 ж.), Алтыншы Қасымжанов оқулары «Түркі дүниесінің рухани бастаулары» (2013 ж.) тақырыбында көлемді мәселелер хталқыланды. Бесінші Қасымжанов оқулары ғалымның 80 жылдық мерейтойына арналды.

А.Х. Қасымжанов еңбектері қазақ, орыс тілдерінде сондай-ақ ағылшын, араб, поляк, португал, фин, француз, чех тілдерінде шықты. Оның негізгілері Одақтың «Мысль», «Наука», «Политиздат», «Прогресс» атты баспаларында кең көлемде жарық көрді.

А.Х. Қасымжановтың негізгі философиялық еңбектері: «Проблема совпадения диалектики» (1966), «Как читать и изучать Философские тетради В.И. Ленина» (Мәскеу, 1968), «Круги в познании» (А. Келбұғанов, К. Сатыбалдина. Алматы, 1975), «К вопросу о диалектике», «Качество» («Философиялық энциклопедия», 1962. 2 томдық Қазақ Совет энциклопедиясы 1972 ж. қазақ тілінде), «Араб философиясы», «Әл-Фараби», «Голландия философиясы», «Гуссерль», «Ғалым», т.б. Б.Г. Ғафуровпен «аль-Фараби в истории культуры» (М, 1975), А. Кельбұғановпен «О культуре мышления», Д.М. Мажиденовамен «Очарование знания» (Алматы, 1997) «Эстетические взгляды аль-Фараби» (М., 1997) жұмыстарын жазды.

1982 жылы Мәскеу қаласында «Мысль» баспасынан А.Х. Қасымжановтың «Аль-Фараби» атты кітабы 50 мың тиражбен басылып, көпшілікке кеңінен танымал болды. Кейіннен бұл кітап 1997 жылы «Қазақ университеті» баспасынан қайта жарық көрді.

«Қазақ» (1994 ж.), «Портреты: штрихы к истории степи» (1995-1997 жж.) қазақ-орыс тілдерінде басылып шығады. Ғалымның «Стелы Коша-Цайдам» (1998 ж.), «Портреты, степь глазами извне: от Геродота до Гумбольдта» (2001 ж.), ең соңғы кітабы «Пространство и время великих традиций» (2001 ж.) атты дүниелерін ерекше атауға болады.

«Қасымжановтың ғылыми-теориялық еңбектері ХХ ғасырдағы бүкіл қазақ философиялық дәстүрінің шағын «көшірмесі», немесе сығымдалған теориялық аспектісі болып табылатыны қазіргі кезде өте анық біліне бастады. Бұл – аса талантты философтардың еңбектері «өз уақытының квинтэссенциясы» ғана болып қалмай, философиялық ілімнің болашақ даму тенденцияларын да айқындайтын ақиқат. Ал Ағын Қасымжанов өткен ғасырда өзімен қатарлас еңбек еткен әріптестері Ж. Әбділдин, М. Баканидзе, М. Орынбеков, О. Сегізбаев, Ә. Нысанбаев және басқа да философтардың «жұлдызды шоғырымен» қатарласа жұ- мыс істей отырып, өз талантының арқасында алдымен кеңестік, одан кейін әлемдік философиялық ортадан орнын таба білді», – деп жазады, Қасымжановтың талантты ізбасарларының бірі философ Аманжол Қасабек.

Ағын Хайроллаұлының ғұмырының жарты ғасырдан астам кезеңі Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында өтті. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінде А.Х. Қасымжанов атындағы аудитория бар. Бұл кемеңгер ғалым, талантты философ, ұстаз, профессор А.Х. Қасымжанов тұлғасына көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. А.Х. Қасымжанов негізін қалаған әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы фарабитану саласындағы жұмыстарын қазіргі таңда да жалғастырып келеді.

Ұстаздығы үздік, үлгілі қасиеттері мол, еркін ой, еркін қимыл иесі, абзал аға Ағын Қасымжановтың философиялық мектебінің түлектері республикамыз бен әлемнің түкпір-түкпірлерінде қызмет етуде.

Қадірлі ұстаз, кемеңгер ғалым Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов есімі әлемдік мәдениет тарихына алтын әріппен жазылып отыр. Ол – өз дәуірінің адал перзенті, бар өмірін ғылым жолында сарп еткен, әсіресе, әл-Фараби мұраларын әлемге паш етіп, артында өшпес із қалдырған ірі тұлға, ойшыл ғалым.

Қасымжанов Ағын. Өнегелі өмір. Ш. 32

Подняться наверх