Читать книгу Деген екен - Баянғали Әлімжанов - Страница 13
Ғабиден мен Нәбиден
ОглавлениеБiр күнi Шерхан Мұртаза, Нәбиден Әбутәлиев екеуi келе жатып, Баянғалимен кездеседi. Сонда Баянғали iнiсiн «Палуан» деп еркелететiн Шерхан:
– Әй, палуан, осы сен жұрттың бәрiн сабап жүрсiң ғой, мына Нәбидендi сабап бершi, – дейдi.
Оның сөзiне наразылық бiлдiрген Нәбиден: «Неге менi сабайды, ол менiң iнiм, мен оның атасы Сегiз серiнi жазғам» – деп, өзiне тартады. Баянғали екi ағасының алдында тұрып: «Қалай сабаймын, Шераға?» – дейдi.
Сонда Шерхан:
– Мынаны сабау керек. Бұл «СҚ» – да местком болған. Сонда: «СҚ» – да не көп, салық көп» – деп отыратын. Бiр жолы картоп әкелiп беремiн деп елдiң ақшасын, қабын жинап алып, соңынан бәрi жайымен қалған. Сосын қабырға газетiне өлең шығарғанбыз:
Жылу жинап әр үйден,
Кетiп едiң Нәбиден,
Картоп та жоқ, қап та жоқ,
Атаңа нәлет Нәбиден! – деп! Мұны сол үшiн сабау керек!
Содан «Нәбиден құрдасымды саба» деп, тағы бiр кездескенде айтады. Үшiншi жолы топтың көзiнше Шерхан Мұртаза Баянғалиға әзiлдеп:
– Әй, палуан, сен менiң бiр тапсырмамды орындамадың ғой. Анау Нәбидендi бiр сабап бер дедiм, сабамай жүрсiң. Бiр бабыңда жүргенде қолыңа түсiп қалса, сүйкеп жiберсейшi, – деп, тағы айтады.
Сонда Баянғали:
– Шераға, үш айттыңыз ғой, егер официальный жағын мойныңызға алсаңыз, мен сiзге Нәбиден түгiлi, Ғабидендi сабап берейiн! – деген екен.