Читать книгу Деген екен - Баянғали Әлімжанов - Страница 4
Елбасымен әзіл
Оглавление1995 жылдың тамызында Нұрсұлтан Назарбаев Еңбекшiлдер ауданына келедi. Ол кісіні қарсы алуға дайындалып жатқанда аудан әкімі, түбі кеңащылық Кеңес Шәмшіұлы Мұқатов Баянғалидан: «Президентке не айтасың?» – деп сұрапты. Сонда ақын:
Сіз келеді дегелі,
Біздің елге көп болды,
Күте-күте өзіңді
Елдің көзі төрт болды,
Сізге сойған жылқыны
Әкімдер өзі жеп болды! – десем қайтеді! – деген екен.
«Ойбай, бізді жұмыстан шығарасың, айта көрме!» – депті әкім.
Нұрекең келген соң, Ғабдiсәләм қажы атындағы жаңа мешiтке кiрiп, кiлем сыйлайды, Бiржан салдың басына барып, құран оқытады. Степнякты аралап, аудан жұртшылығымен кездеседi. Кездесу барысында зайыбы Сара Алпысқызының Степняк маңында туғанын айтады. Жұртшылықтың сұрақтарына жауап берiп, Меке мен Мәдинаға барғанын, пайғамбарымыз Мұхаммед ғәләиссәләмнiң қабiрiне тәуәп қылғанын әңгiмелейдi. Ақсақалдардың Еңбекшiлдер ауданына Бiржан сал атын беру жөнiндегi тiлегiн құптайды.
Кездесуден кейiн, дастархан басында Баянғалиға өлең айтқызады. Әуелi Елбасы ақыннан Қырғызстанға қалай барып келгенiн сұрап, содан кейiн: «Елiнде отырмыз ғой, Бiржан атаңның бiр өлеңiн айтшы», – дептi. Баянғали «Темiртасты» айтып берiптi. «Осындай адамды да керегеге байлаған-ау бiздiң қазақ!» – дептi Елбасы мұңайып. Бұдан кейiн Баянғали президенттiң келгенiне арнап бiраз өлең айтыпты:
Ел-жұртың қарсы алып тұр Нұрекелеп,
Келгенiң жатыр үлкен мереке боп,
Нұреке, қадамыңыз құтты болып,
Дарысын бiздiң елге береке боп!
Келген жерiң, Нұреке,
Абылай орда еткен жер,
Қазақтың соңғы көсемi
Кенесары, Наурызбай
Күңiренiп өткен жер!
Аспандағы аққуға
Бiржанның әнi жеткен жер!
Ұрпақтары солардың
Белiн бекем буған жер,
Атаның жолын қуған жер,
Жаңа өзіңiз айтқандай
Апамыз Сара туған жер!
Шүкiршiлiк, аллаға
Жақсы-жақсы менiң де
Жезделерiм көп едi,
Бiрақ-тағы iшiнде
Президентi жоқ едi!
Апамыздың қадiрiн
Патша жездем ұққан ғой,
Бар әлемнiң бөбегiн
Бауырына басатын
Жақсы-жақсы қасиет
Сара апамның бойына
Бiржан жатқан киелi
Топырақтан жұққан ғой!
Бұдан кейiн президент бiрге отырған ел адамдарымен әңгiмелесiп, олардың сұрақтарына жауап бередi. Әңгiме барысында кейбiр басшылардың араққа үйiрлiгi жөнiнде де сөз болыпты. Бiр кезде аудан әкiмi Кеңес Мұқатов пен аппарат жетекшiсi, Баянғалидың жиені Еркетай Жомартов мипалау әкелiп, меймандарды сыйлапты. Сол кезде Баянғали домбырасын алып:
Әкімнiң мипалауы әзiр болды,
Бiр талай о да бiзге әзiл болды,
Қосылып Елбасымен мипалау жеп
Сәнiмiз, ағайындар, қазiр келдi,
Басқаның президентi iше берсiн
Бiздiкi, шүкiршiлiк, қажы болды! – дептi.
Сонда Нұрекең: «Мына жерде арақ құйғызбады деп отырсың ғой,» – дептi күлiп. Бiрге отырған Болат Бекенов, Тасболат Алпысов сынды ақсақалдар, ауыл шаруашылығы министрi Жәнiбек Кәрiбжанов, облыс әкiмi Қызыр Жұмабаев, КНБ, милиция генералдары Мәжит Жандiлдинов, Амангелдi Жармағанбетов және басқалары да: «Ендi не айтар екен?» – дегендей ақынға қарап қалыпты.
Болғанмен кемшiлiгi зор басымның,
Әрдайым жақсылардың жолдасымын,
Арақ пен темекiнi қатар қойған
Мен де, аға, Көкшетаудың молдасымын! – дептi ақын.
«Бұрын өкiрткенсiң ғой!» – дептi күлiп Нұрекең. Сонда ақын:
Арақтан бұрын ептеп алатынбыз,
Қиялмен әр нәрсеге баратынбыз,
Ол кезде генералға қол жетпейтiн
Қолында сержанттардың болатынбыз,
Далада жатып қалған жерiмiз жоқ,
Күнара КПЗ-ға қонатынбыз! – деп әзiлдеген екен.
«Милициямен онша емес екенсiң ғой», – дептi Нұрекең күліп. Сонда Баянғали:
Арақты мен онша көп iшпейтiнмiн,
Ал iшсем талай қызық iстейтiнмiн,
Өкпем жоқ милицияға, жаяу жүрмей,
Үстiнен ППМ-нiң түспейтiнмiн,
Айбатты арыстандай ақырмаса,
Аруағын аталардың шақырмаса,
Жiгiттi жiгiт деу де қиын, кейде
Сәтi түссе, түрмеге де отырмаса! – дегенде, Нұрекең күлiп жiберiп, ақынның өнерiне риза болып, алғыс айтып, ағалық ақ тiлегiн бiлдiрiптi.