Читать книгу Деген екен - Баянғали Әлімжанов - Страница 5

Бурабайда

Оглавление

1995 жылдың күзiнде Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетауға аз уақытқа демалуға келгенде, Баянғали Бурабайға барып, Елбасының алдында өлең айтыпты. Президент әуелi ақынға Бiржан салдың «Темiртасын» айтқызып, содан кейiн: «Мына ағаң– Премьер-Министр Әкежан Қажыгелдин, Көкшетауға тұңғыш келiп отыр, мына ағаң – КНБ-ның бастығы, генерал-лейтанант Сәт Тоқпақбаев. Бұл кiсiлерге қош келдiң деп, бiрдеңе айтпайсың ба?!» – дептi. Сонда ақын былай деген екен:

Құдайым кез қылсын деп жақсы кезде,

Сөйлейiн бұрылмастан басқа сөзге

Айтамын қош келдiң деп ағаларға

Қош келдiң, Көкшетауға патша жезде!


Орындайын бұлжытпай,

Президенттiң жарлығын,

Премьер-министр көрсетсiн

Елiмiзге нарлығын,

Ақыл, қайрат, жiгермен,

Ағалар, жеңiп шығыңдар,

Заманның мына тарлығын!

Қажыгелдин Әкежан

Премьерлердiң iшiнде

Жаңадан шыққан жас перi,

Алысқанын жығатын

Дзюдоның мастерi,

Сол күшiңдi халықтың

Қажетiне жұмсай бер,

Нұрекеңнiң ләшкерi!

Премьер аға, өзiңе,

Пенсиямызды берсiн деп

Сәлем айтты шалдар да,

Папамыздың айлығын,

Жылдамырақ берсiн деп,

Сәлем айтты балдар да!


Әрдайым әсем әнге сап жүрейiн,

Дау-шардан аулағырақ ақ жүрейiн,

КНБ бастығымен ойнаймын деп

Мен осы бiр бәлеге қап жүрмейiн!


Айналайын, Сәт аға,

Ақындармен алыспай,

Атаның жолын жалғай бер,

Тәй-тәй басқан қазақтың

Мемлекетiн қажымай

Жауларынан қорғай бер!


Қарсы алды өздерiңдi Көкше жерi,

Оқжетпес, Бурабай мен сексен көлi,

Аман бол, ел басқарған ағаларым,

Жақсылыққа бастар деп, өздерiңе

Үмiтпен қарап отыр қазақ елi! – деген екен.


Деген екен

Подняться наверх