Читать книгу Деген екен - Баянғали Әлімжанов - Страница 8

Үкімет пен аппарат

Оглавление

1995 жылдың жазында Көкшетауда идеология қызметкерлерiнiң аймақтық жиналысы болып, оның жұмысына Қазақстан Премьер-Министрiнiң орынбасарлары Иманғали Тасмағамбетов пен Нағашыбай Шайкенов бастаған бiр топ басшылар қатысады. Алматылық қонақтардың самолетi кешiгiп келiп, жерге қона алмай, көкте бiраз жүрiп қалып, көкшетаулықтар қонағасыны түн ортасында бередi. Бiраз отырған соң кезек қонақтардың әңгiмесiн тыңдап, үндемей отырған Баянғалиға келедi. Сонда ақын өлеңмен қонақтарды құттықтай келiп, Иманғалиға бұрылып, былай дептi:

Ассаламуғалейкүм, Иманғали,

Көкшеге идеолог жиған Ғали,

Аспаннан самолетi түспей қойып,

Бензиндi бұлт iшiнде құйған Ғали,

Иманғали келген соң Көкшетауға

Қарсы алды өлеңдетiп Баянғали.


Қорқып едiк, Имеке,

Бұл жиналыс Көкшеде

Болмай кетер ме екен деп,

Самолетiң бiржола

Қонбай кетер ме екен деп,

Иманды екен атың да,

Иманды болсын затың да,

Қызметiңiз құтты боп

Пайдасы тисiн халқыңа!


Одан кейiн Вице-Премьер әрi әдiлет министрi Нағашыбай Шәйкеновке бұрылып:

Ассаламуғалейкүм, Нағашыбай,

Еңбегiң сiңе берсiн алашыңа-ай,

Тұрасың экраннан закон соғып,

Қоясың шалдармен де таласып-ай,

Қайтесiң сол шалдармен көп таласып,

Жүрсеңшi алашыңмен жарасып-ай! –


деген екен. Содан кейiн сол жерде көрген, естiген жағдайларды әзiл өлеңге айналдырып, жырлап келiп, Жастар iсi, туризм және спорт министрi Бiрғаным Әйтiмоваға:

Айналайын, Бiрғаным,

Арналсын сiзге жырларым,

Спортсмен министр

Келген кезде, қарашы,

Менiң дағы рекордсмен

Болғым келiп тұрғанын,

Жастарына қазақтың

Таныта бер әлемнiң

Ойы менен қырларын,

Спорттың сансыз сырларын,

Елiңе еңбек етуден

Қажымағын, тынбағын,

Тоқталайын осымен,

Әйтпесе, менiң, байқаймын,

Бiрғанымды келiп тұр,

Күндiз-түнi жырлағым! –


дептi әзiлдеп. Президент аппаратының жауапты қызметкері Оралбай Әбдiкәрiмовке арнап:

Айтайын жақсы тiлектi,

Орекеңдей ағаға,

Қолындағы билiгiн

Жұмсасын iзгi шараға,

Пана болсын Орекең,

Мына қиын заманда

Қысылып тұрған далаға,

Жүдеген ата-анаға,

Қамқор болсын балаға,

Iзгiлiк құйсын санаға,

Айтпасақ оны бола ма?

Өкпелеп қалса аппарат

Үкiмет қалар далада! –


деген екен. Ақынның өнерiне риза болған басшылар қол соғып, алғыс айтыпты.

Деген екен

Подняться наверх