Читать книгу Деген екен - Баянғали Әлімжанов - Страница 2
Қара шалдар
ОглавлениеМұхтар Әуезовтың 100 жылдығына арналған айтыста (Алматы, 1997ж.) шымкенттік Әселхан Қалыбекова Баянғалиға әкесі Тақан ақсақалдың қазасына көңіл айтады. Сонда сөз кезегі келгенде, Баянғали былай жырлаған екен:
Менің әкем Тақанның
Ерлігі көп айтатын,
Жауған оқтың астында
Жау тылынан «тіл» іздеп,
Түнде талмай жортатын,
Тоғыз танкі талқандап,
Таң атқанда қайтатын,
Бейбітшілік заманда
Бір телешке шөп сұрап,
Қолтықтап ап шалдарды
Канторға қарай тартатын,
Барлығын жеңген батырың
Қайран анам Бәтима
Марқұмнан жаман қорқатын!
Менің әкем Тақан шал
Фашистке ойран салыпты,
Берлинге дейін барыпты,
Қиратушы еді оны да
Қырық шақырым қалғанда
Соғыс бітіп қалыпты,
Гитлер менен Геббельс:
«Тақан келсе болмайт, деп,
Жағдай енді оңбайт!» – деп,
Атылып өліп қалыпты!
Менің әкем секілді
Қара шалдар жасасын
Халық қылған халықты!!!
Шалдар жайы мәселе саналмай жүр,
Әлі де үкіметте қаралмай жүр,
Бір кезде Берлинді алған хас батырлар
Банкіден пенсиясын ала алмай жүр!
Кемпір менен шалдарды
Осыншама жүдетіп,
Сорлатуға болмайды,
Кемпір менен шалдарды
Тарықтырып тұрмыста,
Зарлатқандар оңбайды!
Содан Әселхан сөзді бір кезекте бүгінгі ел байлығын тонап алған ұры-қарыларға бұрып, «сырттай қарасаң бәрі әп-әдемі, галстук тағып, тап-таза, сып-сыпайы боп жүреді, ал өз құлқындарын ойлағанда керемет! «– деп ашына жырлайды. Сонда сөзді іліп әкеткен Баянғали былай депті:
Ұрының ең жаманы сыпайысы,
Болмайды ондайлардың құдайысы,
Ұрының қолын шауып тастайтұғын
Бәрінен жақсы екен ғой Қытай ісі.
Билікке аз ғана күн кетсе жолап,
Алады ел байлығын түгел тонап,
Қытайдың заңын егер бізге енгізсе,
Болар ед бастықтардың көбі шолақ!