Читать книгу СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР - Мұрат Әбдірахманов - Страница 12
САҒЫНЫШ САЗЫ
ӘР ТАҚЫРЫПҚА АРНАҒАН ӨЛЕҢДЕР
АСПАНДАТҚАН ТУҒАН ТІЛДІҢ ӨРЕСІН
Оглавление(2011 жылы «Қазақ тілі» қоғамы басшыларының Республикалық Құрылтайы өтті. Сол күнге орай Мұраттың мынадай өлеңі дүниеге келді)
Туған тілдің туын тігіп, аспандатқан өресін,
«Қазақ тілі» бірлестігі – қазағыма нұрлы есім.
Елмен бірге қайта түлеп болуы үшін тіл азат,
«Тіл майданы – ел майданы» деп әлі де келесің.
Қозғау салған күресіне зиялылар өкілі,
Арпалыспен күндер өтті – 23 жыл өтілі.
Тілім қонды тұғырына, жемісті боп күресің,
Дер ем бұны алда тұрған табыстардың кепілі.
Жаршысы деп азаттықтың елің сені санайды,
Елбасы да құрмет тұтып, игі ісіңді қалайды.
«Болашағы Қазақстан – тілінде деп қазақтың»,
Саясатта тіл туралы айқын еткен көп жайды.
Сол бағытты Қоғам берік ұстанады әр істе,
Ана тілің – тұғырың деп бағыт берді бұл іске.
Ағылшын мен орыс тілін білу еркі өзіңде,
Ана тілін білу керек ең алдымен нәресте.
Биік тұр ғой әлі дағы кириллица өресі.
Латын әрпін пайдалану болашақтың өр ісі,
Ойластыру оған өту тәсілі мен жолдарын,
Академик ғалымдардың алда тұрған үлесі.
Сын-сынақты кезеңдерде бірге болған ұйымым,
Сен арқылы қайта оқып, өз тіліме ұйыдым.
Тілі үшін жан аямай өз жүрегін ту еткен,
Мақтан етем ер жүректі азаматтар ұйымын.
Бар әлі де келелі істер алда тұрған білемін,
Қоғам сені әрқашанда биіктерден көремін.
Халқың қолдап тұрған шақта қайта өрлеп,
Тұғырыңнан қонған биік түспесіңе сенемін.
Астана, 2011 ж.