Читать книгу СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР - Мұрат Әбдірахманов - Страница 5

САҒЫНЫШ САЗЫ
ӘР ТАҚЫРЫПҚА АРНАҒАН ӨЛЕҢДЕР
ҮМБЕТЕЙ БАБАМА АРНАУ

Оглавление

(28 08 2010 жылы Ерейментау қаласында Үмбетей жыраудың мүсінін орнату рәсімі өткізілді. Сол маңызды күнге «Үмбетей бабама арнау» деген өлеңін Мұрат (марқұм) халық алдында оқып берді.)

Үмбетей баба болды-ау жүрген ұшып…,

Қонуға келе жатқан жерін құшып,

Бөкең ерді көргенде тұлпар мінген,

Жайғасқан тұғырына көктен түсіп.


Сол мезетте Кәрітау жатқан мүлгіп,

Селт еткендей көрінді «Үмбетейлеп».

Ақдін таудан қол жайып Асан Қайғы,

Тұрғандай «Ереймен ел жасай бер» деп.


Бар тіршілік бұларға мойын бұрып,

Тыңдағандай дүбірді құлақ түріп.

Аң мен құс ойнақ салып маңайдағы,

Толықсиды өзен, көл тұрған тұнып.


Табиғат сол мезетте бір құлпырып,

Қуанышқа қосылып тұрды күліп.

«Ақтабан-шұбырынды» құрбандары,

«Тәуба» десті игі іске дүр сілкініп.


Үмбетей Бөгенбаймен тізе қосып,

Соққы берген жауына жолын тосып.

Атанған «жорық жырау» ел ішінде

Абылайдың алдында мерейі өсіп.


Намыс отын ерлердің кекке жанып,

Жасын жырмен жүрекке берген жарық.

Ерлігін Бөгенбайдың дастан қылып,

Қалдырған шежіреде жырмен жазып.


Жантайға келер ұрпақ масаттанып,

Жырға қосты жүрсін деп үлгі алып.

Бес жүз қолмен он мынға ойран салған,

Артынан қашқан жаудың қуып барып.


Кейде азамат ісіне қайран қалып,

Келеңсіз мінезіне жүрді налып.

Терең ойлы, уытты жырларымен,

Тыюшы еді тентекті тезге салып.


Ел-жұрты Ерейменнің риза болып,

Мереке жасап жатыр көңілі толып.

Бабаның Ұлы тойын ұлықтауға,

Сауын айтқан маңайға түгел шолып.


Хас-батыр – ердің ері туған асып.

Қанды көйлек досымен тұр жарасып.

Әруағын қос алыптың аспандатқан,

Ұрпағы жасай берсін нұры тасып!


Киелі бұл өлкемді,

Тарихы терең бойлаған.

Бөкең жаудан қорғаған,

Үмбетей қосып жырына,

Ерлерді ерен қолдаған.


Кереку-Ерейментау, 28.08.2010 жыл.

СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР

Подняться наверх