Читать книгу СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР - Мұрат Әбдірахманов - Страница 7
САҒЫНЫШ САЗЫ
ӘР ТАҚЫРЫПҚА АРНАҒАН ӨЛЕҢДЕР
ЖАҢАӨЗЕН ТОЛҒАУЫ
Оглавление(«Жорық жырау» Үмбетей баба мақамымен)
(Теледидардан Жаңаөзеңде болған уақиғаны көрсеткенде, Мұраттың жүрегі қан жылап, өз-өзін қайда қоярын білмей, компьютерге отырып, осы өлеңді жазған еді…)
Жүрегім қан жылайды Жаңаөзен деп,
Іште жалын, өкініш барады үдеп.
Желтоқсан қазағыма ауыр болды-ау,
Қайта соққан сұрапыл дауылдай боп.
Зарлайды жетім-жесір: «Бұл несі? – деп, —
Қырғаны өз қандасын қару кезеп».
Бұйырған – атындар! – деп боздақтарын…,
Жендетті көк соқсын деп, ыза кернеп.
Жалған хабар жеткізген Елбасыға,
Үкімет те бұрынғы бәз қалпында.
Оқ атқызған халыққа министрлер,
Тобырдың биліктегі нық сапында.
Арманда кеткендердің орны толмас,
Аза жүрек жарасы еш жазылмас.
Не сұмдық – жазықсызды жер құштыру,
Мұндай күнә ешқашан ұмытылмас.
Алапат күш, тойымсыз – өлім тажал.
Бейбіт күнде, қапыда сепкен ажал.
Не сұмдық – аруларды мазақ етіп,
Тәнін, жанын қорлаған неткен амал.
Сайлауда одан кейін «біз жеңдік» деп,
Шенеуніктер секіріп жүрді билеп.
Масайрасып баршасы әнге басты,
«Жеңісінің» қол жеткен күйін күйлеп.
Мәжіліске кім келді депутат боп,
Өндіріс пен шаруадан бір адам жоқ.
Жөн айтарлық ішінде жан шамалы —
Ел қадірін білмеген баяғы топ.
Түсінбедім, шынында бұл жеңіс пе?
Дұшпан кім, кімді жеңдік осы істе?
Не сұмдық – азаматты атып тастау,
Құқығы үшін күрескен өндірісте.
Асылдарға ізгі жан болар жолдас,
Ақтаған жазалыны пенде оңбас.
Еске түссе арыстар қыршын кеткен,
Қос жанардан еріксіз парлайды жас.
Елбасы, жіті қара, жан-жағыңа,
Жүгің ауыр, мөлшерле, салмағына.
Кешірер ме халықың, кек сақтамас,
Тындырсаң игілікті іс ел бағына.
Ауыздықта маңдағы жемқорларды,
Қайтарып бер халыққа жер-қорларды.
Байыса ел – болашақ жарқын болмақ,
Тентекті тый, аласта қорқауларды.
Ауыл отыр бүгінде тиын санап,
Дүние-мүлкін кезінде алған талап.
Болашақтан үмітін үзбе оның,
Жүргенде оң істерді Сізге балап.
Жастарға жаса түгел жақсылықты,
Жел өтінде әр кезде ол тұрыпты.
Жаңаөзеннің сауалын сұрайды ма?
Ереуілдеп алаңда сап құрыпты.
Банкті тый халықты тонап жатқан,
ЖОО-лар көп шәкіртке білім сатқан.
Қысқарт, азайт бәрін де тез арада,
Құтқар елді бәледен толып жатқан.
Орнына қой келімсек байсымақты,
Оларың бар қазынаны басып апты.
«Иесі жаман болса қонақ билер», —
деген сөзді бабалар несіне айтты.
Жұмыс көп қой ертеңгі атқаратын,
Елің аман алдыңда басқаратын.
Десек те, уақыт сынап, ғұмыр қысқа,
Мезгіл бар ма кейінде ойланатын.
Балта шап, түбіріне кландардың,
Санасын уландырған ұландардың.
Үш Жүздің басын қоссаң бір ұядай,
Есімің есте қалар ұрпақтардың.
Мұрат Үмбетейтегі. Астана қ. 2012 жыл