Читать книгу СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР - Мұрат Әбдірахманов - Страница 3

САҒЫНЫШ САЗЫ
ӘР ТАҚЫРЫПҚА АРНАҒАН ӨЛЕҢДЕР
ЖЕР САТУ ТУРАЛЫ

Оглавление

Жер сату – Отаныңды сатқанмен тең,

Алтын ай, Күміс күнің батқанмен тең.

Айырылып Жер Анадан аялаған,

Баяғы құлдығыңа қайтқанмен тең.


Жер сату – өз анаңды сатқанмен тең,

Қарғысы қас дұшпанның атқанмен тең.

Жеріңді алған алпауыт байсымақтың,

Босағасын күзетіп жатқанмен тең.


Жер сату – өз үйіңді сатқанмен тең,

Дүние – пайдасы не, болғанмен кең.

«Жерұйық» – Асан бабам қойған атын,

Қалар болып бір сәтте-ақ бөтен мекен.


Жер сату – өз ұлыңды сатқанмен тең,

Күшігін аш бөріше қапқанмен тең!

Өспей жатып, өшіріп бар үмітін

Келешегін балтамен шапқанмен тең.


Жер сату – жан-жарыңды сатқанмен тең,

(Боларын ол да осылай сезген бе екен?)

Ел-Ана, Ару-Ана, әлди қызың,

О дағы «жезөзекше» боп кетер ертең.

Жер сату – жан-жарыңды сатқанмен тең.

Махаббатын аяққа басқанмен тең.

Намыс, кек, ар-ұяттан ада болып,

Күйігін өкініштің татқанмен тең.


Жерді сату – досыңды сатқанмен тең,

Асыл жанды өзіңе пейілі кең.

Бар асылды сатқандай не көрінді,

Мәреміз бе бүгінде осы жеткен.


Кереку.2003ж


СОҒАДЫ ТУЛАП ЖҮРЕГІ. ӨЛЕҢДЕР

Подняться наверх