Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 1

КІРІСПЕ

Оглавление

Бағалы қағаздар нарығы туралы отандық басылымдарда мемлекеттік тілде жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдары әлі де болса жеткіліксіз. Соны ескере отырып, өзіміздің іс-тәжірибеміздегі теориялық және практикалық мәліметтерді жинақтай келе, бұл еңбекті мемлекеттік тілде жазғанды жөн санадық.

Аталмыш еңбек «Бағалы қағаздар нарығы» элективті пәні бойынша жұмыс бағдарламасына сәйкес әзірленген оқу құралы болып табылады.

Бұл оқу құралы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қаржы рыногы және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің, бағалы қағаз нарығына қатысты басқа да Қазақстан республикасының заңдары мен нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ отандық және шетел мемлекеттерінің оқулықтары мен оқу құралдары және практикалық ақпараттар мен мәліметтер негізінде дайындалған.

«Бағалы қағаздар нарығы» атты оқу құралының ерекшелігі – бағалы қағаздар нарығының мәні, құрылымы, атқаратын қызметтері, жіктелімі, құралдары, бағалы қағаздар портфелінің мәні мен түрлері, бағалы қағаздар нарығын талдау түрлері, тәуекелдері, кәсіби қатысушыларының атқаратын қызметтері мемлекеттік реттеу мен бақылауға қатысты теориялық және практикалық мәселелер Қазақстан Республикасының тәжірибесіне сүйене отырып жазылғандығымен сипатталады.

Оқырманға ұсынылып отырған «Бағалы қағаздар нарығы» атты оқу құралының мақсаты – мемлекеттік тілде білім алушы, пәнді өз еркімен таңдап алған студенттердің жан-жақты, терең және сапалы білім алуына негіз болу.

Бірінші тарауда бағалы қағаздардың экономикалық мәні мен қажеттілігі, бағалы қағаздардың деректемелері, бағалы қағаздардың өздеріне тән белгілері бойынша жіктелімі берілген.

Екінші тарауда бағалы қағаздарды эмиссиялаудың тәртібі, шығару проспектісі, мемлекеттік тіркеу, оларды орналастыру және айналымы қарастырылған.

Үшінші тарауда бағалы қағаздар нарығының мәні, атқаратын қызметтері, бағалы қағаздар нарығының құрамдас бөліктері мен қатысушылары, инфрақұралымы мен түрлері, ондағы тәуекелдер, бағалы қағаздар нарығын талдау мәселелері қамтылған.

Төртінші тарауда бағалы қағаздар портфелін басқару және қалыптастыру ерекшеліктері, бағалы қағаздар портфелінің түрлері берілген.

Бесінші тарауда акция нарығының мәні мен құралдары, акцияның түрлері бойынша дивидендті төлеу ерекшеліктері, акцияның құндық бағасы және акцияның табыстылығын сипаттайтын көрсеткіштер қамтылған.

Алтыншы тарауда облигациялардың экономикалық мәні мен ерекшеліктері, облигацияның айналым кезеңдері мен жіктелімі, облигация бойынша табыс, облигацияның құндық бағалары берілген.

Жетінші тарауда мемлекеттік бағалы қағаздардың мәні, жіктелімі, оларға ұлттық бірдейлендіру нөмірлерін беру мәселелері айтылған.

Сігізінші тарауда туынды бағалы қағаздардың мәні мен мақсаты, туынды бағалы қағаздар нарығының түрлері қарастырылған.

Тоғызыншы тарауда бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздері, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті лицензиялау тәртібі, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызмет, бағалы қағаздар нарығындағы брокерлік және дилерлік қызмет, бағалы қағаздарды нақты ұстау қызметі, кастодиандық қызмет, орталық депозитарий қызметі, бағалы қағаз нарығындағы клирингтік қызмет, инвестициялық портфельді немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызмет, трансфер – агенттік қызмет түрлері қарастырылған.

Оныншы тарауда Қазақстан қор биржасының қалыптасуы, қор биржасының мәні мен құрылымы, атқаратын қызметтері, биржада сауда-саттықты өткізу әдістері, листингтік талаптар қамтылған.

Он бірінші тарауда бағалы қағаздар нарығын реттеудің мәні мен мақсаты, Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу ерекшеліктері, уәкілетті орган қолданатын ықпал етудің шектеулі шаралары және санкциялары, бағалы қағаздар нарығындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қызмет етуі, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін бақылау түрлері қарастырылған.

Әр тараудан кейін студенттердің тақырыпты қандай дәрежеде түсінгенін тексеру мақсатында бақылау сұрақтары берілген. Оқырманға көмек ретінде бағалы қағаздар нарығында кездесетін терминдерге түсінік берілген.

Осы оқу құралының мазмұны мен сапасын жақсарту туралы пікір айтатын оқырмандар болса, келешекте қайта өңдеп, түзетулер енгізу кезінде міндетті түрде ескерілді. Пікір білдірушілерге автор ықылас білдіре отырып, алдын ала алғыс айтады.

Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы

Подняться наверх