Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 18
3-ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫНЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
3.6 Бағалы қағаздар нарығын талдау әдістері
ОглавлениеБағалы қағаздар нарығы ойдағыдай қызмет етуі үшін бағалы қағаздардың инвестициялық тартымдылығын бағалау қажет. Бұл бағалы қағаздар нарығында фундаменталдық (түпкілікті) және техникалық талдаулар арқылы жүзеге асырылады.
Түпкілікті талдау эмитенттің табысын, сату көлемін, активі мен пассивін, меншікті капиталға қатысты пайдасын және менеджменттің деңгейін сипаттайтын көрсеткіштерге баға беруді білдіреді. Талдау көзіне эмитенттің пайда немесе зиян туралы есебі, балансы және өзге құжаттары жатады.
Талдаудың бұл түрі жан-жақты әрі еңбекті көп қажет ететін зерттеулерді жүргізуді, мәліметтер базасының болуын қамтамасыз етуді және қаржыландыруды талап етеді. Түпкілікті талдаудың көмегімен, болашақта бағалы қағаздың құнын анықтайтын табысқа болжау жасалады. Осының негізінде бағалы қағаздарды сату және сатып алуға қатысты мақсатқа сай ұсыныстар жасалады.
Бағалы қағаздар нарығындағы аналитиктер түпкілікті және техникалық талдаудың нұсқаулықтарын пайдаланады. Бірақ түпкілікті талдауға қарағанда техникалық талдаудың нұсқаулықтары кеңінен қолданылады.
Дегенмен, техникалық талдау ұзақ мерзімге қор нарығының бағаларына болжам жасай алмайды, сондықтан түпкілікті талдаудың мәліметтерін ескеру қажет. Түпкілікті талдаудың нұсқаулықтарына қарағанда техникалық талдаудың нұсқаулықтары кез келген тұлғаға түсінікті.
Түпкілікті талдаудың нәтижесі бюллетень, есептілік және әртүрлі формада рәсімделген қор нарығының тауары болып табылады. Бұл мәліметтерді бағалы қағаздар нарығының қатысушылары өздерінің мақсаттарына қарай пайдалана алады.
Түпкілікті талдаудың негізгі бағыттары:
1. Макродеңгейде талдау жүргізу, яғни инвестициялауға қолайлы жағдайларды анықтау үшін, әлемдік экономиканың және жекелеген елдердің экономикалық жағдайы толығымен қарастырылады. Жалпы экономикалық жағдайларды анықтау барысында мынадай көрсеткіштер қарастырылады: өндірістің көлемі, жұмыссыздық деңгейі, экономикалық белсенділік, тұтыну мен жинақ, инфляциялық күтім, пайыз мөлшерлемесі. Осындай талдаудың көмегімен инвестициялық қызметтің әлеуметтіксаяси және экономикалық климаты анықталады.
2. Сала деңгейінде талдау жүргізу, яғни экономиканың әртүрлі салаларынының ағымдағы жағдайына баға беріледі. Өндірістің динамикасы, сату көлемі, тауарлар мен шикізат қорларының көлемі, баға мен еңбекақы деңгейі, пайда және басқа көрсеткіштердің көмегімен сала арасында салыстырмалы талдаулар жүргізіледі.
3. Микродеңгейде талдау жүргізу, яғни жекелеген кәсіпорындарға инвестиция жұмсаудың мүмкіндіктері қарастырылады. Талдауды жүргізу барысында мынадай көрсеткіштер қарастырылады: менеджменттің ағымдағы жағдайы мен болашағы, ұйымдастырушылық және коммерциялық қызметінің жағдайы, компанияның қаржылық жағдайы, кәсіпорынның төлемқабілеттілік және қаржылық тұрақтылық деңгейі және тб.
4. Нақты бағалы қағаздар нарығының құрылымына талдау жүргізу, яғни талдау барысында мынадай көрсеткіштер қарастырылады: бағалы қағаздар нарығы қатысушыларының күтімі, өтімділік пен табыстылық деңгейі, дивидендтік саясат және тб.
Техникалық талдау эмитенттің бағалы қағазына деген сұраныс пен ұсынысты, олармен жасалған операциялар көлемі және бағамын бағалауды сипаттайды. Техникалық талдау инвесторларға дербес инвестициялауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нарықтың қатысушыларына немесе инвесторларға инвестициялауға байланысты тиімді шешім қабылдауға көмектеседі. Техникалық талдаудың көмегімен қысқа, орта, ұзақ мерзімге инвестициялық альтернативаларды бағалауға мүмкіндік береді.
Техникалық талдаудың мақсаты – жекелеген бағалы қағаздардың құнына сонымен қатар бағалы қағаздар нарығының ағымдағы жағдайына болжам жасау.
Техникалық талдау бағаның өзгеру бағытының себебін қарастырмайды, бағаның нақты бағытқа қарай өзгеруін есепке алады. Аналитиктердің көзқарасы бойынша кез келген нарықтан пайда көруге болады. Ең бастысы, трендті тани білу керек. Егер баға төменгі шекке жетсе, сатып алу позициясын ашу керек, ал егер баға өссе, сату позициясын ашу керек.
Техникалық талдаудың бастапқы ақпараты баға, құралдың өтімділігі, сауда көлемі, сұраныс пен ұсыныс болып табылады.
Техникалық талдаудың ерекшелігі қаржы құралдарының бағасын кесте негізінде талдау болып табылады. Көптеген инвесторлар санды немесе мәтінді талдауға қарағанда кесте негізінде ақпаратты талдауды қалайды.
Техникалық талдау мынадай үш басты ңагидага негізделеді:
1. Көрініс қағидасы. Бұл қағиданың мәні – экономикалық, әлеуметтік, психологиялық және т.б. жағдайлар тауар бағасында көрініс табады. Техникалық аналитиктер бағаның өзгеруіне қандай факторлардың әсер еткендігін анықтайды және қандай бағытта өзгерістердің болатынына болжам жасайды. Көрініс қағидасының көмегімен «жақсы жаңалықтар пайда болған кезде сату керек» деген ереже қалыптасқан. Жақсы жаңалықтардың әсері тез арада бағада көрініс табады.
2. Тренд қағидасы. Тренд – экономикалық көрсеткіштердің ұзақ өзгеруі тенденциясы. Нақты бағытқа сәйкес баға өзгеріп отырады. Сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы негізінде тренд қалыптасып, қарама-қайшы көрсеткіштер пайда болғанға дейін тұрақты күйде қалады. Мысалы, трендтің өсімін қалыптастыратын тауардың нарықтық құны бір бағытта өзгеріп отырады, яғни өсіп отырады. Бұл тренд бағытты өзгертуді ескертетін құн төмендегенше басымдық сипатта болады. Осы кезде жаңа тренд пайда болады. Трендті және оның өзгеріс кезеңін анықтау техникалық талдаудың мақсаты болып табылады. Нақты трендтің көмегімен жүргізілетін операциядан оң нәтиже алу мүмкіндігін көтеруге болады. Баға нақты бір бағытқа қарай өзгеретін болса баға трендте болады. Баға жоғарғы бағытқа қарай өзгеретін болса өсу немесе ап-тренд (ир іғепй), баға төменгі бағытқа қарай өзгеретін болса төмендеу немесе даун-тренд (йотоп Іғепй), баға оңға немесе солға қарай өзгеретін болса «бүйір қозғалыс» немесе гапде (рейндж) деп атайды.
3. Қайталау қағидасы. Нарықта уақыт өте келе пайда болатын модельдік жағдайларды анықтауды білдіреді. Бұл модельдер болған жағдайларға түсініктеме бере отырып болашақта құнның өзгерісіне болжам жасауға мүмкіндік береді. Қайталау қағидасы жаңа бағытта әрекет етуге бұрыннан қалыптасқан тәжірибе мүмкіндік береді.
Техникалық аналитиктер талдауды жүргізу барысында құнның өзгерісін сипаттайтын және көрсететін кестелерді немесе әртүрлі сипаттағы графиктерді, диаграммаларды пайдаланады.
Техникалық талдау барысында кеңінен қолданылатын әдістер:
1. Бағаналы диаграмма. Диаграммада баға бағана түрінде көрсетіледі. Бағаналы графиктің төменгі жағы бағалы қағаздың минималды құнын сипаттайды, ал жоғарғы жағы – бағаның максималы құнын сипаттайды. Бағалы график горизонталды бағытта да сипатталады, бұл кезеңнің соңындағы құнды көрсетеді.
2. Нүктелі диаграмма. Техникалық талдауда нарықтың тенденциясын сипаттайтын бұрыннан қолданылып келе жатқан әдіс болып табылады. Кейбір аналитиктер трендті анықтау мақсатында осы диаграмманы пайдаланады. Нүктелі диаграмма мен қарапайым кестенің арасында құнның өзгерісін сипаттауда және диаграмманы қалыптастыруда өзара айырмашылықтар бар. Құнның оң өзерісі – «Х-пен», терісі – «О-мен» сипатталады. Нүктелі диаграмма 2-суретте көрсетілген.
1. Жапон шамы. Талдаудың бұл әдісін жапон елі көптеген жылдар бойы қолданылып келген, кейінгі кезеңдерде басқа елдерде бұл әдісті қолдана бастады. Жапон шамы оңай қалыптасады. Әрбір шам нақты бір уақытта сауданың белсенділігін сипаттайтын бағаның ашылуын, жабылуын, ең жоғарғы және ең төменгі құнды сипаттайды. Сауда-саттықтың жабылуына қарай бағаның өсуі жағдайында шам ақ болады, ал сауда-саттық аяқталғанда ашылу құнының төмендеуі барысында шам қара болады. Шамның төменгі және жоғарғы жағындағы сызықтарды көлеңке деп атайды. Бұлар сауда-саттықта тіркелген, ең жоғарғы және ең төменгі құнды сипаттайды. Құнның ашылуы, жабылуы, ең жоғарғы және ең төменгі құнға байланысты Шамның сызықтары әртүрлі формада болады. Жапон шамы 3-суретте көрсетілген.
2-сурет. Нүктелі диаграмма
3-сурет. Жапон шамы
2. Гистограмма кестесі. Бұл кең тараған кестелердің бірі болып табылады. Тік сызықтың екі жағында екі көлденең сызығы бар. Тік сызықтың төменгі және жоғарғы шекаралары ең төменгі және ең жоғарғы бағаны сипаттайды. Сол жақ перпендикуляр бағаның ашылуын, ал оң жақ бағаның жабылуын білдіреді. Сонымен, гистограмма кестесінің дұрыс қалыптасуы үшін әр кезеңде төрт баға болуы қажет. Гистограмма кестесі 4-суретте көрсетілген.
4-сурет. Гистограмма кестесі