Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 22
5-ТАРАУ
АКЦИЯЛАР НАРЫҒЫ
Оглавление5.1 Акциялардың экономикалық мәні мен қажеттілігі
Акция (нем. aktіe, лат. aktіү – қарамағына беру, рұқсат беру) деген мағынаны білдіреді.
Акция – акционерлік қоғамның жарғылық капиталына үлес қосқандығын куәландыратын, басқару ісіне қатысуға және кәсіпорын таратылған жағдайда мүліктің қандай да бір үлесін алуға құқық беретін, сондай-ақ иесіне табыс әкелетін бағалы қағаз.
Акция бөлінбейді. Егер акция ортақ меншік құқығымен бірнеше тұлғаға тиесілі болса, олардың бәрі бірдей акционер деп танылады және өзінің жалпы өкілі арқылы акциямен куәландырылған құқықтарды пайдаланады.
Акцияның бір түрі оны иеленетін әрбір акционерге осындай акциялар түрінің басқа иелерімен бірдей көлемде құқықтар береді.
Қоғам акционерлерінің құқықтары:
1. қоғамның жарғысында көзделген тәртіппен қоғамды басқаруға қатысуға;
2. дивидендтер алуға;
3. қоғамның қызметі туралы ақпарат алуға;
4. бағалы қағаздарға меншік құқығын растайтын үзінді көшірмелер алуға;
5. директорлар кеңесіне сайлау үшін кандидатуралар ұсынуға;
6. қоғамның органдары қабылдаған шешімге сот тәртібімен дау айтуға;
7. қоғам таратылған кезде мүліктің бір бөлігіне;
8. өз акцияларына айырбасталатын қоғамның акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын артықшылықпен сатып алуға құқылы.
Акционерлік қоғам – эмитент мынадай жағдайларда акция шығарады:
• акционерлік қоғам жаңадан немесе қайтадан құрылған кезде;
• бірнеше акционерлік қоғам қосылған (жұтылуы) кезде;
• жарғылық капиталға ақшалай қаражаттарды жұмылдыру кезінде;
• жарғылық капиталды қалыптастыру кезінде;
• акционерлік қоғамның шығынын ұзақ мерзімде қаржыландыру үшін инвесторлардың капиталын пайдалану кезінде.
Инвестор үшін акцияны иеленудің артықшылықтары мынада:
• капитал көлемінің ұлғаюы (бұл нарықтағы акция құнының өсу мүмкіндігімен байланысты);
• дауыс беру құқығы (бағалы қағаздың түріне байланысты);
• қосымша жеңілдіктерге ие болу. Акционерлік қоғам өзінің акционерлеріне бірқатар жеңілдіктерді ұсынуы мүмкін. Мысалы, акционерлік қоғам өндіретін тауардың, қызметтің бағасына жеңілдік және т.б.
• қоғам таратылған жағдайда мүліктің бір бөлігін алу құқығы;
• жаңадан шығарылатын акцияларды сатып алу құқығы және т.б.
Акция иесі (акционер) мынадай топтарга жіктеледі:
1. жеке;
2. ұжымдық (институционалдық);
3. корпоративті.
Әлемдік тәжірибеде, жеке акционерлерге қарағанда, мемлекет қолдайтын және мүмкіндігі зор ұжымдық акционерлерге артықшылық танытады. Үжымдық акционерлерге сақтандыру компаниялары, жеке зейнетақы қорлары, жарналық қорлар жатады.
Акцияның мынадай өзіндік қасиеттері бар:
1. акция – меншік титулы, яғни акция иесі акционерлік қоғамның ортақ иеленушісі болып табылады;
2. акцияның айналым мерзімі жоқ, яғни акция иесінің құқығы акционерлік қоғамның қызмет ету ұзақтығымен тікелей байланысты;
3. акция иесінің жауапкершілігі шектеулі, акционерлер өздерінің қосқан акция сомасының мөлшерінде ғана қоғам міндеттемелеріне жауап береді;
4. акцияның бөлінбеушілік қасиеті, яғни акционерлік қоғамды ортақ меншік құқығымен бірнеше тұлғаның бірлесе отырып иеленуін, меншік иелері арасындағы құқықтың бөлінбеуін білдіреді;
5. акция санын көбейтуге болады, яғни бір акцияның бірнеше акцияға айналуы. Бір акцияның бірнеше акцияға айналуы барысында жарғылық капиталдың көлемі өзгеріссіз қалады. Акцияның бұл қасиетін эмитент акцияның нақты бір түріне ұсынысты көбейту үшін қолдануы мүмкін. Мысалы, номиналдық құны 1000 теңгемен бағаланатын бір акцияның орнына номиналдық құны 250 теңге тұратын 4 жаңа акция шығарады. Акционерлердің иелігіндегі акция санының көп екендігін білдіреді.
6. Акция санының жинақталуы бұл жағдайда акцияның саны азаяды, жарғылық капиталдың көлемі өзгеріссіз қалады.
Акция – ресми құжат болғандықтан, оның түр-сипатын анықтайтын мынадай міндетті деректемелері болуы керек:
1. акционерлік қоғамның атауы, орналасқан жері;
2. бағалы қағаздың атауы – «акция»;
3. реттік нөмірі;
4. шығарылған күні;
5. акцияның түрі (жай немесе артықшылықты акция);
6. номиналдық құны;
7. акция иесінің аты-жөні (атаулы акция бойынша);
8. акцияны шығарған кездегі жарғылық қордың мөлшері;
9. шығарылатын акцияның саны;
10. дивидендті төлеу мерзімі, дивиденд бойынша пайыз мөлшері және жойылу құны (тек артықшылығы бар акция бойынша);
11. акционерлік қоғам басқармасы төрағасының қолы;
12. эмитент – компанияның мөрі.
5.2 Акцияның жіктелімі
Акция мынадай белгілері бойынша жіктеледі:
1. Акцияны шығару нысанына қарай:
• құжатты – материалдық нысаны бар бағалы қағаз түрі;
• құжатсыз – электрондық жазбалардың жиынтығы түрінде шығарылатын бағалы қағаз.
2. Акцияны иелену тәсіліне қарай:
• атаулы акция – акцияның иесі туралы мәліметтер акционерлік қоғамның тіркеу журналында тіркеледі;
• мәлімдеуші акция – акцияның иесі туралы мәліметтер акционерлік қоғамның тіркеу журналында тіркелмей-ақ, бағалы қағаздар нарығында еркін айналымда болатын бағалы қағаз түрі.
3. Акционерлік қоғамның жарғысында көрсетілуіне қарай:
• орналастырылған акциялар – акционерлердің акцияларды сатып алуын білдіреді. Акционерлік қоғамның бағалы қағаздардың бастапқы нарығында құрылтайшылар мен инвесторлар құнын төлеген акциялары;
• жарияланған акциялар – эмитенттің орналастырылған акцияларға қосымша акциялар шығару мүмкіндігін білдіреді. Жарғыда жарияланған акциялар туралы мәліметтер болған жағдайда акционерлік қоғам қосымша акциялар шығару туралы шешім қабылдайды.
4. Акция бойынша құқық көлеміне қарай:
• жай акция – өз құзыреті шеңберінде барлық мәселелерді шешумен байланысты дауыс беру құқығы мен акционрелердің жалпы жиналысына қатысу құқығын, қоғамда таза табыс болған жағдайда дивидендтер, сондай-ақ қоғам таратылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын береді;
• артықшылықты акция – жай акциялардың меншік иелеріне қарағанда артықшылықты акцияның артықшылығы мынада: акционерлік қоғамның жарғысында алдын ала айқындалып, белгіленген мөлшерде акционердің дивиденд алуға және қоғам таратылған кезде белгіленген тәртіппен мүліктің бір бөлігіне басым құқығы бар.
Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық емес ұйымдардың артықшылықты акцияларды шығаруға құқығы жоқ.
Қоғамның артықшылықты акцияларының саны оның орналастырылған акцияларының жалпы санының жиырма бес пайызынан аспауы тиіс.
Мынадай жағдайларды қоспағанда артықшылықты акция иесінің қогамды басқаруға қатысуға құқығы жоқ:
1. қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша артықшылықты акцияларды иеленуші акционердің құқығын шектеуі мүмкін мәселесін қараса;
2. қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі бойынша қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы мәселесін қараса;
3. артықшылықты акция бойынша дивиденті төлеу үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап үш ай ішінде толық мөшерде төленбесе.
Әлемдік тәжірибеде жай және артықшылықты акциялардың бірнеше түрлері бар. Сонымен, артықшылықты акцияларды мынадай түрлерге жіктеуге болады:
• кумулятивті акция – төленбеген немесе толық көлемде төленбеген дивидендтер жинақталып, кейін толық көлемде төленетін акцияның түрі;
• конвертацияланатын (айырбасталатын) акция – акционерлік қоғамның бағалы қағазды шығару пропектісімен айқындалатын талаптар мен тәртіп арқылы оның бағалы қағазының басқа түріне айырбасталуға жататын бағалы қағаз.
Бұл акцияның түрі мынадай жағдайларда айырбасталуы мүмкін:
1. қоғамның қажеттілігіне қарай акционерлерден акцияны қайта сатып алу;
2. басқа бағалы қағаз түріне;
3. номиналдық құны жоғары акцияны номиналдық құны төмен акцияға және керісінше;
4. құқық көлемі жоғары акцияны құқық көлемі төмен акцияға және керісінше.
Қоғам айырбасталатын бағалы қағаздарды шығаруға оның жарғысында осы бағалы қағаздың түрін шығару мүмкіндігі көзделген жағдайда ғана құқылы. Қоғамның бағалы қағаздарын айырбастау талаптары мен тәртібі айырбасталатын бағалы қағаздарды шығару проспектісінде көрсетіледі.
• қатысу үлесі бар акция – акция иесіне тіркелген дивидендпен қатар қосымша дивиденд алуға құқық береді.
• кепілдікті акция – бұл акцияның түрін еншілес кәсіпорындар шығаруы мүмкін. Бұл жағдайда дивидендті төлеу жоғары тұрған ұйымның беделімен кепілдендіріледі. Бұл еншілес кәсіпорындардың шығарған акцияларына инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
1. «Алтын акция» – құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшының шешімі) немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын «алтын акцияны» енгізуі мүмкін. «Алтын акция» иесі акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар мен атқарушы органның шешімдеріне қоғам жарғысында белгіленген мәселелер бойынша вето қою құқығы болады. «Алтын акция» куәландырған вето қою құқығы басқаға берілмеуі тиіс. (Акцияның жіктелімі 4-кестеде берілген).
4-кесте
Акцияның жіктелімі
5.3 Акция бойынша дивиденд төлеу тәртібі
Дивиденд (лат. dіvіdendum – бөліске түсемін) – акционерлік қоғам пайдасынан акционерлерге акциясының құны мен мөлшеріне сәйкес жыл сайын төленетін табыс.
Дивиденд – акционердің өзіне тиесілі акциялары бойынша жыл сайын төлеп отыратын және акционерлер арасында бөлінетін акционерлік қоғам пайдасының бір бөлігі.
Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті арқылы жүргізілуі мүмкін. Төлем агентінің қызметіне ақы қоғам есебінен төленеді.
Орналастырылмаған немесе қоғамның өзі сатып алған акциялар бойынша, сондай-ақ егер сот немесе қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы қоғамды тарату туралы шешім қабылдаса, дивидендтер есептелмейді және төленбейді. Жай және артықшылықты акция бойынша дивиденд төлеу тәртібінің ерекшеліктері 5-кестеде берілген.
5-кесте
Жай және артықшылықты акция бойынша дивиденд төлеу тәртібі
Мынадай жағдайларда қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеуге жол берілмейді:
1. жарғылық капиталдың мөлшері толығымен төленбеген жағдайда;
2. Қазақстан Республикасының банкроттық туралы заңына сәйкес қоғамның төлем қабілетсіздігі немесе дәрменсіздік белгілері анықталған жағдайда немесе аталған белгілер қоғамның акциялары бойынша дивидендтерді төлеу нәтижесінде пайда болса;
3. сот немесе акционерлердің жалпы жиналасында қоғамды тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда;
4. орналастырылмаған акциялары бойынша.
Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді.
Акционер қоғам берешегінің жиналып қалу мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтерді төлеуді талап етуге құқылы.
Дивидендтер оларды төлеу үшін белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негізге ала отырып есептелетін өсімпұл төленеді.
5.4 Акцияның құндық бағасы және акцияның табыстылығын сипаттайтын көрсеткіштер
Акцияның бағасы оның айналымда жүру циклымен, яғни акцияны шығарумен оны алғашқы орналастырумен және оның айналымымен тығыз байланысты.
Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғам» туралы заңына сәйкес қоғамның жарғылық капиталы құрылтайшылардың акцияларының нақты құны бойынша төленуі және акцияларды инвесторларға белгіленген талаптарға сәйкес орналастыру бағасы бойынша сату арқылы қалыптастырылады.
Акцияның құндық бағалары:
1. Акцияның номиналдық құны – барлық жай және артықшылықты акцияларға арналған, жарғылық капиталды қалыптастыруға қатысатын және акционерлік қоғамның құрылтай шартында айқындалатын бірыңғай баға, осы баға бойынша акциялар құрылтайшылар арасында орналастырылатын, акция құнының ақшалай көрінісі.