Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 16
3-ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫНЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
3.4 Бағалы қағаздар нарығының іінфрақұрылымы
ОглавлениеБағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымы – нормативтер мен ережелермен, институттар (мекемелерден) мен әртүрлі техникалық құрал-жабдықтармен материалдандырылған, мәмілелерді жасау және жүзеге асыру барысында қолданылатын технологиялар жиынтығы. Инфрақұрылымның дамуы нарықтың дамуымен байланысты. Нарықтағы айналым және жасалған мәмілелердің саны аз болса инфрақұрылымды ұстау қымбатқа соғады.
Бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын келесідей топтастыруға болады:
• реттеушілік;
• функционалдық;
• техникалық;
• ақпараттық.
Бағалы қағаздар нарығының реттеушілік инфрақұрылымы – бұл мәмілелердің жүзеге асырылуын реттеуге мүмкіндік беретін, әртүрлі ережелер мен әдістер жиынтығынан тұратын бағалы қағаз нарығын реттеу жүйесі.
Бағалы қағаздар нарығын реттеу жүйесінің мақсаты – бағалы қағаздар нарығының тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету (тәуекелді төмендету және өтімділікті арттыру). Бағалы қағаздар нарығын реттеуді мемлекет немесе өзін-өзі реттейтін ұйымдар жүзеге асырады.
Мемлекет бағалы қағаздар нарығын реттеуді мемлекет шығарған заңмен, нормативтік актілермен іске асырады.
Өзін-өзі реттейтін ұйымдарға нарыққа қатысушылардың бірлестігі, қор биржасы, биржадан тыс сауда жүйесі кіреді.
Бағалы қағаздар нарығының функционалдық инфрақұрылымы – бағалы қағаздармен мәмілелерді жасау процесін қамтамасыз ететін, бағалы қағаздармен сауда-саттықты жүргізу жүйесі (делдалдар, қор биржасы, ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған биржадан тыс нарық, бағалы қағазды аукцион бойынша сату). Алғашқы бағалы қағаздар нарығында делдалдар бағалы қағаздарды қайта сату мақсатымен, эмитенттен төменгі бағада бағалы қағаздарды сатып ала отырып, оларды алғашқы орналастыруды қамтамасыз етеді. Делдалдарға инвестициялық банктер жатады. Ал қайталама бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасауды брокерлер мен дилерлер іске асырады. Қор биржасы, яғни КА8Е әрекет етіп жүр. Биржалық нарық ұйымдастырылған нарыққа ұқсас болып келеді. Ал биржадан тыс нарық ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарық ретінде болуы мүмкін. Бағалы қағазды аукцион бойынша сату, яғни бұл аукционға делдалдар мен инвесторлардың өздері қатыса алады.
Бағалы қағаздар нарығының техникалық инфрақұрылымы
– жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысу жүйесін білдіреді. Мынадай қызметтерді қамтиды: депозитарлық қызмет (бағалы қағаздарды сақтау, бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алу); бағалы қағаздар иелерін тіркеуді жүзеге асыру және сақтауға байланысты қызмет; есеп айырысу және клирингтік қызмет. Жоғарыда аталған қызмет түрлерін сәйкесінше мына мекемелер жүзеге асырады: орталық депозитарий, тіркеуші және клирингтік мекеме.
Бағалы қағаздар нарығының ақпараттық инфрақұрылымы
– байланыс жүйесі мен ақпараттық жүйеден тұрады. Ақпараттық жүйе – ақпаратты (мәліметтерді) жинау, өңдеу және бағалы қағаз нарығына қатысушыларға эмитент туралы ақпаратты, шығарылған жаңа бағалы қағаздар туралы, оның бағасы және бағалы қағаздармен сауда-саттықты жүргізу орны туралы және т.б мәліметтерді беру. Байланыс жүйесін – телекоммуникациялық жүйе деп те атайды.