Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 17
3-ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫНЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
3.5 Бағалы қағаздар нарығындағы тәуекелдер
ОглавлениеТәуекел – күрделі экономикалық категория. Нарықта жаңа тәуекелдің түрлері пайда болып отырады. Тәуекелді жою немесе мүлдем болдырмау мүмкін емес, бірақ тәуекелдің деңгейін төмендетуге немесе әртүрлі шаралардың көмегімен тәуекелдің алдын алуға болады. Сондықтан, тәуекелдің пайда болу себептерін анықтап, тәуекелдің салдарын бағалап, тиісті шараларды қолдану қажет.
Бағалы қағаздар нарығында бағалы қағаздармен операциялар жасау барысында инвестор эмитенттің қызметіне байланысты туындайтын және оның қызметіне байланыссыз болатын тәуекелдерге барады. Бағалы қағаздар нарығындағы тәуекелдерді үлкен екі топқа бөледі:
• жүйелік тәуекел, яғни эмитент компанияның қызметіне байланыссыз нарықтағы өзгерістерге тиеселі экономикалық факторларға негізделген тәуекел. Мұндай тәуекел әртараптандыруға жатпайды, сондықтан оны әртараптаидырылмайтын тәуекел деп атайды.
• жүйелік емес тәуекел, яғни эмитенттердің қызметіне негізделген тәуекел. Мұндай тәуекелдерді инвестициялық қоржынды әртараптандыру арқылы немесе өзге эмитенттердің бағалы қағаздарына қаражат салу арқылы қалыпқа келтіруге болады, сондықтан оны әртараптандырылған тәуекел деп атайды.
Жоғарыдағы аталған тәуекелдің екі түрі әртүрлі белгілері бойынша өзара тағы жіктеледі. Әртараптандырылмайтын тәуекелдің жіктелімі 2-кестеде берілген.
Әртараптандырылмайтын тәуекел ел тәуекелі, салалық тәуекел, жекелеген оператордың қызметімен байланысты тәуекел болып жіктеледі. Аталған тәуекелдер ішінара тағы жіктеледі.
Ел тәуекелінің деңгейі инвестициялық климатты анықтайды. Шетел мемлекеттің бағалы қағаздарына инвестиция жасаған кезде ел тәуекеліне талдау жұмыстары жүргізіледі. Осы жағадайда экономикалық, фискалды-монетарлық, әлеуметтік-саяси тәуекелдер бағаланады.
2-кесте
Әртарапт андырылмайтын немесе жүйелік тәуекелдің жіктелімі
Инвесторлар үшін макродеңгейдегі экономикалық тәуекелдер инфляциялық үдерісте көрініс табады. Инфляцияның әсерінен инвесторлар сатып алған бағалы қағаздар бойынша пайда емес, зиян шегеді.
Фискалды-монетарлық тәуекел – ақша-несиелік саясаттың, салық саясатының т.б. және заңнамалар өзгерісінің нәтижесінде туындайды.
Әлеуметтік-саяси тәуекел – мемлекеттің саяси бағыттарының өзгерісі нәтижесінде туындайды. Мысалы, жергілікті уәкілетті органдардың қойған қатаң талаптары инвесторларды үркітіп жібереді.
Салалық тәуекел – жекелеген салалардың қызмет ету ерекшелігімен байланысты туындайтын тәуекелдер. Инвесторлар тұрақты, жоғарғы деңгейде табыс әкелетін корпорациялардың бағалы қағаздарын сатып алғанды жөн көреді.
Бағалы қағаздар нарығындағы қаржылық операторлардың тәуекелі екі топқа бөлінеді: қаржылық және коммерциялық.
Қаржылық тәуекел – контрагент іс-әрекетінің өзгерісінен немесе оператордың жіберген қателігінен, нарықтағы белгісіздік жағдайлардан туындайды.
Нарықтық тәуекел – қаржы нарықтарының қолайсыз қозғалыстарына байланысты шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі. нарықтық тәуекелдің макроэкономикалық табиғаты бар, яғни қаржы жүйесінің макроэкономикалық көрсеткіштері нарықтық тәуекелдердің дереккөздері болып табылады. Нарықтық факторларға пайыз мөлшерлемесінің ауытқуы, акция мен облигация құнының төмендеуі, валюта бағамының өзгеруі және т.б. жатады.
Несиелік тәуекел – бағалы қағазды шығару талаптарымен белгіленген мерзімде инвесторға тиесілі негізгі борышты және сыйақыны эмитенттің төлемеуі немесе уақытылы төлемеуі салдарынан, сондай-ақ своптар, опциондар, форвардтар мен кредиттік тәуекелге ұшыраған өзге де қаржы құралдары бойынша және аталған бағалы қағаздар мен қаржы құралдары жөніндегі есеп айырысуларды реттеу кезеңіндегі міндеттемелерді әріптестің орындамауына байланысты не контрсеріктестің немесе клиенттің шартта көзделген немесе мәміле жасау барысында туындайтын өздерінің міндеттемелерін орындамауы немесе дер кезінде орындамауы салдарынан туындайтын залал тәуекелін қосқандағы шығыстардың (шығындардың) туындау тәуекелі. Клиенттің төлем қабілеттілігін алдын ала талдау несиелік тәуекелді төмендетеді.
Өтімділік тәуекелі бағалы қағаз сапасының төмендеуіне байланысты бағалы қағаздарды сату барысында туындайтын шығын немесе активтерді сата алмауға да байланысты туындайды. Өтімсіз активтер жоғарғы табыстарға қол жеткізе алмайды және оларды сату барысында оның құнын төмендетуге тура келеді.
Операциялық тәуекел – нарықтағы оператордың әрекетіне байланысты туындайтын тәуекел. Тәуекелдің бұл түрі техникалық сипатқа ие.
Коммерциялық тәуекел – кәсіпорынның қызметінен күтілетін нәтиженің ауытқуынан туындайтын тәуекел. Эмитент кәсіпорынның қаржылық жағдайына эксперттік талдау жүргізу барысында аталған тәуекел бағаланады. Зерттеу барысында мынадай көрсеткіштер қарастырылады: сату көлемі, жалпы табыс, төленген салықтар, еңбекақының көлемі, күрделі қаржы жұмсалымы және тб.
Маркетингтік тәуекел – нарықта кәсіпорынның мінез-құлық стратегиясын таңдауға байланысты.
Іскерлік бедел тәуекелі – басқарудың тиімділігімен, инвестициялық және өндірістік қызметтің тиімділігімен анықталады.
Әртараптандырылған немесе жүйелік емес тәуекел бағалы қағаздың нақты түріне байланысты.
Әртараптандырылған немесе жүйелік емес тәуекел инвестициялаудың объектісіне байланысты тәуекел, инвестициялаудың бағытына байланысты тәуекел, іріктемелі (селективті) тәуекел және технологиялық тәуекел болып жіктеледі.
Әртараптандырылған тәуекелдің жіктелімі 3-кестеде берілген.
Инвестициялаудың объектісіне байланысты тәуекел, эмитентке және оның табыстылығымен, бағалы қағаз бойынша табыс төлеу қабілеттілігіне байланысты туындайды.
3-кесте
Әртараптандырылған немесе жүйелік емес тәуекел жіктелімі
Дивидендтерді төлей алмауға байланысты тәуекел – акция бойынша дивидендті төлемеу пайданың болмауына байланысты емес, инвестордың компаниядағы жеке жағдайына байланысты болуы мүмкін: біріншіден, инвестордың құқық көлеміне қарай, яғни дивидендтің көлемі, инвестордың дауыс беру құқығы және т.б.; екіншіден, акцияның нарықтағы позициясына қарай, яғни шығарылым көлемі, нарықтағы айналымының жағдайы, бағалы қағаздарды қосымша немесе келесі кезеңге бағалы қағаздарды шығару және т.б.
Акция құнының өзгеруіне байланысты тәуекел немесе нарықтағы «аюлар» мен «бұқалар» тәуекелі – «бұқа» қор нарығындағы трендтің өсуіне және «аюлар» қор нарығындағы трендтің төмендеуіне байланысты туындайды.
Басқаруға байланысты тәуекел – кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын менеджердің біліктілігіне байланысты туындайтын тәуекел. Менеджердің жіберген қателігі үшін бағалы қағазға инвестиция жұмсаған инвестор шығынға ұшырайды.
Айырбастауға байланысты тәуекел – облигацияларды айырбастау немесе артықшылығы бар акцияларды жай акцияға айырбастаған кезде туындайды.
Валюталық тәуекел – бір шетелдік валютаға ұлттық валютаның қатынасы кезіндегі курсының өзгеруі нәтижесінде актив құнының теріс өзгеруі мүмкіндігіне байланысты туындайды.
Апат тәуекелі – банкорттыққа ұшырау, кәсіпорынның шығынға ұшырауы, ірі қателікке жол беруге байланысты туындайды.
Инвестициялаудың бағытына байланысты тәуекел – ел тәуекелі, салалық тәуекел, аймақтық тәуекел деп бөліп қарастыруға болады.
Аймақтық тәуекел жергілікті атқарушы органдардың шешіміне немесе іс әрекетіне, жергілікті аймақтың салық климатына, аймақтың экономикалық жағдайына және т.б. байланысты туындайды.
Іріктемелі (селективті) тәуекел портфелдік тәуекел мен уақытша тәуекелден тұрады.
Уақытша тәуекел – оптималды емес уақытта бағалы қағаздарды эмиссиялау немесе бағалы қағаздарды сату немес сатып алуға байланысты туындайтын тәуекел. Бағалы қағаздармен жұмыс жасау ережесі мынадай тоқтамға келген: «ең жоғарғы курспен бағалы қағаздарды сатып алуға және ең төменгі курспен бағалы қағаздарды сатуға болмайды». Курстың максималды мәнге жетуі барысында бағалы қағаздарды сату қажет, төменгі мәнге жеткен кезде бағалы қағаздарды сатып алу қажет. Ал басқа уақытта бағалы қағаздарды сату немесе сатып алу тәуекелге апарады.
Технологиялық тәуекел – сауда және есеп айырысу жүйесін пайдалануға, оператордың біліктілігіне, қамтамасыз етудің техникалық жүйесінің сенімділігіне және т.б. байланысты.
Жеткізілім тәуекелі – бағалы қағаздарды жеткізуге байланысты міндеттеменің орындалмауы жағдайында туындайтын тәуекел.
Төлем тәуекелі – бағалы қағаздармен жасалған операциялар бойынша төлемнің жүргізілмеуіне байланысты.
Клирингтік тәукел – таза позицияны есептеуге, ақшалай қаражаттарды аударуға, клирингтік жүйенің қызмет етуіне байланысты туындайды.
Операциялық тәуекел – бағалы қағаздармен жасалған операциялардың технологиясының бұзылуына, техникалық қызметкерлердің біліктілігінің болмауына байланысты.
Аударым тәуекелі – айырбасталатын валютада сатып алушылардың сатушыларға ақша қаражаттарын аударуға байланысты туындайды.
Тәжірибеде бағалы қағаздардар бойынша табыстылыққа баға беру үшін тәуекелдердің түрлерін оның салдарын зерттеп, талдау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, инвесторлар бағалы қағаздар нарығында тәуекелдің алдын алу үшін талдау жұмыстарын жүргізеді.