Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 2

1- ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ МЕН ТҮРЛЕРІ
1.1 Бағалы қағаздың экономикалық мәні

Оглавление

«Бағалы қағаздар» – иелеріне мүліктік құқықтар мен белгілі бір ақша сомаларын алуға құқық беретін ақшалай немесе тауарлық құжаттар.

«Бағалы қағаз нарығы» туралы қолданыстағы заңға сәйкес бағалы қағаз – мүліктік құқықты куәландыратын белгілі бір жазбалар мен басқа да белгілеулердің жиынтығы болып табылады. Бағалы қағаздың иесі бағалы қағаздың нақты бір түріне қарай бірнеше құқықтарға ие болады. Бұл құқықтар мүліктік құқықтар болып табылады. Мысалы, акциялар қоғамды басқаруға қатысу құқығын, дивидендтер алу құқығын және акционерлік қоғам таратылған жағдайда оның мүлкінің тиісті бөлігін алу құқығын береді.

Бағалы қағаз нақты капиталдың өкілі, ал капитал ретінде бағалы қағаз бұл тіркелген (жалған) капитал болып табылады. Жалған капиталдың нақты (ақша немесе құрал-жабдық нысанындағы) капиталдан айырмашылығы құнды көрсетпейді, тек пайда алуға құқық беретін капиталды айтады. Бағалы қағаз бір уақытта нақты капиталдың өкілі де, тіркелген капитал да бола алады.

Тауар әлемі екі топқа бөлінеді: тауар (материалдық игілік, қызмет) және ақша. Өз кезегінде ақша – жай ақша немесе капитал болуы мүмкін. Осыған сәйкес бағалы қағаз тауар немесе ақшаның өкілі болуы мүмкін.

Бағалы қағаз – материалдық тауар немесе ақша болып табылмайды.

Бағалы қағаздар ерекше тауар ретінде айналымда жүреді, оның өзіне тән жұмысты ұйымдастыру мен ережелері бар нарығы болуы тиіс. Алайда, бағалы қағаздар нарығында сатылатын тауарлар өзгеше тауар болып табылады, өйткені бағалы қағаздар – тек меншік титулы, табысқа құқық беретін құжаттар, бірақ нақты емес капитал. Бағалы қағаздар нарығының оқшаулануы олардың осы қасиетімен айқындалады және нарық бағалы қағаздарды бір иеленушінің басқа иеленушіге көп жағдайларда еркін және оңай беруімен сипатталады.

Бағалы қағаз айналымы тауар айналымынан өзгеше болып келеда. Бағалы қағаздың айналымы мына кезеңдерді қамтиды. Бағалы қағаз айналымы 1-суретте берілген.


1-сурет. Бағалы қағаз айналымы


Бағалы қағазды эмиссиялау – бұл ссудалық капиталды титулға айырбастауды білдіреді. Бағалы қағаздарды эмиссиялау үшін, алдымен, эмиссиялық проспект жасалуы қажет. Бағалы қағаздар айналымы деп бағалы қағаз бойынша меншік құқығының бір тұлғадан басқа бір тұлғаға өтуін айтады. Бағалы қағазды өтеу немесе айналымда титулды алу бағалы қағаздың нақты капиталға айырбасталуын білдіреді.

Бағалы қағазды тұтыну құнының өлшемі бағалы қағаздың сапасын білдіреді. Бағалы қағаздың сапасын мына элементтер сипаттайды:

• бағалы қағаздың өтімділігі, бағалы қағаз бойынша құқықтың бір тұлғадан екінші бір тұлғаға өтуі;

• бағалы қағаздың табыстылығы, бағалы қағаз иесінің пайда алу құқығы;

• бағалы қағаз бойынша тәуекел, бағалы қағаздар бойынша құқықтарды (пайда алу және айналым құқығы) жүзеге асыруға байланысты белгісіздік.

Бағалы қағаздардың мәнін ашу үшін оның атқаратын қызметтеріне тоқталып өткен жөн.

Бағалы қағаз мынадай қызметтерді жүзеге асырады:

1. Бағалы қағаздар арқылы ақша қаражаттарын қайта бөлу – эмитент – кәсіпорындар арасында, эмитент – кәсіпорын мен инвесторлар арасында және т.б. арасында бағалы қағаздар арқылы ақша қаражаттарының құйылуы. Мысалы, бір кәсіпорын басқа бір кәсіпорынның бағалы қағаздарын сатып алады, кәсіпорындар бір-біріне кредитор немесе инвесторлар бола алады.

2. Қаржыны жұмылдыру – кәсіпорынның жарғысын қалыптастыру, нақты жобаны жүзеге асыру, пайда табу барысында кәсіпорындар бағалы қағаздарды эмиссиялау арқылы ақша қаражаттарын тартады.

3. Төлем және есеп айырысу қызметі – көрсетілген қызметтер мен сатып алынған тауарлар бойынша бағалы қағаздар арқылы есеп айырысу.

Экономикалық категория ретінде бағалы қағаздың мынадай белгілері бар:

1. мерзімділік:

• бағалы қағаздың айналымда жүру кезеңі.

2. кеңістік:

• бағалы қағаздың нысаны;

• бағалы қағаздың ұлттық сипаты;

• бағалы қағаздың территориалдық сипаты.

3. нарықтық:

• бағалы қағазды иелену құқығы: ұсынушыға немесе нақты тұлғаға (заңды немесе жеке тұлғаға) арналған бағалы қағаз;

• бағалы қағазды эмиссиялау нысаны: эмиссиондық, сипаты жағынан бір-біріне ұқсас болып келетін бағалы қағаздарды жекелеген сериямен шығару және эмиссиондық емес (жеке);

• эмитент түрі: мемлекет, корпорация, жеке тұлғалардың бағалы қағазды эмиссиялауы;

• бағалы қағаздың айналымдылық сипаты: нарықта еркін немесе шектеулі түрде айналымда болады;

• тәуекел деңгейі: бағалы қағаз бойынша тәуекел деңгейі төмен, жоғары және т.б;

• бағалы қағаз бойынша есептелетін пайданың болуы немесе болмауы;

• номиналдың түрі (тұрақты және ауыспалы)

Бағалы қағаздар, экономикалық қатынастар жүйесінде ақшаны жұмылдыру, жұмсау және айырбастау үдерісіндегі ыңғайлы әрі тиімді құрал болып табылады. Халыққа белгілі бір кәсіпорынның табыстарына ортақтасуға мүмкіндік бере отырып, бағалы қағаздар іскерлік белсенділікті арттыра түседі.

Бағалы қағаз есеп айырысу кезінде кепіл ретінде қолданылуы мүмкін; жылдар бойы сақталуы мүмкін; мұрагерлікке берілуі мүмкін және т.б.

Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы

Подняться наверх