Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 8

2-ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ЭМИССИЯЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
2.2 Бағалы қағаздарды мемлекеттік тіркеу

Оглавление

• Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу

Шығарылған бағалы қағаздарды мемлекеттік тіркеу туралы шешімді акционерлік қоғамның құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшысы) немесе акционерлердің жалпы жиналысы (дауыс беретін барлық акцияларды иеленуші акционер) қабылдайды.

Құрылтай жиналысының (жалғыз құрылтайшының) немесе акционерлердің жалпы жиналысының жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы шешімінде:

1. эмитенттің атауы және оның орналасқан жері көрсетіле отырып, құрылтай жиналысының өткізілетін орны мен күні;

2. құрылтай жиналысына қатысқан құрылтайшылардың тізімі немесе акционерлік қоғамның акционерлердің жалпы жиналысына табыс етілген дауыс беруші акцияларының саны туралы мәліметтер;

3. акциялардың түрлері және олардың жалпы саны;

4. құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялардың саны және олардың акцияларды төлеу тәртібі;

5. құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялардың нақты құны қамтылуы тиіс.

Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу акционерлік қоғам табыс еткен мынадай құжаттар негізінде жүзеге асырылады:

1. еркін нысанда жазылған өтініш;

2. құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшы шешімінің) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы немесе акционерлердің жалпы жиналысының жарияланған акцияларды шығару проспектісіне өзгерістерді тіркеу туралы хаттамасының көшірмесі;

3. акционерлік қоғам жарғысының көшірмесі;

4. акционерлік қоғамды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;

5. акционерлік қоғам статистикалық карточкасының көшірмесі;

6. акциялар шығару проспектісінің екі данасы;

7. акционерлік қоғамның құрылтайшылары арасында орналастырылатын жарияланған акциялар төленгенін растайтын құжаттар. Тапсырылатын құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкілетті орган жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеуді акцияларға ұлттық бірдейлендіру нөмірін (ұлттық бірдейлендіру нөмірлерін) беру және акционерлік қоғамға жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тіркеу туралы уәкілетті орган белгі соққан акциялар шығару проспектісінің бір данасын беру (жіберу) арқылы жүзеге асырады.

Жарияланған акцияларға ұлттық бірдейлендіру нөмірін (ұлттық бірдейлендіру нөмірлерін) беру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді. Бір түрдегі барлық жарияланған акциялардың бірыңғай ұлттық бірдейлендіру нөмірі болады.

Тіркеуші акционерлік қоғам құрылтайшыларының (жалғыз құрылтайшысының) акциялар жөніндегі құқықтарын тіркеуді жарияланған акциялар шығару мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады.

• Мемлекеттік емес облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу

Мемлекеттік емес облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға мынадай құжаттарды:

1. еркін нысанда жазылған өтінішті;

2. эмиссиялық органның облигацияларды шығару, орналастыру, айналымға жіберу және өтеу тәртібі, облигацияларды орналастыру нәтижесінде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртібі, облигациялардың шығарылу көлемі, саны мен түрі, облигациялардың нақты құны, облигация ұстаушылардың құқықтары туралы мәліметтер бар облигациялар шығару туралы шешімінің көшірмесін;

3. облигациялар шығару проспектісінің (облигациялық бағдарлама проспектісінің) екі данасын;

4. жарғының көшірмесін;

5. заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы куәліктің көшірмесін;

6. статистикалық карточканың көшірмесін;

7. инфрақұрылымдық, сондай-ақ банк кепілдігімен қамтамасыз етілген облигациялар шығарылған жағдайда эмитенттің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз еткенін растайтын құжаттарды және облигация ұстаушылардың өкілімен жасалған шарттың көшірмесін табыс етуге міндетті.

Облигациялық бағдарлама аясында әр облигацияны шығарудың өз ұлттық бірдейлендіру нөмірі болады. Құрылтайшылар (бірден-бір құрылтайшы) жарғылық капиталды төлегеннен кейін эмитент мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды ұсынуға құқылы.

• Облигациялық бағдарламаны және облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеудің ерекшеліктері

Облигациялық бағдарламаны мемлекеттік тіркеуді уәкілетті орган облигациялық бағдарлама проспектісін алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде жүзеге асырады. Облигациялық бағдарлама аясында облигациялардың алғашқы шығарылуын мемлекеттік тіркеу эмитенттің тілегі бойынша осы облигациялық бағдарламаны мемлекеттік тіркеумен бір мезгілде жүзеге асырылуы мүмкін. Тіркелген облигациялық бағдарлама аясында облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу үшін уәкілетті органға эмитент табыс еткен құжаттарды уәкілетті орган олар табыс етілген күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде қарауы тиіс.

Эмитент және облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу үшін эмитент табыс еткен құжаттар бағалы қағаз нарығы туралы заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады және эмитентке облигациялық бағдарламаның немесе облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығарудың мемлекеттік тіркелгені туралы куәлік береді.

Эмитент және облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу үшін эмитент табыс еткен құжаттар Қазақстан

Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті орган эмитентке мемлекеттік тіркеуден бас тарту себебін дәлелдей отырып жібереді.

Уәкілетті орган мынадай жағдайда, егер:

1. қор биржасында осы облигациялық бағдарлама шегінде шығарылған облигациялар бойынша сауда-саттық тоқтатыла тұрса;

2. осы облигациялық бағдарлама шегінде шығарылған облигацияларға делистинг жүргізілсе;

3. облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу нәтижесінде айналымдағы облигациялар шығарылымының жалпы сомасы осындай облигациялық бағдарламаның тіркелген көлемінен асып кетсе;

4. облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар белгіленген талаптарға сай келмесе, эмитентке облигациялық бағдарлама шегінде облигациялар шығаруды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға құқылы.

Эмиссиялық Бағалы қағаздар шығарудымемлекеттік тіркеуден бас тарту және олардың шығарылуын мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұру

Эмитент шығару құжаттарын мемлекеттік тіркеуге табыс ету талаптары мен тәртібін бұзған және құжаттарды қарау процесінде олардың Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда уәкілетті орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға құқылы.

Егер табыс етілген құжаттарды қарау процесінде эмитент пен оның қызметі туралы қосымша мәліметтер алу қажеттігі туындаса, уәкілетті орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тіркеуді тоқтата тұруға құқылы.

Уәкілетті орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тіркеуді эмитент қосымша мәліметтерді табыс еткен күннен бастап қайта жаңғыртады.

Эмитент уәкілетті органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы

Подняться наверх