Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 13
3-ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫНЫҢ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
3.1 Бағалы қағаз нарығының мәні және атқаратын қызметтері
ОглавлениеБағалы қағаздар нарығының мәні – нарық қатысушыларының бағалы қағаздарды шығаруымен және бағалы қағаздардың айналымымен байланысты экономикалық қатынастарының жиынтығы.
Осы тұрғыдан бағалы қағаздар нарығының мәні кез келген басқа тауар нарығының анықтамасынан өзгешеленбейді.
Тауар шаруашылығы тұрғысынан алғанда бағалы қағаздар нарығы бір жағынан кез келген тауар нарығына ұқсас, яғни бағалы қағаз нарығының құралдары – тауар тұрғысынан қарастырылады, ал екінші жағынан тауар мен бағалы қағаздың арасында өзіндік айырмашылық бар. Бағалы қағаздар нарығы мен материалдық игілік түріндегі тауар нарығының арасыдағы айырмашылықтарға мыналар жатады:
Біріншіден, екі нарықтың объектісінде және көлемінде, яғни бағалы қағаздар нарығының объектісі – бағалы қағаз, тауар нарығының объектісі – материалды тауар болып табылады. Материалдық игілік нарығының көлеміне қарағанда бағалы қағаз нарығының көлемінің ауқымы кең.
Екіншіден, нарықтың қалыптасу тәсілінде. Тауар еңбек үдерісінде өндірілсе, бағалы қағаз айналым үдерісінде шығарылады.
Үшіншіден, айналым үдерісінде. Материалдық тауарды өндіру мақсаты – жеке тұтыну болып табылады. Айналым үдерісінің қажеттілігі тауарды өндірушіден тұтынушыға жеткізу болып табылады. Тауар айналымының кезеңділігі шектеулі. Бағалы қағаз айналым процесінде ғана өмір сүреді. Ал бағалы қағаз айналымының жылдамдылығы – бұл оның «сапасын» айқындайтын негізгі көрсеткіш. Бағалы қағаз үшін айналым үдерісінің тоқтатылуы бағалы қағаздың айналым кезеңінің аяқталуын білдіреді.
Төртіншіден, екі нарықтың қызмет ету ерекшелігінде. Материалдық тауар өндірісі – адамзаттың өмір сүруінің негізі. Материалдық тауар нарығы бағалы қағаздар нарығына қарағанда адамның өмір сүруі үшін бірінші кезекті қажеттілігін қанағаттандырумен байланысты болып келеді. Бағалы қағаздар нарығы мен ақша нарығы өзіндік объектілерімен ерекшеленеді. Бірақ бұл нарықтың айналым процесінің мәнділігі мен қалыптасу тәсілдері ұқсас болғандықтан, бағалы қағаз төлем-есеп айырысу қызметін атқаруы мүмкін.
Қазақстандағы Бағалы қағаздар нарығының жіктелуі бағалы қағаздың нақты түрлерімен байланысты болып келеді. Бағалы қағаз нарығының мынадай түрлері бар:
1. копоративті бағалы қағаздар нарығы:
• акция нарығы;
• облигация нарығы.
2. мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы (эмитенттері мыналар болып табылады: Ұлттық банк, Қаржы Министрлігі, муниципалитет);
3. туынды бағалы қағаздар нарығы, яғни бағалы қағаздар мынадай нысанда эмиссияланады:
• келісімшарт нысанында: фьючерс, форвард, опцион, своп;
• кепілдік нысанында: варрант, коносамент;
• куәлік нысанында: депозитарлық қолхаттар, банктік сертификаттар, ипотекалық куәліктер.
Бағалы қағаздар нарығының рөлін мына екі позиция тұрғысынан бағалауға болады: әртүрлі көздерден ақша қаражаттарын тарту көлемі тұрғысынан және бос ақшалай қаражаттарды қандай да бір нарыққа орналастыру тұрғысынан.
Ақша қаражаттарын тарту ішкі және сыртқы көздер есебінен жүргізілуі мүмкін. Әдетте ішкі көздерге мыналарды жатқызады: амортизациялық аударымдар және алынған пайда (кіріс). Ал сыртқы көздерге: банктік ссуда және бағалы қағазды шығарудан түскен ақша қаражаттары жатады. Дамыған елдерде тартылған қаражаттардың ішкі көздері 75 %-ды, ал сыртқы көздері шамамен 5 немесе 20 %-ды құрап отыр.
Бос ақшалай қаражаттар пайда әкелетін әртүрлі салаларда пайдаланылуы мүмкін: өндіріс, құрылыс, сауда, байланыс және т.б. салаларда. Ақшалай ресурстар зейнетақы және сақтандыру қорына, әртүрлі бағалы қағаздарға, ссуда ретінде, банктік депозитке орналастырылуы мүмкін.
Бағалы қағаздар нарығының мәні оның атқаратын қызметтері арқылы анықталады.
Бағалы қағаздар нарығының атқаратын қызметтерін шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Жалпы нарықтық және өзіндік ерекшілігі бар қызмет.
Бағалы қағаздар нарығының жалпы нарықтық қызметіне мыналар жатады:
1. коммерциялық қызмет, яғни бағалы қағаздар нарығындағы операциялардан пайда алу;
2. баға белгілеу қызметі, сұраныс пен ұсыныс негізінде нарықтық бағаның қалыптасуын қамтамасыз ету;
3. ақпараттық қызметі, нарық өздерінің қатысушыларын сауда объектілері мен нарықтың қатысушылары туралы әртүрлі ақпараттармен қамтамасыз етеді;
4. реттеушілік қызметі, нарық сауда-саттықты ұйымдастыру және оған қатысу ережесін қалыптастырады, нарыққа қатысушылар арасындағы дау-дамайды шешу тәртібін бекітеді.
Бағалы қағаздар нарығының өзіндік ерекшілігі бар қызметтеріне мыналар жатады:
1. қайта бөлу қызметі;
2. қаржылық және баға тәуекелін сақтандыру немесе хеджирлеу қызметі.
Ақша қаражаттарын қайта бөлу қызметі бағалы қағаздарды шығару және оның айналымда болуымен байланысты, яғни бұл қызметтің мәні мынада: мемлекет пен жеке және заңды тұлғалар арасында; халық пен кәсіпорын арасында; сала арасында, аумақ пен ел арасында ақша қаражаттарының қайта бөлінуінде.
Сонымен, қайта бөлу қызметін шартты түрде мынадай қосалқы қызметтерге бөлуге болады:
1. нарық қызметінің салаларына ақша қаражаттарын қайта бөлу;
2. халықтың жинақтарын өнімсіз формадан өнімді формаға ауыстыру;
3. инфляциялық емес негізде, айналымға қосымша ақша қаражаттарын шығармай-ақ мемлекеттік бюджеттің тапшылығын қаржыландыру.
Бағалы қағаздар нарығының қаржылық және баға тәуекелін сақтандыру немесе хеджирлеу қызметінің мәні – тәуекелді қайта бөлу болып табылады. Бұл қызмет туынды бағалы қағаздардың пайда болуына байланысты қолданысқа ене бастады. Осы қызметтің көмегімен бағалы қағаздар нарығы өзінің тұрақтылығын және мәнділігін ұлғайтты.