Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 3
1- ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ МЕН ТҮРЛЕРІ
1.2 Бағалы қағаздың деректемелері
ОглавлениеБағалы қағаздың деректемелері – бағалы қағаздың экономикалық және техникалық сипаттамаларын білдіреді. Бағалы қағаздың деректемелері заңмен бекітіледі. Шартты түрде бағалы қағаздың деректемелері екі топқа жіктеледі: бірінші тобы – бағалы қағаздың экономикалық мазмұнын сипаттайтын экономикалық деректемелер; екінші тобы – техникалық деректемелер, яғни бағалы қағаз иесінің құқығын жүзеге асырушы мекеменің атауы, мөрі, қолы, мекенжайы, реттік нөмірі және т.б.
Бағалы қағаздың міндетті деректемелерінің біреуінің болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшін белгіленген нысанға сәйкес келмеуі оның жарамсыздығын білдіреді. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлері, бағалы қағаздардың міндетті деректемелері, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажетті талаптар заң құжаттарымен немесе бекітілген ереже бойынша белгіленеді.
Бағалы қағаздың экономикалық деректемелеріне мыналар жатады:
1. бағалы қағаздың нысаны;
2. бағалы қағаздың мерзімі;
3. бағалы қағаздың иесі;
4. бағалы қағаз бойынша міндеті бар тұлғалар – эмитенттер;
5. бағалы қағаздың номиналы;
6. бағалы қағаз бойынша берілетін құқықтар.
Бағалы қағаздың нысаны – бағалы қағаздың физикалық түрін білдіреді, яғни бағалы қағаз құжатты және құжатсыз нысанда шығарылады.
Бастапқы кезеңде бағалы қағаздар тек қана құжатты нысанда шығарылатын. Нарықтық қатынастың дамуына байланысты бағалы қағаздар құжатсыз нысанда шығарыла бастады.
Бағалы қағаздың құжатты нысаннан құжатсыз нысанға ауысу себептері:
Біріншіден, айналымдғы бағалы қағаз санының өсуі.
Екіншіден, құжатты бағалы қағаздарға қарағанда, құжатсыз нысанда шығарылатын бағалы қағаздармен есеп айырысу, оларды сақтау және есепке алу, сондай-ақ бір тұлғадан екінші бір тұлғаға өтуі (және тағы басқа жағдайларда) оңай әрі жылдам және аз шығындармен жүзеге асырылады.
Үшіншіден, бағалы қағаз нарығы құрылымының өзгеруіне байланысты.
Құжатты және құжатсыз нысанда шығарылатын бағалы қағаздар, бағалы қағаздың даму кезеңін білдіреді. Құжатсыз бағалы қағаз – бұл нақты қағаз жүзінде шығарылатын дәстүрлі бағалы қағаз, тіптен, қағаз болып табылмайтын, капитал иесінің есебі электрондық нысанда жүзеге асырылатын бағалы қағазды білдіреді.
Бағалы қағаздың мерзімі екі аспектіде қарастырылады:
1. Тарихи тұрғыда, яғни әрбір бағалы қағаздың өзінің шығу тарихы және нарықтық қатынастардың дамуына қарай өз рөлі болады. Осыған сәйкес бағалы қағаздың жаңа түрлері пайда болады.
2. Бағалы қағаз айналымының мерзімі. Әрбір бағалы қағаздың өзінің айналымға шығару мерзімі, шарты болады. Бағалы қағаздың мерзімі эмитенттің қызмет ету мерзімімен тікелей байланысты. Эмитенттің қызмет ету мерзімімен байланысты бағалы қағаздарға акцияның барлық түрлері жатады.
Нақты бағалы қағаздың мерзімі аяқталғаннан кейін немесе бағалы қағазды шығарған кәсіпорын таратылған жағдайда капитал өзінің соңғы иесіне қайтарылады. Қайтарылатын капиталдың көлемі, бағалы қағазды шығару барысында алдын ала қарастырылады немесе қалдық құны бойынша анықталады.
Бағалы қағаздың иесі немесе өзінің капиталын оның титулына айырбастаған тұлға болады. Меншік құқығын беру тұрғысынан бағалы қағаз атаулы, мәлімдеуші және ордерлі болады.
Бағалы қағаз бойынша құқықтарды беру ерекшеліктері мынада:
1. ұсынушыға бағалы қағазбен куәландыратын құқықты басқа адамға беру үшін бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткілікті;
2. атаулы бағалы қағаз бойынша құқықтарды басқа адамға берген кезде берілетін қағаз жойылады, ал оның жаңа иесіне басқа бағалы қағаз беріледі;
3. ордерлік бағалы қағаз бойынша құқықтар – индоссамент арқылы беріледі. Ордерлік бағалы қағаз бойынша құқық беруші адам (индоссант) оның жүзеге асырылуы үшін де жауапты болады.
Атаулы бағалы қағазға қарағанда мәлімдеуші бағалы қағаздың артықшылығы мынада: бұл бағалы қағаздың айналымы және есеп айырысу жылдамдығы өте жоғары; капиталға деген құқық бір тұлғадан екінші бір тұлғаға бағалы қағазды беру арқылы өтеді.
Бағалы қағаз бойынша міндеті бар тұлғалар – эмитенттер болып табылады.
Эмитент өзінің міндеті бойынша бағалы қағаз иелерінің алдында жауап береді.
Бағалы қағаздың номиналы – бұл бағалы қағазды эмиссиялау барысында нақты бағалы қағазға бекітілетін ақшалай соманы білдіреді. Бағалы қағаздың номиналдық құны негізінде заңды тұлғаның капиталымен байланысты әртүрлі көрсеткіштер, сондай-ақ бағалы қағазға есептелетін табыс бекітіледі. Есептелетін табыстың екі нысаны бар: акция бойынша дивиденд нысанындағы табыс және басқа да бағалы қағаз түрлері бойынша пайыз нысанындағы табыс.
Бағалы қағаз бойынша берілетін құқықтар:
• пайда (табыс) алу құқығы;
• номиналдың қайтарылу құқығы;
• айналым құқығы, яғни бағалы қағаздың нақты түрлеріне байланысты құқықтың бір тұлғадан екінші бір тұлғаға өту құқығы;
• кәсіпорынды басқару құқығы;
• дауыс беру құқығы;
• иесінің қандай да бір жеңілдіктерге құқығының болуы және т.б.