Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 21
4 – ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ПОРТФЕЛІН БАСҚАРУ
Оглавление4.1 Бағалы қағаздар порфелінің мәні
Қор нарығының әлемдік тәжірибесінде қалыптасқан инвестициялық портфель – басқару объектісі болып табылатын жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі бағалы қағаз түрлерінің жиынтығын білдіреді.
Бағалы қағаздар протфелі – бағалы қағаздар нарығы субъектісінің меншігіндегі немесе басқаруындағы әртүрлі бағалы қағаздардың жиынтығы.
Бағалы қағаз портфелін қалыптастыру барысында оның құрамы мен құрылымын өзгерту арқылы басқарушы менеджер тәуекел мен табыстың арақатынасы негізінде жаңа инвестициялық сапаны қалыптастырады.
Қалыптастырылған бағалы қағаздар портфелі – тәуекел дәрежесі мен табыс деңгейіне, қамтамасыз етілуіне қарай корпоративті облигациялар мен акциялардың және өзге де бағалы қағаздардың жиынтығын білдіреді. Бағалы қағаздар портфелінің құрылымын бір бағалы қағаздың орнына басқа бағалы қағазды алмастыру арқылы өзгертуге болады.
Инвестор үшін бағалы қағаз портфелі минималды тәуекелділік деңгейінде, тұрақты табысты қамтамасыз ететін құрал болып табылады. Бағалы қағаз портфелі бойынша табыс – тәуекел деңгейін ескере отырып, қандай да бір портфелде қалыптасқан барлық бағалы қағаздар жиынтығынан түскен жалпы табысты білдіреді.
Бағалы қағаздардың инвестициялық сапасын ескере отырып, нақты бір кезең ішінде портфельге тиесілі тәуекел мен инвестор күтетін табыс арасында балансы бар, әртүрлі бағыттағы портфельді қалыптастыруға болады. Аталған факторлар бағалы қағаздар портфелінің типтерін анықтайды. Бағалы қағаздар портфелінің типтері – бұл табыс пен тәуекелдің арақатынасына негізделген портфельдің инвестициялық сипаттамасы. Портфельдің типтерін жіктеудің негізгі белгісі – курстық құнының өсуі немесе ағымдағы төлемдер (процент пен дивиденд)
Бағалы қағаздар портфелін қалыптастырудағы негізгі қағидалар:
1. бағалы қағаздар портфелінің көлемі мен құрылымының, оны құрайтын көздердің көлемі мен құрылымына сәйкестігін қамтамасыз ету;
2. табыстылықтың, тәуекелділіктің және өтімділіктің оңтайлы қатынасына жету;
3. бағалы қағаз портфелінің басқарылуын қамтамасыз ету;
4. бағалы қағаз портфелін әртараптандыру.
4.2 Бағалы қағаздар портфелінің түрлері
Бағалы қағаздар портфелінің типтері – табыс пен тәуекелдің арақатынасына негізделген портфельдің инвестициялық сипаттамасы. Портфельдің типтерін жіктеудің негізгі белгісі – курстық құнының өсуі немесе ағымдағы төлемдер (процент пен дивиденд).
Пайданы алу көзіне қарай портфельдің жіктелімі:
Өсу портфелінің түрлері:
1. Агрессивті өсу портфелі.
2. Консервативті өсу портфелі.
3. Орташа өсу портфелі
Өсу және табыс портфелінің түрлері:
1. Баланстандырылған портфель.
2. Қос бағыттағы портфель.
Табыс портфелінің түрлері:
1. Тұрақты табыс әкелетін портфель.
2. Табысты бағалы қағаздар портфелі.
Өсу портфелі – курстық құны өсетін компаниялардың акцияларынан қалыптасады. Бұл типтегі портфельдің мақсаты – дивидендті алумен қатар, портфельдің капиталдық құны да өседі. Алайда дивидендтік төлемдер орташа мөлшерде төленеді. Портфельдің құрамына кіретін жиынтық акциялардың курстық құнының өсу қарқыны портфельдің түрлерін анықтайды:
1. Агрессивті өсу портфелі – капиталдың максималды өсіміне бағытталған. Бұл протфельдің құрамына жаңадан құрылған және тез өсетін компаниялардың акциялары кіреді. Агрессивті өсу портфелінің тәуекелі жоғары болады соған сәйкес алатын табысы да жоғары болуы мүмкін.
2. Консервативті өсу портфелі – тәуекелі төмен болып келеді. Аталған портфельдің құрамына танымал ірі компаниялардың акциялары кіреді. Консервативті өсу портфелінің құрамы ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз қалады және капиталдың сақталуына бағытталады.
3. Орташа өсу портфелі – агрессивті және консервативті өсу портфельдерінің үйлесімділігін білдіреді. Портфельдің құрамы кезеңмен жаңаланып отыратын, ұзақ мерзімге сатып алатын сенімді бағалы қағаздардан тұрады. Сонымен бірге капиталдың орташа өсімі мен салым тәуекелдігінің деңгейі бір қалыпқа түседі. Сенімділік – консервативтік өсімнің бағалы қағаздарымен, ал кіріс агрессивтік өсімнің бағалы қағаздарымен қамтамасыз етіледі. Инвесторлар тарапынан жоғары сұранысқа ие кең тараған типтегі портфель болып табылады.
Өсу және табыс портфелі – алатын табыстың және курстық құнының төмендеуінен пайда болатын шығынды азайтуға бағытталған. Осы типтегі портфельдің құрамына кіретін қаржылық активтің бір бөлігі капитал құнының өсуіне ал екінші бөлігі пайда алуға мүмкіндік береді.
1. Баланстандырылган портфель – бұл типтегі портфельге тәуекелі жоғары бағалы қағаздар сонымен қатар жай және артықшылықты акциялар, облигациялар кіреді. Бұл портфельдің ерекшелігі табыстар мен тәуекелдердің балансталуымен сипатталады. Әр түрлі инвестициялық салымдардың комбинациясы капиталдың өсіміне жетуге және жоғары табысты алуға мүмкіндік береді.
2. Қос багыттагы портфель – жоғарғы деңгейде табыс алатын бағалы қағаздар кіреді.
Табыс портфелі – жоғарғы деңгейде табыс алуға мүмкіндік береді. Пайызы немесе дивиденді жоғары облигациялар мен акциялардың және басқада бағалы қағаздардың жиынтығынан тұрады. Сенімділігі жоғары бағалы қағаздар нарығының құралдары портфельдің объектісі болып табылады.
1. Тұрақты табыс әкелетін портфель – минималды тәуекел деңгейінде орташа табыс алып келетін жоғары сенімді бағалы қағаздардан қалыптасады.
2. Табысты бағалы қағаздар портфелі – орташа тәуекел деңгейінде жоғарғы табыс алып келетін корпоративті облигациялардан тұрады.
Инвестициялық портфельдің құрамындағы объектілерді іріктеу инвесторлардың қалауына сәйкес жүзеге асырылатындықтан, инвестор және портфель типі арасындағы байланыс бар болады.
Консервативті инвесторға сенімділігі жоғары, алайда табысы төмен портфель, орташаға біркелкі әртараптардырылған портфель, агрессивті инвесторларға табысы жоғары, бірақ тәуекелді портфель сәйкес келеді.
4.3 Бағалы қағаздар портфелін басқару
Бағалы қағаздар портфелін басқару – бастапқы инве стициялық қоржынды сақтауға, жоғарғы деңгейде табыс алуға, портфельдің инвестициялық бағытын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін әртүрлі бағалы қағаздар жиынтығына нақты әдістер мен технологиялық мүмкіндіктерді қолдануды білдіреді.
Портфельді басқару портфельдің жақсы сапасын қамтамасыз ету үшін және оның бағасының өсуін қамтамасыз ету үшін бағалы қағаздармен әрдайым операциялар жүргізуді қажет етеді.
Портфельді басқару процесінің негізгі бес құрамдас бөлігін атап өтуге болады:
1. инвестициялау мақсаты, инвесторлар қалауы;
2. бағалы қағаздардың әртүрлі түрлерінің табыстылық деңгейі туралы болжау;
3. таңдалған қаражаттарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету;
4. портфельдің құрамдас бөлігінде өзгерістер туғызуы мүмкін факторларды талдау және зерттеу;
5. портфель қызметін бағалау, яғни тәуекелге қатысты портфельдегі табысты бағалау.
Сонымен бірге басқару үдерісінің барлық құрамдас бөліктері бір-бірімен тығыз байланысты.
Портфельді басқару үдерісі портфельдің инвестициялық сапасы мен құрамын сақтауға бағытталған қымбат, әрі еңбекті көп қажет ететін, үздіксіз бөлшектеп талдауды жүзеге асыратын басқарудың бір элементі – мониторинг болып табылады. Мониторинг инвестициялық қаржылардан түсетін табыстың көлемін болжауға және бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды интенсификациялауға (арттыруға) мүмкіндік береді.
Мониторинг бағалы қағаздар портфелін басқарудың активті және пассивті басқару модельдері арқылы жүзеге асырылады.
Бағалы қағаздар портфелін активті басқару моделі мынадай қадамдар арқылы жүргізіледі:
1. Бағалы қағаздарды іріктеу. Тиімді бағалы қағаздарды сатып алу, тиімсіз бағалы қағаздарды сату;
2. Жаңа портфельдің табыстылығы мен тәуекелін есептеу;
3. Жаңа және бұрынғы қалыптасқан портфельдің тиімділігін салыстыру;
4. Жаңа портфельді қалыптастыру.
Бағалы қағаздар портфелін пассивті басқару моделі мынадай қадамдар арқылы жүргізіледі:
1. Минималды қажетті табыстылықты анықтау;
2. Жақсы әртараптандырылған портфельге бағалы қағаздарды іріктеу;
3. Портфельді оптимизациялау;
4. Табыстылықтың төмендеу себебін анықтау;
5. Жаңа портфельді қалыптастыру.
Басқарудың активті моделі портфельдің инвестициялық мақсатына жауап беретін құралдарды тез арада сатып алу және нарықтағы болып жатқан өзгерістердің портфельге әсерін мұқият қадағалауды білдіреді. Активті басқаруды жүзеге асыратын менеджер табысы төмен активтерден тез арада құтылып, неғұрлым тиімді бағалы қағаздарды сатып алуға ұмтылуы қажет. Портфельдің инвестициялық қасиеті мен портфель құнының төмендеудін жібермеу қажет, сонымен қатар жаңадан қалыптасқан портфелдің құнын, тәуекелін, табыстылығын және өзге де инвестициялық сипаттамаларын табысы төмен бұрын қалыптасқан портфельмен салыстырмалы талдау жасау қажет.
Басқарудың пассивті моделінің сапасы жоғары, тәуекел деңгейі төмен, ұзақ мерзімге эмиссияланған бағалы қағаздардан қалыптасқан портфельді басқаруда тиімді модель болып табылады. Мысалы, мемлекеттік облигациялардан қалыптасқан портфельді басқару.
Портфельдің типіне қарай басқарудың тактикасы қолданылады.
Активті және пассивті басқару моделі клиенттің қаражаты есебінен немесе екіжақты келісілген келісімшарт негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Активті басқаруда қомақты шығын және арнайы мамандандырылған мекеменің болуы қажет. Бұл мекеме клиенттің бағалы қағаздар портфелінің құрылымына, бағалы қағаздарды сату және сатып алуға және инвестордың қаражатын басқаруға байланысты барлық мәселелерді қарастырады.
Бағалы қағаздар портфелін басқарушы менеджер өзінің біліміне негізделе отырып және өзі таңдаған стратегиясы негізінде тиісті операцияларды жүзеге асырады. Бағалы қағаздар портфелі бойынша түсетін табыстың көлемі менеджердің инвестициялық өнеріне де байланысты болады. Бұл қызметтің түрін «бағалы қағаздар портфелін басқару» деп атайды.
Пассивті басқаруда ақша қаражатын арнайы мекеменің басқарылуына беруді білдіреді. Бұл мекеме клиенттің атынан және клиенттің тапсырмасы бойынша табыс алу мақсатын көздей отырып, портфельді инвестициялауды жүзеге асырады. Жүргізілген әрбір операция бойынша комиссиялық сыйақы алынады. Бұл операцияны «сенімді банктік операция» деп атайды.
Бақылау сұрақтары
1. Бағалы қағаздар портфелінің экономикалық мәні неде?
2. Бағалы қағаздар портфелін қалыптастырудың қағидаларын атаңыз.
3. Бағалы қағаздар портфелінің жіктелімі.
4. Бағалы қағаздар портфелін басқару модельдерінің мәні неде?
5. Бағалы қағаздар портфелін активті басқару ерекшеліктері.
6. Бағалы қағаздар портфелін пассивті басқару ерекшеліктері.
7. сенімді банктік операцияның мәні неде?
8. агрессивті және консервативті өсу портфелінің бір-бірінен айырмашылығы қандай?
9. Орташа өсу портфелінің құралдары.
10. Инвестициялық стратегияның мәні неде?
4-тапсырма. Термин – анықтама
Сол жақ бағандағы терминді оң жақ бағандағы анықтамамен сәйкестендіріңіз.