Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 9

2-ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ЭМИССИЯЛАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
2.3 Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру

Оглавление

Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезінде эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) инвестордың бірінші талап етуі бойынша оған танысу үшін эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектісін немесе оның көшірмесін беруге міндетті.

Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектісінің көшірмесін бергені үшін инвестордан оны дайындауға жұмсалған шығын көлемінен аспайтын мөлшерде ақы алуға құқылы.

Инвестор эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектісі көшірмесінің уәкілетті органдағы проспектісіне сәйкес келуін тексеру туралы, осы мақсатта мұндай көшірмені уәкілетті органға бере отырып, уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.

Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру тәртібі.

Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру ұйымдастырылмаған жағдайда бағалы қағаздар нарығында аукцион немесе жазылым жүргізу арқылы жүзеге асыруға құқылы.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында орналастыру сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

Эмитенттің тиісті органы эмиссиялық бағалы қағаздарды инвесторлардың шек қойылмаған тобы арасында орналастыру туралы шешім қабылдағаннан кейін эмитент күнтізбелік он күн ішінде мемлекеттік және орыс тілдерінде бұқаралық ақпарат құралдарында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы хабарлама жариялауға міндетті.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы хабарда:

1. эмитенттің толық атауы және орналасқан жері;

2. эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тіркеу күні, олардың түрі және орналастырылуға тиісті саны;

3. акционерлердің акцияларды артықшылықпен сатып алу құқығын іске асырудың мерзімдері мен тәртібі туралы мәліметтер;

4. эмитенттің бөлімшелері мен лауазымды адамдары, эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектісімен немесе олар туралы өзге де ақпараттармен танысуға мүмкін болатын андеррайтердің (эмиссиялық консорциумның) атауы мен орналасқан жері туралы мәліметтер;

5. эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру бағасы мен оларды төлеу туралы мәліметтер болуга тиіс.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есепті қарап, бекіту үшін эмитент уәкілетті органға мынадай құжаттарды:

1. эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есепті қарау жөніндегі өтінішті;

2. есепті айдың аяғындағы немесе эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру аяқталған күнгі жағдай бойынша қаржылық есептілікті;

3. эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген талаптарға сәйкес жасалған және ресімделген есепті табыс етеді.

Эмитент мүлкінің кепілдігімен қамтамасыз етілген ипотекалық және басқа облигациялар шығарылған жағдайда, эмитент өз міндеттемелерінің орындалуы қамтамасыз етілгенін растайтын құжаттарды табыс етеді.

Эмитент уәкілетті органға эмиссиялық бағалы қағаздар толық орналастырылғанға дейін әрбір алты айдың қорытындысы бойынша (есепті жарты жылдық аяқталғаннан кейін бір ай ішінде), сондай-ақ оларды толық орналастыру аяқталғаннан кейін эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырудың қорытындылары туралы есеп беріп отыруға міндетті.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есепті уәкілетті орган күнтізбелік он төрт күн ішінде қарайды.

Егер құжаттарды қарау барысында олардың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеу фактілері анықталса, уәкілетті орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есепті бекітуден бас тартуға құқылы.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есепті бекітуден бас тартқан жағдайда эмитент бас тартуды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға пысықталған есепті қайта табыс етуге міндетті.

Уәкілетті орган мынадай жағдайларда бағалы қағаздарды ораналастыруды тоқтата тұруға шешім қабылдауға құқылы:

1. эмитент эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есепті табыс етпеген жағдайда;

2. эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есепті қарау процесінде есепте көрсетілген мәліметтердің эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеу үшін табыс етілген құжаттарға сәйкес еместігі анықталған;

3. эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару, орналастыру және өтеу шарттары бұзылған жағдайда;

4. сыйақы төлеу немесе бұрын шығарылған облигацияларды өтеу жөніндегі міндеттемелерді уақтылы орындамау немесе орындамау фактілері болған жағдайларда эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы.

Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешімді уәкілетті орган эмитентке, сол бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізімі жүйесін жүргізуді жүзеге асыратын тіркеушіге және орталық депозитарийге жібереді.

Тіркеуші және орталық депозитарий уәкілетті органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешімін алған кезден бастап осы бағалы қағаздарды орналастыру жөніндегі мәмілелерді тіркеуді тоқтата тұруға міндетті.

Эмитент уәкілетті органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешімін алған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілде және орыс тілінде эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлама жариялауға және анықталған бұзушылықтарды уәкілетті орган белгілеген мерзімде жоюға жәрдемдесетін барлық іс-әрекетті қолдануға міндетті. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қайта жаңарту, анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейін, уәкілетті органның жазбаша хабарламасы негізінде жүзеге асырылады.

Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы

Подняться наверх