Читать книгу Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы - А. Турлыбекова - Страница 4

1- ТАРАУ
БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘНІ МЕН ТҮРЛЕРІ
1.3 Бағалы қағаздың жіктелуі

Оглавление

Бағалы қағаздар өзіне тән белгілеріне қарай жіктеледі. Бағалы қағаздың мәнін сипаттайтын көрсеткіштер мыналар болып табылады:

1. бағалы қағаздың айналым мерзімі;

2. бағалы қағаздың шығарылу нысаны;

3. бағалы қағазды пайдалану мақсаты;

4. бағалы қағаздың ұлттық сипаты;

5. меншік құқығын беру ерекшелігі;

6. бағалы қағазды эмиссиялау;

7. бағалы қағазды шығарушы – эмитенттің түрі;

8. бағалы қағаздың айналымдық деңгейі;

9. бағалы қағаз бойынша тәуекел деңгейі;

10. бағалы қағаз бойынша есептелетін табыстың деңгейі;

11. бағалы қағаздың номиналы;

12. бағалы қағазды тіркеу;

13. бағалы қағаз бойынша базистік актив;

14. бағалы қағаз бойынша эмитенттің міндеттемелері.

Жоғарыда аталған көрсеткіштерге байланысты бағалы қағаздың жіктелімі 1-кестеде берілген.

Мерзімді бағалы қағаз – шығарылатын бағалы қағаздың айналым мерзімінің көрсетілуі.

Мерзімсіз бағалы қағаз – бағалы қағаздың айналым мерзімі көрсетілмейді. Мерзімсіз бағалы қағаздарға акция жатады.

Құжатты бағалы қағаз – құжатты нысанда шығарылған (қағаздағы немесе арнайы техникалық құралдарды пайдаланбайақ бағалы қағаздың мазмұнын тікелей оқуға болатын өзге де материалдық берілім көзіндегі) бағалы қағаздар.

1-кесте

Бағалы қағаздың жіктелуі


Құжатсыз бағалы қағаз – құжатсыз нысанда (электрондық жазбалардың жиынтығы түрінде) шығарылған бағалы қағаз.

Инвестициялық бағалы қағаз – пайда табу мақсатында капиталды жұмсаудың объектісі болып табылатын бағалы қағаздар.

Инвестициялық емес бағалы қағаз – тауар немесе басқа нарықтарда ақшалай есеп айырысуға қызмет көрсететін бағалы қағаздар.

Мемлекеттік бағалы қағаздар – эмитенті мемлекет болып табылатын, мемлекеттің ішкі қарызының формасын немесе борыштық бағалы қағаздарды білдіреді.

Шетелдік мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз – қарыз алушы шет мемлекеттің үкіметі болатын қарызға қатысты ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз не шет мемлекеттің заңдарына сәйкес мемлекеттік бағалы қағаздарға жатқызылған өзге де бағалы қағаз.

Атаулы бағалы қағаз – құжатты және құжатсыз нысанда шығарылатын, бағалы қағаз иесінің аты-жөні меншік иесінің реестрінде тіркелетін және осы бағалы қағаздың түрімен жүргізілетін барлық операциялар есепке алынатын бағалы қағаз. Мәлімдеуші бағалы қағазға қарағанда атаулы бағалы қағаз бойынша құқықтың бір тұлғадан екінші бір тұлғаға өтуі екіжақты келісімшартпен немесе біржақты бұйрықпен жүзеге асырылады.

Мәлімдеуші бағалы қағаз – иесінің аты-жөні мүлдем тіркелмейтін бағалы қағаз. Мәлімдеуші бағалы қағаз тек қана құжатты нысанда шығарылады.

Ордерлік бағалы қағаз – ордерлік бағалы қағаз бойынша құқықтар индоссамент арқылы беріледі.

Эмиссиялық бағалы қағаздар – бір шығарылым шегінде біртекті белгілер мен реквизиттері болатын, осы шығарылым үшін бірыңғай жағдайлар негізінде орналастырылатын және айналымға түсетін бағалы қағаздар.

Эмиссиялық емес бағалы қағаздар – аз сериямен жеке-жеке шығарылатын бағалы қағаз.

Мемлекеттік бағалы қағаз – эмитенті мемлекет болып табылатын мемлекеттің ішкі қарызының формасын немесе борыштық бағалы қағаздарды білдіреді.

Мемлекеттік емес бағалы қағаз – корпоративтік және жеке қаржы институттарының бағалы қағаздары.

Нарықтық бағалы қағаздар – нарықта еркін сатылатын және сатып алынатын бағалы қағаздар.

Нарықтық емес бағалы қағаздар – жекелеген жағдайларда бағалы қағаздардың айналымы шектелуі мүмкін болатын бағалы қағаздар.

Тәуекелі жоқ бағалы қағаздар – әлемдік тәжірибеде қысқа мерзімді (1-3 ай) мемлекеттік қарыздық міндеттемелер жатады.

Тәуекелі бар бағалы қағаздар. Тәуекел деңгейіне байланысты бағалы қағаздардың жіктелуі:

• тәуекелі төмен бағалы қағаздарға (әдетте мемлекеттік бағалы қағаздар жатады);

• тәуекелі орташа бағалы қағаздарға (корпоративті облигациялар жатады);

• тәуекелі жоғары бағалы қағаздарға (акциялар жатады).

Әрбір бағалы қағаздың өзінің номиналы немесе номиналдық құны болады. Мысалы, әлемдік тәжірибеде акция нөлдік номиналмен шығарылады, яғни бір акцияның жарғылық капиталда қаншалықты үлес құрайтындығын көрсетеді. Ауыспалы номинал жарғылық капиталдың акциялар санына қатынасы арқылы анықталады. Жарғылық капиталдың көлемі өзгерген сайын бағалы қағаздың номиналы да өзгеріп отырады.

Табысты бағалы қағаз – дивиденд, пайыздық немесе дисконттық нысанда бағалы қағадар бойынша табыс есептелетін бағалы қағаздар.

Табыссыз бағалы қағаздар – капиталды емес, тауарды немесе ақшалай ресурстарды куәландыратын бағалы қағаз түрі.

Тұрақты номиналмен шығарылатын бағалы қағаз – бағалы қағазда ақшалай номинал көрсетіледі. Бұл бағалы қағаз номиналының тұрақты болуының себебі, бағалы қағаз эмиссияланған кезде оның эмиссиялық немесе номиналдық құны көрсетіледі.

Ауыспалы (нөлдік) номиналмен шығарылатын бағалы қағаз – ақшалай номиналы көрсетілмей шығарылатын бағалы қағаз.

Тіркелетін бағалы қағаз – әдетте эмиссиялық бағалы қағаздар мемлекеттік тіркеуден өтеді.

Тіркелмейтін бағалы қағазға – мәлімдеуші бағалы қағаз жатады.

Негізгі бағалы қағаз – негізгі бағалы қағаздарға акциялар мен облигациялар жатады.

Туынды бағалы қағаз – базалық активке қатынасы бойынша құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.

Үлесті бағалы қағаз – өз иесіне жарғылық капиталды қалыптастыруға мүмкіндік береді, пайданың бір бөлігін алуға және кәсіпорынды басқаруға қатысуға құқық береді, кәсіпорын таратылған жағдайда жұмсалған капиталды қайтарып алуға мүмкіндік береді. Үлесті бағалы қағаздарға акцияның барлық түрлері жатады.

Қарыздық бағалы қағаз – эмитент пен қарыздық бағалы қағаз иелері қарыздық қарым-қатынасқа түседі. Қарыздық бағалы қағаздарға облигациялар, қазынашылық міндеттемелер, ҚРҰБның ноталары жатады.

Бағалы қағаздар нарығының теориясы мен практикасы

Подняться наверх