Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 1
Құрметті оқырман!
Оглавление«Өнегелі өмір» атты сериялық кітабымыздың 36-шығарылымы белгілі түрколог-ғалым, ұстаз, филология гылымдарының докторы, профессор Алтай Сәрсенұлы Аманжоловқа арналып отыр.
Алтай Сәрсенұлы Аманжолов 1934 жылдың 2 маусымында Алатаудың етегінде, әсем Алматы қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі Сәрсен Аманжолұлы. Жастайынан білімге құмартқан бала Алтай мектеп табалдырығын аттаған сәттен өзінің алғырлығымен көзге түсіп, тектілігін танытып, қатарының алды болып білім алады. Мектеп бітіргеннен кейін 1952 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті атанады. Болашағынан зор үміт күттірген жас ғалым кейіннен университет аспирантурасын үздік көрсеткішпен тамамдап, ғылым әлеміндегі алғашқы қадамын сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері болып бастайды.
Ғылымға адал қызмет етуді ардақты әкеден қалған аманат деп сезінген Алтай Сәрсенұлы ғалымдық ғұмырын ұстаздық жолымен жалғастырып, 1966-1979 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелейді.
1979 жылдан өмірінің соңына дейін қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жемісті қызмет атқарды.
Бүкіл болмыс-бітімі елден ерек тұратын Алтай Сәрсенұлы ғұмырын көне түркі жазбаларын зерттеуге арнаған, сол жолда ерен еңбек еткен ұлы ғалым. Ол – түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мен көне түркі жазуы тарихының санаулы мамандарының бірі. Түркі әлеміне зер салған әрбір адам Алтай Сәрсенұлының атын айналып өте алмайды.
Ғалымның бірқатар еңбектері алыс-жақын шетелдерде жарық көріп өз бағасын алған. Ел игілігіне, гылымга сіңірген еңбегі еленіп, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Кемеңгер ғалымның дәрістерін тыңдап, тәрбие алған мыңдаған шәкірт қазіргі күні қазақстанның түкпір-түкпірінде ел үшін қызмет атқарып жүр.
Сондай-ақ Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың университет қабырғасындағы ізбасарлары ұстаз жолын жалғастырып, мәні зор, мазмұны терең ілімге ден қойып келеді.
Есімі Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал ғалым Алтай Аманжоловтың өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен осы кітапты ұсынып отырмыз.