Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 13
ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
XV ҒАСЫР ҚАЗАҚ ШИПАГЕРІНІҢ СӨЗ БАЙЛЫҒЫ
ОглавлениеӨтейбойдақ Тілеуқабылұлының ескі қазақ тілінде жазылған «Шипагерлік баян» атты шығармасы медицина, этнография, философия, тіл ғылымы үшін аса құнды еңбек әрі ғылымнама (энциклопедия) болып табылады. «Шипагерлік баян» 1994 жылы Үрімжіде (араб графикасы негізінде), 1996 жылы Алматыда (орыс графикасы негізінде) баспадан жарық көрді. XV ғасыр мұрасы «Шипагерлік баян» шығармасының лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерін жан-жақты зерттеп, терең ұғыну барысында ескі қазақ тілінің көптеген сырлары ашылмақ.
Сөз қадірін аялай білген ата-бабаларымыз он ғасыр шамасында ескі араб жазуымен ой-пікірлерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған. Сондай рухани мұрамыз қатарында XV ғасырдағы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» шығармасын, XVII ғасырдағы Қадырғали Қосымұлы Жалайыридың «Жамиғ ат-Тауарих» (Жылнамалар жинағы) атты еңбегін тілге тиек етіп, зерделесе болды. Дегенмен қазақта XV ғасырда ғылым-білім болды, тіпті XIX ғасырдың өзінде жазу-сызуымыз болды дегенге күмән келтіруші «білгіштер» де жоқ емес.
Орта Азия, Түркістан жерінде Х-ХІ ғасырларда ғылым-білімнің өте жоғары дамығаны Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни, Әбу Әли ибн Сина сияқты ғұлама ғалымдардың болғаны белгілі. Мысалы, Әбу Әли ибн Сина араб тілінде жазылған ғылыми еңбектерінде ауру түрлері мен емдеу тәсілдеріне, аурудан сақтану жолдарына дәрі-дәрмек пен емдік шөптерге толық сипаттама береді. Ал XV ғасырдағы шипагер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің ізашар ұстаздары Әбу Насыр әл-Фараби, Юсуф (Жүсіп) Баласағұн шығармаларымен толық танысқанын, олардың пікірлеріне баға беріп, дамытып отырғанын баяндайды.
«Әбу Насыр мен менің ойым түйдегі, шырмалғысы бірдейлік. Баласағұн Жүкеңнің мектеп ойымен де бірдейлік. Бірақ түп мәнімен сөйлемек ұғындырғы ғана парықтылық екені, тақсыр, сізге аян етілмек… Мейлі Әбу Насыр болсын, мейлі Жүсіп сақ Баласағұни болсын, мейлі мен болайын, бәріміз бір із, бір тілектіктерміз. Ол екеуінің менен артығы жырлауыл, сөйлеуіл, шижаламада (жыр жырлау, сөз сөйлеу, жазу түрінде) ғана. Сонымен қоса үшеумізге ортақ теңдік – Шопан үсті бозторғай ұяламдықтап жұмыртқаламдықты таппақ (Қой үстіне бозторғай жұмыртқалауды қарастырмақ), – деп жазады ғалым. (Тілеуқабылұлы Ө. Шипагерлік баян. Алматы: Жалын, 1996. – 379-бет).
«Шипагерлік баян» кітабының тағдыры айтарлықтай қызық болған. Тіпті «Игорь жорығы туралы жыр» атты қапылыста өртенген ескі орыс қолжазбасының тағдырынан кем түспепті. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, кітапта баяндағандай, 1388-1478 жылдары өмір сүріп, шығарманың алғашқы нұсқасын Әз Жәнібек ханның жарлығы бойынша шамамен 1473 жылы 85 жасқа келгенде аяқтаған. Бірақ хан қаза болғандықтан, ғалым бұл шығарманы өз қолында сақтап қалған, дүние салғанша қазақ даласын аралап, шипагерлікпен шұғылданған.
Шипагер Ұлы жүздің албан тайпасынан шыққан. Албан тайпасының шыбыл руынан тараған ағайындар бөріктерінің түсіне қарай Қоңырбөрік (Өтей), Қызылбөрік (Бөтей) аталып кеткен деседі. Сондықтан Өтейбойдақ есімінің алғы бөлігі, тегі рулық атаудан алынған болса керек. Ғалым өзінің өнегелі еңбегін кейінгі буын халық емшілеріне қалдырған екен:
«Менен ұрпақ қалмаса да, күндердің күнінде мені әлемге әйгілейтін «Шипагерлік баяным» артымда қалмақ. Бұл соңғылықтар (кейінгілер) қадірін біліп ұстана білсе, қанғысыз бұлақ; қадірін білмесе, отбасы аяқпен тозатын тулақ.
Тіссіз шопандай (қойдай) жасым қалды. Енді оны кіндіктес інім Топайға тапсырамын. Ол – жөн білгі (білетін), іс ықты (пысық), сыр шашпауыш (мұрагерлік құпия сақтайтын) азамат. Дестір (тәпсір, түсініктеме жинақ) сыр сақтама – «Шипагерлік баян». Басқаларына сенгім келмейді. Баяны (баяндау) Топайдан соңғылыққа жалғанбақ. Сыр шашпауыш уасиятнамам (өсиет, өсиет хаты) оған қосалғы тапсырылар. Өткен іс өтті, өлер шақ таяды. Мезгілсіз шақырған шақырауықтай (әтеш) дестір таңлай тұрлауы (кітаптың беташары) болып осы жазылды. Бұл соңғылыққа үлгі де болар, олайы білімнің тіккеуікпен құдима қазғандай (инемен құдық қазғандай) қиын екеніне көзі осыны оқыған соң игілік көргіде жетіп те қалар, өмірлеу жөрелгісінде (жоралғы, ата салты) ұғынар…
Ой, дүние-ай!
Іске аспады арманым, қараң қалды,
Шың басына шығарда арандалды.
Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем,
Жаман ат, жаман ырым мазамды алды.
Қалмады ұрпақ, Өтейбойдақ аяңдалды,
Мені өшірмес «Шипагерлік баян» қалды.
Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге,
Тілкімменен (ұзын тілік) жалғасқан аян қалды.
Ө. Тілеуқабылұлы Шипагерлік баян. – Алматы: Жалын, 1996. – 44 б.
Ұрпақтан-ұрпаққа көшіріліп, бұл мұраның шипагерлік сырлары шашылып жойылмауы үшін алдағы нұсқалары өртелген болатын. Мысалы, бесінші көшірмесі 1766 жылы Шалкөде деген жерде, ал алтыншы көшірмесі 1952 жылы Текесте жасалған еді. Іле аймағының тұрғыны, емші Түменбай Ыстанбайұлы «Шипагерлік баянның» 1952 жылғы жаңартылған нұсқасын баласы Нұртайға өсиет етіп тапсырған екен. Сол нұсқасы 1050 дәрі-дәрмек түрімен қоса, 4577 «шипашақпен» (рецептімен) таныстыратын мыңға жуық өсімдік атауларын, жүздеген жан-жануарлар атауларын, адамның дене мүшелері мен ауру-сырқат атауларын қамтитын, емдеу сырларын баяндайтын көлемді шығарма еді.
Содан кейін тағдырдың жазғаны – Қытайдағы аты шулы «мәдени төңкеріс» кезінде (1968 ж.) бұл кітаптың төрттен үш бөлігі «хунвэй-бин» бұзақылар тарапынан өртеліп, аман қалған бөлігін Нұртай Түменбайұлы қайта көшіріп баспаға ұсынған. Бірақ соңғы нұсқаның қаншама өзгеріске түскенін, қаншама анықталғанын білмейміз. Сондықтан ол мұқият тексеруді керек етеді (шамамызша бұл мәселеге көңіл бөлдік).
Емші әкесінің өсиетінде былай делініпті:
«Балам, мен неге сонша жалынып, саған уасиятнама қалдырдым. Мұның себебі: «Шипагерлік баянында» қазына аз емес. Ми төлін ерінбей баға білсең, маңлай теріңмен игеріп қолдана ала білсең, алтынды күреп, күмісті сіреп алатын шарапатты, киелі, қасиетті асыл қойма – бұл. Бұл – өзің кемқор болмайсың дегендік. Бұл – бір. Екінші, ең алғаш Өтейбойдақ деген атамыз тоқсан жылдық өмірінің сексен жылына таяу өмірінде бөктерме қабын бөктіріп, теңгерме қабын теңденіп, шөнтек-шонтайлары мен местерін салпаңдатып, қаңғып жаһан кезіп, жаһангез атанып, шипагерлікпен шұғылданып, әйел алып, бала сүюді ұмытып, күллі қазақ даласын, орыс даласын аралап, көрмегенді көріп, тартпауға тиісті азапты әдейі тартып жүріп, 1050 шипа емді қамтыған осы «Шипагерлік баян» кітабын жазып қалдырған. Ел ол кісіні қаңғыбас Өтейбойдақ деп атап кетсе, біздің ауылымыз «Шашты Әзиз» дейді екен…
Саған жеңілдік болар деген оймен әдептік лебізден көне есептік қисапсыз сандарға және түсініксіз атауларға бастан-аяқ түсінік бергіздім, мағынасын түсіндірткіздім. Мәселен: ауыз саналым – әуелгісі, кез саналым – ендігісі, көз ауыз саналым – үшіншісі және т.б.
Тарыдай түйін – мықты иелік ету, сыр шашпау, талықпай үйрену, жалықпай ізденуде ғана, балам» (Сонда. 25-26-бет).
«Шипагерлік баянның» негізгі тілдік өзгешелігі – сөз байлығында, сөздік құрамында, әртүрлі атаулардың, автордың жеке қолданысындағы (метафоралық жолмен ұқсату, бейнелеп түсіндіру, астарлап айту арқылы жасалған) сөздердің, кейбір көнерген сөз тұлғаларының, сөз орамдары мен мақал-мәтелдердің қолданылуында.
«Шипагерлік баянда» көнерген, жергілікті, басқа тілден ауысқан сөздер және жеке қолданыстағы бейнелі, астарлы сөздер немесе әдейі өзгертіліп айтылған «сыпайы сөздер» (эвфемизмдер) жиі кездеседі. Мысалы: албауыр (батыр, алып), анда (дос, тамыр, моңғолша анд «анттас, ниеттес; дос»), аңғарлы (аңдайтын, аңғаратын, оңтүстікте аңғарлы), аңғыз (аңыз), арулау; (тазалау, тазарту, оңтүстікте арулау<арығ+ла-), ашжаз (бет, парақ, «ашып жазар қағаз»), дажал (тажал, жалмауыз аждаһа, арабша тажал), дарым заруаты (дәрі-дәрмек, зәру дәрі), дарымдалғы (емдеу, дарымдау), демі (өкпе), дестір (тәпсір, түсініктеме, арабша тафсир), дөңгелеме (жұмыртқа), ергежейлі (ергежелі, батыста ергежейлі), жағым (от, отын), жамылғы (көрпе), жәрелгі (салт, дәстүр, жоралғы), жұмба (жұдырық, батыста жұмырық, түрікше уитгик «жұдырық»), жұмдама (жұмбақ), жұмдау (уысына алу), жүрмек (жол), жүрім (аяқ), жындысу (арақ), кепкіс (кебіс), күрен (ауыл орталығы), кізінеу (қызғаншақ, кіжінейтін), қандақ (қандай), қатымыр (қатыңқы), қолдақшы (қолдаушы), қонбақ (қонақ), қонжат (қонақ, «қонып жатар»), қосқұл (құлақ), маңлай (маңдай, оңтүстікте маңлай), мияқ (ми), ойғақ (оймақ), орама (шұлғау), сайқау (шайқау), сепсер (кепсер, сүзгі), сөйлемелік (сөз), сүйемек (сүйек), сілікпе (піскен ет), таңлай (таңдай, оңтүстікте таңлай), тантал (көз), тектеліс (зерттеу), томтом (томар дәрі), төбетай (тақия, тебетей, батыста төбетей, оңтүстікте төбетай), тіккеуік (ине, тебен), тілкім (ұзын тілік, тілім, батыста тілкім), ұстамар (қол), үгілім (ұнтақ), үлбір (үлбірек, үлбіреуік, үлбіреген, нәзік, жұмсақ, моңғолша үлбэгер «үлбірек, үлбіреген»), шаншыма (біз), шаңғарақ (шаңырақ, оңтүстікте шаңғарақ), шегіршек (шеміршек), шижал (қалам), шижалама (жазу), іздемелік (іздеу, сұрау салу), іштек (ішек) және т.б.
Еңбекте – ғы, – ғі (-қы, – кі) тәрізді қимыл есім жұрнағы, сол арқылы етістіктен жасалған сөз тұлғалары өте жиі қолданылады. Бұл ерекшелік – көне түркі тіліне және қазақ тілінің оңтүстік диалектісіне айрықша тән құбылыс. (Аманжолов С. Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері. Алматы: «Сөздік – Словарь», 2004. – 100-б). Мысалы: айықтырғы (ем, емдеу), асындырғы (асқындыру), басталғы (бастау), бет сүрткі (орамал), жабысқы (жабысу), жарғы (тараған, жарған), жарылғы (бөліну, жарылу), жегілік (жейтіндері), жөтелгі (жөтелу), жүрмек тосқылық (жол тосу), қақалғы (қақалу), суырғы шаққы (суырып шағу), төселгі (төсек), түскі (шаш түсу), ұмытқы (ұмытшақ), шабысқы (шабысу), шайнатқы (шайнайтын), шашалғы (шашалу), ішкізілгі (ішкізілу) және т.б.
Сонымен қатар мұнда етістік тұлғасына – малы, – мелі (-балы, – белі, – палы, – пелі) жұрнағы қосылып, кейде түрік тіліндегі – шаһ, – тегі жұрнағындай «міндеттілік рай» мағынасын білдіреді, көбінесе сын есімге айналады. Мысалы: атпалы (ату, оқ тигендей атпақ), болжамалы (болжау, болжауды өзек етпек), жасалмалы (жасалмақ, жасалуы тиіс), желдемелі (желдеу, жел есуі тиіс, желді), кеппелі (құрғамай тұрып, дым қалпында), қақпалы (қағу, жазымнан қағу), қақырамалы болғылар (улы, зиянды, батыста қақырау «жігі ашылу, жігі ажырау»), қоздамалы (қоздауы тиіс, «туылмалы қой»), нұрламалы (нұрландырғыш, нұр шашпақ), толықтырмалы (толықтырғыш, толықтырмақ), ұласпалы (ұласпақ, ұласқыш), шешілмелі (шешілмек), шоршымалы (қасат қар, тығыздалып қалған қатқыл қар, «жұрт жүргенде шоршығыш, шоршып секіргіш»), шошымалы (тез кеткен қар, «жұрт жүргенде шошымалы, шошығыш») және т.б.
Еңбекте кездесетін жан-жануар, аң-құс, жәндік атаулары: абадан (көкжал, арлан қасқыр, батыста абадан «қасқыр үйірінің басшысы»), андағай (бөкен бұқасы), бадырақ (үкі), бая (нар інгені, батыста бая «тентек, құсаған түйе»), бастармақ (серке), бекіре (мекіре балық, батыста бекіре, моңғолша бэхер), борбаң (суыр), борсаң (борсық), жалбаң-жалбаң (аю маймыл), жар (қос өркешті түйе), жылмаң (абжылан), жылпың (түлкі), жылтың (ақкіс, ақ тышқан), зерең (сарбас жылан), зып (атылмалы оқжылан, батыста зыпу қатты, жылдам жүру), зып-зып (оқжылан), зыпылдақ (қабылан), күркіреуік (арыстан), қандағай (бұлан бұқасы, моңғолша хандгай «бұлан»), қылтың (саркіс), қорғалағыш (балапан, батыста қорғалақ «қорғаншақ»), лыпылдақ (мәлін), өлекшін (қаншық қасқыр), сабаз (сауын сиыр), сылтың (күзен, сасық күзен), сыпсың (қарсақ), сыпылдақ (бөдене), тарбаң (бақа, көлбақа), тарпаң (жабайы жылқы), түккөрмес (мысық), шажан (шаян), шомпыма (балық), шырыншыл (бал арасы), ығыр (ілбіс, «ығыр ететін жыртқыш») және т.б.
Қазақтың мүшел есебінің жыл аттары бұл еңбекте ерекше берілген. Олар белгілі бір жан-жануардың мінез-құлықтарына, қимыл-әрекеттеріне, кейде аңыздағы атауларына байланысты болып келеді: сумақы (тышқан), маңғаз (сиыр), айбар (барыс), секем (қоян), иіртек (ұлу), сумаң (жылан), тұлпар (жылқы), шопан (қой), мешін (мешін), шақырауық (тауық), айтақ (ит), қорысқы (доңыз). Сол сияқты ай аттары, күн аттары да өзіндік ерекшеленеді.
Көне түркі этносының (сондай-ақ қазақ халқының) мүшел есебі бойынша жылдардың ертеден қалыптасқан орындары мен атаулары төмендегідей:
1) сычган «тышқан» (тышқан жылы),
2) уд «сиыр» (сиыр жылы),
3) барс «мысықтұқымдас теңбіл шұбар жыртқыш аң; жолбарыс» (барыс жылы),
4) табышган «қоян» (қоян жылы),
5) лу, луу «аждаһа, айдаһар; үлкен жыртқыш жылан», қытайша «аждаһа» (ұлу жылы),
6) йылан «жылан» (жылан жылы),
7) йунд, йунт «жылқы» (жылқы жылы),
8) қон, қой, қойын «қой» (қой жылы),
9) бічін «маймыл» (мешін жылы),
10) тақагу, тақыгу, тақуқ «тауық» (тауық жылы),
11) ыт «ит» (ит жылы),
12) тоңуз «доңыз, ит доңыз», лагзын «шошқа» (доңыз жылы).
Шығармада бесінші «иіртек» (ұлу), алтыншы «сумаң» (жылан) мен жетінші «тұлпар» (жылқы) жылдарының орындары, оныншы «шақырауық» (тауық) пен он бірінші «айтақ» (ит) жылдарының реттік орындары ауысқан. Шипагер жаңылысты деп санамаймыз. Автордың ерекше сақтық көрсеткені, бөтен адамға сыр шашпау ойы, кердең наданды шатастыру ниеті болғаны анық. Сондықтан мұнда есептік сандар да көбінесе тура аталмай, дене мүшелері атауларымен берілген. Мысалы: 1 – ауыз немесе мұрын, 2 – көз, 3 – көз мұрын (немесе көз ауыз), 4 – көз құлақ, 5 – қол, 6 – қол ауыз, 7 – қол көз, 8 – қол көз мұрын, 9 – қол көз құлақ, 10 – қос қол, 20 – қол аяқ және т.б.
Он екі жыл адамның мүшел жасын құрайтыны белгілі. Шипагер, ата-бабаларымыздың түсінігіне сәйкес, әр жылы дүниеге келген баланың мінез-пейілі сол жылдың атына айналған жануармен ұқсас болады, мүшел жастың басы аса қауіпті болып келеді, сондықтан мүшел жастағы (13,25,37,49,61,73,85,97,109) әрбір адам сақтана жүруі қажет деп ескертеді. Өз ойын былай түйіндейді:
«Шынында да мүшелдік тектелгі (шежіре) өліаралық ауысым арасында сырқат пенде болсын, мінсіз бітісті пенде болсын, адамға қатері бар екендігі шындық. Шипагер байқамаса, құндыкер (құныкер) болмағы ғажап емес. Бұл тектелгі мүшел сақтығына қарата шипагерлік сақтағылық қорғаным жасамақ болмақ. Мұны ес білген жетпіс жылдық өмірімде төл көшірме, кешіргіліктік ая бойынша көзім жеткендіктен дүдамал болмай, дөп басып айтып отырмын.
Осы кезде әрбір жанның сақтана жүруіне насихаттылық, пайдалық, алғыстылық өзегі болмақ» (Сонда. 174-б.).
Ауру-сырқат атаулары: аластаулық (ауру, сырқат, дерт), іштеулік аластаулық (ішкі аурулар), сырттаулық аластаулық (сыртқы аурулар), алқым ұрысы (бұғақ ауруы), алқымдама (шықшыт безінің қабынуы), дуылдақ (қышыма), дүлше (теміреткі), естік толғам (ми ауысу), жалмауыздық (қантты несіп ауруы), жәншау (қызамық, скарлатина), жұқпа шоғыр (инфекция), кекжиме (менингит, делбе, ми қабының ауруы), кешек (рахит), көгерме (көкжөтел), көктүйнек (сүзек), күл (дифтерия), қағынды (зертең), қанысқы (қан құтыру, қан бұзылу), қатқауық (іш қату, іш жүрмеу), құздама (ревматизм), қылтамақ (қызылөңеш рагы, қатерлі ісігі), сатқақ (дизентерия, қанды тышқақ, оңтүстікте «Сатқақ келгір!» – қарғыстың бір түрі), серең (талма, қояншықтық сереңдеу), сорбуын (буыны күлтілдеу, ревматизм), соз (жіңішке ауру), сом (қоздамалы шиқан, батыста сом «адамның етті жеріне шығатын ісік»), сорбуын (буыны күлтілдеу, ревматизм), сілейме (сілею, ұшынып қалшию, мелшиіп қатып қалу, «Сілейме тигір!» – қарғыстың бір түрі), талық (талма ауруы), таралым (жұқпалы аурулар), тілме (қызарып өсетін ауру, рожа), шалқалатпа (сіреспе, столбняк), шашжегі (таз, бастың қотыры), шашылғылы термектілер (жүйесіз сырқат түрлері), шелей (шел), шиғақ (шиқан), шорбуын (буын туберкулезі), шөлдеуіктік шырсыздық (қант ауруы), шырылма шыдамсыздық (қуық ауруының аты), шілделік (шілде қотыр, батыста шілделік «баланың басына түсетін жара») және т.б.
Өсімдік атауларының дені – қазақтың байырғы сөздері: адыраспан, алабота, арша, балдырған, баялыш, бидай, бидайық, бұршақ, емен, жалбыз, жаңғақ, жауқазын, жиде, жуа, жуаша, жусан, жыңғыл, күнбағар, қалақай, қаңбақ, қарақат, қызғалдақ, сарғалдақ, сарымсақ, тал, түйетабан, ши, шие, т.б.
Кейбір өсімдік атаулары – автордың жеке қолданысындағы сөздер (жарқарын «түйеқарын», жаусумаң, сумаңжұт, сумаңқара, сумаңтіл, шопаншие, маңғазшие, тілмаңғаз «сиыртіл», т.б.).
Кейде шығармада кірме сөздер де кездеседі, мысалы: ділдәгүл (сөзбе-сөз «алтын гүл», тәжікше тилло «алтын»), бәңгілік «есірткі шөп, наркотик» (тәжікше бангй «нашақор, наркоман»), меңдуана – басты айналдыратын улы, сасық шөптің аты иран тілдерінен баяғыда ауысқан еді (тәжікше банг «қарасора, наркотик», девона «есерсоқ, есуас», банги девона «есерсоқ қарасорасы»), салыстырыңыз: өзбекше мингидевона «меңдуана», қазақша мәңгі «нақұрыс; әңгі», мәңгір – «басы зеңіп есеңгіреу, мең-зең болу», мәңгүрт «ақылы кем, есуас, жынды».
Ал бәйшешек «алғашқы көктем гүлі», бәйтерек «алып терек ағашы» тәрізді біріккен сөздердің бірінші сыңары бәй қытай тілінен енген bаі «ақ, боз» деген сөз, екінші сыңары байырғы шешек, терек сөздері екені анық, тегі бәйшешек «ақ шешек», бәйтерек «ақ терек». Қытай тіліндегі өсімдік атауларын салыстырып көрейік: baiyáng «ақ терек, терек» – yáng «терек», báiji «ақ ши, ши» – jі «ши» (көне түрікше чығ «ши», өзбекше чий «ши»), báici «ақ тікен» – сі «тікен, тікенек», báіһ āо «боз жусан» – һāо «жусан, ермен», báihuàshu «ақ қайың» – һuá, һuáshu «қайың», báimá «ақ кендір – má «кендір», báimáо «ақ селеу, боз селеу» – máocăo «ақ селеу, селеу», báicài «бәйсәй, капуста» – сáі «сәй, көкөніс» және т.б.
Халық өсімдіктерге ат бергенде, соларды айқындайтын басты белгілеріне сүйенген, бұл белгілеріне ерекше мән берген. Мысалы, түсіне қарай (ақбас, ақжуа, ақмия, ақселеу, бозжусан, көкқына, күлгінбас, күреңше, қарасора, қоңырбас, қызылмия, қызылтал, қырмызы, тарғыл, таспабоз, сарыағаш), көлемі мен түріне қарай (атбұршақ, атқұлақ, аюқұлақ, балыққарын, түйеқарын, қошқарбас, мортық, шашақша, жамбышеп, жұлдызша, тайтұяқша, текесақал, тырнатырнақ, тікенбас, тілбөрі, иттіл, үкіқанат), бөлшек санына қарай (төртжапырақ, үшсаңлақ, мыңжапырақ, қосқанат), иісіне қарай (аңқыма жалбыз, аңқыма жусан, иісті ермен, құмсасыр), дәміне қарай (балқамыс, қымыздық, емершөп, таңқурай, тұзбұта, сүттіген, шайшөп), өсетін жеріне байланысты (құмтікен, қырғалдақ, өрлік, тастақбұта, тасжуа, таубұршақ, субасар) атап отырған.
Дәрілік шөптердің шипалық қасиеттері ұрығында, гүлінде, жапырағында, сабағында және тамырында болатыны, шөптің жинау мерзімін, дайындау әдісін білу шарттары кітапта айқын керсетілген (Сонда. 314-бет).
Мысалы, құрқұлақ сырқатына байланысты аскорбин қышқылының, С витаминінің жетіспеуінен болатын авитаминоз ауруына шипагер осындай рецепт үлгілерін ұсынған:
«Қымыздық сабағы. Екі ай нілін (шырын) сорса, науқасқа алғысты (тиімді) болмақ. Мұның құрқұлақ сырқатын айықтырымы алғысты (емдеуі нәтижелі, жазуы тиімді).
Рауғаш сабағы. Мұнан бір мерекелік (жұма) жеулік шарт. Бұл құрқұлақ сырқатын айықтырымға алғысты болмақ.
Қымыз. Қысыр бие қымызынан ашығанда үш тостаған ішсе, құрқұлақ сырқатын айықтырымға алғысты болмақ» (Сонда. 396-397-беттер, шамамен 5 мың рецепт сақталмаған).
Сөз орамдары:
Алмауыт мініп бір жат қайырылмақ (ат үстінен көкке қарау), айтпағы шарттық (айтпаса болмайтын), ескерме болмаулық (байқамаса болмау), ес тоқтатпақ (есінде, жадында сақтау), кешігірлік ая (тәжірибе мөлшері), май толғылық (майлану, етею, семіздік), ой тапсырғы (көңіл бөлетін), өнеге сөйлемелік (мақал-мәтел, ғақлия сөз), өнеге сөйлемелік тайласқы (сөз таластыру), салмағымдық түсіргі (салмақ түсіру), төбе басқылық (төбесінен түсу), шопан үсті бозторғайға ұялық болмақ (қой үстіне бозторғай жұмыртқалау), т.б.
Мақал-мәтел үлгілері:
Айтақ атасыз, ұзатқылық алғы батасыз (Итте ата жоқ, күйеуде бата жоқ).
Әке көрген оқ жонбақ, шеше көрген тон пішпек (Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер).
Есі бар ел табар (Есі бар жігіт елін табар, есі жоқ жігіт жаттың отын жағар).
Қартайғы бір балалық, туылғы нақ балалық. (Туылғанда бір бала, қартайғанда бір бала).
Құрсақ құрыстырғы іштек өткі өрле, тамақ тыймаулық апармақ көрге. (Ішің ауырса – тамағыңды тый).
Сөйлемелік екі қайқы болса, ер емес, ез. (Екі сөйлеген ер болмас).
Төкір шәушіл аржақтағыш (Ақсақ иттің көңілі ар жақта).
Түйе берсе, түймек қысқарар (Ұзын арқан көген бұршақтап түйе берсе, қысқарар).
Шал қатын алғылық білгі емес, мал алғылық білгі (Шалекең алмайды, малекең алады).
Шарасыз пенде күлерлік, қысылған айтақ үрерлік (Адам қысылса – күледі, ит қысылса – үреді).
Шығармада «жетіге тиіспеу», «қырық бірге жұғыспау», «он екіден айырылмау» сияқты өнеге-өсиет, ырым-тыйымдар тізбегі берілген. Мұны шипагер дәурендеу, бақытты өмір сүру заңы, аман-есендік шарты ретінде ұсынуды жөн көрген. (Сонда. «Ұшынымдар» деген тарауда, 113-115-6.).
Жетіге тиіспеу:
1. Көктемде көктеп келе жатқан өскінге (өсімдікке) тиіспеу.
2. Көктемде көбеймелі жорғаламаларға (бауырымен жорғалағышқа) тиіспеу.
3. Көктемде көрінген қорғалағыштарға (балапанға) тиіспеу.
4. Көктемде көз ашпаған шикілікке тиіспеу.
5. Қай-қашанда қонжатқа (қонаққа) тиіспеу.
6. Қай-қашанда көршіге тиіспеу.
7. Қай-қашанда елшіге тиіспеу.
Қырық бірге жұғыспау:
1. Ордалы сумаңға (жыланға) жұғыспау.
2. Қордалы қынамаға (құмырсқаға) жұғыспау.
3. Жалғыз ағашқа жұғыспау.
4. Иендегі жалғызға жұғыспау.
5. Суық торғайға жұғыспау.
6. Алдан өткен абаданға (арлан қасқырға) жұғыспау.
7. Елден кеткен забажанға (ауғанға) жұғыспау.
8. Пәлелі өртке жұғыспау.
9. Шығулы бетке жұғыспау.
10. Жаралы жыртқышқа жұғыспау.
11. Қаралы елге жұғыспау.
12. Ашынған долыға жұғыспау.
13. Ашыққан ұрыға жұғыспау.
14. Даралы жерге жұғыспау.
15. Дастарқанға жұғыспау.
16. Жетімге жұғыспау.
17. Жесірге жұғыспау.
18. Кесірге жұғыспау.
19. Еңіреген ерге жұғыспау.
20. Өзің шығар төрге жұғыспау.
21. Арқаны сылыр ерге жұғыспау.
22. Жатқа кетер қызға жұғыспау.
23. Көктемдегі мұзға жұғыспау.
24. Өте шығар сызға жұғыспау.
25. Асып қалған асқа жұғыспау.
26. Жарасы бар басқа жұғыспау.
27. Парақұмар ыласқа жұғыспау.
28. Басқа елдік қарашаға (қара халыққа, кедейге) жұғыспау.
29. Балатқалы иге жұғыспау.
30. Төбелесте арашаға жұғыспау.
31. Тікені бар аласаға жұғыспау.
32. Құламағы құзға жұғыспау.
33. Дәм атасы тұзға жұғыспау.
34. Иесіз жатқан малға жұғыспау.
35. Киесі бар далға (нәрсеге) жұғыспау.
36. Обалы бар торшыға (өрмекшіге) жұғыспау.
37. Залалсыз қоршыға (малшыға) жұғыспау.
38. Түтін ұшар шаңыраққа жұғыспау.
39. Ырыс келер босағаға жұғыспау.
40. Даладағы өлгенге жұғыспау.
41. Шыдап жерге көмгенге жұғыспау.
Он екіден айырылмау:
1. Жағаласпай жан қалмақ қайда? Жарғыласта жаныңнан айырылма.
2. Не шындық? Не сұмдық? Жау тимек, ақылыңнан айырылма.
3. Еркесіз ел, серкесіз шөл болмас. Ел бастаушы көсеміңнен айырылма.
4. Тіл – кесілмес атқан оқ. Дау туылар, шешеніңнен айырылма.
5. Өзіңді зор, басқаны жөр деме. Көппен көрерсің, еліңнен айырылма.
6. Кебенек іші мың арып, мың семірерлік, жаныңды алса да, сырыңнан айырылма.
7. Жаман деп қатыныңнан, көшем деп алып қойған отыныңнан айырылма.
8. Ризықсыз пенде болмас, даяр асың малыңнан айырылма.
9. Ағайын, туыс, дос-жарансыз кім бар? Болмашыға өкпелеп, досыңнан айырылма.
10. Қырық найза қарғы деп, қарақудай баспанаң қосыңнан айырылма.
11. Пенде қадір санағы бес қаруды тастама. Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма.
12. «Өте шығар сұм жалған, боқшылыққа қайырылма. Адам күні адаммен ысылмақ, өнер қай қырда, өнерпаз деген ат алсаң, өлсең-дағы қайғырма», – деп әрбір пендеге істейтін пайдалы істі істеу, пайдасызына жоламау.
Ғалым адам баласының ащы-тәтті өмір сүру тәжірибесін, жасы ұлғайып жанталаса күресіп, бұйырған несібесіне ие болуын төмендегіше баяндайды:
«Ерекше ескерме бір сөйлемелік (ескертетін сөз), әрқандай адам пендесі 25 жасқа дейін, ақыл тісі шыққанға дейін толысып өседі. Жасы ұлғайған сайын алғашқы тұрғылы несібе (бітістік тұлға) өсуден тоқтап, жетілісі баяулай береді де, қартаю сездіргісін бастан кешірмек. Алалық, тіс түсу, шашқа ақ кіру, сақал-мұртты қырау шалу тақылеттілер. Сондықтан бұрынғылар: «Кәрілік ажарлы кезіңді алады; шаш-сақалыңды ағартып, көзіңді алады; бұған өкпелесең, егесіп тісің менен сөзіңді алады; ашуланып ыза болсаң, беліңді жаздырмай екі аяғыңа кісен салады; мұны місе тұтпай ерегіссең, көрерің мынау деп өзіңді алады», – деулік кешірмелік аялық (тәжірибе) түйіндеулік қалдырған» (Сонда. 83- бет).
Нағыз шипагердің ғылыми ізденісі, мол тәжірибесі арқылы қасиетті борышын ойдағыдай орындап, халық сенімін ақтап шығатыны ескертілген:
«Шипагерлік те – өнердің бір түрі. Шипагер – өнерпаз екені айқын ұғыныс. Шипагерлік алды су ішкілігі болса, ажал аузынан алып қалу; арты науқасты сырқаттық бейнеттен айықтыру борышын өтемек. Осы борышты міндетті ада қылу (орындау, аяқтау) да шипагердің де аялық кешірме ұмтылыс өресі мен игеру шамасына сай білімі жоғары-төмен болмақ» (Сонда. 80-бет).
Жалпы алғанда, «Шипагерлік баян» кітабының лексикасы ескі қазақ тіліне тән, қазіргі қазақ тіліне біршама жуық, мұнда қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерін байқауға болады. Ұлы жүздің, оңтүстік диалектісінің ықпалы басым, мысалы: аңғарлы (аңдайтын, аңғаратын), арулау (тазалау, тазарту), құндыкер (құныкер, кісі өлтірген айыпкер, жазалы адам), маңлай (маңдай), таңлай (таңдай), төбетай (тақия, тебетей), шаңғарақ (шаңырақ), т.б. Сонымен қатар Кіші жүзбен, батыс диалектісімен де байланысы байқалады, мысалы: абадан (арлан қасқыр), бекіре (мекіре балық), ергежейлі (ергежелі), тілкім (ұзын тілік, тілім), шілделік (шілдеқотыр) және т.б.
Қазақ халқының дүниетану тәжірибесі мол, емшілік дәстүрі орасан бай. Шығармадағы тілдік деректердің жан-жақтылығы кімді болмасын қызықтырмай қоймайды, әр саладағы мамандарды ойлантпай қоймайды. Сондықтан XV ғасырдан қиын-қыстау жолмен бізге жеткен асыл мұрамызды одан әрі арнайы зерттеп, халық игілігіне айналдыруымыз міндет.
Аманжолов С. Түркі филологиясының негіздері.
– Алматы: Мектеп, 2012. – 50-61 б.