Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 8

ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
ҚЫТАЙДАҒЫ ТҮРКІТАНУ ЖӘНЕ ЖАЗУ ТУРАЛЫ ОЙЛАР

Оглавление

Қытай Халық Республикасының астанасы Пекин «Солтүстік астана» деген ұғымды береді. Қытай елімен ғылыми байланыс жасау мақсатымен 1986 жылы қыркүйек айында жіберілген мамандармен бірге менің де осы қалада жарты жылдай болуыма тура келді.

«Москва – Пекин» пойызымен жеті күн жүріп, Пекин университетіне келіп орналастым. Әрине, бұрын көрмеген ел жөнінде естіп, кітаптан оқып білген бір басқа да, өзіңнің тікелей араласып білуің басқа ғой. Ал менің осыған дейін іштей әзірленіп, қарым-қатынас жасауда әжетке жарайтын шығар деп жүрген ағылшын тілі күнделікті тірліктегі қажетімді нақты өтей алмай, әбден қиналдым. Енді не істеу керек? Әр нәрсенің жөнін білу, керек десе, ас-су алып ішудің өзі оңай болмады. Бейне бір тілсіз адамдай ыммен сөйлесуге адамның намысы жібермейді екен. Бұрын-соңды шыққан небір сөздіктер мен көмекші құралдарды ақтаруға тура келді.

Мәдени-көпшілік орындарға бару, асханаларда тамақтану, кітапханалардағы керек-жарақтарды алу үшін белгілі деңгейдегі қытай сөздерін білуге ниет етіп, мамандығым тілші болғандықтан біраз ізденуге тура келді. Сөйтсем, қытай (ханзу) тілінде сөйлеу, ұғысу, пікірлесудің өзіндік ерекшеліктері мүлдем басқа екенін кейіннен аңғардым. Мұнда дауысты дыбыстардың музыкалық (тоникалық) екпініне қарай, әуендік ырғақ мағына мен мазмұнды белгілейді екен де, мазмұн өзгеріп тұратын көрінеді.

Былайша айтқанда, бір дауысты дыбыстың өзі – жатық, өрлемелі, шығандамалы, төмендемелі және жеңіл дыбыстың ырғағына (дыбыс тонына) қарай әртүрлі мағынаны білдіреді. Демек, дауысты дыбыстың ырғағына қарай бір буынның өзін бірнеше сөз (морфема) деп білеміз. Буындағы немесе бунақтағы әуендік өзгерістің музыкалық екпіні және оның үнділігі мен басыңқылығы, қарлыға шығуы мен ашық та ащы көтерілуі мазмұн мен мағынаны мүлде өзгертіп жібереді. Мысалы, «лш» деген бір буын – дауыстың ырғағына қарай бес түрлі мағынаға ие болады – «шеше», «кендір», «жылқы», «тілдеу», сұрау (?) мағыналы демеулік шылау.

Пекиннің шетіндегі ескі көпірдің үстінде 440 тас арыстанның мүсіні орнатылған еді. Мұның қытайша иероглифпен жазы- луы мен сөзбен айтылуы:


Нәзік те әуенді ырғақты дыбыстың музыкалық тербелісін келтіре алмағандықтан, сөздің мазмұндық мәні мүлде өзгеріп кетеді екен. Қараңыз, «сысыши ши шицы» – «440 тас арыстан» деген қарапайым тіркес, бейне бір жаңылтпаш сияқты болып, түсіндіру қиынға соққандықтан, сөздік арқылы түсіндіруге мәжбүр болады. Сонда дауысты былай қойғанда, с, ш, цз сияқты дауыссыз дыбыстардың артикуляциясы және айтылу реңдері мүлде өзгеше болғандықтан, мазмұнның өзгеруіне де ықпалын тигізіп отырады.

Сонымен қатар қытай тілінде омоним (омофон) сөздер орасан көп. Олардың айтылуы бірдей болғанмен, идеографиялық жазу таңбалары әртүрлі.


Қытай тілін жетік білетін азаматтардың да бір-бірімен еркін сөйлесуі, ұғысуы оңай емес – шетелден келген сіз түгіл, Шанхайда тұратын қытайлық пен Пекинде тұратын осы ел азаматының сөйлесуі кезінде бірін-бірі түсінбеуі бола беретін тірлік. Жер-жердегі (жергілікті диалектілерде) сөздердің айтылуы басқа-басқа да, ал жазылуы – иероглифпен белгіленуі бірыңғай. Сол себепті бірін-бірі сөзбен, яғни дауыстап сөйлесу кезінде ұғыныса алмаса, бір-біріне иероглифпен жазысып ұғынысатын көрінеді.

Байқауымызша, қытай тілінде түбірі түркі тілдерімен ортақ байырғы сөздер баршылық, мысалы:


Қытайша (ханзуша) сауат ашудың күрделілігі, яғни иероглифпен белгілеудің көптігі сонша – газет-журнал оқып, оны түсіну үшін бес-он мың иероглифті білу керек. Демек, ресми мәліметтер көрсеткендей, қазіргі Қытайда 300 миллиондай адамның сауатсыз болуының бір ұшы осында жатқан сияқты.

Жолымыз түсіп Үрімжі қаласындағы шетелдіктерге арналған мейманханаға тоқтаған едік. Осы мейманхана қызметшісі Гүлжабар араб әрпімен шығатын жергілікті газет-журналды оқи алмайтынын айтты. Себебін сұрастырсақ, ол кісі мектепте қазақша оқыған кезде латын графикасы пайдаланылған екен де, араға уақыт салып Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыздар араб графикасына қайта көшкенде (1982-1984 жылдары) бұл жазуды үйрене алмаған көрінеді. «Мәдени төңкерістің» зардаптарын жоюға бағытталған кейбір шаралардың қарапайым халыққа тигізген әсері әртүрлі шегіністерге де душар еткен. Мұны айтып отырған себебім – қазіргі шетелді мекендейтін қазақтардың үш түрлі графиканы (араб, латын, орыс) қоса қабаттастыра пайдаланып жүруі де ойландыратын жай ғой. Сонымен қатар біздің Қазақстанда тілші, әдебиетші, тарихшы, журналист мамандығына әзірленіп жатқан жастар, негізінен, бір ғана графиканы пайдаланумен шектелуде. Бір тілде сөйлейтін тұтас халықтың әр нұсқада жазып, бірінің жазуын екіншісі оқи алмайтын халге душар болуы өз алдына, ал болашақ мамандардың бұл графикаларды меңгеруін шарт деп қарасақ, мұның өзі ел мен елдің арасындағы достыққа деген жаңа нышандардың бастауы да болуы тиіс. Сондықтан маман болатын жастарға үш графиканы да меңгеру қажет.

Тіл білмеген адам ешнәрсеге сеніммен араласа алмайтыны да, өзінің ой-түсінігін жеткізіп, басқа адамдармен сөйлесе де алмайтыны белгілі. Қытай тілін білмеу мені осындай жайға душар етер ме еді, қайдам, егер де Пекиндегі Орталық ұлттар университетіндегі азаматтармен кезікпесем.

Орталық ұлттар университетіне ойламаған жерде қатынастым да, Қытайдағы түркі тілдерінің көрнекті маманы, профессор Гэн Шиминмен танысуым менің бұл сапарымдағы көптеген түйіндерді шешуіме, тіл мәселесіне байланысты белгілі бір кедергілерді жеңіп, тиісті деңгейде ресми қарым-қатынас жасауыма жол ашты.

Орталық ұлттар университеті Қытайдағы аз халықтардың әртүрлі саладағы жоғары білімді мамандарын даярлау үшін құрылған. Мұндағы он бір факультеттің бірі – түркі тілдері факультеті. Факультеттің бір бөлімі – ұйғыр тілі мен әдебиеті бөлімі, екінші бөлімі – қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі, бұлардың әрқайсысында 300-400 студент бар, оқу мерзімі – төрт жыл. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Гэн Шимин көне ұйғыр жазба ескерткіштері, қазіргі қазақ және ұйғыр тілдерінің грамматикасы мәселелерімен, оның орын- басары Мәкен Кәкенұлы Ілекенов қазақ тілі және жалпы лингвистика мәселелерімен шұғылданады екен. Екеуі бірлесіп 1986 жылы Пекиннен шығарған «Оғызнаманың» қазақша аударма нұсқасының ғылыми мәні ерекше болар деп шамаладық. Ал өзінің әріптестері мен шәкірттері атағандай, Мәкен мұғалімнің «Ханзуша – қазақша тіл ғылымы сөздігі» (Пекин, 1984 ж.) менің тіл саласындағы жұмыстарыма әжептәуір септігін тигізді.

Орталық ұлттар университетіндегі жас тілші, әдебиетшілермен танысу барысында олардың қолқа салуына орай, Қазақстандағы қазақ тіл білімінің өркендеу жайы мен зерттелу бағдары жөнінде бірнеше дәріс оқуыма тура келді. Мұнда білім алып, болашақ филология мамандығына әзірленіп жатқан қазақ, ұйғыр, қырғыз, ханзу, дағұр, моңғол, татар, өзбек, тәжік жастарына дәріс оқуда қазақ тілі халықаралық қатынас құралына жарағаны мені іштей қуантып, тіпті толқытып жіберді десем артық емес шығар. Сүйікті менің ана тілім – қазақ тілі деп мақтанып қалдым.

Қазіргі билингвизмнің (екі тілді егіз жүргізу, қостілділік) өрістеу нәтижесінде тілдік интерференция (бір тілдің екінші тілге басымдық ықпалының қабаттаса жүретін еліктеу мәніндегі әсері) құбылыстары да біршама байқалмай қала алмайды. Мысалы, қазақ және қытай тілін белгілі дәрежеде жетік меңгерген кейбір интеллигенттер қазақ тіліндегі діріл р дыбысын ызың дауыссыз ж дыбысына ұқсаңқыратып айтады. Ал қытай тілінде дірілмен келетін таза р дыбысы жоқтығын ескерсек, қазақша сөйлейтін кейбір қытай азаматтарының тілінде барамыз, баламыз деген сөздерді ажыратып алу қиын-ақ, «баламаза» дейді. Әрине, тіл мәдениетінің даму барысында бұл ерекшеліктерді ескере отырып, оның дамуына дұрыс бағдар беріп, шын мағынасындағы билингвизмнің өрістеуіне мән берген жөн.

Қытайдағы аз ұлттардың тілдері мен ауыз әдебиетін зерттеу Қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы Этнография институтында да жүргізіледі екен. Бұл институтта елуінші жылдары Кеңес елінің атақты лингвисі, профессор Г.П. Сердюченко ұлт кадрларын дайындауға айтарлықтай еңбек еткен еді. Институт қазірде социолингвистика саласында аз ұлттар тілдері бойынша еңбектер шығарумен шұғылданады. Соңғы жылдарда ұйғыр, сарыұйғыр, салар, татар, қазақ, қырғыз тілдері жөнінде зерттеу еңбектерін шығарып, әр тілдің фонетикасын нақты эксперименттік тұрғыдан зерттеуге бет бұрған. Осы институтта орыс тілінде «Тіл және этнос» деген тақырыпта баяндама жасадым. Мен жасаған баяндамаға түркітанушы Чэн Вей деген орта жастағы әйел тілмаштық жасап, өзара пікір алысуға толық мүмкіндік туғызды.

Адам мен адамды, халық пен халықты жалғастыруда газет-журналдың, баспасөздің мәні де керемет-ау… Біздің бұл сапарымыз жөніндегі хабарында Пекинде шығып тұратын «Ұлттар» журналы: «Чжунго – Совет оқу-ағарту селбестік жоспары бойынша елімізде сапарда болған еді», – деп жазды. Көркем-суретті, түрлі түспен безендірілген бұл журнал қытай, моңғол, тибет, ұйғыр, корей және қазақ тілдерінде айына бір рет шығып тұрады. Оның жауапты редакторы Мұрат Кәртеңбайұлы мен оның зайыбы аудармашы – редактор Әмина Шортанбайқызы ел мен елдің байланысын нығайтуға ықыласты екендігін өздерімен жеке кездескенде де және баспасөз бетінде де айқын көрсетті. Сондай-ақ Пекиндегі көп тілде ай сайын шығатын басқа журналдардың ішінде көркемсуретті «Халық» (он тоғыз тілде шығады) және «Қызыл ту», «Ұлттар ынтымағы» журналдарының қазақша бөлімінің қызметкерлері – Дәкен Шижуми мен Нұртай Қиясбекұлы кездесті.

Қазақ тілінің нағыз майталман білгірі, қытай жігіті Дәкен Шижуми «Ұлттар» баспасынан 1986 жылы шыққан «Ханзуша-қазақша диалог» деген сөздігін сыйлаған еді. Бұл сөздік, шынын айтсам, менің Пекиндегі қытай азаматтарымен азды-көпті тілдесуіме қолғанат болды. Қазақша сөздер мен пікірлерді оқып алып, оның қытай тіліндегі латынша дыбысталуын айтып, егер де оны түсінбесе, қытайша иероглифін көрсетсем, менің не айтқым келіп тұрғанын кез келген қытай интеллигенті түсінетін болды.

Осындай сөздіктермен қатар алуан-алуан тақырыпта көптеген кітаптар шығарып жатқан «Ұлттар» баспасының қызметкерлерімен танысудың сәті түсті. Баспаның қазақ редакциясының бастығы Нұрбек Әбікенұлы баспаның атқарып жатқан игі істерімен таныстырды. Редакция қызметкерлері үшін «Түркі филологиясының даму мәселелері» деген тақырыпта баяндама оқыдым. Онда журналистер және баспа қызметкерлері, т.б. мамандар қатысып, қазақ әдеби тілі және оның жазба дәстүрі жөніндегі бірсыпыра сұрақтарға жауап беріп, осы салада біраз пікір алыстық. Ойлап қарасам, осы бір кездесуде шынайы достықтың рухы байқалып, шын ынтымақтастықтың нышаны сезіліп, бәріміз бірдей мәдени байланыс жалғаса берсе екен деген ниетте болдық. Сол бір игі ниеттестіктің белгісі үшін өздері шығарған бірнеше кітапты сыйға ұсынды. Солардың ішінде ерекше көңіл аударарлықтай мынадай кітаптарды атап айтуға болады:

«Түркі тілдерін зерттеу» (мақалалар жинағы). Пекин, 1983.

«Қазақ қиссалары», 6 том. Пекин, 1986-1987.

Абылаш Қасымбекұлы, Нұрбек Әбікенұлы. «Қазақ тілі тұрақ- ты сөз тіркестерінің түсіндірме сөздігі». Пекин, 1982.

«Түрки тиллэр татқиқати», 2 том. Пекин, 1982-1983 (ұйғыр тілінде).

«Тіл ғылымынан жалпы шолу». Пекин, 1986. Ханзушадан аударғандар: Мәкен Кәкенұлы, Мұқатай Орынбайқызы.

Көне түркі жазу ескерткіштеріне арналған «Бабалар сөзі» атты кітабымыз (мақалалар жинағы) осы кездесудің нәтижесінде, 1988 жылы Пекинде «Ұлттар» баспасында шықты.

Орталық ұлттар институтындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, дағұр жігіті Чүн Ин жөнінде айтқанымыз артық болмас. Мамандығымыз бен зерттеу объектіміздің ұқсастығы болар, біз бірден тіл табысып кеттік. Өйткені оны көне жазу, лингвистикалық терминдердің тарихы, қазақ тілінің грамматикасы сияқты көптеген проблемалар қызықтырады екен. Оның үстіне Чүн Ин қазақ тіліне деген зеректігімен ғана тынбай, осы тілде ойлы да мәнерлі сөйлеуге әбден дағдыланғандығы да таңдаңдырады. Әсіресе, оның тілге деген әдепті әрекеті, биязы мінезі, инабаттылығы, зерттеушіге тән өнегелі қылықтары бізге ерекше көрінді.

Пекиндегі ғалымдармен кездескенімізде Іле-Қазақ автономиялы облысының екі жерінен көне түркі руникалық жазу ескерткішінің табылғанын зор қуанышпен естідім. Олардың айтуынша, Алтай аймағынан қытайша және көне түркіше жазуы бар үлкен құлпытас, ал Іле аймағынан сыртына руникалық жазу ойылған қола бұйым табылған көрінеді. Ол Құлжадағы мұражайға тапсырылды деседі. Көне түркі тілі мен жазуының маманы болғандықтан, осы сияқты жазу ескерткіштерін көзбен көріп, жан-жақты тексеріп, зерттеу нәтижесін жарияласам ба екен деп үміттендім.

Пекин университетіне ғылыми сапармен келген мен Шыңжаң университеті мен Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясына жолдама алып, жүрдек пойызбен үш күнде Пекиннен Үрімжі қаласына жеттім. Ондағы ғалымдармен, педагог-ұстаздармен, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районның үкімет жанындағы қызметкерлерімен кездескенімде осы ниетімді ашықтан-ашық айтып, қолғабыс жасауларын өтінген едім. Өкінішке орай, екі елдің арасындағы қарым-қатынастың ескілік сарқыншақтары, бұрынғыша ойлау кесірінен, ортақолды кеңсе бюрократтарының жасаған кедергісінен, қазақтын үш аймағы – Іле, Тарбағатай, Алтайға да, ұйғырдың Турфан, Ақсу, Қашғар аймақтарына да бара алмадым. Бұл жолы Шығыс Түркістан жеріндегі көне жазу ескерткіштерін, халықтың асыл мұрасын, тілі мен мәдениетін мейлінше зерттеуге мүмкіншілік болмады. Үрімжіден Пекинге қайтқан кезімде ойлаған мақсаттарыма жете алмағаныма қатты өкіндім. Дегенмен бүгін болмағанымен күні ертең ондай жақсылықтың боларына сенімім мол.

Көршілес өлке Шыңжаңдағы түркітанушы ғалымдардың бір тобы Қоғамдық ғылымдар академиясының Тіл, Әдебиет, Тарих институттарында қызмет атқарып жүр. Олардың соңғы жылдары түркітануға қосқан үлестері – Махмұд Қашғаридың даңқты сөздігі мен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу біліг» дастанының қазіргі ұйғыр тіліне аударылған басылымдары, екі томдық «Шыңжаң тарихы», «Қазақтың қысқаша тарихы» (оны жазған қазақтың белгілі профессоры Нығмет Мыңжанұлымен кездесіп, сыр шертіскен едік), көлемді «Ханзуша-қазақша сөздік», т.б. Көне ұйғыр жазба ескерткіштерімен шұғылданатын Абдуқаим Хожа, Исраил Юсуп, Долқун Қамбар деген ұйғыр ғалымдарымен (Үрімжідегі тарихи-өлкетану мұражайы), Ли Цзинвей есімді қытай әріптесіммен танысып, алдағы зерттеулер туралы ой бөлістік.

Тәуелсіз Қазақстан мен Қытай елінің ғылыми, мәдени байланыстары кеңейе түсуімен түркітану саласында ортақ зерттеулер жүргізілсе, қомақты табыс пен игі нәтижеге қол жеткізуіміз сөзсіз.

Аманжолов С. Түркі филологиясының негіздері.

– Алматы: Мектеп, 2012. – 19-26 б.

Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір

Подняться наверх