Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 6

ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
ӘКЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Оглавление

2003 жылы аса көрнекті ғалым, қазақ филологиясы мен тіл білімінің үлкен маманы Сәрсен Аманжолұлының туғанына 100 жыл толды. Осы оқиғаға орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, Ұлттық ғылым академиясында, Шығыс Қазақстан университетінде халықаралық конференциялар өткізілді. Өкімет қаулысымен Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне Сәрсен Аманжолұлының аты берілді. Біз қазақ тіл білімінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның ұлы, филология ғылымдарының докторы Алтай Аманжоловты әңгімеге тартып, Сәрсен Аманжолұлының өмір жолына қатысты деректер білуді көздедік.

– Бүгінгі күн өлшемімен қарағанда, «Сәрсен Аманжолұлының өлмес ісі» деп нені айтуға болар еді?

– Менің ойымша, әкем қазақ жазуын, орфографиясын қазіргі қалыпқа түсіруге үлкен еңбек сіңірді. 1940 жылы орыс графикасы кириллицаға көшкен кезде, қазіргі қазақша жазуымыздың жобасын құрастырып, орфографияның негізгі фонетика-морфологиялық принципін жете тексерді. Грамматика, тіл тарихы, терминология саласында еңбектер жазды. Тілші-ғалым болып қана қоймай, тарих мәселелерімен көп шұғылданды. «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты монографиясында қазақ халқының этникалық құрамына, ру-тайпаларының тарихына, тілдеріне көп тоқталған. Бұл еңбегі дүниежүзінде түркология ғылымына қосылған сүбелі үлес деп бағаланды. 1959 жылы өзі қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткен соң басылып шықты. 1997 жылы екінші басылымы «Санат» баспасынан жарық көрді.

Әкем 1931 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында қызмет істеген. 1937-1958 жылдар аралығында қазақ тілі кафедрасын басқарды. 1934 жылы Қазақ ұлт мәдениетін ғылыми-зерттеу институты ашылған еді. Сәрсен Аманжолұлы сол институттың алғашқы директоры болды. Бұл қазақ тіл білімінің балаң кезі еді. Институтта тіл, әдебиет, өнер, тарих секторлары болды. Қазақтың ұлт мәдениетін зерттеу алғаш осы институттан басталған еді. 1936 жылы сол институттың негізінде КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы құрылды. Оның тіл-әдебиет секторын 1937-1942 жылдары С. Аманжолұлы басқарды. Кейін бұл филиалдан 1946 жылы Ұлттық ғылым академиясы құрылды. Оның ішінде бұрынғы бір ғана институттан төрт-бес үлкен институт пайда болды. Әкем тіл мәселелерімен айналысып қана қоймай, қазақ фольклорын көп жинады. 1927 жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында тұратын Құсайын деген жыршыдан «Бөгенбай батыр» атты халық жырының толық нұсқасын жазып алып, 1935 жылы баспадан шығарды. 1951-1952 жылдардағы науқан кезінде оған осы жырды жазып алғаны айып болып тағылды.

– Сөзіңізден байқап отырғанымыздай, С. Аманжолұлы ғылымның түрлі саласына еңбек сіңіріпті. Жалпы, өзіңіз ол кісінің осындай әмбебаптығын немен түсіндіре алар едіңіз?

– Бірінші, қазақ халкының өзінің дарындылығына байланысты болар. Әкем өзінің бір естелігінде әке-шешесінің халық ауыз әдебиетін жақсы білетінін жазады. «Үйге келген қонақтардан қызықты әңгімелер тыңдайтынбыз. Әуестігім сол кезден басталды», – деп жазатын.

Екінші, жүрген ортасының әсері болды деп ойлаймын. 1915-1917 жылдары әкем Қатонқарағайдағы орыс-қазақ мектебінде оқыды. Сұлтанмахмұт Торайғыров сол мектепте мұғалім болыпты. 1919-1920 жылдары Семейде мұғалімдік курста оқып жүргенде Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс тыңдапты. Әкем Ташкенттен Орта Азия университетін 1930 жылы филолог мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Онда атақты шығыстанушы В.В. Бартольд, С.Е. Малов сияқты ұстаздары болды. Солар да әсер етті деп ойлаймын. Қалай дегенде де, әкем үлкен мектептен өтті. Мұхтар Әуезовпен 20-жылдардан араласып тұрды. Әкемнің студент кезінде Әуезов аспирант екен. Өмір бойы жақсы достық қатынаста болды. Әлкей Марғұланмен де достасты. Кейін менің өміріме де Әлкей аға көп әсер етті. Көп көмектесіп, ақыл-кеңесін айтты.

Бір жолы үйдегі мұрағатты ақтарып жатып Әлихан Бөкейхановтың хатын тауып алдым. 1935 жылы Мәскеуден Ұлт мәдениеті институтына жолдапты. «Институтта қазақ ауыз әдебиетінің зерттелу жағы қалай? Тарихты зерттеу қалай?», – деп сұрайды. Ол кезде, шамасы Ә. Бөкейханов Мәскеуде «мырзақамақта» отырған болуы керек. Әкем хатты сақтап қойған. Кейін сол хат жөнінде Б. Сапаралы «Егемен Қазақстанға» мақала жариялады.

Әкемнің Сәкен Сейфуллинмен жақсы қарым-қатынаста болғанын үлкендерден еститінмін. Кейін әкемнің мұрағатынан Сейфуллиннің қазақ әдебиеті туралы үлкен қолжазбасы табылды. 1936-1937 жылдары жазылған қолжазба екен. Кейін оны зерттеуші-ғалым Есмағамбет Ысмайыловқа тапсырдық. Білуімізше, Сәкеннің өз қолжазбасы түгелге жуық жойылып, жары Гүлбаһрамда тек екі хаты ғана қалыпты. Араб әрпімен жазылған 160 бет шамасындағы қолжазба қазір академияда сақтаулы.

Үшіншіден, халықтың өрлеу кезеңі де ғалымдардың әмбебап болуын талап етті.

– 30-жылдардағы саяси науқанның да Сәрсен Аманжолұлының өміріне әсері болған шығар…

– Әрине. Сол саяси науқаннан қазақтың бірен-саран мықтысы ғана аман қалды. М. Әуезов, Ә. Марғұлан… 1937 жылдың салқыны әкеме де тимей қалмады. Газеттерде әкеме қарсы үш мақала басылыпты. «Оның достары жазасын тартып жатыр. Бұл кісі неге жауапқа тартылмаған?» дегенге саяды. Міндері – керітартпа мақал-мәтелдер, фольклорды жинап жатыр… Әкеміз сол кездері «Менің ешқандай кінәм жоқ. Бірақ, әйтеуір бір түні мені де әкетуі мүмкін», – деп жүретін еді. Бір жыл бойы отбасымыз осындай үрей құшағында жүрді.

Енді ес жия бастаған кезде соғыс басталып кетті. Әкем 1940 жылы төрт томдық «Орысша-қазақша сөздік» дайындап, Мәскеуге бастыруға жіберген. 1942 жылдың ақпан айында әскерге кетті. Көп еңбегін достарына тастады. «Мен келсем де, келмесем де, осыны іске жаратарсыздар», – деп аманаттады. Карел майданында үгітші-насихатшы болды. 1944 жылы Мәскеуге, Бас штабқа шақырылып, «Қызыл Армия үгітшісінің блокноты» деген басылымның қазақ тіліндегі аудармашы-редакторы болды. Майдандарда шығып жатқан 30-ға жуық қазақша газетке бас-көз болып жүрді. Соғыс біткеннен кейін бір жыл бойы әкемді Бас штабтан босатпай қойды. Мұрағат материалдары бойынша, «Орыстан басқа ұлттар жауынгерлерінің арасындағы саяси тәрбие жұмысының тәжірибесі» атты үлкен еңбек жазуды тапсырған. Әкем 1946 жылы демобилизациямен елге оралды. Елге келісімен бұрынғы докторлық диссертациясын қайта қолға алып, 1948 жылы Мәскеуде қорғады.

50-жылдардағы саяси науқан да әкемнің жекебасына, істеген еңбегіне салқынын тигізбей қойған жоқ. Оның тіл білімі, әдебиеттану саласындағы еңбектері көп сынға ұшырады. «Қазақ тарихын, жүздерін, руларын зерттеп жатыр» деп айып тағылды. Ол аздай, «әкесі Аманжол бай болған» деп сөз тудырып, елге тыңшылар жіберіп, малшы-еңбеккерлерден сұрап, ілік іздеді. Партиядан шығарып тастау да көзделді. Бірақ әкем оған мойыған жоқ. Әр кезде өзінің ғылыми ойларын ашық айтып, дәлелдей алды.

Сол кезде өзімен қатарлас адамдардың басына күн туып тұрғанда да, әкем оларға қол ұшын беруге тырысты. Жақын достары жоламай жүрген кезде әкем М. Әуезовті ҚазПИ-ге шақырып, студенттермен кездесу өткізген. 1951 жылы Есмағамбет Ысмайыловқа «ұлтшыл» деп айып тағылып, тұтқынға алынып, ақыры 25 жылға айдалуға тиіс болды. Сот алдында Есағаңа өзін жақтайтын 15 куә шақыруға мүмкіндік беріледі. Е. Ысмайылов 15 адамның тізімін береді. Бірақ сот басталғанда сол шақырылғандардың ішінен әкем ғана барады. Ол батыл сөйлейді, Е. Ысмайыловқа тағылып отырған айыптың бәрі жала екенін айтады.

Бірақ сол күй кейін әкемнің басына да орнады. Түрлі айыптар тағып, жиналыстарға салды, газеттерде әкемнің еңбегін жоққа шығарған материалдар көптеп басылды. Әкем сол жарияланымдардың бәріне дерлік жауап жазды. Бірақ ол кезде қарсы жауап басылатын ба еді?.. Ақыры, 1952 жылдың тамыз айында әкем Ғылым академиясындағы қызметінен босатылды. Оқу министрлігі қаулы қабылдап, «Аманжолов ҚазПИ-дегі қызметінен босатылып, Семейге жер аударылсын» деген шешім шығарады. Сонымен оқу министрлігі жазалаушы орынға айнала бастаған еді…

1957 жылдың сәуір айында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кеңесі өтті. Сонда әкем шешіле сөз сөйлейді. Бүкіл зал тік тұрып қол соғады. «Қазақ мектептері жабылып жатыр, қазақ тілінің аясы тарылып барады. Орыс тілін білме демейміз, бірақ қазақ өз тілі мансұқтамауы керек қой» қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылығын ащы айтады. Нұрымбек Жанділдин деген кісі сол жерде дереу қарсы сөйлеп, барлық пікірін жоққа шығармақ болады. Сәбит Мұқанов та сөз алып, әкемді қолдайды, қазақ тіліне араша түседі. Газет беттерінде бұл оқиға сөз болып, С. Мұқанов пен С. Аманжоловқа қарсы материалдар жарияланады. «Демагогия, даурықпа сөз, ұлтшылдық бағытта» деп ұрандайды. Сол жиынға «Правда» газетінің тілшісі де қатысқан екен, кейін мүлде бұрмаланған ақпар жариялайды. «Аманжолов пен Мұқанов біздің табыстарымыздың бәрін жоққа шығарып жатыр. Олар ескілікті қолдайды» деген рухта. Әкем оның бәрін терістеп, «Правдаға» үлкен хат жазды. Бірақ бұл хат та басылған жоқ. Осы хат орыс тілінде әкемнің «Қазақ тіл теориясының негіздері» (2002 ж.) атты жинағына енгізілді. Ал жиында сөйлеген сөзі «Асылымызды ардақтайық» деген тақырыппен тұңғыш рет 1989 жылы «Зерде» журналында жарияланды.

1958 жылдың басында әкем аяқастынан көлемді инфаркт алып, қайтыс болды. Мұның бәрі сол жағдайлардан кейінгі әсерден болған деп ойлаймын.

Әңгімелескен Есей Жеңісұлы «Жас Алаш». – 2004. – 6 наурыз.

Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір

Подняться наверх