Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 12

ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
АТАУДА АЛУАН СЫР БАР

Оглавление

Сөз құдіретіне көңіл бөліп байқаңызшы! Алысқа бармай-ақ, күнделікті өмірдің өзінде де адамды атыстыратын да сөз, табыстыратын да сөз емес пе?! Егер әр сөздің мәні мен мазмұнына зейін қойсақ, әрбір ұғым, түсінік, таным, әсер, сезім, былайша айтқанда, қуаныш пен сүйініштің бәрі де сол бір атаулармен қабысып жатқанын қалай бүркей аласыз. Доспен табыстырып, қаспен алыстырып, махаббатпен қауыштырудың да сыры сөзде екенін есіңізге алыңызшы!

Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай-ақ, біреу сөз, біреу пішін көрсетпейтін дүниенің іші бар ма?! Ендеше, біз сөз етейік, сізбен сырласып, пікірлесейік деп отырған мәселеміздің де төркіні осы туралы. Сөздің айтылуы былайша, сөз саптауы арқылы өмірдің көңілде сәулеленіп ой мен толғам, таным мен түсініктің зейінге қануы әрі философия, әрі өмір, әрі психология, әрі тіл ғылымына айналып, біздің өмір тіршілігімізбен бірге өрілетіндігі ақиқат.

Бүгінде өзіңіз күнделікті тіршілігіңізде, іс-әрекетіңізде пайдаланып жүрген сөз бен ұғым жөнінде ойланып көрген шығарсыз. Ендеше, сөздің қалай, қашан пайда болғандығы, тіл жөнінде бірталай теориялық пайымдаулар болғаны белгілі.

Әдетте, бұл салада биологиялық та, әлеуметтік те теориялық көзқарастар бар. Былайша айтқанда, биологиялық деп отырғанымыз – дыбысқа еліктеу теориясы, көңіл күйін білдіретін одағай теориясы. Сондай-ақ әлеуметтік теорияларға жататындар – әлеуметтік шарттасу теориясы (сөз адамдардың келісімі, шарттасуы барысында пайда болады-мыс дейтін көзқарастағы теория), еңбек айқайы теориясы, Н.Я. Марр ұсынған «Еңбек – магиялық әрекет» теориясы және т.б. Бұл проблеманы шешуде марксизм классиктерінің ұсынған пайымдауларына сүйенсек, ең алдымен, Ф. Энгельстің «Маймылдың адамға айналу процесіндегі еңбектің рөлі» деген шығармасын атап өткен жөн. Онда тіл мен сананың пайда болуының ең басты себебі – адамдардың қоғамдағы еңбек әрекеті екені көрсетілген. Демек, сөйлеу мен ойлау әрекетінің биологиялық алғышарттарын да жоққа шығармастан, тілдің пайда болуындағы әлеуметтік фактордың басты негіз екенін ескеруімізге тура келеді.

Заманадан замана өтіп, талай мыңдаған жылдарды артқа тастап, нелер шаштар ағарып, нелер тәнді жер жұтып, ұрпақтан-ұрпақ ауысып, былайша айтқанда, алғашқы адамдардың айқайына ымы араласа дамуынан анық сөзге жеткенге дейін талай тарихи заманалар өтті ғой. Ал мұны ғылыми тұрғыдан айтар болсақ, айқын бөлшектенбеген диффузды сөйлеуден анық сөзге айналу эволюциясы деп білеміз.

Даму деңгейі әртүрлі болғанымен де, қай тілді алып қарасаңыз да, тіл мәселесі, оның сөздік құрамы, яғни лексикасына байланысты. Демек, сөздік құрамды зерттейтін лексикологияның негізгі салалары ономасиология, семасиология, ономастика, этимология, фразеология, лексикография болып табылады. Осылардың ішінде ономастика жөнінде сөз еткенде мына бір мәселеге көңіл қойып көрейікші.

Ономастика лексикологияның жалқы есімдерді зерттейтін саласы болғандықтан, мұнда этникалық, географиялық, астрономиялық атаулар (этноним, топоним, космоним), кісі есімдері (антропоним), түрлі жануарлар аттары (зооним) мен өсімдік атаулары (фитоним) жан-жақты талдауға түседі. Түркі ономастикасының елімізде ерекше өріс алуының нәтижесінде елуден астам кандидаттық, 7 докторлық диссертация қорғалды, көптеген мақала мен кітап жарық көрді (1940 жылдан бері). Мәселен, Қазақстандағы ономастика бойынша алғашқы қадам С. Аманжоловтың «Қазақ деген сөз туралы» және «Географиялық атаулар» деген мақалалары («Пионер» журналы, 1940 жылғы 12-саны, 1941 жылғы 3-саны), оның жетекшілігімен жазылған Ш. Жанәбілевтің «Қазақтың мал атаулары» (1953 ж.) және А. Әбдірахмановтың «Қазақстан топонимикасының кейбір мәселелері» (1954 ж.) деген кандидаттық диссертациялары болып табылады, ал соңғы елеулі еңбек – Г. Мәдиеваның «Қазіргі Қазақстанның ономастикалық кеңістігі» деген докторлық диссертациясы (Алматы, 2005 ж.).

Ономастикадағы орны зор географиялық атаулардың сырын байқау үшін төмендегі жолға зейін қойыңызшы.

Қазақта:

Балқан, Балқан, Балқан тау,

Ол да біздің барған тау.


Қырғызда:

Балқан, Балқан, Балқан тоо,

Аны да биз корген тоо.


Қарақалпақта:

Түйе, түйе, түйелер,

Дұзың қайда түйелер?

Балқан таудың басында,

Балық ойнар қасында.


Осы бір өлең-жыр жолдарындағы Балқан сөзіне әмсе зейін аудара бермейміз. Өйткені сәби кезіміздегі бесік жырымен құлаққа сіңген сөз болғандықтан, тек жаттанды тіркестерін ғана еске аламыз. Ойлап қарасақ, бүгінгі географиялық атау тұрғысынан мән берсек, сөз етіп отырған заңғар тау Каспий теңізінің жанындағы, Түрікменстан Республикасының оңтүстік-батысындағы Балқан жоталары деп шамалаймыз. Әдетте, Үлкен Балқан, Кіші Балқан деп аталады. Бұл жоталардың соншалық асқақтата көрсетілуі – Үлкен Балқанның шыңы Арлан 1880 метр биіктіктен мұнарғып, теңіз бен жазықтың орта деңгейінде жатқандықтан да болар. Сондықтан да қырғыз тілінде «Балқан тоо» тіркесі – заңғар, биік, зор, зәулім, еңгезердей деген ұғымды сақтап қалғанға ұқсайды.

Сондай-ақ жақсы жер, жайлы қоныс, жан рақатының символы саналатын Жиделібайсын қазақ ертегілерінде де, «Алпамыс» жырында да, Жерұйықты іздеген Асан атаның есімімен байланысты да жиі айтылады. Бұл атау қазіргі Өзбекстандағы Сурхандария облысындағы, яғни Әмударияның бас жағындағы Байсұнтау жотасының атына байланысты айтылған. Сол себепті де, Жиделібайсын кейбір зерттеушілердің мифтік түсініктен шықты деген ойын емес, қазақ, қарақалпақ, өзбек халықтарының құрамындағы қоңыраттардың құтты мекені болғандығын көрсетеді.

Ел тарихын білу жер тарихын білумен шарттас. Өйткені сол жерді мекен етіп, қоныс тепкен, суын ішіп, қайнарының көзін ашқан елдің басынан кешкен өмір өткелдері мен қат-қабат оқиғалары зейін аударып қарасаңыз атой салып жатады. Сонау XI ғасырдағы Махмұд Қашғари сөздігіндегі Кейген (Кеген), Ертіш (Ертіс), Етіл (Еділ), Іле, т.б. өзен-су атаулары күні бүгінге дейін сақталса, тау мен тастың, бұлақтардың, елді мекендердің аты қаншама десеңізші.

Халық жер мен су, тау мен жота, көл мен бұлақтың атын қалай болса солай атай салмаған. Одан көңілде ізі қалар ұқсастық пен бейнелі көрініс тапқан. Қараңызшы – Сарыарқа, Керегетас, Қыземшек, Кемпірадыр (кемпірдің бетіне ұксас қыртыстары үшін), Кіндіктау, Қызбет (топырағы қызыл болғаны үшін), Қызылмойнақ, Қаражал және т.б. қаншама ұқсатулар мен образды елес жатыр!

Атаулардың өзгеруі мен әртүрлі кейіпке түсуінде де сыр мол. Кейде орынды, орынсыз өзгертіп, кейінгі ұрпақты шым-шытыр шырғалаңға салар шақтар да аз кездеспейді. Оның мысалы үшін 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданына барғанда байқаған елді мекендер мен жер-су атаулары жөніндегі ойларымды ортаға салайыншы.

Біз жол-жөнекей Қалғұты өзенінен өтіп, Черняевка селосына аялдадық. Өзен атына мән берсек – Қалғұты сөзінің төркіні, бір кезде ауылы аралас, қойы қоралас моңғолдардың «қақпалы; қалқалы» деген мағыналы сөзі екен. Айтса айтқандай, шынында да өзеннің қалқалы қалтарыста екені рас.

Черняевка селосынан аудан орталығы Алексеевкаға барарда Қалжыр өзенінен өттік. Қалжыр сөзі түркітілдес халықтың, алтайлықтардың тілінде «асау, долы, буырқанған» деген мағынаны береді. Айтса айтқандай, Марқакөлден шығатын жалғыз өзен болғандықтан ба, әйтеуір, қай кезде де буырқанып ағатын мұздай су екені бірден байқалады.

Осы атыраптағы Білезік, Сарқырама, Балықтыбұлақ, Аққаба, Қарақаба, Алқабек және т.б. байырғы атаулар құлаққа біртүрлі жылы естілуі ғана емес, сөздің мағынасымен, «ішкі формасымен» қаншама ұғым мен түсінікті білдіретіндігін айтсаңызшы.

Патша үкіметінің отарлық саясатын жүзеге асыру мақсатындағы озбыр атамандардың келуіне байланысты Қазақстан картасында осы өңірдегі бірсыпыра елді мекендердің аттары аз уақыттың ішінде өзгеріп кетті. Мысалы, Черняевка – бұрынғы Мыңшұңқыр. Осы айтып отырған Қалжыр совхозының орталығы Черняевкамыз бір кездегі патша офицері М.Г. Черняевтің атымен қойылған ғой. Ол өз өкілдігін асыра пайдаланғаны үшін біресе орнынан алынып, біресе өсіріліп жүрген шаш ал десе, бас алатын жандарал чиновник болатын.

Марқакөл ауданындағы жер-су аттары мен бірсыпыра елді мекендердің аттары кейде көне атымен, кейде өзгертілген атымен қоса-қабаттаса аталып жатады екен, қараңызшы:

Төсқайың – Бобровка,

Ақжайлау – Успенка,

Балықтыбұлақ – Владимировка,

Бастеректі – Николаевка,

Ортатеректі – Алексеевка,

Қызылашы – Александровка,

Сарыайғыр – Архиповка,

Шендібұлақ – Спасовка,

Шағанаты – Орловка,

Үңгірашы – Матвеевка,

Таутақыр – Горное,

Балақалжыр – Приречное және т.б.

Тіл біліміндегі топонимдер, былайша айтқанда, жер-су аттарының кейінгі ұрпаққа айтары көп тарих екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан да орынсыз өзгертулер ел тарихын, жер тарихын білуге үлкен нұқсан келтіретінін жиі айтамыз, бірақ күнделікті тіршілікте ескере бермейміз. Оны реттеп жөнге салуда самарқаулықтан арыла алмай-ақ келеміз.

Өзгені былай қойғанда, орынсыз білгішсініп жер-су атауларын екінші тілге аударатын тілмаштардың кеселі тиіп-ақ жүр. Мысалы, Көкшетауды – Синегорье, сұлу Көкшені – Синюха, Алтайдың биік шыңы Мұзтауды (Ақмұзтауды) – Белуха, Айыртауды – Монастырь, Сарыарқаны – Казахский мелкосопочник, Секітасты – Шляпа, Қарасуды – Чернушка, Қайыңдыны – Каиндушка, Ақтауды – Белогорье, Ақсуды – Белые Воды деп орысша аударып алғаны сияқты.

«Егемен Қазақстан» газеті жақын арада (1 наурыз, 2008 жыл) елеулі өзгеріс деп осындай хабар таратты: «Семей өңіріндегі құтты мекендердің бірі – Жарма ауданы. Өкінішке қарай, мұндағы жер атауларының басым бөлігі бұған дейін «ка» жұрнағымен аяқталатын. Георгиевка, Николаевка дегендей… Жуырда аталмыш жақтан тілші қосына қуанышты хабар келіп жетті. Ендігі жерде аудан орталығы Георгиевка Қалбатау деп аталатын болыпты. Ал Қалбатау мұндағы елдің жүрегіне жақын, көңіліне ыстық ежелгі жер атауы. Сөйтіп, шыққан тегі белгісіз Георгиевканы өзіміздің төл атауымыз алмастырды».

Қазақ елінің, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік жариялағанына жиырма жылға жуық уақыт өтті. Алайда кейбір ірі қалаларымыз әлі де болса патша отаршылары қойған атымен аталуда – Петропавловск (Қызылжар), Павлодар (Керегежар), Семипалатинск немесе Семей деген «қазақшасы» (байырғы атауы Қызылкент), Усть-Каменогорск немесе Өскемен «қазақшасы» (байырғы атауы Дом, ем-дом, емші-домшы қос сөздерінде сақталған) және т.б.

Өз ана тілін менсінбейтін, білгісі де келмейтін, тіпті ұлт мәдениетіне, ұлттың тарихы мен болашағына немқұрайды қарайтын қазақтан шыққан лауазымды адамдар, қоғам қайраткерлері, мәжіліс депутаттары көп кездеседі. Қазақ мақалда айтқандай, «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады». Рухани құлдықтан, жалтақтық пен ессіздіктен біржолата арылу – заман талабы.

Естен кетпес ел тірлігін, халықтың өмір салты мен тіршілік тынысын жан-жақты аңғартатын жер-су атауларының дұрыс аталып, орынсыз өзгерістерге түспей байырғы мәнін сақтауға мән беру – әрбір ұрпақтың тарих алдындағы борышы. Ал оның ғылыми, қоғамдық мән-мазмұнын ашу бұл саладағы ғалымдардан ар-ұждан алдындағы азаматтық жауапкершілік пен саналылықты талап етеді.

Қазақстан әйелдері. – 1989. – № 8. – 16-17 б.

Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір

Подняться наверх