Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 9

ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
БАУЫРЛАС ЕЛДІҢ БАУЫРМАЛ ҚҰШАҒЫ

Оглавление

Ақ Еділ бойындағы бауырлас Башқұрт еліне осы кезге дейін үш дүркін барып қайтқан едім. 1977 жылғы бірінші сапарымда белгілі башқұрт ғалымдарымен эпиграфиялық экспедицияларға қатысып, ғылыми пікір алысып, жақын сырласып, достасып кеткенмін. Бұл жөнінде Р. Шәкүровтің «Тарих төпкөлдәрен айқайсу» қазақша аудармасы – «Тарих түкпірлерін зерттеуші» деген мақаласы жарияланған («Совет Башқортостаны», 13.04.1977). 1980 жылғы екінші сапарымда бүкілодақтық ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасадым, Башқұрт мемлекеттік университетінде «Көне түркі тілінен» он шақты дәріс оқып шықтым. Ал үшінші ғылыми сапарым 1991 жылы жүзеге асты.

1991 жылдың қазан айында башқұрт халқы көрнекті ғалым, марқұм Жәлил Ғинаятұлы Киекбаевтың туғанына 80 жыл толуын салтанатпен атап өтті. Ғалымның туған жері – республикадағы Ғафури ауданында мереке өткізілді, жергілікті «Табын» газеті даңқты жерлесіне нөмір арнады (ауданында, негізінен, башқұрттың іргелі табын тайпасына жататындар тұрады). Соңынан Уфадағы Башқұрт мемлекеттік университетінде «Профессор Ж. Киекбаев және алтаистика проблемалары» атты ғылыми конференция өтті. Оған жер-жерден – Қырғызстан, Қалмақстан, Әзербайжан, Татарстаннан және т.б. өңірлерден қонақтар келді. Қазақстаннан мен қатыстым.

Жәлил Киекбаев, шын мәнінде, «біртуар» деген теңеуге әбден лайық, кейінгіге ғылыми еңбегімен ғана емес, өмірімен де үлгі болатын дарынды да жан-жақты ғалым еді. Ол – башқұрт тіл білімінің негізін салушылардың бірі. Базалық білімді герман тілдері бойынша алған ол – неміс, ағылшын, француз, венгр, түрік һәм негізгі түркі, алтай тілдерін еркін білген. Біліп қана қоймай, славистика және, әрине, башқұрт тіл білімі, тарихы бойынша іргелі ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген. Контрастивтік лингвистика деп аталатын бұл саладағы ғалым еңбегі айрықша. Ол бірінші болып башқұрт тілінің лексикалық жүйесін ауқымды зерттеді, фонетика саласына да кесек үлес қосты. Сондай-ақ башқұрт жазба әдеби тілі, стилистика, фразеология, лексикографиясының көптеген толғақты мәселелерінің алғаш қарастырылуының да тарихы Ж. Киекбаев есімімен байланысты.

Алпысыншы жылдары ғалым алғашқылардың қатарында орал-алтай тілдерінің генетикалық байланысы проблемасымен білек сыбана айналысты. Киекбаев талдап жасаған белгілілік және белгісіздік теориясы туыстас тілдердің грамматикалық формаларының шығу тегі мәселесіне арналған. Қараңыз: Киекбаев Дж. Г. О происхождении некоторых падежных форм в урало-алтайских языках в свете теории определенности-неопределенности. «Вопросы методологии и методики лингвистических исследований», Уфа, 1966, с. 175-190; Введение в урало-алтайское языкознание. Уфа, 1972.

Кезінде әкем Сәрсен Аманжолов пен Жәлил Киекбаев тығыз байланыста болған. Оның әкеме жазған екі хаты әулетіміздің мұрағатында сақтаулы.

Қазір былайғы жұртшылықты айтпағанда, ғалымдарымыздың да көпшілігі түркітілдес халықтар біздің заманымыздың 1-мыңжылдығы ортасында пайда болды деген пікірді малданып жүр ғой. Алғаш осынау даулы пікірді бекерге шығарған да Ж. Киекбаев. Ол, негізінен, тілдік жадығаттарға сүйене отырып, көне башқұрт тайпалары Орхон-Енисей жазба мұраларын жасаушылармен этнотілдік байланыста болғаны, осыдан 4000- 3500 жыл бұрын бұл ортадан қол үзуге мәжбүр болғаннан кейін әлгі ерекшеліктерді таулы-орманды Орал жағдайында сақтап қалғандары жайында ой айтты. Бұл болжамның дұрыстығын соңғы лингвистикалық, антропологиялық, этнографиялық һәм археологиялық ізденіс олжалары дәлелдеп беріп отыр.

Одақтағы түркі халықтарының ғасыр басындағы оқығандары жағдайға орай бір мезгілде әрі ағартушының, әрі жарық түсірушінің қызметін атқарған ғой. Жәлил Киекбаевтың бұл орайдағы еңбегі де ерен. Оның «Туғандар һәм таныштар» романы, бірнеше повестері, өлеңдерінсіз башқұрт әдебиетін көзге елестету қиын. Киекбаев алтын уақытын балаларға арнап ертегі, қобайыр (жыр) жазудан да аямаған. Жәлил Ғинаятұлы, сондай-ақ Гете, Гейне, Бредель, Вольф тәрізді ақын-жазушыларының шығармаларын башқұртшаға аударған.

Ғалым туралы сөз – қашанда ғылым туралы толғану. Конференцияда мерейтой иесі еңбектерінен бастау ала отырып, бүгінгі түркітану ғылымының да түйінді мәселелері сөз болған.

Әрі-беріден кейін жеке алғанда башқұрт тілінің, тұтас алғанда түркі тілдерінің синхронды-диахронды тұрғыда толық сипатталуы алтаистика мәселелеріне тікелей қатысты. Өйткені жоғарыда Киекбаев зор көңіл бөлді деп өзіміз айтып кеткен орал-алтай тілдерінің генетикалық байланысы дейтін мәселе – таласты тақырыптың бірі. Сол себепті конференцияда ғылымды алға жылжытар айтыс, пікірлер қақтығысы болмай қалған жоқ.

Демек, алтай және орал-алтай тілдерінің байланысын генетикалық тұрғыдан да қарастырған пікірлер айтылған. Сонымен қатар қалмақ ғалымы С. Харькова моңғол, түркі, тұңғыс-манжұр тілдеріндегі лексикалық ұқсастықтар генетикалық та, ықпалдылық аясында да өрбігені жөніндегі пікірге көбірек ден қойды. Оның пайымдауынша, соңғы факторға моңғолдар мен түркілердің мекен-тұрағының қашанда жапсарлас екендігі, шаруашылық тәсілдерінің бірдейлігі негіз болған. Сондықтан проблема үдесінен шығу үшін ол моңғол тілдерінің барша диалектілерімен қоса алып зерттеуді ұсынды.

Осы өреде атақты татар ғалымы Мирфатих Зәкиевтің ұсыныстары екінші жолды нұсқағандай болды. Ол – түркі тілдерінің тарихи грамматикасын әр тілге бөле-жармай, бірыңғай жасау. Бұған тілдер туыстығы мүмкіндік береді (Зәкиев татар жоғары оқу орындарында «Өзбек тілінің тарихи грамматикасы» сәтімен пайдаланылып жүргенін мысалға келтірді). Конференцияға қатысушылардың көпшілігіне ғалымның әлгіндей грамматиканы жасау кезінде өзге тілдер ықпалын тек алтай, орал-алтай топтары ғана емес, үндіеуропа, қытай, палеоазиат, кавказ, шумер тілдік топтары аясында зерттеу жөніндегі ұсынысы да ой салды. Менің баяндамам да, негізінен, осы өреде, яғни түркі тілдерінің үндіеуропа тілдерімен ежелгі генетикалық, типологиялық байланыстарына арналған.

М. Зәкиев жалпытүркілік тарихи грамматика жасау жөніндегі проблемалық топ құруды да ұсынды. Бірақ бұл конференцияда емес, неғұрлым жоғары деңгейде шешілуі тиіс деп ойлаймын.

Ал нақты шешімдерге келетін болсақ, конференция Башқұрт мемлекеттік университетіне Жәлил Киекбаев есімін беруді сұраған шешім қабылдады.

Қазақ жұртшылығы бауырлас халықтардың тарихын, бүгінгі қам-қарекетін жан-жақты білуге құштар. Өкінішке орай, Қазақстанның ұлттық кітапханасы да, академиялық кітапханасы да Башқұртстан, Татарстанның Ұлттық басылымдарының міндетті даналарын алмайды.

Кейінгі өзгерістерден көбірек білетінім – өз ортам, ғылым төңірегі. Бұрын КСРО Ғылым академиясы Орал бөлімшесінің филиалы болып келген Башқұртстанның бас ғылыми ордасы енді өз алдына республикалық академия болды. Оның Тарих, тіл және әдебиет институтына башқұрт халқының мәшһүр ғалымы, мемлекет қайраткері Зәки Уәлиди Тоғанның есімін беру сұралды. Башқұртстан Республикасының Ұлттық кітапханасына осы ғалымның есімі берілді.

1992 жылдан бері жыл сайын халықаралық «Уәлиди оқулары» тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Башқұрттар үшін бүгінгі таңда туған тілді мемлекеттік дәрежеге көтеруден ауыр да зәру мәселе болмай отыр. Өйткені олар өз жерінде аз – тұрғын халықтың жиырма төрт пайызын ғана құрайды. Жиырма бес пайыз татарлар тұрады, қалған басым көпшілігі – славян тектілер. Мұндай демографиялық ахуалда тілге мемлекеттік мәртебе беру аса қиынға соғарын өз тәжірибемізден де көрдік қой. Айдынды да айбарлы тілге ие башқұрт бауырлардың болашаққа күдікпен де, үмітпен де қарап отырған жайы бар. Мұндай кездерде халықаралық норма үстемдігін енгізудің де артықшылығы болмас еді. Үміттің бір ұшы, әрине, бізге артулы.

Күрделі жағдайда этникалық санасын жоғалтып алмаған осынау халық бізге, қазақтарға келгенде, ерекше ілтипат көрсетеді, ағаш уықты, киіз туырлықты бір елміз деп арқа тұтады. Біздің егемендік қадамдарымызға өзімізден кем қуанбайды. Жәлил Киекбаев тойы үстінде осы сезімді башқұрттың белгілі қобайыршы қызы Розалия Сәлемгереева маған өлең жолдарымен білдірді.

Қазағстан иле минең

өсөн ярты бауырым,

думбрамдың бер қылы.

Көбайларымдың бер һузе,

иманымдың бер тамыры.

Исән булһын илең,

Исән булһын башқорт иле. -

Исән булһын қазақ иле, -

Бөтөн булыр шәрек курке

Ике ил исәнлеге -

Матурлик именлеге (тыныштығы).


Міне, башқұрт бауырлардың біздер жаққа осылай елеңдеген сыңайы бар.

Аманжолов С. Түркі филологиясының негіздері.

– Алматы: Мектеп, 2012. – 26-30 б.

Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір

Подняться наверх