Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 11
ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
КӨНЕ ТҮРКІ ЭТНОГЕНЕЗІ ПРОБЛЕМАСЫ
ОглавлениеТүркітану ғылымының аса маңызды да күрделі саласы көне түркі этногенезі мен алғашқы түркі тілінің дамуына келіп тірелетін проблемалары болып табылады. Бұл мәселені шешпейінше қазіргі түркі халықтарының ата-баба, үрім-бұтақ зәу-затының басынан кешкен өмір өткелдерін де, арғы тарихын да, көне түркі тілінің қалыптасып, дамуының жөн-жосығын да, сала-саламен тармақтана өрбуін де, өркені өсе келіп бүгінгі тілімізбен жалғасуын да, халықтардың бір тамырдан нәр алған тарихи-мәдени ортақтығын да, көне түркі этногенезін де, басқасын былай қойғанда, қазіргі түркітілдес халықтардың шығу тегін де дұрыс ашып көрсету, әрине, қиын.
Аталмыш мәселе тарихшылар немесе тілшілердің, мәдениет пен тіл тарихын зерттеушілердің пешенесіне жазған еншісіндей ғана болып келсе, оның бүгінде аясы тар, шектеулі шеңбері құлаш жазғызбай, тығырыққа тықсырған үстірт ойлар мен «академиялық» схематизмге ұрындырып жүргені де жасыратын жай емес. Әр саладағы ғылымның дами келіп шоғырлана түйіскен бірлігі негізінде зерттелмейінше, айтарлықтай нәтижеге қол жетпейтіндігі де айқын.
Алтай-Саян тау қойнауы және Ертістің жоғары сағасын көктей өтіп, Сарыарқа мен Жетісу өңіріне созыла жатқан кең аймақ көне түркі этногенезінің аялы алтын бесігі екендігіне ешбір күмән жоқ, оны дәлелдерлік бұлтартпас деректер де жеткілікті-ақ, тек көрер көз, ізгі жүрек болса игі.
Бұл салада табысты еңбек етіп көзге түскен қазақстандық тарихшы ғалым Ю.А. Зуевтің көне түркі аңыз шежірелерін тілге тиек еткен диссертациясын («Древнетюркские генеалогические предания как источник по ранней истории тюрков», 1967) айрықша атау орынды. Ол бұрын қалам тартылмаған соны сүрлеуге із салып, көне қытай жылнамалары деректері мен түркітану еңбектеріне сүйене отырып зерттеген тарих саласындағы өз жұмысына синолог түркітанушыға тән егіз қасиеттерді қос өрім етіп пайдаланды. Мысалы, қытай иероглифтерімен берілген көне түркі атауларының (этноним, топоним, антропонимдердің) нақты дыбысталуы туралы біршама тың пікір айтты. Құрылымы әр басқа тілдердегі айтылуы мен жазылуы сәйкеспейтіндіктен кездесетін жаңсақтар және оның жорамалды баламалары жөніндегі ойлары тереңірек пайымдауды қажет етуде. Осыған дейінгі кейбір тоқтамдар мен тұжырымдар да қайтадан ой елегінен өткізіп, басқа қырынан қарауды керек етуде. Айталық, кейбір тайпалардың мирасқорлығы айтылып, алдымен үйсін еліндегі хан әулетінің ашина түркілерімен сабақтастығы көрсетілген.
Бір ескеретін жай: ертедегі Оңтүстік Сібір мен Қазақстан далаларын мекендеген тұрғындардың тілі мен антропологиялық типі арасында ешбір тікелей тәуелділік жоқ екендігіне қарамастан, кейбір зерттеушілер қисынсыз пікір айтуға және оған әлдекімдер әуестенуге бейім тұратыны қынжылтады.
Археологиялық деректерге сүйенсек, Оңтүстік Сібір мен Қазақстан далаларын мекендеген, мал бағып, егін еккен қола дәуірінің тайпалары мен алғашқы азиялық көшпелілер (азиялық «скиф» немесе сақтар) еуропеоидтік нәсілдің Оңтүстік Сібір типіне жататындығы белгілі. Сақ тайпаларының біздің заманымызға дейінгі VII-ІV ғасырларда атаулары, тұрғын мекені, өмір салты, этникалық сипаты мен тілі жағынан бір-бірінен дараланғандығын мойындағанымыз жөн. Атақты тарихшы-түркітанушы А.Н. Бернштамның «скиф» – сақ тайпаларының тілдері жөнінде айтқан мына бір әділетті пікірін келтірейік: «Этническая проблема скифов не вышла за пределы гипотез. Спор о тюркизме или иранизме скифов столь же древен, как и сама ориенталистика. Решение этих проблем содержится в археологических материалах» (Бернштам А.Н. Древнейшие тюркские элементы в этногенезе Средней Азии. – «Советская этнография», VІ-VII, М. – Л., 1947. – С. 148).
Алғашқы көшпелілердің (сақтардың) тілдеріне байланысты ағат пікірлерге қоса, қола заманындағы Оңтүстік Сібір мен Қазақстан тұрғындарын үнді-иран немесе иран тілдерінде сөйлеткісі келетіндер бар. Ақиқатын айтсақ, Алтай мен Жетісудың ежелгі тұрғывдарыньщ тек қана үнді-иран («арийлік») тілдес халықтарға тарихи жақындығы (ортақтығы) туралы пікірге сын көзбен қарауымыз жөн.
Неге десеңіз, бұл аймақта ірге тепкен ежелгі тұрғындар (автохтондар) үнді-иран тілінде сөйлепті-міс деген тұжырымды айқындарлық көңіл тұшытарлық тілдік айғақ, дәлелге медеу боларлық тілдік фактінің жоқ екені белгілі. Қайта, ондай жорамалдардың үнін өшіріп, адымын аттатпайтын деректер сыры сақ қорғандарында атой салып жатқандығын бүркеудің өзі қиын. Өйткені сақ қорғанынан табылған жазулар көне түркі руникалық алфавитімен төркіндес, онымен негіздес екені айқындала бастағаны көпке аян. Ертіс, Іле бойларынан табылған ең көне түркі жазулары жөнінде тиісті ғылыми баспаларда дер кезінде талдау жасап, пікір айтқанымыз жұртқа белгілі.
Өзгені былай қойғанда, әлі күнге сақ атауының шығу тегі айқындалған жоқ. Бұл сөз көне парсы сына жазуларындағы мәтіндерде сака, ал қытай жылнамаларында сак – сә түрінде келеді. Атақты иранист ғалым Г. Бэйлидің соңғы кезде мойындағанындай, сақ тайпалық атауының өзі үнді-иран тілдеріне қатысты деген болжамдардың сәтсіз екені және ол жорамалдардың ешбір сын көтермейтіндігі айқын болып отыр (ВАІLЕҮ Н.W. Languages of the Saka. – «Наndbuсһ der Огіеntalistiк», IV, 1, Leiden-Кöln, 1958, р. 133).
Көне қытай жазба деректеріне сүйенсек, біздің заманымызға дейінгі III-I ғасырларда бұрынғы сақтар қоныстанған атыраптарда көшпелі усунъ (үйсін), кангюй (қаңлы), юэчжи тайпалық одақтарының мекен еткендігі айтылады. Ал бұлардың тілдері жөніндегі әңгіме өз алдына дербес мәселе.
Усунь еліндегі хандық әулеттің бірнеше ғасырлық мерзімін артқа тастап, олардың кейінгі мирасқорлары түркітілдес тайпалардың басын біріктіріп, біздің заманның VI-VIII ғасырларында көне түркі қағанатына билік жүргізген ашина түркілерімен сабақтастығын айқындайтын деректер қытай жылнамаларында кездеседі. Біздің болжауымызша, усунь этнониміндегі ус түбірін көне түркінің ус немесе ас сөзімен салыстыруға болады. Бұл сөздердің мағынасы Махмұд Қашғаридің сөздігінде «күшіген, бүркіт» деп берілген. Ал VIII ғасырдағы Тунйуқуқ ескерткішінде кездескен түрк есір бодун – «түркі бүркіт халқы» деген тіркес (мұндағы есір сөзі тува тіліндегі әзир – «бүркіт» сөзімен төркіндес) ашина түркілерінің, яғни билеуші тайпаның баламасы ретінде қолданылған деп шамалауға болады. Сонымен бірге Күлтегін ханзада кешеніне қойылған мәрмәрдан қашалған мүсіндегі кертпе тәждің маңдайшасында бейнеленген бүркіт кескініне бере қарасақ, біршама толғаныстар туғызуымен қатар, жоғарыдағы болжауларды дәлелдерлік тірек те, дерек те табамыз.
Осыған орай түрк (түрік, түркі) сөзінің мағынасы жөнінде айтар болсақ, ол түркі қағанатының аты, этникалық термин болуымен қатар, өзінің негізгі байырғы «күшті, қуатты» деген мағынасын да көне ұйғыр жазба ескерткіштерінде сақтаған (Nemeth J. Der Volksname Türk – «Коrosi Сзоmа-Аrchivum», II, 4, 1926, S. 275.).
Махмұд Қашғаридің сөздігінде түрк йігіт деген тіркес «кәмелетке толған, сақа жігіт» мағынасын береді. Ал қазіргі қырғыз тілінде түрк сөзі «ірі, қонды, семіз» мағынасында қолданылады (қою түрк экен «қойы қоңды екен»).
Этникалық ортақтықты (тайпа, халық, ұлт) айқындауда тіл – басты да шешуші белгі. Ал тілдің адам қоғамында атқаратын қызметі әр алуан: қарым-қатынас жасау құралы, ойдың тікелей көрінісі, таным-түсінікті жетілдірудің көзі, сонымен бірге этностың белгісі, демек, этникалық мәнге ие. Тілдің этникалық қызметін сөз еткенде, оның этникалық ортақтығының құрылуы, өсіп-өркендеуі, дамуы, іштей топтасу басында қозғаушы күш екенін атап өткен жөн.
Ақиқатына келсек, әрбір жеке тіл этностың шоғырлана кірігуіне, сонымен бірге өзара бір-біріне әсерлері барысында тайпалар мен халықтардың іргесі ауып жатырқауына себеп туғызады.
Неолит заманының соңы – энеолит дәуірінде (б.з.д. IV-III мыңжылдықтар), қола дәуірінде (б.з.д. III мыңжылдықтың соңы мен I мыңжылдықтың бас кезінде) Оңтүстік Сібір мен Қазақстан жерінде өмір сүрген ежелгі тайпалардың тілдері жөнінде бізде мәлімет жоқтың қасы, нақтылы айтқанда, жоқ десе де боларлық. Осыған қарамастан кейбір ғалымдар сәуегейлік жасап, сөз етіп отырған өңірдегі қола заманының ежелгі тайпалары үнді-иран немесе иран тілдерінде сөйлепті-міс деп, бұл этностарды алғашқы үнді-иран тайпаларына жатқызуға тым-ақ бейім. Бірақ оның дәлелсіз де негізсіз екені жөнінде ұзақ жылдар бойы өнімді еңбек еткен қазақтың ғұлама ғалымы академик Ә.Х. Марғұлан орыс тілінде жарияланған еңбегінде былай деп жазған еді: «Совершенно неприемлемы точка зрения, что карасукская культура могла возникнуть на основе внешнего влияния, н утверждение об ираноязычности племен эпохи бронзы и раннескифского времени». (Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. Алма-Ата, 1979. – С. 21.).
Мұнда сөз етіп отырған «Қарасук мәдениеті» Оңтүстік Сібірдегі қола дәуірінің аяқ кезін бейнелесе, оның өзі Орталық Қазақстандағы «Беғазы-дәндібай мәдениетімен» хронология жағынан орайлас келеді. Оңтүстік Сібір мен Қазақстан жеріндегі неолит, қола дәуірі тұрғындарымен алғашқы көшпелілердің тарихи сабақтастығы жөнінде аталып отырған кітап («Орталық Қазақстанның Беғазы-дәндібай мәдениеті») бұл саладағы көп жайлардың көзін ашады.
Қазақстан жерінде қола заманына тән мәдени ортақтық негіз неолит дәуірінің өзінде-ақ дайындалған еді. Сондықтан иран немесе үнді-иран тайпалары қола заманында осы өңірге көшіп келді-міс дегенді сылтау етіп, миграционизм теориясына бой ұрудың ешбір қисыны жоқ.
Сөз етіп отырған атырапты мекен еткен ежелгі тұрғындарды алғашқы түркі (прототүркі) этносы мен тіліне мүлде қатысы жоқ деушілік, яғни көне түркі, тегінде көне қазақ тайпаларының автохтондығын, бұл өңірдің ежелгі тұрғындары екендігін мойындамай, оларды шетқақпай жасап өгейсіту шындықпен ешбір сыйыспайды. Бұған орай этнографтар айтып жүрген «этнизация» не месе «этносқа айналу» (шаруашылық-мәдени типтердің этносқа ұйытқы болуы) құбылысының өзі де тіл және сөйлеу әрекеті негізінде пайда болатындығын ескерткен жөн. Сондықтан түркі этносына ұйытқы болған көне тайпаларға кейбір ғалымдардың «тюркизация» («түркілену») терминін қолдануының өзі тым сыңаржақтықтың айғағы деп білеміз.
Түркі тілі жөніндегі ең алғашқы мәлімет Месопотамияның оңтүстігінен (Шумерден) табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІV-III мыңжылдықтарды меңзейтін идеографиялық жазба ескерткіштерінен байқалады. Мұнда, яғни алғашқы шумер тілінің ескерткіштерінде көне түркі тіліне тән көптеген лексикалық сәйкестіктер ұшырасады. Шумер тілінің алтай тілдерімен (түркі, моңғол, тұңғыс-манжұр) туыстастығы жөнінде неміс ғалымы Ф. Хоммель және оны қолдаған кеңес тарихшысы С.П. Толстов болжам пікір айтқан еді. (Ноmmel F. Еthnologіе und Geographie des alten Оrients. Мünсһеn, 1926, 8. 19, 21-22; Толстов С.П. Древний Хорезм. Опыт историко-археологического исследования. М., 1948, С. 76.)
Бірақ бұл болжам толық дәлелденген жоқ, алайда тілдік сәйкестіктердің кездейсоқ еместігі ойлантады. Өйткені тілдер мен этностардың бір-бірімен қарым-қатынасы, өзара байланысы, араласы нәтижесінде сөз ауысу процесі ертеден-ақ белгілі. Міне, сондықтан алғашқы түркі тайпа тілдерінің әлдебір із-көрінісін көршілес елдер тілдеріне тигізген әсерлерінен де байқауға болады. Лексикалық сәйкестіктерге сүйене отырып, алғашқы түркілердің (прототүркілердің) бір бөлігі бұдан бес мың жыл бұрын Месопотамияға (Шумерге) келген, соның нәтижесінде алғашқы шумер ескерткіштерінің тіліне де белгілі деңгейде әсер етті деген тұжырым жасауға болады.
1-кесте
Кезінде осы болжамдар жөнінде біз де пікір ұсынған болатынбыз (Аманжолов А.С. «ІІІумеро» – тюркские соответствия и изобразительные логограммы – «Sрrасһе, Geschiсһtе und Кultur der Аltaischen Völker», Веrlin, 1974. – С. 65-71.).
Лексикалық сәйкестіктерді дәлелдерлік мына мысалдарды салыстырып байқаймыз (1-кесте):
Шумердің өз аты аккад (семит) тілінде бұрмаланып айтылғандығын, шын аты Кенгер немесе Кеңер болғандығын атақты шумеролог А. Фалькенштейн дәлелдеп көрсетті. (Falkenstein А. Das Sumerische. – «Наndbuсһ der Orientalistik», II, 1-2, Leiden, 1959. – С. 14-15.)
Міне, сондықтан Орталық Қазақстандағы, Сарыарқадағы Кеңгір өзен атының Кеңгер (Шумер) жерінің атымен үндес келуі тегін емес, тілдік жақындық пен тайпалардың араласып байланысуынан пайда болды деп білеміз. Жер-су аттарының халықпен бірге жасап, алда-жалда басқа жаққа қоныс аударса, өздеріне сүйікті де үйреншікті аттарды жаңғыртқан көне дәстүрі күні бүгінге дейін сақталған. Қорыта келе айтарымыз – тіл мен этностың бірегейлігін ескерсек, этностың өз ана тілін қадірлеуі әбден заңды болары хақ. Ана тіліне деген шынайы сүйіспеншілік пен құрмет халықтың сана-сезімі неғұрлым дамыған сайын, соғұрлым кемелденіп өсіп, өркендей түсудің нышаны болып табылады.
Аманжолов С. Түркі филологиясының негіздері.
– Алматы: Мектеп, 2012. – 40-46 б.