Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 7
ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
ӨНЕГЕЛІ ӨМІР, НҰСҚАЛЫ ЖОЛ
ОглавлениеҒылымды ғалымның өзінен және оның творчествосынан бөлуге болмайды. Бұл – ежелгі ақиқат. Оның тамаша мысалын, өнегелік жолын түркітану ғылымының қалыптасу жолындағы алғашқы сатыларынан-ақ байқай аламыз. Айталық, еліміздегі түркітану ғылымының қайнар көзінде небір үлкен тұлғалар болса, соның бірі – Василий Васильевич Радлов (1837-1918 жж.) сияқты теңіздей терең ойлы, ғұлама ғалым тұрды. Өйткені оның бір өзі кейбір тұтас институттың шамасы жете бермейтін істер атқарды. Енді оның өнегелі өмір жолына көз салайықшы.
Атақты лингвист, этнограф, археолог, ғалым, қоғам қайраткері В.В. Радловтың есімі алдыңғы қатарлы ғылымның үлкен мақтанышы. Оның аты түркітілдес халықтардың бәріне жақын және қадірлі. Ол өзінің ұзақ өмірі мен өнімді еңбегін осы халықтардың тілі, фольклоры, тұрмысы мен мәдениетін зерттеуге бағыштады. Он жеті жасар В.В. Радлов Берлин университетінің философия факультетіне түсіп, қоғамдық ғылымдардың әрбір саласына құштарлықпен зер салып, оны терең меңгеруге ынталана кірісті. Болашақ ғалымның жастық шағы салыстырмалы-тарихи үнді-еуропа тіл білімінің гүлденген дәуіріне тура келеді. Бірақ асып жатқан соны жолды, яғни шығыстану (ориенталистика) мамандығын таңдады. В.В. Радлов осы кезде еврей, парсы, араб, маньчжур, қытай және түрік тілдерін бірінен соң бірін оқып, ізденген үстіне іздене түсті. Ол шығыстанушы В. Шотт сияқты атақты профессордың моңғол, татар, маньчжур, қытай тілдері туралы лекцияларын тыңдады. В. Шоттың «Татар (түрік) тілдері туралы мәселе», «Моңғолдар мен татарлар туралы ертедегі мағлұматтар», «Нағыз қырғыздар туралы», «Ұйғырлар туралы мәселе» деген еңбектері В.В. Радловтың болашақтағы ғалымдық жұмыстарына жол салды. Радлов Шығысты зерттеуді армандап, ол үшін Ресейге барып, ғылыми жұмыс жасауға белді бекем байлайды. Студент кезінде-ақ орыс тілін жақсы меңгеріп алды. 1858 жылы ол философия ғылымының докторы болып, сол жылы Петербургке келді. Осы кезде Петербург шығыстанудың дүниежүзілік ірі орталығына айналған еді. 1854 жылы Петербург университетінде шығыс факультеті ашылған соң, мұнда Тантауи, А. Казем-Бек, И.Н. Березин, Д. Хвольсон, В.П. Васильев сияқты Ресейдің шығыстанушылары қызмет істей бастаған еді.
Бұл кезде Петербургте «Якуттардың тілі туралы» деген тамаша еңбектің авторы академик О.Н. Бетлингк жұмыс атқаратын. Ол университетте оқып жүрген Радловқа ерекше әсер етті. Алдыңғы қатарлы орыс шығыстанушы ғалымдардың Батыстағы көптеген ориенталистерден басты айырмашылығы – бұларда интернационализм рухы ерекше дамыған болатын. Орыс шығыстанушылары мен түркітанушылары ұлттық, нәсілдік кемсітуге мейлінше қарсы шығып, ғылым үшін барлық тілдердің теңқұқылы екенін мойындап, олар түркі халықтарының тек қана кітаби, әдеби тілдерін зерттеумен ғана шектелмей, бұл кезде жазуы болмаған тілдерді де зерттеуге мейлінше ықыласпен кірісті. Орыс ғалымдарының ауыз толтырып айтарлық тағы бір ерекшелігі – олар ғылыми-зерттеу жұмысына жергілікті халықтың алдыңғы қатарлы өкілдерін де кеңінен тартуға ұмтылды.
Сібірдегі халықтардың тілі, мәдениеті және тұрмыс жағдайымен іштей араласып, етене жақындау үшін Радлов 1859 жылы Алтай өлкесіне келіп, онда он жыл тұрды. Барнауылда мұғалім бола жүріп, алтайлықтардың тілін үйреніп, жаз айларында Алтай өлкесі, Шығыс Қазақстан және Жетісу бойын кеңінен аралап, жергілікті халықпен жан-жақты танысты. Жергілікті түркі халықтарының тілі мен тұрмысын да қағажу қалдырмай, олармен де шұғылданды. Осы кезде Батыс Сібір мен Орта Азиядағы көптеген түркі халықтарының тұрмысымен танысып, тілін үйренді. Радловтың ғылымдағы шұғылданған мәселесінің көкжиегі кең, өресі өрнекті де ұшан-теңіз еді.
1862 жылы Радлов Шығыс Қазақстанда болып, кейіннен қазақ пен ұйғыр мекендеген Іле езенінің бойын аралап, Ыстықкөлге дейін барды. Бұл саяхаттың нәтижесін ғалым әдебиетте алғашқылардың бірі болып тарихи-географиялық тұрғыдан сипаттады және қазақ пен ұйғыр халқының фольклорын жинап, оның көптеген нұсқаларын қағаз бетіне түсірді. 1860-1866 жылдары ол «Алтайдан хаттар», «1862 жылы Шығыс қырғыз (қазақ-А.А.) даласына ұйымдастырылған саяхат туралы қысқаша хабар», «Ұлы Азиядағы Іле өзенінің бойы және мұның тұрғындары» және т.б. мақалаларын жазды. 1867-1868 жылдары Радлов Жетісуға қайтадан келіп, қазақ және ұйғыр тілі фольклорынан, география, тұрмыс жөнінде және бұл өлкедегі сауда мен ел басқару жүйесіне байланысты көптеген материалдар жинады.
1866 жылдан бастап, Ресей Ғылым академиясы Радловтың аудармаларын есептемегеннің өзінде, он томдық еңбегін әзірлеп, оны «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деген атпен жариялауға кірісті. Бұл еңбектің үшінші және алтыншы томдары Радловтың жазып алған қазақ, ұйғыр фольклорының үлгілері болатын (1870-1886 жылдары). Оның үлкен еңбектері жұртшылық арасында жоғары баға алды. 1868 жылы Дерпт (Тарту) университеті тіл білімі саласындағы еңбектері үшін Радловқа филология ғылымының докторы деген ғылыми дәреже берді.
1872 жылы Радлов Қазан оқу округінің татар, башқұрт және қазақ мектептерін басқаратын инспекторы болып тағайындалды. Қазанда болған кезде Радлов көптеген түркі тілдері бойынша жинаған материалдарына сүйеніп, жалпы тіл білімі мәселелерімен өте мұқият шұғылданды. Соның нәтижесінде 1882-1883 жылдары Лейпцигте оның «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» деген еңбегі жарық көрді.
1884 жылы Радлов «Азия халықтарының тарихы мен көне ескерткіштері бөлімі» бойынша Ресей Ғылым академиясының академигі болып сайланған соң, ол Қазаннан Петербургке келіп, тұтастай ғылыми-қоғамдық жұмыстармен ғана айналысты. Радловтың ұсынысымен Орта және Шығыс Азияны зерттейтін Ресей комитеті ұйымдастырылады. 1891 жылы ол Орхон өзені бойындағы көне түркі ескерткіштерін зерттеу үшін құрылған экспедициясына жетекшілік етеді. 1893 жылы В.В. Радлов дат ғалымы Вильгельм Томсенмен бірлесіп, Орхон мәтіндері жазылған руникалық алфавиттің сырын ашты. Көптеген түркі тілдерін меңгерген Радлов Орхон өзені бойынан табылған Күлтегін ескерткішінің жазуын 1894 жылы тұңғыш рет оқып, ғылым әлеміне паш етті.
В.В. Радлов көне ұйғыр алфавитіндегі жазба ескерткіштерін зерттеу және баспа беттерінде жариялау ісімен де шұғылданды.
Көне ұйғыр жазуы жаңа соғды алфавитінің негізінде пайда болды. Бұл жазу VIII-ХIII ғасырда көне түркілер арасында кеңінен пайдаланылды. ХІV-ХV ғасырда ұйғыр жазуын Орталық Азия билеушілері және Алтын Орда хандары пайдаланды. Ұйғыр жазуымен 1439 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу біліг» («Құтаю білімі») деген өнегелік насихат дастаны Герат қаласында көшірілген. Бұл шығарманың түпнұсқасы 1069 жылы Қарахан мемлекетінде аяқталған еді.
1890-1910 жылдары В.В. Радлов «Құтадғу біліг» дастанының Герат және Каир қолжазбалары негізінде немісше аудармасын бастырып шығарды. «Құтадғу білігтің» басылымына «Ұйғырлар мәселесіне байланысты» деген атпен үлкен алғы сөз жазды. Бұл мақала ертедегі және орта ғасыр ұйғырлары туралы байыпты да салиқалы түрде жазылған тарихи-лингвистикалық зерттеу болды. 1898 жылы Радлов Шығыс Түркістанға Турфан экспедиция- сын ұйымдастырды. Кейінірек жаңадан табылған «Алтун яруқ», «Тишаствустик» сияқты көптеген көне ұйғыр қолжазбаларын жариялады.
Радловтың көне түркі, көне ұйғыр тілдеріне арналған зерттеулерінің нәтижелері оның 1909-1912 жылдары шыққан «Көне түркі зерттеулері» деген еңбегінде жинақталып қорытылды.
В.В. Радлов 1888-1911 жылдары төрт томдық «Түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігінің тәжірибесі» деген еңбекті жариялады. Бұл сөздікте көптеген түркі тілдерінің лексикасы мен фразеологиясы қамтылса, ондағы сыбағалы орын қазақ тіліне де берілген.
В.В. Радловтың шәкірттері мен ізбасарлары түркі филологиясының мәртебесін жоғары көтеріп, жаңа сатыларға алып шықты. Солардың бірі – аяулы ұстазымыз профессор В.М. Насилов (1893-1970 жж.). Ол академик А.Н. Самойлович, академик В.А. Гордлевский, профессор Н.К. Дмитриев, профессор С.Е. Малов сияқты ғалымдармен терезесі тең түсетін, дүниежүзіне мәшһүр болған, ғылымның нағыз жанкүйері, парасатты өкілі болды.
Владимир Михайлович Насилов жас кезінің өзінде-ақ туған тілімен қатар түрік, араб, парсы, француз, неміс тілдерін зейін қойып үйренді. Ол Қазан төңкерісі қарсаңында 1916 жылы Мәскеудегі Лазарев институтының дипломатиялық бөлімін үздік бітіріп шықты. 1814 жылы құрылған бұл оқу орны Қазан төңкерісінен кейін, 1921 жылдан бастап Мәскеу шығыстану институтына айналған еді. В.М. Насилов 1918-1929 жылдары Кеңес өкіметінің шақыруына үн қосып, қалалық және облыстық халық ағарту бөлімдерінде мұғалім болып қызмет атқарады, қалың бұқара арасында сауатсыздықты жоюға белсенді араласып, барлық күш-жігерін аямастан сарп етті. 1929 жылы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетіне шақырылып, осы кезден бастап педагогтік ісімен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарына беріле кірісті. Оның ғылыми көзқарасы академик В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский, В. Томсен, Н.Ф. Катанов сияқты мәшһүр түркітанушы ғалымдардың әсері негізінде қалыптасқан еді. Осы кезден бастап В.М. Насилов ұйғыр тілін ғылыми зерттеуге ерекше назар аударып, еліміздегі ұйғыр халқы мекендеген Орта Азияның аудандарына келіп, олардың ортасында болып, етене араласты. Соның нәтижесінде ұйғыр халқының ән-күйлері мен халықтық өлең-жырларын, ертегілерін, мақал-мәтелдерін жинап, осынау бір бай деректерді топтау барысында ұйғырша-орысша сөздік жасады.
1933 жылы В.М. Насилов ұйғыр зиялылары Е. Малиев пен Рузиндермен бірлесіп Мәскеу шығыстану институтының студенттері үшін ұйғыр тілі оқулығын тұңғыш рет орысша жариялады. 1934 жылы В.М. Насиловке доцент атағы беріліп, осы жылдары Н.А. Баскаковпен бірлесіп Шыңжаң ұйғырларының негізгі лексикасын қамтыған ұйғырша-орысша сөздіктің алғашқы нұсқасын жазды. 1939 жылы Мәскеуде кітап болып басылып шыққан бұл сөздік ұйғыр халқының мәдени өміріндегі, сонымен бірге ұйғыр тіл білімінің дамуындағы тарихи зор оқиға болды.
В.М. Насиловтың 1940 жылы Мәскеуде басылған «Ұйғыр тілі грамматикасы» атты еңбегі ұйғыр тілін ғылыми негізде зерттеуге жол салған соны қадам болды. Орысша жазылған бұл грамматика еліміздегі жоғары оқу орнындағы жастарға арналған оқулық ретінде ғана емес, еліміздегі ұйғыр тілін ғылыми зерттеуге кіріскен мамандарға жол нұсқайтын тамаша өнеге де болды. Ғылыми жағынан да, құрылымы тұрғысынан да бұл еңбек өзінің құнын күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. В.М. Насилов түркітану бойынша елуге жақын үлкенді-кішілі еңбек жазды. Профессор 1954 жылдан бастап Мәскеудегі Халықаралық қатынастар институтында түрік, ұйғыр, моңғол және венгр тілдері кафедрасын басқарды. Ол ұйғыр тілінің теориялық курсы бойынша дәріс оқыды. Сонымен бірге 1955 жылдан бастап М.В. Ломоносов атындағы МГУ-дің жанындағы түркі филологиясы кафедрасына жетекшілік етті. Бұл кафедрада түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасынан дәріс оқып, көне түркі жазба ескерткіштері жөнінде арнайы курс жүргізді. Осымен қатар көне түркі тілін зерттеуге ерекше көңіл бөлуі бұл саладағы жаңа қадам болды. В.М. Насиловтың «Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілі» (1960 ж.), «Көне ұйғыр тілі» (1963 ж.), «Ұйғыр жазуындағы ХІ-ХV ғасыр түркі ескерткіштерінің тілі» (1974 ж.) еңбектері ғалымның бұл сала бойынша ұзақ істелген жұмыстарының нәтижесі еді.
Мәскеу университетін сөз еткенде, оның түлектері, біздер, орыс ұстаздарының дарқан білімін, жомарт көңілін, қамқорлығын ризашылықпен еске аламыз. Менің өмірімнің бақытты бір шағы 1952 жылы МГУ-де студент болудан басталды да, араға жылдар салып, оның аспирантурасына түсуге әкелді. Осы жылдар ішінде озық ғылым мен ғалымдардың игілікті істеріне тереңірек бойлауыма тура келді. Біз оқыған түркі филологиясы мен шығыстану ғылымы түркология саласындағы ізденістерімізге орайлы жол ашты. Ал ғылыми жетекшім профессор В.М. Насилов болған еді. 1963 жылы осынау бір үлкен де қасиетті шаңырақта «Көне түркі жазу ескерткіштері тіліндегі етістіктердің меңгеруі» деген тақырыпта диссертация қорғап, алғашқы ғылыми атаққа ие болсам, менің өмір жолыма рухани ықпал еткен ұстаз-ғалымдардың өмірі мен еңбегі қашан да көз алдымда тізбектеліп, аға ұрпақтың игі дәстүрі еріксіз жүрек сырын шерткізеді.
Жаны жайсаң Владимир Михайлович халықтар достығының туын шарықтата көтеруді әрдайым ескертетін еді. Жылы жүзді, сұңғақ бойлы, шапшаң қимылдайтын ғұлама адамның музыка мен әдебиет жөніндегі білгірлігі бізді тәнті етіп, француз, неміс, ағылшын, парсы, түрік, ұйғыр, өзбек тілдерін қосқанда он шақты тілде еркін сөйлеуі біздерді тамсандыратын еді де, ал аулада өсетін гүлдерді баптауға деген бағбандығы мен құштарлығына құмартып, Владимир Михайловичті үнемі өнеге тұтатын едік. Бәрінен де бұрын, ол кісінің шәкірттеріне деген қамқорлығы ерекше болатын. 1968 жылы маған арнайы жазған бір хатында: «Өмірге ынтықтыратын менің құштарлығым – таным, поэзия, музыка, табиғат, әлем нұры мен адам шапағаты», – деген еді. 75 жасында жазған екінші бір хатында: «Шіркін-ай, сіздің профессор болған сәтті көзіммен көрсем, төбем көкке жеткендей мәре- сәре болар едім-ау!» – деген игі мейірімі бізді демеп, ізденбеске мұршамызды қоймайтын.
Ол көптеген шәкірт дайындады. Шетелдерде шынайы ғылымның туын жоғары ұстаудың мәртебелі өнегесін көрсеткен ғалым болатын. Одан әсер алған ізбасарлары күні бүгінге дейін ғылымдағы адалдықтың, іздене білудің тамаша үлгісін тұтынады. Түркі филологиясында ол көрсеткен нұсқалы жол ұстаз-ғалымның шаң баспас алтын соқпағындай жарқырап жатады.
Түркі филологиясының көрнекті қайраткерлері салған жолдан қия кетпей, ұстаздар өнегесіндегі адалдық пен ғылымға шын берілгендіктің тамаша қасиеттерін көрсете алсақ нұр үстіне нұр. Ал ғылымды, оның жолын қастерлеу бұл саладағы әрбір ізденушінің абыройы, адамгершілік борышы деп білейік.
Алматы соңғы кездерде шығыстану мен түркологияның үлкен орталықтарының біріне айналуда. Оның жарқын айғағы 1984 жылы Алматыда Қазақстан шығыстанушылар қоғамының құрылуы – бізге жасалған үлкен үміт, зор сенім. Жаңа ғылыми бірлестіктің басшылары сайланды: Рамазан Сүлейменов (төраға), Алтай Аманжолов (төраға орынбасары), Әбсаттар Дербісәлі, Меруерт Әбусейітова (ғалым-хатшы). Міне, осыдан бастап Қазақстандағы шығыстану ғылымының жаңа кезеңі басталды. Ал 1985 жылдың күзінде ЮНЕСКО тарапынан ұйымдастырылған «Орталық Азиядағы мәдени-тарихи процестер» деген тақырыптағы халықаралық конференцияның Алматыда өтіп, оның қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың мерекесіне арналуының әлемдік мәні зор болды. Сонымен қатар 1990 жылдың жазында Алматыда өткен «Көне түркі руникалық ескерткіштері» тақырыбына арналған халықаралық конференция мақсатына жетті. Мұнда танымал түрік және қазақ ғалымдары алғаш рет емін-еркін кездесіп, маңызды мәселелер бойынша ашық пікір алысты. Бұл талпыныстар нәтижесінде, бір жағынан, еліміздегі ғалымдарға ерекше жауапкершілік артса, екінші жағынан, отандық ғылымның мәртебелі абыройы мен беделін көтерудегі орны ерекше еді. Дәлірек айтқанда, республикамыздағы түркітану зерттеулерін жаңа белеске көтеріп, бұл саладағы жаңа қадамдар жасауына сенім артып, оның нығая беруіне үміт көзімен қарау бәрімізді де жаңа ізденістерге ұмтылдыруда.
Қазіргі ғалымға қойылатын талап, ең алдымен, соңына түскен ғылым саласын терең біліп, жан-тәнімен соған берілуі, оны мақтан тұтып, сол саланың абырой-ұжданы болған көрнекті ұстаз-ғалымдардың өмірі мен шығармашылық еңбек жолын жете меңгеріп, жақсысын өнеге тұтып, ойға тоқып, бойға сіңіру. Олардың ғылым жолына деген өршіл тілегіне жан-жақты зер салып, нағыз ғалымға тән қасиеттері мен зерттеушілік жолдарына үн қосып, оны ілгері жалғастырып, алға қарай ұзарту шарт.
Ғалымға тән асыл қасиет оның шынайы мәдениетіне, интеллектісіне байланысты. Атап айтқанда, оның бойындағы жоғары идеялылық, нақтылы негізделген ғылыми көзқарас, адалдық, табандылық, Отанына берілгендік, шынайы интернационализм, азаматтық ерлік, еңбекқорлық, ізденімпаздық басты сипат болуға тиіс. Ғылымды өрге сүйреген нағыз ғалым – халқының бақыты, маңдайына біткен жұлдызы. Олай болса, дарындылар мен таланттарды тауып, қадір тұтып, оларды аялы алақанға салып, шоғырланған шор аяқтардың әрі тарт, бері тарт түрткісіне түсірмей, заманымыз туғызып отырған арайлы сәулені түсірсек, еңселі ертеңіміз жарқырай берері хақ. Әдетте, ғылымның нағыз қас жауы – надандық пен топастық. Мешеуліктің тепкілесе кетпес темір бағы қона қалған тоғышар қарақан басының қамы үшін айналасына жағымпаздарды жинап, солар арқылы дарынның өресін шырмауықтай шырмап, буып тастайды да, ақыры гүлін солдырып, жемісін қияды.
Өмірдің дамуына бөгет жасайтын келеңсіз көріністермен батыл күресу – заман талабы деп түсінсек, оған үн қосу әрбір адал адамның адамгершілік парызына айналып отырғаны ақиқат. Олай болса, ғылымның өркендеуіне кедергі келтіретін кертартпалық пен пайдакүнемдікті, жалған дақпырт, жасанды дәрежені абырой тұтқан жандайшаптармен батыл күресіп, ескінің сарқыншақтары меңдеген теріс пиғылдарға соққы беретін мезгіл әлдеқашан жеткен. Өйткені ғылым күнкөрістің қамы үшін жасалған сауынды сиырдың сүмесіні де емес, кәсіпқордың қалыпқа құя салатын бұйымы да емес, жалынына жанын күйдіріп, ақыл азабын кешіп қана жасалатын бейне бір түпсіз терең мұхит қой. Әрине, мүхиттың суы ащы, дауылы үрейлі, толқыны асау, қауіп пен қатері де мол, сыры да тұңғиық. Ғылым жолы да осы іспетті. Білім кемесіне мінген адамға туар қиындықтың түрі көп, тек оның азабына қасқая қарсы тұрып, төтеп беру үшін қайсарлық пен батылдыққа, тапқырлық пен шыдамдылыққа белін бекем буса ғана мерейлі болмақ.
Аманжолов С. Түркі филлогиясының негіздері.
– Алматы: Мектеп, 2012. – 13-19 б.