Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 10
ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАРАБОЗЫ
ТҮРІК ЕЛІНЕ, ТҮРІК ЖЕРІНЕ РИЗАМЫН
Оглавление1993-1994 оқу жылында мен Түркиядағы Қаратеңіз техникалық университетінде лекция оқып, бір жыл шамасында сол жақта болып қайтқан едім.
Шынымды айтсам, осы бір сапарды отыз жылдан астам уақыт арман еттім. Оған себеп болған менің 1957 жылы Мәскеу университетінің жанындағы Шығыс тілдері институтының түркі тілдері бөлімін бітіруім болса, екінші себеп – оқу бітіргеннен кейінгі уақытта да түркі тілдерінің қыр-сырын зерттеу үстіне зерттей түсуім болса керек. Түркияға барып еңбектенгім келсе де, өкінішке орай, ол кезде бұл мүмкін болмады. Академиядағы Тіл-әдебиет институтына жұмысқа орналасқаннан кейін-ақ көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеумен айналысып, Оңтүстік Сібір, Моңғолия, Қазақстан жерлерін араладым, еңбектер жаздым. Сол кездерде түрік ғалымдарының еңбектерін оқып, көп таңданатын едім. Олардың соңғы жарты ғасыр ішінде Еуропа ғалымдарымен тығыз байланыс жасап, өздерінің ағылшын, неміс, француз тілдерінде жаза алатындықтары қызықтыратын. Бұл ғалымдардың бірсыпырасы Америкада, Англияда, Германияда білім алған, диссертация қорғаған.
Мен отыздан астам жыл бойы түрік ғалымдарымен хат арқылы ғана пікір алысып тұрдым. Талай рет түрік еліне үлкен басқосуларға шақырылдым. Амал қанша, ол жаққа жолым түспей-ақ қойды. Әртүрлі жайлар кедергі болды.
Түркиядан келген шақыруларға байланысты Оқу министрлігі қажетті құжаттарымды жинақтатып, оны Мәскеуге жолдайтын. Сапар сәті енді келер деп үміттеніп жүргенімде, Мәскеу жақтан жайсыз хабар жетіп келеді. Не құжаттарым кешігіп жеткен болады немесе қаржы жоқ деп сылтауратады, әйтеуір, осылайша менің тауым үш рет шағылды. Сөйтіп жүргенде, 1982 жылы мен Стамбұлдың өзіне барғандай әсерде болдым. Оның себебі – сонда өткен үлкен басқосуда менің жолдаған баяндамам өте жақсы аталыпты. Оны соған қатысып келген ғалымдар айтты.
Еліміз 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан соң, біраз оң өзгерістер болып, түркиялық қаламдастармен жақын араласуға мүмкіншіліктер туды. 1992 жылы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы құрамында Түркияға бардым. Мен сонда Трабзон қаласындағы Қаратеңіз техникалық университетімен іс бірлігі, ақниет мәжіліс-хатына қол қойдым (қазақ және түрік тілінде). Бұдан бір жыл өткен соң сол университеттен қазақ тілі мен түркология бойынша дәріс оқып, сабақ беруге арнайы шақырту алдым. Бір жыл мерзімге белгіленген бұл шақырту қабыл алынып, мен әуелі Стамбұлға, одан кейін Трабзонға жеттім.
Сол Қаратеңіз техникалық университетінің жігіттері қарсы алып, менің жалпы білім беру факультетінде «Қазіргі қазақ тілі» және «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» курстарынан түрік тілінде лекция оқитыным анықталды.
Мәскеуде оқып жүрген кезімде, одан кейінгі уақытта да түрік тілімен көп шұғылдандым. Сол тілдегі кітаптарды оқыдым. Трабзондағы алғашқы кездерімде сөйлеу тілінен біраз қиын- шылық кергеніммен, артынан кәдімгідей төселіп кеттім.
Мені ондағылардың қазіргі қазақ тілінен сабақ беруге икемдеген себептері – Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-техникалық, мәдени байланыстарды нығайта түсу үшін түрікше, қазақша бірдей білетін арнайы мамандар қажет екен. Міне, сондықтан да, негізінен, болашақ ғалымдар мен мамандарға лекция оқуға, тіл үйретуге тиіс болдым.
Қазақ тілінің грамматикасын түрік тілінің грамматикасымен салыстырып оқыту керек болды. «Салыстырмалы грамматика» пәні түбі бір түркі тілдерінің негізгі грамматикалық ұқсастықтарын атап өтеді. Оқытып, түсіндіргенде де одан аттап кетуге болмайды. Бірақ бір қиын жағдай, тілдік терминдерімізде бірізділік жоқ. Мәселен, етістік деген терминді түріктер фил, өзбектер фел, башқұрттар қылым деп атайды. Осы секілді басқа сөз таптары да түркі тілдерінде әртүрлі аталады. Түрік тілінің грамматикасы даму үстінде болғанымен, әлі де болса толық қалыптаса қоймаған. Оларда септік деген сездің өзі үш түрлі айтылады.
Түркия студенттерінің оқу-білімге деген ынта-ықыласы өте зор екен.
Бір жыл бойы лекция оқып жүріп байқағаным, ондағы студент, аспирант жастар білім алуға өте ынтызар. Олардың бұл ерекшелігі бірден көзге түседі. Әрбір лекцияны, баяндаманы мұқият тыңдайды, сұрақтар қояды, өздері пікір білдіреді. Ал енді бір ыңғайсыз жағдай – біздің Қазақстаннан барған студенттеріміз туралы олар былай дейді: «Сіздерден келген студенттер көп оқығаннан гөрі, қызық қуып, қыдырғанды тәуір көреді…».
Түркиялық студенттер – кітапқұмар. Ол жақта кітап өте қымбат тұрса да, студенттер оны сатып алуға сараңсымайды.
Олардың арасында ескі салт-сананы ұстанғандары мен дін жолына берілгендері де баршылық. Мысалы, қыз балалардың бір сарасы ұзын көйлек киіп, бастарын қымтанып алып жүрсе, енді бір сарасы еуропаша киінгенді тәуір көреді. Жүріс-тұрыстары да осы дағдыларға икемделген. Солай бола тұрса да, ондағы жастар дүниежүзілік саясатқа аса қатты ден қояды. Әрине, бұған себеп – Түркиядағы ақпарат құралдарының өте жақсы жұмыс істейтіндігінде. Біз осында отырып бес-алты күнде зорға еститін жаңалықтарды олар сол сағатында-ақ естіп-біліп отырады.
Біздің елден Түркияға барып оқып жатқан жастарымыз туралы біраз айтып кеткенім жөн. Мен бір жылдай уақыт тұрып келген Трабзон қаласында 600-дей қазақстандық жастар оқып жатты. Олар, негізінен, бір жыл бойы түрік тілін үйренеді де, содан кейін барып өз мамандықтары бойынша оқи бастайды. Біздің жастардың ішінде ілім-білімге шын көңілмен ден қойған жақсы студенттермен қатар басқа істермен шұғылданушылардың да бар екені жасырын емес. Мәселен, бір жыл оқып түрік тілін «нантабар» дәрежеде үйреніп алғандардың кейбіреуі түрік дүкендерінде тілмаштық қызмет атқарып тұрғанын өз көзіммен көрдім. Олар өзіміздің ТМД елдерінен барған алыпсатар туристер мен дүкеншінің екі арасында қызмет атқарады. Орыс-түрік тілін бірдей білетіндігін өстіп пайдаға асырады. Сол үшін күніне тапқан 5-10 доллар пұлына мастанып, оқуды ұмыта бастайды. Жатақханасы бар, үш уақыт тамақтанады.
Жалпы, түркиялық түріктер өте сенгіш халық секілді. Сондай түріктің біреуі маған жолығып, бір алматылық қазақ жігітінің өзінен 1000 долларлық тауарын алдап алып кеткені туралы айтты.
Ол байғұс менен: «Алматыға барсам, сол жігітті таба алам ба?» деп сұрайды. Аты-жөнін білетін көрінеді. Бірақ алматылық алаяқ жігіт мұның қолына ешқандай сенімқағаз қалдырмаған екен.
Түркияда оқып жатқан студенттеріміздің 80-90 пайызының қыздар екеніне таңғаламын. «Қызға қырық үйден тыйым салатын» ата-аналардың аузынан ана сүті кетпеген қыз балаларын шетелге қалай жіберетініне таңмын. Шынымды айтсам, Түркияда, мұсылман елінде жүріп олар туралы көп ыңғайсыз әңгімелер естідім. Оның үстіне, біздің елдің жастары шетелде де осындағысын жасап, ана тілінде емес, тек орыс тілінде сөйлесетінін қайтерсіз!
Түріктер менен: «Өзбектер мен тәжіктер, әзербайжан мен қырғыздар өз ана тілдерінде сөйлеседі, ал сіздің іні-қарындастарыңыз неге қазақ тілінде сөйлемейді?» – деп сұрайды. Ұяттан кірерге тесік таппайсың. Керек десеңіз, осы жақтан барған жас оқытушылардың да көпшілігі орыс тілінде сөйлегенді ұнатады. Бұл кемшіліктерін айтсам, көңілдеріне келеді.
Мен бір күні дүкен ұстап тұрған жас қазақ жігітіне жолығып қап, қазақша тіл қатып ем, ол қазақша түсінбейтінін орысша білдірді. Мен одан орыс тілінде қалай сауда жасап тұрғанын сұрап едім, ол түрікше аздап білетінін айтты. «Бауырым-ау, – дедім мен, – қазақша білсең, түрікше үйрену түкке тұрмайды ғой». Оның сондағы жауабы мынау: «Алдымен түрікше үйреніп алайын, содан кейін, қажет болса, қазақша үйрене жатармын».
Міне, біздің осындағы «мәңгүрттік» деп жүргеніміз шұлғаудай сүйретіліп шетелге де барыпты.
Түркиядағы қазақтардың жағдайын айтсақ, Анкарада, Стамбұлда үш-төрт қазақтың үйінде қонақта болдым. Тұрмыстары әртүрлі, көпшілігі тері өңдеумен, сауда-саттықпен айналысады. Халыққа сыйлы. Үй-іштерінде таза қазақша сөйлеседі. Әрине, балаларының тілінде көптеген түрік акценті байқалады. Олар шетел тілдерін жақсы меңгерген. Оның себебі – көрші елдермен ауыл-үйдің араласқанындай қарым-қатынас жасап тұрады.
Түркия – даму үстіндегі ел. Ғылымның дамуы жөнінде айтар болсақ, Түркияда, негізінен, гуманитарлық ғылымдар өте жақсы дамыған деуге болады. Тіл, тарих, этнографияны зерттеу өте жақсы жолға қойылған. Бұған Батыстың да әсері жоқ емес. Ал енді техникалық ғылымдардың дамуы өте баяу. Озық ғалымдар, дайын кадрлар жеткіліксіз. Физика, химия, медицина ғылымдарымен айналысатын ғалымдардың көбі – шетелдіктер. Техникалық ғылымдар саласында, әсіресе Әзербайжаннан келген ғалымдар көп. Түркияда өзінің төл ғалымдары тым азшылық болғанымен, техникалық жабдықтау жағы өте жақсы.
Түркияда өткен халықаралық ғылыми басқосуларға кезінде қатыса алмай өкінгенім болмаса, оның есесіне сол жақта жүргенімде бірнеше үлкен жиындарға қатысып үлгердім. Менің көп біліп, көп үйренуіме де әсер еткен осындай басқосулар болды. Түркияда өткен бір жылымда дүниежүзілік дәрежедегі үш құрылтайға қатысып, көптеген әлем ғалымдарымен таныстым, достастым. Баяндамалар жасап, оны өз әріптестеріме талқылату бақытына ие болдым. Мәселен, 1993 жылғы қыркүйек айында Анкара қаласында өткен түркі тілдерінің емле, жазу мәселелеріне арналған түркітану құрылтайында «Қазақ тілінің алфавиттері» деп аталатын баяндама жасадым. Бұл құрылтайға біздің Қазақстаннан да үш атақты ғалым қатысты. Олар – Шора Сарыбаев, Нұржамал Оралбаева, Рабиға Сыздықова.
Құрылтайдың ашылуында түркі тілдерінің бірлігі, ортақтығы туралы айтылып, түркі дүниесі түркі тілдерінен тұратындықтан, келешекте бір әдеби тіл жасауымыз керек, ортақ латын алфавитіне көшуіміз керек деген ойлар ортаға тасталды. Бұл жөнінде бірталай талас пікірлер туды. Мәселен, енді бір төрт-бес жыл ішінде латын алфавитіне көшуге дайын отырған Өзбекстан мен Түрікменстан Республикалары бұл туралы заң да қабылдап қойды. Ал Қазақстан мен Қырғызстанның жағдайы мұны көтермейді, әлі де ойланып-толғануымыз керек. Біздің экономикалық және әлеуметтік-саяси қиыншылықтарымыз, демографиялық жағдайымыз бұл процесті кешеуілдете түсетіні ақиқат. Әсіресе еліміздегі қазақ тілінің аянышты хал-жайы, әлі де болса нақты мемлекеттік тіл тұғырына шыға алмай тұрғаны қынжылтады. Сондықтан біз латын жазуына көшуге асықпайтынымызды білдірдік.
Мен қатысқан екінші басқосу тағы да сол қыркүйек айында Анкарада өтті. Түркі мәдениетіне арналған бұл жиында дүниенің төрт бұрышынан ғалымдар жиналса да, қазақстандық тарихшылар мен этнографтардың, фольклоршылардың ешқайсысы қатыса алмады. Олар қаржы жоқтықтан келе алмапты. Мен бұл конгресте «Көне түркілерде киік бейнесінің қастерлі мәні» деп аталатын баяндама жасадым.
Көне түркі жазбаларының оқылуына 100 жыл толуына байланысты 1993 жылғы желтоқсан айында өткен құрылтай – менің үшінші рет қатысқан үлкен жиыным. Бұл жиын алдымен Анкарада басталып, Стамбұлда аяқталды. Мұнда жасаған баяндамам Қазақстаннан табылған екі көне руникалық жазуға арналған еді. Бірі – Сасанид Иран заманындағы «Күміс табақтағы жазу», екіншісі – «Қытайдың қола айнасындағы жазу». Жалпы бұл заттар көне түркі қағанаты кезінде (VІ-VII ғғ.) қолданылған. Одан кейін әлдебір дәулетті адамның мәйітімен бірге молаға көмілгенге ұқсайды. Бұл ескерткіштер арқылы сол кездердегі қазақ жерінде өмір сүрген көне тайпалардың басқа елдермен қарым-қатынасын көруге болады.
Отыз жылдан астам уақыт армандап жеткен түрік жеріне табаным тиген соң, Түркияның ғылым дариясына тереңдей сүңгіп, қолым жетпей жүрген құнды кітаптармен, нағыз ғалымдармен таныстым. Кейбір ғылыми кереметтерді қолыңмен ұстап, көзіңмен көргенге, оқып рақаттанғанға не жетсін! Осының бәрін неге ертерек көрмедім, білмедім деп өкінемін.
Түрік жерінен тапқан қимас достарымды әр уақыт сағынамын. Дүние салған адал жандарды да ұмытпаспын. Түрік елінде менің қарт достарым да, жас достарым да қалған…
Бәрі құшақ жайып қарсы алған еді. Мәселен, атақты түрік профессорлары: Хасан Ерен, Мухаррем Ергин, Айдын Сайылы, Осман Недим Туна, Ахмет Темир, Решит Генч және т.б.
Мен бір жылдай қызмет еткен Трабзон қаласын туған жерімнің бір бөлігіндей көріп кеттім десем артық болмас. Ондағы жаны жайсаң адамдар мені еш бөтенсінген жоқ. Олар мені аса құрметтеп, алпыс жылдығыма орай қымбат естелік сыйлады. Сол азғана уақыттың ішінде «Ортақ асыл мирас» атты кітабымды қазақ, түрік тілдерінде тамаша етіп шығарып үлгерді (Трабзон, 1994 ж.). Кетерімде Қаратеңіз университетінің атынан жазбаша түрде «Алғыс сөз» тапсырды.
Трабзонда жүргенімде қарапайым халықпен мейлінше араласып, «Түрік ошағы» қоғамы ұйымдастырған жиналыстарда ортақ мұрамыз, көне жазба мәдениетіміз, қазақ халқының тілі мен әдебиеті туралы бірнеше ашық дәріс оқыдым, көптеген сұраққа жауап бердім. Ақкөңіл түрік жұртының, бауырлас халқының ыстық ықыласына риза болдым.
Кейінгі жылдары ғылыми, достық байланысымыз нығая түсті. «Түрікше-қазақша фразеологиялық сөздікті» (Алматы, 1999, Ш. Құрманбаевамен бірге) және «Түрікше-қазақша кісі аттары сөздігін» (Алматы, 2001, З.К. Жанғабыловамен бірге) құрастырдым. Екі ел ғалымдары шығарған «Қазақша-түрікше сөздікке» (Түркістан, 2003) және «Түрікше-қазақша сөздікке» (Алматы, 2007) сарапшы болдым. Түркияда өткен конференцияларға қайтадан қатыса бердім, баяндама жасадым: Ргоtotürkçe yazi: düşune yazisindan alfabeye kadar «Алғашқы түркі жазуы: идеографиядан алфавитке дейін» (Измир, 2006) және Огһun anitlari üzerine yeni çeviri çalişmalari «Орхон ескерткіштеріне байланысты жаңа аударма талпыныстары» (Анкара, 2006).
Аманжолов С. Түркі филологиясының негіздері.
– Алматы: Мектеп, 2012. – 30-35 б.