Читать книгу Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір - Коллектив авторов - Страница 5

АМАНЖОЛОВ АЛТАЙ СӘРСЕНҰЛЫ:
ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі

Оглавление

Алтай Сәрсенұлы Аманжолов 1957 жылы М.В. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетін (МГУ жанындағы Шығыс тілдер институтын) бітіріп, кейін аспирантурасына түсіп, 1963 жылы «Көне түркі жазу ескерткіштері тіліндегі етістіктің меңгеруі» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғады (ғылыми жетекшісі – профессор В.М. Насилов). 1957-1960 жылдары және 1964 жылдан бастап Қазақ КСР Ғылым академиясында кіші ғылыми қызметкер болып істеді. 1966 жылдың маусым айында Қазақ КСР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің ұйғаруымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі кафедрасына жіберіліп, 1979 жылдың қыркүйек айына дейін осында аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметін атқарып келді.

А.С. Аманжолов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдыңғы қатарлы профессорларының бірі, ол қыруар ғылыми зерттеу, ұстаздық және қоғамдық жұмысқа атсалысып жүр. 1979-1995 жылдары жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ал 1995 жылдың көкек айынан қазірге дейін жалпы тіл білімі кафедрасының профессоры. Университетте бірқатар лекциялық курс жүргізеді: «Жалпы тіл білімі», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Түркі филологиясына кіріспе», «Көне түркі тілі» және «Графикалық лингвистиканың проблемалары». Бұл курстардың ұтымды жағы маңызды ғылыми проблемаларды айтып, оны нақты дәлелдермен түсінікті түрде ашып беруінде.

Педагогикалық институтта мұқият әзірлеп оқыған курстары – «Түркологияға кіріспе», «Көне түркі, араб, латын графикасы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Орыс және қазақ тілдерінің салыстырмалы грамматикасы». Педагогикалық институтта жұмыс істеп жүріп, студенттік ғылыми қоғамның тіл үйірмесіне жетекшілік етті, филолог мамандарды дайындауда бақылау комиссиясының төрағасы болды. 1978 жылы Жоғары және арнаулы орта білім министрінің бұйрығымен қазақ филологиясы бойынша студенттердің ғылыми жұмыстарын қарайтын республикалық конкурс комиссиясында да төрағалық етті, сөйтіп жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми творчествосына жан-жақты талдау жасады.

А.С. Аманжоловтың ғылыми зерттеулері тіл мен жазу тарихының көптеген мәселелерін қамтиды. Ол – түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мен көне түркі жазуы тарихының санаулы мамандарының бірі. Ғалымның түркі филологиясы мен тіл білімі бойынша екі жүзге тарта еңбегі жарық көрді (кейбіреуі шетелде басылды). Ол филология ғылымдарының бір докторын, 17 кандидатын дайындады.

1969 жылы Москвада шыққан «Көне түркі ескерткіштеріндегі етістіктің меңгеруі» атты монографиясы мамандардың жоғары бағасына ие болды. А.С. Аманжоловтың «Көне түркі жазуының тарихы туралы деректер мен зерттеулер» деген докторлық диссертациясы 1975 жылы қорғалған, бұл күрделі ғылыми-зерттеу ұзақ жылғы ізденудің жемісі болды. Ғалымның «Көне түркі жазуының тарихы мен теориясы» (Алматы, 2003 ж. орыс тілінде) атты сүбелі монографиясында көне түркі руникалық графикасына түбегейлі талдау жасалған, Қазақстан бойынша соны эпиграфикалық материал берілген, түркі руникалық алфавитінің қалыптасу тарихына қатысты маңызды теориялық тұжырымдар айтылған.

А.С. Аманжоловтың ғылыми зерттеуінің нәтижелері оқу процесіне енгізіліп, «Жалпы тіл білімі», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы», «Түркі филологиясына кіріспе», «Графикалық лингвистика проблемалары» деген курстарды оқытуда пайдаланады. Ол үнемі республика жоғары оқу орындарының тіл кафедраларына ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіп, ара-тұра Ташкент, Уфа, Пекин, т.б. қалаларының университеттерінде лекция оқиды, сол сияқты студенттік ғылыми жұмыстарға, аспиранттар мен стажерларға (АҚШ, Венгрия, ҚХР, Түркиядан келген стажерларға) ғылыми жетекшілік етеді.

1980 жылы Ленинград мемлекеттік университеті жанындағы оқытушылардың білімін жетілдіру факультетін «Жалпы тіл білімі» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1986 жылдың қыркүйек айынан 1987 жылдың наурызына дейін Қытай

Халық Республикасында Пекин университеті жанынан ғылыми дәрежесін көтеру мерзімінен өтті. Көне түркі жазу ескерткіштерінің зерттеулеріне арналған «Бабалар сөзі» кітабы 1988 жылы Пекинде басылды.

1993-1994 оқу жылы Түркияда ғылыми сапармен жүріп, Қаратеңіз техникалық университетінде «Қазіргі қазақ тілі» және «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» курстарынан лекция оқыды. 1994 жылы Трабзонда «Ортақ асыл мирас» атты кітабы басылды (қазақ және түрік тілдерінде).

Қазақ даласында түркология мен шығыстану тарихының мәселелеріне арналған конференцияға (1960 жыл), Москвада Көне Шығыс мәдениеті тарихын, филологиясын сөз еткен ІІІ Бүкілодақтық конференцияға, Берлинде тұрақты халықаралық алтаистикалық конференцияның ХІІ мәжілісіне (1969 жыл), Ленинградта Бүкілодақтық түркологиялық конференцияға (1970 жыл), Уфада этнография-антропологиялық зерттеулері нәтижелері бойынша Бүкілодақтық (1980 жыл), Алматыда совет-түрік коллоквиумына (1990 жыл), Анкарада түркі мәдениеті конгресіне және алфавит, емле, жазу мәселелері тақырыбындағы халықаралық түркологиялық құрылтайға (1993 жыл), Астанада халықаралық түркологиялық конференцияға (2001 жыл), т.б. қатысып, ғылыми баяндама жасап шықты.

А.С. Аманжолов филология факультетінің қазақ бөлімі үшін бірнеше бағдарлама мен методикалық талдау бастырып шығарды: «Көне түркі, араб, латын графикасы» (1980 жыл), «Тіл біліміне кіріспе» (1982 жыл), «Жалпы лингвистикалық пәндердің бағдарламасы» (1983 жыл, орыс тілінде), «Түркі филологиясына кіріспе» (1986 жыл, орыс тілінде), «Түркі тілі» атты оқу құралы (1988 жыл). Түркі эпиграфикасының деректеріне сүйеніп, «Түркі руникалық графикасы» деген үш бөлімді методикалық талдау құрастырды (1980, 1981, 1985 жылдары, орыс тілінде), «Түркі филологиясы және жазу тарихы» атты оқу құралын (1996 жыл), «История и теория древнетюркского письма» (Ал- маты, 2003, 2010 жж.) мен өмірінің соңғы уақыттарында жазып қалдырған «Түркі филологиясының негіздері» (2012 ж.), «Опыт изучения тюркских языков» (Алматы, 2012 ж. қазан) атты сүбелі еңбектерінде көне түркі руникалық графикасына түбегейлі талдау жасалған. Сонымен қатар түркі руникалық графикасы нақты дәйектемелермен және Қазақстан аймағынан табылған эпиграфикалық материалдарға жан-жақты талдаулар жасау негізінде түркі руникалық әліпбиі генезисі жаңа көзқарастармен зерттелінген.

Жаңа еңбектерінің бірі – «Қазақша-орысша лингвистикалық терминология сөздігінде» (1997, 1999 жылдары) қазақ тілінің 2 мыңдай лингвистикалық термині мен олардың орысша баламалары қамтылған. Бұл терминдер тіл біліміне қатысты оқу-методика құралдары мен ғылыми еңбектерде кеңінен қолданылуда. Лұғат сөзтізбесі қазақ тіліндегі деректер негізінде құрастырылып, лингвистика тарихындағы алғашқы тәжірибе болып отыр.

А.С. Аманжолов университетіміздің қоғамдық жұмысына, координациялық және диссертациялық кеңестерге (төраға орынбасары) белсене араласып, филология факультетінде лингвист оқытушылардың методологиялық семинарына басшылық етіп, жұртшылық алдында әрдайым лекциялар оқып тұрады. 1986-1988 жылдары жастарға арналған «Білім және еңбек» атты республикалық ғылыми-көпшілік журналының редакция алқасы мүшесі болды.

А.С. Аманжолов – қазақтың тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесінің белсенді мүшесі, көне жазу және фольклор секциясының алғашқы төрағасы (1976-1988 жылдары). Қазақстанда көне түркі жазу ескерткіштерін ашу, зерттеу, насихаттау бағытында көптеген ғылыми-ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, Республикалық радио және теледидар хабарларына үзбей қатысып тұрады. Өзінің ғылыми және ұстаздық қызметін мәдениет ескерткіштерін насихаттауға арналған қоғамдық жұмысымен ойдағыдай ұштастыра түсуде.

Аманжолов Алтай Сәрсенұлы.

Биобиблиографиялық көрсеткіш. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – 13 б.

Аманжолов Алтай. Өнегелі өмір

Подняться наверх