Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 1

АЛҒЫ СӨЗ

Оглавление

Экономикалық ілімдер тарихын зерделеу білікті мамандарды дайындауда айрықша маңызды мәнге ие. Аталған ғылым адамзат тарихында қалыптасқан экономикалық идеялар және концепциялардың тұтас спектрын қамтиды, экономикалық теорияның шаруашылық тәжірибемен байланысын көруге, экономикалық саясаттың ұсынылған нұсқасына сыни және зерделенген көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, саяси-экономикалық шешімдердің мүмкін болатын салдарын есептеуге және тиімді экономикалық стратегия мен тактиканы таңдауға үйретеді.

Қазіргі экономикалық теорияны өткеннен мұра деп қарастырмаса, оны толығымен түсіну мүмкін емес. «Экономикалық идеялар, көзқарастар мен ой-пікірлердің тарихи сабақтастығын сақтаудың орны ерекше»1. Экономика ғылымының тарихын білу ғылымның даму тенденцияларын анықтауға, экономикалық әлемді танудың ішкі логикасын түсінуге мүмкіндік береді. Әлемдік экономикалық ілімдердің жетістіктерін меңгеру білім беру және мәдениет тұрғысында ғана маңызды емес, сонымен қатар экономикалық доктриналарды бағалауға және олардың тәжірибелік маңызын анықтауға мүмкіндік береді.

Ұсынылып отырған оқу құралы ежелгі ойшылдардың экономикалық идеяларының туындауынан бастап қазіргі экономикалық ой-пікірлерге дейін курстың негізгі тақырыптарының жүйеленген баяндамасын қамтиды. Оқу құралында қазақ ағартушыларының көзқарастары, олардың қазіргі қазақстандық экономикалық ойпікірлердің қалыптасуы мен дамуына ықпалы баяндалған. Әртүрлі бағыттар мен мектептердің әдістемелік ерекшеліктеріне акцент жасалынды, бұл олардың арасындағы жалпы және ерекше белгілерін табуға, экономикалық теорияның даму логикасын анықтауға мүмкіндік береді. Оқу материалын тереңірек меңгеру үшін әр тақырыптың соңында түйінді сөздер, бақылау сұрақтары және тест тапсырмалары берілген.

Ұсынылған оқу құралында кеңестік кезеңдегі отандық экономикалық ой-пікірлер тарихының талдауы қарастырылмаған. Бұл әлемдік басты ғылыми мектептердің даму логикасына кірмейтін КСРО-дағы экономика ғылымының өзгешелігімен түсіндіріледі. Кеңестің кезеңдегі экономика ғылымының дамуы дербес зерделеуді және талдауды қажет етеді.

Авторлар осы құралды дайындау кезінде құнды ескертпелері және сын-пікірлері үлкен алғыспен қабылданған профессорлар М.Д. Исқалиевке, Е.Б. Жатқанбаевқа, Р.Е. Елемесовке, доценттер М.К. Байгисиевке және С. Бекмолдинге өз құрметтерін білдіреді.

Ұсынылған оқу құралы экономикалық ілімдер тарихына қызығушылық танытқан студенттер мен мамандардың кең ортасына, сондай-ақ экономикалық білімге сусаған барлық оқырмандарға арналады.

1

Экономикалық ілімдер тарихы: оқу құралы / Р. Елемесовтің редакциялауымен шығарылды. – Алматы: «Қазақ университеті», 1997 – 7 б.

Экономикалық ілімдер тарихы

Подняться наверх