Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 9
ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Ортағасырлық экономикалық ой пікірлер
ОглавлениеОрта ғасырларда экономикалық ойлар айтарлықтай қарқынды дами бастады. Ортағасырлық идеологияның, соның ішінде шаруашылық өмір саласына да қатысты идеологияның ерекшелігі – оның терең діни сипатында. Барлық экономикалық мәселелер діни көзқараспен талқыланды. Табиғи шаруашылық қатынастардың орта ғасырлық түрі немесе феодализм әдетте Шығыс мемлекеттерінде III-VIII ғ.ғ., ал Еуропа мемлекеттерінде V-ХІ ғ.ғ. қалыптасты.
Шығыс елдеріндегі ортағасырлық экономикалық ойлар
Арабияда VІ ғасырдың аяғы мен VІІ ғасырдың басында феодалдық қатынастардың қалыптасуына байланысты феодал және сауда ақсүйектері Арабия түбегінде тұтас мемлекет құрып, жаңа сауда жолдарын жаулап алуға тырысты. Бұл талпыныс жаңа діни идеология – исламда көрініс тапты. Ислам дінінің бастапқы қалыптасу кезеңінде-ақ Мұхаммед пайғамбар қанағатшыл болуға, байлыққа табынбауға, қайырымды болуға, «кедей болып қалмас үшін күнәһарлық ысырапшылдықтан аулақ болуға» үгіттеді. Мұхамед мүлікке мұрагер болу және қайырымдылыққа түскен қаржыны, заттарды таратып беру ережелерін белгіледі, оның жылдық нормасы мүлік құнының екі-үш пайызын құрайды. Пайғамбар кедейлерді қолдаудың қоғамдық қорын құрды, ол пітір садақа мен әскерилер табысының бестен бір бөлігінен құрылды. Құран саудаға көп көңіл бөлді, алайда екі есе етіп қайтарып алатын өсімқорлыққа қарсы болды.
Орталық Азиядағы ерте ортағасырлық кезең «Мұсылмандық Ренессанс» деп аталды, бұған Әл-Фараби, Бируни, Ибн-Сина, Баласағұн, Қашқари сияқты ойшылдардың қосқан үлесі ерекше. Аристотель, Платонның және басқа да Ежелгі Грекия ойшылдарының мұралары ортаазиялық ғалымдарға жақсы танымал болып, олардың шығармаларында одан әрі дами түсті. Осы авторлардың ғылыми еңбектерінде философиялық, діни-этикалық, әлеуметтік мәселелер, мемлекет құрылысы, шаруашылық саясат және көптеген басқа да бағыттар қарастырылды.
Орта Азия аумағында аса танымал ойшылдардың бірі – Әбу Нәсір Әл-Фараби (873-950) болды. Ол 200-ге жуық трактаттардың авторы. Ол Аристотельдің көптеген еңбектерін араб тілінде сөйлету арқылы Шығыс және Батыс ғылымы мен мәдениетінің жақындауында ерекше роль атқарды. Оның әлуметтік-экономикалық көзқарастары «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қызметкердің афоризмдері», т.б. еңбектерінде көрініс тапты. Ғалымның пікірінше, адамзат қоғамының қалыптасу жағдайы – материалдық қажеттіліктерге байланысты, ал адамдардың бірігу себебі адамның табиғатына байланысты болады. Халықты ұйымдастырудың үш түрі бар – шағын (қала), орта (халық) және үлкен (бірнеше халықтардың бірігуі). Оның ішінде қала «кемелденудің жоғары сатысы», ал ең жетілмегені – үй қоғамы болып табылады. Ол әлеуметтік утопия концепциясын – ізгілікті қала туралы ілімді жасады. «Адамдарды бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық»4. Әл-Фараби жеке ізгілікті адамгершілікпен байланыстырады, ол адам игілігіне септігін тигізетін қызмет нысаны түрінде көрінеді. Ізгілікті қала тұрғындардың өмір сүру жағдайына байланысты анықталады, салыстыру үшін ойшыл надан, тоғышар қалалардың сипаттамасын береді (қажеттілікке, айырбасқа, мақтансүйгіштікке, билікқұмарлыққа негізделген және ұжымдық). Ізгілікті қоғам түсінігіне қажеттілікке негізделген (өзара көмектесумен құрылған) және ұжымдық (теңдіккке және бостандыққа негізделген) қалалар сәйкес келеді.
Мемлекеттің экономикалық мақсаттылығын талқылай отырып, ойшыл мемлекет басшысының қызметін анықтайды: тұрғындардың қажеттілігін қанағаттандыру, оларды жаулардан қорғау, өзін тек ең қажеттімен шектеу.
Әл-Фараби басқарудың екі түрін бөліп қарастырған. Біріншісі, адамның «біреуді басқарып және біреуге бағынуы» және «басқа бір адамға жетекшілік ету». Жетекшіліктің екінші түрі қоғамдық шаруашылықтың жеке салаларында және сондай-ақ, «бүкіл адамзатқа қатысты» болуы мүмкін, яғни, қала, қауым, мемлекет басшылары. Басты жетекшінің қажетті қызметі жетекшілік деңгейін анықтау, әрбір деңгейдегі жетекшілердің арақатынасының тәртібі мен олардың бір ізділігін анықтау болып табылады5. Ойшыл адамдарды басқару туралы ілім ретінде «полития» идеясын ұсынды. ӘлФараби Таяу Шығыс және Орталық Азияның ғылыми әдебиеттерінде ең алғаш басқару үрдісін күрделі, көп қырлы үрдіс ретінде көрсетуге тырысты.
Әбу Райхан Бируни (973-1037) Орта Азия аумағында алғаш болып ақшаның шығуын зерттеді. «Геодезия» еңбегінде ол әр адам бөлікке бөлінетін, арттырғанда қосылатын, жеке алғанда өлшенбейтін қажеттілік заттары мен жұмыстары арасында пропорционал қатынасты көрсете білетіндей затқа мұқтаж болды. Осыған байланысты адамдар бағалар мен баламаларға келісті, олардың қатарына балқымалы металдар, бағалы тастар жатады, олар сирек кездеседі, ұзақ пайдаланылады және түрі әдемі деп атап өтті6.
Ақшаның қызметіне талдау жасай отырып, ғалым құн өлшемі мен жинақтау құралдарының қызметін бөліп көрсетті. Мемлекет қазынасында ақша жинау мемлекет қызметін орындау үшін, атап айтқанда ғалымдар мен ғылымды дамыту үшін оларды пайдалануға мүмкіндік береді.
Әбу Әл Ибн Сина (980-1037) – ұлы ғалым энциклопедист, философ, дәрігер, барлық әлемге Авиценна деп танылған ойшыл. Өзінің әлеуметтік-экономикалық көзқарастарын «Әділеттілік кітабы», «Үй шаруашылығын жүргізу туралы трактат», «Емдеу кітабы», «Өсиеттер мен нұсқамалар кітабы», «Білімдер кітабы» сияқты еңбектерінде жазған. Өз еңбектерінде Бұқарадан шыққан ұлы ойшыл еркін ойлау, рационалды мінез-құлық және пайымдау принциптерін қорғайды, ғылыми терминология жасау мәселесін көтереді. Ибн Сина Орталық Азияда бірінші болып кірістер мен шығыстардың балансын отбасы, қала және мемлекет деңгейінде бөліп қарау мәселесін көтерді. Мемлекеттің рөліне тоқтала келіп, ойшыл ол төмен таптарға пайда әкелу мақсатын жүзеге асыруы тиіс және апатты жағдайлардың алдын – алу үшін қорлар құруы тиіс деп санайды. Ойшыл еңбектерінде негізгі орынды адамның қажеттіліктері алады, ол оны қалау, тілек және құмарлықпен байланыстырады. Ойшыл болашақты болжаумен айналысқан орта ғасырлық астрологияны сынға алады, ол болжау тек тану үрдісінде, нақтылықты талдап, құбылыстардың мәніне жеткенде ғана мүмкін. Ғалым еңбектерінде адам денсаулығын сақтау үшін қоршаған ортаның маңыздылығы туралы ой-пікірлері негізделген.
ХІІ-ХІІІ ғ.ғ. еуропалық ой-пікірлерге үлкен әсерін тигізген араб ғылымының ерекше қарқынды дамуы орын алды. Осы дәуірдің ірі ойшылы Ибн Халдун (1332-1406) болып есептеледі. Ол қоғамның экономикалық және мәдени дамуындағы қалалардың рөліне көп тоқталды. Ойшылдың пікірінше, шығыс мемлекеттерінде қоғамдық өмірдің шарықтауы «еңбектің молшылығына» байланысты. Ақша туралы талқылай келе, ғалым алтын мен күміс «адам еңбегімен жасалған барлық заттың құны қызметін» атқарады дейді. Бір қызығы, Ибн Халдун қажетті және артық еңбек ұғымдарына тоқталады. Ол артық өнімді өнеркәсіп және саудамен байланыстырады, оны ауыл шаруашылығында жоқ деп есептейді. Ойшылдың пікірінше, барлық ауыл тұрғындары тек мұқтаждықтарын қанағаттандыруға қажетті игіліктерді тудыра алады. Қалаларда жұмыс күшінің көп болуына және еңбек бөлінісінің кең қолданылуына байланысты артық өнім құру шарттары туындайды деп есептейді.
Тауар-ақша қатынастарының дамуы туралы ойластырса да, ойшыл феодалдық құрылысты сақтап қалғысы келді және қоғамдық өмірдің шарықтауына қол жеткізудің ең тиімді құралы – бұл салық мөлшерін азайту деп есептеген.
Еуропа мемлекеттеріндегі ортағасырлық экономикалық ойпікірлер
Орта ғасырлардағы еуропалық экономикалық ойлар христиандық ілімнің ықпалында дамыды. Көптеген ерте христиандық ойшылдар (Григорий Богослов, Иоанн Златоуст) бос сенделісті сынға алып, еңбекті дәріптеді.
Орта ғасырлардағы ең танымал ойшылдардың бірі Фома Аквинский (1224-1265) болды. Ол дін мен философия тарихында христиандық ережелерді Аристотель ілімдерімен біріктірген зерттеуші болып есептеледі. Оның еңбектерінде экономикалық көзқарастары, атап айтқанда «әділетті баға» мәселесі ерекше орын алады. Ойшылдың пікірінше, әділетті баға екі талапқа сай болуы керек. Біріншіден, ол «еңбек және шығындар» мөлшеріне сәйкес келетін айырбас баламасын қамтамасыз ете алуы керек. Екіншіден, айырбас қатысушыларына олардың әлеуметтік мәртебесіне сай «қоректі» қамтамасыз ете алған жағдайда баға әділетті болады. Баға қойылғанда тауарларды сақтау, жеткізу шығындары және тауарды жоғалтып алу жағдайында сақтандыру шығындары ескерілуі тиіс.
Ойшыл өсімқорлықты кінәраттады. Өсім алуды ол табиғатта жоқ затты сатумен салыстырды. Алайда жалдамалы армияны ұстауға, мемлекет қажеттіліктеріне жұмсалатын ақшалай қарыздар болуы керек деп есептеді. Бұл жағдайда өсім пайызын алу – қарыз ақшаны жоғалту тәуекелі үшін өтем.
Ф. Аквинскийдің пікірінше, ақша келісім негізінде, айырбас ыңғайлы болуы үшін туындайды. Ақша корөл билігінің тапсыруымен шығарылады: ол монетаны шығарады және оның құнын белгілейді. Ойшыл ақшаның «бұзылуына» қарсы шығады, ақша қорын жинап, сақтауды ұсынады.
Ежелгі және орта ғасырлардың ғұлама ғалымдарының еңбектері бүкіл адамзаттың алтын қорын құрды, адамзат ой-пікірлерінің дамуындағы көптеген бағыттарының, соның ішінде экономика ғылымының негізін салды.
Жаңа шаруашылық құрылыс – буржуазиялық құрылыстың қарқынды дамуында протестанттық дін (ХV-ХVІ ғғ. қалыптасқан христиандықтың бір бағыты) басым рөл атқарды. Ұқыптылық, іскерлік, орынды тәуекел, сақтық, шыншылдық – жаңа уақыттағы іскер адамның қасиеттері болды. Қарыз пайызын алу, сауда күнәһарлық және сынға алынатын әрекеттер болудан қалды, баға сатушылар мен сатып алушылардың өзара келісімімен белгіленді. Көптеген зерттеушілердің (М. Вебер) пікірінше, Ұлыбритания, Нидерланд, АҚШ сияқты мемлекеттердің қарқынды дамуы «протестанттық рухына» байланысты болды.
4
Әл-Фараби. Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат// Экономика.Әлемдік классика,10 томдық. Т.1. – А., 2006. – 206 б.
5
Жатканбаев Е.Б. Средневековые мыслители Центральной Азии о государстве и государственном управлении // Вестник КазГУ, серия экономическая. – 1998. – № 10. – С.152-156.
6
Бируни. Геодезия. – Ташкент, 1996. – С. 86.