Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 17
КЛАССИКАЛЫҚ МЕКТЕПТІҢ ПАИДА БОЛУЫ
Физиократтар мектебі
ОглавлениеXVIII ғ. Францияда физиократтар мектебі кең танымал болды. Олардың ең атақты өкілдері – Франсуа Кенэ (1694-1774) және Анн Робер Жак Тюрго (1727-1781) болды. Осы кезеңде Францияда ауыл шаруашылығы, аграрлық қатынастар, шаруалардың жағдайы барлық қарама-қайшылықтардың нақ өзегінде болды. Сондықтан физиократтар осы мәселелерді шешуге талпынды.
Физиократизмнің негізін салушы – медицина докторы, Людовик XV сарайында емдеуші дәрігер, экономикадағы мәселелермен тек 60 жасында айналыса бастаған Франсуа Кенэ болды. Ол қоғамды ағза деп есептеді, оның ішінде қалыпты заңдары бар, және ол заңдар өндіріске және адамдарға зиянын тигізбей бұзылмауы мүмкін. Оның пікірінше, қалыпты қоғам тепе-теңдікте тұруы керек және оған жету үшін ақшаны жинамай, ауыл шаруашылығын дамыту керек. Себебі жер байлықты көбейтетін бірегей қасиетке ие болмақ. Ф. Кенэнің «табиғи тәртіп» туралы ілімі қоғамдық дамудың объективтілігі мен заңдылығы идеясын тудырды, қоғам тірі ағза ретінде, ал экономикалық өмір ішкі заңдылықтары бар табиғи үдеріс ретінде көрінді.
Физиократтардың экономикалық теориясының өзегі «таза өнім» категориясы болып табылады. Таза өнім деп жерді өңдеуден алынған, өндіріс шығындарынан қалған өнімнің артығы түсініледі. Қоғамдық байлықтың көбеюі, дін басылардың және дворяндардың табыстары жерді өңдейтін шаруалар арқылы жинақталады. Егер жер қосымша өнім өндірмегенде бұл мүмкін болмайтын еді. Физиократтарға сәйкес, таза өнім жерден алынады, себебі өзінің табиғи өнімділік күшіне сәйкес еңбекке, дақылға, малға кеткен шығындардың барлығын жауып қана қоймай, ол табиғаттың бірегей сыйы болып табылатын белгілі бір артық өнімді шығарады. Өндірістік еңбек тек бидайдың, орманның, тастың және т.б. тек формасын өзгертеді және ешқандай артық өнім шығармай тек өңдеуге кеткен шығындарды ғана жабады. Таза өнімді өндірістік еңбек қалыптастырмайды, оны бір құндылықты екінші құндылыққа ауыстыратын сауда да қалыптастырмайды.
«Таза өнім» ұғымымен бірге еңбек өнімділігі категориясы да қарастырылады. Физиократтар өнімді еңбек ретінде байлықты көбейтетін «таза өнім» шығаруға кеткен еңбекті айтады, ал кез келген басқа еңбек өнімсіз (бірақ, ол да өте пайдалы болуы мүмкін).
Қоғамды қарастыра келе, Кенэ таза өнімге қатысы бар әртүрлі таптарды бөліп қарастырады. Ол азаматтардың үш табын бөледі: өндіруші тап, иемденуші тап және өндірмейтін тап. Өндіруші тап – таза өнімді өндіретіндер, яғни жер өңдеуші жұмысшылар. Иемденуші тап – жер иеленушілерді және билік басындағыларды қамтиды, бұл тап «жердің таза өніміне немесе пайдасына өмір сүреді». Өндірмейтін тапқа (немесе өнімсіз) жер өңдеумен айналыспайтын адамдардың барлығы жатады.
Физиократтардың капитал туралы еңбектерінің үлкен ғылыми маңызы бар. Физиократтардың өндіріс және жер өңдеу шығындарын мұқият зерттеп, есептеу арқылы капиталдың құрамдас бөліктерін шектеуге мүмкіндік алғаны мәлім. Физиократтар капитал құрылымында бастапқы және жыл сайынғы аванстарды бөлген. Бастапқы аванс ретінде, Кенэнің есептеуі бойынша, он жылдың ішінде қайтарылатын жер өңдеу құралдарына кеткен шығындар болып табылады. Ал жыл сайынғы аванстарға ауыл шаруашылығы жыл сайын жұмсайтын шығындар (жұмысшылардың жалақысы, дәндер) жатады. Капиталдың осылай бөлінуі қазіргі заманғы капиталдың негізгі және айналмалы деп бөлінуіне өте ұқсас. Капиталды талдауды физиократтар тұтас өндірістің талдануы сияқты тек ауыл шаруашылығы өндірісі тарапынан қарастырған. Өнеркәсіпке құйылған капиталды физиократтар өнімсіз деп есептеді, сол себептен де олар өнеркәсіптік капиталдың экономикалық құрылымына талдау жасамаған.
Физиократтар қоғамдық өнімнің құндық және натуралды нысандарда ұдайы өндірілуі мәселесін қарастырған. Бұл мәселеге ұдайы өндірістің алғашқы теориялық моделі болған Кенэнің «Экономикалық кестесі» арналған. «Экономикалық кестеде» физиократтардың таза өнім, өнімді және өнімсіз еңбек, капитал, таптар және т.б. туралы барлық экономикалық ілімдері көрініс тапқан. Берілген модельдің негізінде ұдайы өндірістің талдауын жеңілдететін бірқатар қағидалар бар: талдаудан өндірістің қорлануы және ұлғаюы алынып тасталған; тауар бағаларының тұрақтылығы болжамданған; сыртқы сауданың әсері ескерілмейді; жерді пайдаланудың жалға берушілік жүйесінің бар жерде таралуы; әр тап арасындағы сату-сатып алу ескерілмейді. Өзінің кестесінде Кенэ ауыл шаруашылығында жасалатын жылдық жиынтық өнімнің таптар – өндірушілер (шаруалар), жер иеленушілері және қолөнершілер (өнімсіз тап) арасында қалай айналатындығын көрсетеді. Жылдық өнімнің айналысы ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте қолданған шығындардың толтырылуын қамтамасыз етеді және үш тап арасындағы экономикалық байланыстарды жүзеге асырады.
Кенэнің есептеуі бойынша, Франциядағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5 млрд. ливрге тең ( азық-түлік өнімдері төрт млрд., шикізат бір млрд.). Бұл өнімнен басқа шаруалардың жерге жалгерлік төлем ретінде жер иеленушілеріне беретін өткен жылдың егісінен қалған өнімнің 2 млрд.ливры бар. Қолөнершілер 2 млрд.ливрға өнім шығарады, осыдан елдің жалпы өнімі 7 млрд. ливрге тең.
Барлық шаруашылық өмірдің ауыспалы айналымы шаруалар жер иеленушілеріне 2 млрд.ливрді бергеннен басталады. Бұл ақшаға жер иеленушілер шаруалардан 1 млрд.ливрге бидай сатып алады, 1 млрд. ливрге қолөнершілерден басқа да тұтыну тауарларын сатып алады, осымен олардың айналысқа түсуі тоқтайды.
Қолөнершілер өздерінің өнімдерін жер иеленушілеріне (1 млрд.) және фермерлерге (1 млрд.) өткізеді, тапқан табысты бидай сатып алуға (1 млрд.) және шикізат сатып алуға (1 млрд.) жұмсайды.
Шаруалар ауыл шаруашылығы өнімнің 5 млрд. ішінен тек 3 млрд. ғана жаратады, себебі 2 млрд.ливр өздерінің тамақтарына және егістікке кеткен шығындарға жұмсалады. Шаруалар жоғарыда көрсетілгендей өздерінің өнімдерін қожайындарға және қолөнершілерге сатады, 3 млрд. тапқан пайдасының 1 млрд. қолөнершілерден тауар сатып алуға жұмсайды. Тағы 2 млрд. ливр қалады, бұл келесі жылға жерге арендалық төлемге жұмсалады және бүкіл үрдіс қайта қайталанады. Ф. Кенэнің экономикасы өндіріс көлемі мен табыс жыл сайын жаңаратын тепе-тең жүйе ретінде көрсетілген.
Кенэнің пікірінше, шаруалар мен қолөнершілер салықтан босатылып, оны тек қайтарымсыз табыс табатын жер иеленушілері ғана төлеуі керек.
Экономика заңдары табиғи болғандықтан, мемлекет экономикалық өмірге араласпауы тиіс. Ол тек қана тәртіпті сақтап, жолдарды және білім алуды ғана реттеу керек.
Анн Робер Жак Тюрго өзінің еңбектерінде физиократтық жүйені дамытты, ол Людовик XVI кезінде қаржының бас бақылаушысы (қаржы министрі) қызметін атқарған. Саяси экономияның негізгі сұрақтарын Тюрго өзінің атақты «Байлықты қалыптастыру және бөлу туралы ойлар» атты еңбегінде мазмұндады. Ғалым таптарға бөлудің жаңа өлшемін – өндіріс құрал-жабдықтарына қатынасын енгізеді. Осылайша ол фермерлердің арасында екі тапты бөліп қарастырады – жұмысшы және капиталистер. Егер біріншілердің жұмысшы күшінен басқа ештеңесі болмаса, ал екінші тап өндірістің иесі болып табылады. Тура сондай бөлуді Тюрго өнімсіз тапқа жүргізеді. Осылайша қоғамда жер иелері табын қоса алғанда бес тап бар: ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптегі жұмысшылар мен капитал иелері.
Классикалықмектептіңерте даму кезеңіндегі атақты ғалымдарына Ричард Кантильон және Давид Юм жатады. Ричард Кантильон (1680-1734) ирландық көпес және қаржыгер, ол көп жылдар бойы Францияда өмір сүрген. Меркантилистік саясатты сынайтын «Сауда табиғатының тәжірибесі» атты еңбегі ол дүниеден өткеннен кейін жарық көрді (1755). Ричард Кантильон «қымбат сатып, арзан сатып алу» тезисі мемлекет үшін уақыт өте келе шығын алып келуі мүмкін, бірақ жекелеген адамдар үшін жағдай мүлдем басқаша екендігін пайымдады. Оның пікірінше, сұраныс пен ұсыныс арасындағы сәйкессіздік арқылы қымбат сатып, арзан сатып алуға мүмкіндік туады және тура осы жағдай бәсекелес нарықтарды тепе-тең жағдайға алып келеді. Осындай жүзеге аспаған мүмкіндіктерді қолданып табыс табатын адамдарды Ричард Кантильон «кәсіпкерлер» деп атайды және кейіннен осы термин экономикалық теорияға тұрақты енді.
Ричард Кантильон алғашқылардың бірі болып «алтын ақша ағыны» механизміне сипаттама берген және барлық экономикалық тұлғалардың бастапқы құралдары бірдей дәрежеде өскен жағдайда ғана ақшаның көбеюі бағаның өсуіне әсер ететіндігін көрсетті.
Давид Юм (1711-1776) XVIII ғ. ұлы ойшылы, философ, тарихшы, экономикалық зерттеулерін негізінен ақшаның рөліне арнаған. Юм ақшаның сандық теориясының (АСТ) негізін салушы болып саналады. Юм XVI ғ. Жаңа дүниеден алтын мен күмістің ағыны көбейгенде, бұл бағаның өсуіне әсер етті, осыдан «баға төңкерісіне» сүйене отырып, ғалым бағаның деңгейі және сатып алу қабілеті айналыстағы ақша көлеміне байланысты екенін түсінеді. Сандық теорияны қазір келесі түрде көрсету қалыптасқан (ең қарапайым нұсқасы): MV=PT, бұл жерде М – ақша массасының көлемі, V – ақша айналысының жылдамдығы, Т – тауар массасының жиынтық көлемі, Р – орташа баға. АСТ-ң жақтаушылары V және Т көлемі тұрақты шама деп есептейді, бұл жағдайда М өсуі Р өсуіне әсер етеді.
Юм Кантильон секілді сауданың оң балансы теориясын сынайды, ол сыртқы саудада алтын стандартында табиғи түрде қалыптасатын тепе-теңдік туралы пікірлердің авторларының бірі. Экспорт пен импорт арасындағы тепе-теңдік жағдайды қалыптастыруды келесідей жолмен көрсетуге болады. Айталық, оң сауда сальдосына қол жетті, басқаша айтқанда, таза экспорт (экспорт пен импорт бағалары арасындағы қатынас) нөлден жоғары, нәтижесінде мемлекетке алтын көп мөлшерде енеді. Баға өседі, экспорт қысқарады және таза экспорт қайтадан нөлге дейін төмендейді. Егер де таза экспорт Хп<0 болса, мемлекет алтынның бір бөлігін жоғалтады, ел ішіндегі ақша көлемінің азаюынан ішкі баға төмендейді. Нәтижесінде ұлттық тауар арзандайды, экспорт ұлғаяды және алтын мемлекетке қайта оралады да, экспорт пен импорттың тепе-теңдігі орнатылады. Осылайша, алтынның бір елден екінші елге айналым үрдісінің орташа уақыт кезеңінде экспорт пен импорт көлемі теңеседі.
Юм АСТ-ң жақтаушысы бола тұра, ақша көлемінің ұлғаюы бағаның жоғарылауына алып келеді деп есептеген. Бірақ ол бір жағдайды ескерген: мемлекетке алтынның енуі ақырындап теңсіздік түрде өсетін ішкі бағаға әсер етеді. Және бұл теңсіздік өндіріске де әсер етеді. Ақша белгісіз жақтан пайда болғанда, ақша сыртқы сауда операцияларын тиімді жүргізетін адамдардың қолында болады. Бұл тұлғалар ақшаны пайда әкелетіндей жұмсағылары келеді: өндірісті ұлғайтуға бағыттайды, яғни жұмысшы күшін тарту немесе жұмысшылар жетпеген жағдайда жалақыны жоғарылату. Нәтижесінде тұтыну тауарларына сұраныс ұлғайып, оларды өндіруге итермелейді. Юм жазғандай, осыдан халық шаруашылығы арқылы ақшаның барлық айналым жолын көруге болады. Жалпы бағаның өсуі алдында ақша массасының ұлғаюы әр жеке тұлғаны көп еңбектенуге ынталандыратынын байқауға болады. Экономикалық әдебиеттерде қысқа уақыт аралығындағы ақшаның бейтараптылығы эффектісі Кантильон – Юм эффектісі деп атала бастады.