Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 4
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ІЛІМДЕР ТАРИХЫНЫҢ ПӘНІ МЕН ӘДІСТЕРІ
Экономикалық ілімдер тарихын кезеңдендірудің қазіргі өлшемдерінің ерекшелігі
ОглавлениеҚазіргі уақытта экономикалық ілімдер тарихын кезеңдендірудегі үстем өлшем өркениеттік ұстанымға негізделеді. Ол экономикалық ілімдерді даму кезеңдері, мектептері және бағыттары бойынша құрылымдауға және оларды таптық ұстанымнан тыс бағалауға мүмкіндік береді. Осы өлшемнің материалдық негізі қоғамның технологиялық дамуы болып табылады, ол үш сатыда жүреді: индустриалдық шаруашылыққа дейінгі кезең, индустриалдық қоғам кезеңі және постиндустриализм дәуірі.
Осы тұрғыда экономикалық ой-пікірлердің барлық тарихы келесі кезеңдерден тұрады:
экономика ілімінің сараланбаған кезеңі (XV ғ. дейін). Индустриалдық дамуға дейінгі кезеңде экономикалық құбылыстар туралы фрагменттік түсініктер, жалпыға ортақ өзара байланыстар (ақша, айырбас, салықтар, тауар айналымы және т.б.) туралы ішінара білім қалыптасты. Олар болашақ экономикалық жүйенің қайнар бастаулары болды;
– алғашқы жалпы экономикалық идеологияның қалыптасу кезеңі (ХV-ХVІІ ғ.ғ.). Бұл кезең индустриализмге дейінгі кезең жағдайындағы жекелеген экономикалық мәмілелерден экономикалық қатынастарды реттеудің алғашқы механизміне өтумен сипатталады, бұл меркантилизм идеологиясында көрініс тапты. Меркантилизм термині екі мағынада қолданылады: протекционизм саясаты ретінде (бастапқыда қоғамдық байлықтың негізгі нысаны – алтын мен күмісті жинақтау саясаты ретінде) және осы саясаттың теориялық негізі ретінде. Меркантилизм активті сауда балансы доктринасында ұлттық өмір сүру жағдайларының міндетті элементі ретінде негізделеді және экономикалық іс-әрекеттің статикалық мәнін көрсетті (бір адам немесе елдің жеңісі – басқаның жеңілісі болып табылады). Ішкі сауда дамымаған кезде, сыртқы саудадан пайда түсіру ықтималдылығы, тұрақты жұмыспен қамту болмаған уақытта аталған саясат белгілі деңгейде табиғи қалыпта болды;
– ХІХ ғ. соңғы ширегіне дейін барлық экономикалық көзқарастардың негізі болған классикалық саяси экономияның қалыптасуы мен дамуы өтті. Нақ осы кезең табысқа және қайшылыққа толы кезең болды. Классикалық саяси экономияның негізін Ұлыбританияда У. Петти, Францияда физиократтар мектебі (XVIII ғ.) қаланды. Оның нағыз шарықтауы және жүйелі талдануы Англияның ұлы экономистері А. Смиттің және Д. Рикардоның еңбектерінде көрініс тапты. Классикалық саяси экономия ұлттық байлықты жасауда және қоғамдық еңбек бөлінісі шегіндегі жүйенің өзін-өзі реттеу механизмінде өндіріс саласының басымдылығына мән берді. Индустриалдық экономика өндірістің табиғи шарттарға тәуелділігін жойып, әмбебеп экономикалық ілімнің діңгегіне айналды. Саяси экономия еркін нарықтық жүйенің жалпы даму заңдарын талдайтын шынайы ғылым болып қалыптасты;
– негізін салушы К. Маркс пен Ф. Энгельс болған пролетарлық саяси экономия. Басты идеясы – жалдамалы еңбек пен капиталдың антагонизмі және қоғам байлығының бірегей жасаушысы – жалдамалы жұмысшының еркіндігі;
– маржиналистік төңкеріс және неоклассикалық бағыттың даму кезеңі (ХІХ ғ. 70-жылдары мен ХХ ғ. 30 жылдары). Аталған бағыт жаңа экономикалық көзқарасты туындатты: оның негізі ұдайы өндіріс үрдісінің әлеуметтік және экономикалық аспектілері емес, жалпы нарықтық шаруашылық жағдайында үнемділік пен тиімділік қағидасын жүзеге асыру болды. Неоклассикалық мектептің классикалық мектептен айырмашылығы – экономикалық талдауда тұтыну саласы басымдылыққа ие болып, игіліктің субъективтік пайдалылығы, қажеттілігі нарықтық бағаның қалыптасуында негізге алынатын элемент болды. Оның үстіне неоклассикалық мектеп (А. Маршалл) тұлғалардың әлеуметтік-бейтараптық мінез-құлқының жалпы қағидаларын қалыптастырды: қанау да, еңбектің капиталға бағыныштылығы да жоқ, адамдар тек максималдауға ұмтылады (кәсіпкерлер пайданы, индивидтер пайдалылықты). Максималдауды анықтаудың құралы шекті шамалар болып табылады: шекті пайдалылық, шекті шығындар, шекті табыс;
– «кейнсиандық төңкеріс» кезеңі – ағылшын экономисі Дж. Кейнстің есімімен және еңбектерімен байланысты, қазіргі макроэкономиканың қалыптасу кезеңі болып табылады. Аталған ұстанымның ерекшелігі тоқырау экономикасы жағдайында тепе-теңдікке қол жеткізу үшін мемлекеттің араласу қажеттілігін негіздеу болып табылады;
– экономикалық ілімдер тарихының соңғы 40 жылдық кезеңін либералдық доктрина (Фрайбург және Лондон мектептері, монетаристік теория) және неоинституционализмнің қайта өрлеу дәуірі ретінде сипаттауға болады. Оның үстіне ХІХ ғ. аяғында пайда болған институционализмнің белгілі бағыттарының маңызы барған сайын артып келеді. Бұның себебі шаруашылық жүйенің дамуындағы постиндустриалдық вектор деп есептеуге болады, ол талдау негізіне институт немесе институциялар феноменін қояды. Қазіргі жағдайда әлемдік шаруашылық байланыстар мен ішкі ортаның күрделенуі полифониялық экономикалық көрініске әкеледі, оның өзекті негізіне А. Смиттің классикалық постулаттары да, маржинализмнің шекті шамалары да, Л. Вальрастың тепе-теңдік моделі мен Дж. Кейнстің макроқұрылымы да кіреді. Теориялық экономиканың гносеологиялық «көп қабаттылығын» ұғыну – экономикалық ілімдер тарихының айнымас рөлі мен нақты құндылығын көрсетеді.