Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 13

МЕРКАНТИЛИЗМ: ПАЙДА БОЛУЫ ЖӘНЕ ДАМУ САТЫЛАРЫ

Оглавление

ХVІ-ХVІІ ғғ. экономика ғылымының тарихында ерекше роль атқарды. Осы кезеңде ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы орын алды; натуралды шаруашылықты нарықтық қарым-қатынастар ығыстырады; ұлы географиялық жаңалықтардан кейін нарықтың ұлғаюы жүрді; капиталдың жинақталуы жүзеге асты; өсімқорлық және көпестік капитал тез дами бастады. Ғылыми зерттеулердің сипаты да өзгерістерге ұшырайды: олар барынша зайырлы кейіпке ие болып, прагматикалық мақсаттарды қоя бастады. Экономика ғылымында бұл шаруашылық іс-әрекеттің басты мәселелері (ұлттық байлық, оны көбейтудің жолдары) талқыланған еңбектердің пайда болуынан көрінді. Қарастырылып отырған кезеңде көптеген мемлекеттерде ұлғайған тауар айналымына қажетті ақшаның (алтын және күміс) жетіспеушілігі байқалды, осының нәтижесінде сапасы төмен монеталарды дайындау орын алды (монетаның «бұзылуы»). Ұлы ғалым Николай Коперник «Монеталарды шығару әдістері туралы» еңбегінде мемлекеттердің құлдырауының төрт себебін көрсетті: ұрыс-соғыстар, өлім деңгейі, құнарсыз жерлер және ақшаның құнсыздануы. Ол құнсызданған ақша сауданың қысқаруына және өмірге қажетті заттардың қымбаттауына алып келеді деп ескертті. Алтын туралы, оның санын сыртқы сауда есебінен арттыру туралы еңбектер жиі жазыла бастайды. Осылайша уақыт өте келе, меркантилистер мектебі пайда болды. Олардың пайда болуы алғашқы едәуір жүйеленген экономикалық көзқарастардың пайда болуын көрсетті.

ХV-ХVІ ғғ. Капиталды құюдың ең тиімді саласы сауда болды, әсіресе сыртқы сауда тез дамыды (колониялық жаулап алудың әсерінен). Италия тіліндегі «мерканте» (көпес) сөзінен меркантилизм термині қалыптасқан. Меркантилизмге екі жақты сипаттама беруге болады: біріншіден, ол капиталдың бастапқы жинақталуы кезеңінде мемлекет байлығын көбейтудің және сауда буржуазиясын жақтайтын мемлекеттің экономикалық саясаты ретінде, ал екінші жағынан айналыс саласында байлықтың ұлғаю заңдылықтарын және мүмкіндіктерін анықтайтын, мемлекеттің меркантилистік саясатын негіздейтін теориялық концепция ретінде.

Меркантилизмнің негізгі қағидалары ретінде келесідей тұжырымдарды көрсетуге болады: ақша байлықтың ең негізгі нысаны; байлықтың көзі – сыртқы сауда немесе бағалы металдардың өндірісі; сыртқы сауданың мақсаты елге алтын және күмісті көптеп тарту, сол үшін арзан сатып алып, қымбат сату; ұлттық өндірісті арзан импортталған шикізат және басқа барлық импортқа протекционистік тарифтер қою арқылы қолдау; жалақы салыстырмалы төмен деңгейде болу керек, сол кезде табыстар жоғары болады.

Меркантилизм дамуында екі кезең көрсетіледі: ерте және кейінгі. Ерте меркантилизмнің негізін «ақша балансы» идеясы (монетаристік тәсіл) құрады. Байлықтың көзі ақша деп есептелген және елдің ішінде ақшаны ұстап қалу үшін әртүрлі әкімшілік шаралар қолданған. Елге ақшаны енгізудің саясаты келесідей болған: арнайы құрылған органдардың күшін қолдану арқылы шетел көпестеріне тапқан табысын сол жерде жаратуға мәжбүрлеген. Меркантилистер алтын және күмісті мемлекеттен шығаруға жол бермеуді ұсынған, импортты барынша қысқартып, экспортталатын тауарларға барынша жоғары баға және жоғары кеден салықтарын орнатқан. Мұндай саясатты жүзеге асыру сауданың жойылуына алып келуі мүмкін еді, сол себептен Еуропаның көптеген мемлекеттері едәуір икемді саясатқа көшуді жөн көрді.

Кейінгі меркантилизм (XVI ғ. Екінші жартысынан бастап) активті сауда балансы концепциясына негізделген. Елге ақшаның ағылуын экспорттың көлемін импорттан көбейту арқылы, яғни актив сальдо арқылы жүзеге асыруды ұсынған. Әкімшілік шараларды экономикалық бағыттағы ұсыныстар ығыстырып шығарды. Елге ақшаны алып келудің ең тиімді әдісі – экспортталатын тауар көлемін арттыру және сыртқа шығарудың ішке алып келуден көлемінің артуы болып саналды. Мемлекет мануфактуралық өндірісті, делдалдық сауданы, дайын өнім импортын қолдады және тек қана шикізат өнімдерін экспорттауға рұқсат етілді. Соңғы меркантилизм өкілдерінің пікірінше, елге ақшаны тек қана жинақтау емес, оларды айналысқа түсіру тиімді деп санады. Т Мен былай деп жазды: «Шаруаға өнімді алу үшін жерге дәнді себу керек болса, тура сол секілді көпес өз тауарларын көбірек сатуы және ұлтына қосымша қаражат түрінде пайда түсіруі үшін ақшаны сыртқа шығаруы және шетел тауарларын сатып алуы керек».

Меркантилизм әр елде өзіндік ерекшеліктерімен дамыды, бұл экономикалық өсудің әртүрлі деңгейімен түсіндіріледі. Ерте меркантилизм өкілдері – Б. Даванзатти (Италия), У. Стаффорд (Англия) сауданы, тауардың импортын шектеуді қолдап және монеталарды шетелге шығаруға қарсы болған. Англиядағы кейінгі меркантилизмнің өкілі Т. Мен болып табылады. Сауданы дамытудың мақсаты ретінде Т Мен өндірістің шикізат базасын ұлғайтуды, шетел тауарларын тұтынуды азайтуды, шығындарды азайту үшін жұмысшылардың еңбек ақысын шектеуді ұсынған. Францияда он сегізінші ғасырда мемлекеттік билік кольбертизм саясатын жүзеге асырды, бұл саясат сыртқы сауданың дамуын, шикізаттың бағалы түрін шетелге шығаруды тоқтатуын, субсидиялар және артықшылықтар арқылы мануфактураны дамытуды және кеден салықтарын орнатуды қолдады. Француздық меркантилист А. Монкретьен ғылыми айналысқа «саяси экономия» терминін енгізді және оны шаруашылық әрекеттің тәжірибелік ережесі ретінде қолдануды ұсынды.

Соңғы зерттеушілер меркантилизмнің, соның ішінде активті сауда балансы концепциясының теориялық әлсіздігін көрсетті. XVII ғасырдың ортасында-ақ кейбір сұңғыла экономистер мемлекетке бағалы металдардың әкелінуі ішкі бағаның өсуіне, импорттың азаюына, мемлекеттен капиталдың шығарылуына әкеліп, біртіндеп сыртқы сауданың оң балансынан түсетін ұтымды жоятындығын түсінді. Сол уақыттағы әдебиеттерді талдау көптеген меркантилистердің активті сауда балансы мен инфляция арасындағы байланысты нақты түсінгендігін көрсетеді. Мысалы, Т Мен: «Империядағы ақшаның көптігі отандық тауардың бағасының өсуіне алып келетінімен бәрі келіседі» деп жазды және бұл оның өз жорамалдарына қарамақайшы пікір. Мұндай жағдайда меркантилистер неліктен елдегі ақшаның көбеюі үшін алаңдаған? Дж.Кейнстің түсіндіруі бойынша, мемлекетке алтынның көптеп енуі пайыз мөлшерлемесін төмендетеді және сол арқылы инвестицияларды, өндіріс көлемін және жұмысбастылықты ынталандырады. Бұл жағдай қысқа уақыт мерзіміне қатысты дұрыс және Кейнс оны «меркантилизмдегі ғылыми ақиқаттың дәні» деп атаған.

Кейнстен басқа тарихи мектеп өкілдерінің еңбектерінде де меркантилизм жоғары дәрежеде бағаланды, олардың пікірінше, меркантилизм ұлттық автаркияға қол жеткізу және мемлекеттік биліктің күшеюі үшін қажет.

Теориялық әлсіздігіне қарамастан, меркантилизм экономика ғылымы және тәжірибесінің дамуында маңызды рөл атқарды: тұңғыш рет зерттеудің нысаны ретінде ерте (мануфактуралық) кезеңдегі капиталдық қарым-қатынастар болды; кейінгі меркантилизм халықаралық еңбек бөлінісіне, экспортқа негізделген өнеркәсіптің дамуына, делдалдық саудаға себепші болды.

Әдебиеттер:

1. Вебер М. Протестантская этика и дух капитализма. – В кн. Избранные произведения. – М., 1990.

2. Экономикалық ілімдер тарихы: _]қу құралы. / Р. Елемесовтың редакциялауымен шығарылды. – Алматы: «Қазақ университеті», 1997 – 152 б.

3. Экономикалық ілімдер тарихы: жоғары оқу орындарына арналған оқулық / Ө.Қ. Шеденов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Ғ.М. Мүсіров. – Алматы-Ақтөбе: А-Полиграфия, 2006. – 314 б.

4. Всемирная история экономической мысли: В 6 т. Т. I. – М., 1987. – 606 с.

5. Ядгаров Я.С. История экономических учений: учебник. – 4-е изд., перераб. И доп. – М.: ИНФРА-М, 2009. – 480 с.

6. http://gallery.economicus.ru

Түйін сөздер: протекционизм, ақша балансы, кольбертизм саясаты, халықаралық еңбек бөлінісі, делдалдық сауда.

Бақылау сұрақтары:

1. Меркантилизмнің теориялық негіздері қандай?

2. Неліктен меркантилистердің зерттеу нысаны айналыс саласы болған?

3. Меркантилизмнің дамуындағы негізгі кезеңдеріне сипаттама беріңіз.

4. Меркантилизмнің мәні неде?

Тест тапсырмалары:

1. Меркантилизм қай кезеңде жақсы дамыған?

A. XVI ғ.;

B. XVIII ғ.;

C. XIX ғ. басы;

D. XVII ғ.;

Е. XIX ғ. ортасы.

2. Меркантилизм саясаты кімнің мүддесін қорғады?

A. дін өкілдерінің;

B. ұсақ қолөнершілердің;

C. сауда буржуазиясының;

D. шаруалардың;

Е. ірі жер иеленушілердің.

3. Меркантилизмге сәйкес, елдегі байлықты (алтынды) көбейтудің негізгі құралы:

A. ауыл шаруашылығы;

B. сыртқы сауда;

C. ішкі сауда;

D. ірі өнеркәсіп өндірісі;

Е. мануфактуралық өндіріс.

4. Меркантилизм қағидаларына сәйкес мемлекет қандай экономикалық саясатты жүргізуі тиіс?

A. мемлекеттің экономикаға араласпауы;

B. мемлекет елге дайын өнімдерді әкелуді ынталандыруы тиіс;

C. мемлекет елден шикізат материалдарын шығаруды ынталандыруы тиіс;

D. мемлекет бәсекелестікті ынталандыруы тиіс;

Е. мемлекет протекционистік саясатты жүргізуі тиіс.

5. Аталғандардың қайсысы кейінгі меркантилизмді сипаттамайды?

A. сыртқы сауданы ынталандыру;

B. ақшаны мемлекет шегінен шығаруға қатаң тыйым салу;

C. активті сауда балансы;

D. экспортты ынталандыру;

Е. мемлекеттің протекционистік саясаты.

6. Кейінгі меркантилизмнің маңызды белгісі:

A. активті сауда балансы саясаты;

B. ақшаны мемлекет шегінен шығаруға қатаң тыйым салу;

C. ауыл шаруашылық өндірісін ынталандыру;

D. еркін сауда саясаты;

Е. дұрыс жауабы жоқ.

7. Меркантилистердің зерттеу нысаны:

A. айналыс саласы;

B. өндірістік капитал;

C. құн заңы;

D. материалдық өндіріс;

Е. өндіріс саласы.

8. Қай ғалым меркантилизмде «ғылыми ақиқат дәні» бар деп санады?

A. А. Смит;

B. М. Фридман;

C. Т Веблен;

D. Д. Рикардо;

Е. Дж. Кейнс.

Экономикалық ілімдер тарихы

Подняться наверх