Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 14

КЛАССИКАЛЫҚ МЕКТЕПТІҢ ПАИДА БОЛУЫ
Классикалық саяси экономияның жалпы сипаттамасы және дамуының негізгі кезеңдері

Оглавление

ХVІІ-ХVІII ғасырларда әлемдегі дамыған мемлекеттерде кәсіпкерлік іс – әрекет сауда және ақша айналысы салаларынан өнеркәсіптің көптеген салаларына кеңінен тарады. Мемлекеттің қуаттылығы және оның дамуы материалдық өндірістің дамуымен анықталды, басқаша айтқанда индустриалдыға дейінгі қоғамды индустриализм алмастырды. Экономикалық саясат саласында протекционизм еркін кәсіпкерлікпен алмастырылды. Өзгерген әлеуметтікэкономикалық жағдайларда экономикалық ойлаудың жаңа бағыты – екі жүз жылдықты қамтитын классикалық саяси экономия пайда болды. Кейінгі зерттеушілер классикалық саяси экономияны сипаттайтын бірнеше постулаттарды бөліп көрсетті.

Біріншіден, классиктер бүкіл қоғамның байлығы мен дамуының қайнар көзі меркантилистерше айырбас емес, өндіріс деп есептеді. Сондықтан өндіріс заңдарына, әсіресе, капиталдың жинақталуына үлкен мән берілді.

Екіншіден, классикалық мектеп өкілдеріне құн мәселесіне ерекше қызығушылық тән. Олардың ойынша, құн қоғам байлығының негізі болып табылатын бастапқы экономикалық категория. Құнның қайнар көзі – өндіріс саласы деп есептеді, және оны өндіріс факторларының шығындарымен анықтады.

Үшіншіден, классиктер объективті «табиғи» заңдылықтардың ықпалы тек табиғатта ғана емес, сонымен бірге қоғам өмірінде де бар екендігін мойындады. Табиғи тәртіпке жеке меншік және бәсекеге негізделген барлық экономиканы жатқызды және бұл тәртіп анағұрлым тиімдірек болды. Классикалық теория бойынша нарықтық экономика өзін өзі реттейді, және сәйкесінше экономикалық либерализм, еркіндік және мемлекеттің экономикаға араласпауы қағидалары ұстанылады.

Төртіншіден, адам өзіне пайдалы болғандықтан өзінің материалды эгоистік қажеттіліктерін басшылыққа алатын, бір жақты қызмет ететін, «экономикалық адам» ретінде қарастырылды.

Бесіншіден, классикалық мектеп өкілдерінің теориялары және модельдерінің көпшілігі жетілген бәсеке экономикасы жағдайына құрылған, яғни, ресурстардың абсолютті мобильділігі, нарық тұлғаларының ақпаратпен толық қамтамасыз етілуі, бағаның, сонымен бірге жалақының да жоғары болуы мойындалды.

Алтыншыдан, классикалық мектеп өкілдері ақша қызметтерінің ішінен бір ғана айналым құралы қызметін мойындады.

Экономикалық ілімдер тарихы

Подняться наверх