Читать книгу Экономикалық ілімдер тарихы - Коллектив авторов - Страница 2
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ІЛІМДЕР ТАРИХЫНЫҢ ПӘНІ МЕН ӘДІСТЕРІ
Экономикалық ілімдер тарихының пәні
ОглавлениеҚазіргі экономикалық білімдердің құрылымында экономикалық ілімдердің тарихы маңызды орын алады. Бұл аталған курстың мәселелік ерекшелігі – экономикалық ой-пікірлердің пайда болуын, қалыптасуы мен дамуын тарихи-кеңістік аспектісінде талдауға байланысты. Осылайша, экономикалық ілімдер тарихының пәні қоғамның түрлі тарихи даму сатыларында экономикалық теорияның жүйелі даму үрдісі болып табылады. Экономикалық теорияның жүздеген жылдар дамуы барысында оның мәні кезең-кезеңмен өзгеріп отырды. ХVІІІ ғасырда экономика ғылымының пәні – «халық байлығының табиғаты мен себептерін» (А. Смит) зерделеу болса, ал ХІХ ғасырда «шығарылған өнімді бөлуді анықтайтын заңдар» (Д. Рикардо) және «өндірістік қатынастар жиынтығы» (К. Маркс) болды. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде экономикалық теория белгілі нақты мақсаттарды (мысалы, ең жоғары пайда табуды) көздейтін және шектеулі (әдетте, балама) ресурстарды пайдаланатын адамның мінез-құлқы туралы ғылым ретінде анықтала бастады. ХХ ғасырда біртіндеп, экономикалық теория жекелеген экономикалық тұлғалардың (жеке және заңды тұлғалардың) мінез-құлық шарттары мен тәсілдерін зерттейтін микроэкономикаға және экономикалық мінез-құлықты «тұтас» зерттейтін макроэкономикаға бөлінді.
Ғылым тарихында кумулятивтік және эволюциялық көзқарастарды ажырату қалыптасқан. Кумулятивтік көзқарасқа сәйкес ғылыми білімдер жинақталады, сондықтан кейінгі қалыптасқан теориялар ескілердің жетілдірілуі болып табылады. Зерттеу әдістері жетіле түскендіктен кейінгі қалыптасқан теориялар кейбір бұрынғы шешілмеген міндеттерді шеше алады, алдыңғылардың қателерін түзей алады, сараптамалық салаға кейбір жаңа мәселелерді енгізе алады. М. Блаугтың пікірінше, кумулятивтік ұстаным «сараптамалық құралдардың үнемі жетілдіріліп, ұлғайтылуын, эмпирикалық деректердің үздіксіз жинақталып, реттелуін, экономикалық жүйе жұмысының бұрынғыға қарағанда жақсырақ ұғынылуын»2 білдіреді.
Экономика ғылымының дамуындағы эволюциялық көзқарас бойынша экономикалық мінез-құлық заңдары өзгеріссіз қалмайды, олар белгілі бір уақытқа қарай айтарлықтай өзгереді. Тарихи дамудың әр түрлі кезеңдерінде экономистер түрлі экономикалық нақтылықты зерттейді және оған жаңа ғылыми парадигма сәйкес болуы керек. Осы көзқарас бойынша өзгерген шындыққа жауап беретін жаңа теориялар жасау қажет. Эволюциялық өзгеріс нәтижелері әдетте алдын ала болжанбайды. Сондықтан белгілі тарихи кезеңде аса мән берілмеген құбылыс басқа кезеңде үлкен қызығушылық тудыруы мүмкін. Осы ретте ескі экономикалық ой-пікір туындаған жаңа экономикалық нақтылықты ұғынуда және жаңа модельдерді құруда тиімді болуы мүмкін.
Экономикалық ілімдер тарихы курсы университет бағдарламаларында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде пайда болды. Дәл осы кезеңде француз авторлары Ш. Жид және Ш. Ристтің экономикалық ілімдер тарихы бойынша әйгілі еңбегі жарияланды. Жалпы алғанда аталған ғылымды зерттеуде екі ұстаным қалыптасты: тарихи және логикалық. Бірінші бағыттың өкілдері (У. Митчелл, А.В. Аникин) экономика ілімін тарихи мән мәтінде ең алдымен оның даму деңгейіне, саяси жағдайына, идеологиялық ортасына және т.б. байланысты қарастырады. Аталған ұстаным қандай да болмасын автордың көзқарасының ерекшелігін жақсы түсінуге мүмкіндік береді, алайда бұл жағдайда экономикалық теорияның дамуындағы ішкі логикасы жоғалады, әр кезеңдегі ойпікірлердің дамуын бақылауға мүмкіндік болмайды. Бұл кемшілікті екінші бағыт – логикалық бағыт жойды. Осы бағыттың өкілдері (И. Шумпетер, М. Блауг) теориялардың, ой-пікірлердің дамуын тарихи ерекшеліктерден тыс қарастырады.
2
Блауг М. Экономическая мысль в ретроспективе – М., 1994. – С. 34.